Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Ауыз әдебиеті үлгілерінің табиғатпен сабақтастығы

23 қараша 2012, Жұма
Категориясы: Ұстаздарға
Шығыс Қазақстан облысы
Аягөз қаласы
Садуакасова Гульназ

Қазақ халқы балаларға табиғат туралы өз білгенін үйретуді мақсат етіп, оны ретті жерде жүзеге асырған. Табиғат адамның ақыл-ойы мен тәрбиесінің сарқылмас қайнар көзі екендігін көре білген.
Бар өмір тіршілігі табиғатқа тәуелді болып, оның аясында төл баласы болып өскен ата-бабаларымыздың туған жерге, табиғатына деген қарым-қатынасы халық педагогикасынан айқын көрініс тапқан. Көпшілік жұрт, жалпы қауым өзін қоршаған ортаны, табиғат пен қоғамдағы өзгерістерді, жеке адамның басындағы құбылыстарды түсінуге, басқаларға түсіндіруге әрекет жасап, өз танымын кеңейтіп отырған. Табиғат таным процесі ұрпақтан-ұрпаққа жарасымды жалғасын тауып, жетіліп дамыған.

Осы көзқарас негізінде халық педагогикасы сияқты халық философиясы да болғанын, ауыз әдебиетінің үздік үлгілерінен көрініс тапқанын атап айту керек. Бала сәби шақтан бастап-ақ халықтың бай мұрасын бойына сіңіріп өссе, табиғаттың сан сырын, қоршаған ортаны қадірлеуге, қорғауға, сақтауға, ынтасы зор болатыны белгілі. Ол халық педагогикасындағы, халық ауыз әдебиетіндегі ертегілер, мақал-мәтелдер, табиғат жайындағы жырлар мен жұмбақтар, жаңылтпаштардың мән-мағынасын түсіндіріп, жаттатқызу барысында жүзеге асатыны белгілі.

Табиғаттың әсемдігін көріп, сезіне білу балалардың өмір тәжірибесін байытып, олардың эстетикалық талғамын дамытады. Туған жерге деген ыстық шексіз сүйіспеншілігін күшейтеді. Ата-бабамыз мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, айтыстар, ертегілер, аңыздар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, тыйым сөздер арқылы ұл-қызын жаман әдеттен тиып, ең жақсы нышандарға үндеген.

Халық ұғымында табиғат деген сөз Жер – ана, туған жер, атаменен сөздері түрінде көп айтылады. Осыған орай халық арасында нақыл, даналық сөздер жиі кездеседі. “Жолға ағаш еккен – сауап, шөлге құдық қазған – сауап, өзенге көпір салған сауап” деп ата-бабамыз табиғаттың жанашыры болып, келер ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеген. “Жері байдың елі бай”, “Күте білсең, жер жомарт”, “Жер – байлықтың көзі”, “Жер – ырыстың кіндігі”, “Жерін қорлаған еліне сыймайды” сияқты нақыл сөздердің түп-төркінінде қаншама тәрбиелік мән жатыр. Табиғаттың бар байлығы жермен тікелей байланысты, содан ғана нәр алады. Бұл табиғаттың құбылыстары, заңдылықтары мен байлықтары бір-бірімен өзара байланысты, әрі олар бір-біріне тәуелді деген ұғымды білдіреді.

Халқымыздың ерекше қастерлеп, талай ғасырлар бойы аялы қамқорлық жасап келген табиғат байлығының бір тобы - өсімдіктер әлемі. Өсімдік өссе – тамақ, саялы баспана, күнделікті малыңа өріс, өзіңе қоныс болған. Ата-бабамыз өз ұрпағына “Тау бұлағымен көрікті, бұлақ құрағымен көрікті”, “Атадан мал қалғанша, тал қалсын”, “Бір тал ексең еңбегіңнің жанғаны, абзал адам өсірсең басыңа бақ қонғаны”, “Бір тал кессең он тал ек”, “Шөпті жұлма, көктей соласың”, “Ағаш ексең аялап, басыңа болар сая бақ”, “Мың шабақ шаншып өсірсең, халқыңа олжа салғаның, өзіңе қорған салғаның”, “Орман көп болса, олжаң көп” деп табиғаттың көз тоймас әсемдігін, ну орман барда жер сұлу болатынын, ағаштың тигізер пайдасын түсіндіріп, әсемдіктің белгісі, таза ауаның кепілі екенін, табиғаттың сұлулығына мән беріп, күтіп баптау қажеттілігін міндеттеп отырған. Осындай нақыл сөздерді балалардың табиғат жайындағы білімін кеңейту мақсатында орынды пайдалану әрбір тәрбиешінің басты міндетіне айналуы тиіс.

Қазақ халқы тіршілік үшін құстардың тигізер пайдасын ерте кезден-ақ түсінген. Оларды қорғауға ерекше мән беріп, қамқорлық жасап отырған. Жақсы жігіттерін қыранға, қыздарын аққуға, әншілерін бұлбұлға теңеген. Аққудың айдын көлде жүзген сабырлы да, кербез қимылы, оның кез келген шалшық суда кездесе бермейтін тазалығы, аса талғампаздығы халыққа ұнап, тәкаппар құс екенін түсініп, қастерлеген. Оны “Құс падишасы” деп атаған. Оларды махаббат пен татулықтың жыршысы ретінде дәріптеген. Сондықтан ата-бабамыз “Аққуды атпа”, “Құсқа тас атпа”, “Құстың ұясын бұзба”, “Құстың жұмыртқасын жарма”, “Балапанды жәбірлеме” деп құстарды қорғап, қадірлеп өткен. Мұндай тыйым сөздер табиғат байлықтарын дұрыс пайдаланып, оны қорғау ұшін еңбек етуге жетелейді. Бала тәрбиесін дұрыс жолға қоюымызға көмектеседі.

Сондай-ақ “Бастау суалса – бақыт суалады”, “Бастау тапталса – батпаққа айналады”, “Құлазыған шөл – жетім, құс қонбаған көл – жетім, сортаңға құйған сел – жетім”, “Ағын су - өмір, тоқтау су - өлім”, “Су бар жерде өмір бар” деген мақал-мәтелдерде философиялық терең ой, тәлім-тәрбиелік бастау жатыр. Халық тәрбиесінде баланың ақыл-ойын дамытып, ой-өрісін кеңейту, тілін ширату ұшін жұмбақтар кеңінен қолданылған. Жұмбақтың қай түрі кездессе де, көбіне оның бүккен сыры мен ішкі шешімі табиғаттың көрінісімен сипатталады.

“Бір нәрсе көруге бар, ұстауға жоқ,
Жаз көркі көк шәлідей шымылдық боп” деген жұмбақтарда табиғаттың сағымды көрінісін, ауаны әр түрлі ойнақы оймен жеткізіп, оны ой елегінен өткізе отырып, шешімін табуды ұсынады. Жұмбақтардың ересек адамдарға арналған түрі мен қатар балаларға олардың жас ерекшеліктеріне лайықты түрлері бар, оны таңдап алу тәрбиешінің шеберлігіне байланысты және табиғат объектілерін көрсетіп оларға арналған жұмбақтар жасыру, баланың ойлануына, ой қорытуына, қиялына көмектеседі. Мәселен, жануарларға арналған жұмбақтарда жасыратын жануарлардың ең басты қасиеті, не ерекше бір қимылы сипатталады,

“Кезікті бір жануар,
Үстінде екі тауы бар.”
(түйе).
“Екі айнасы бар, екі найзасы бар,
Төрт жылтырмағы бар,
Бір шыбыртқасы бар”
(сиыр)

Халқымыз ертегіні тәрбие құралы ретінде пайдаланған. Өмірдегі кездесетін жаман әдеттерден, ең жағымсыз мінез-құлықтан, ұнамсыз істерден құтылу, оны болдырмау туралы пікірлерін ертегілері арқылы жеткізген.

Ауыз әдебиетінің қай саласын алсақ та, табиғатпен біте қайнасып, оны адам мінез-құлқына сіңісті етіп табиғатқа терең сүйіспеншілікпен қарауға, оның сырын түсіне білуге тәрбиелейтіндігін байқаймыз. Ауыз әдебиеті ғасырлар бойы шыңдалып, сұрыпталып келеді. Табиғатты аялау, қорғау мәселелеріне арналған мақал-мәтелдер, тыйым сөздер, ертегілер мен жаңылтпаштарды баланың жасына лайықтап таңдап алу балабақша тәрбиешілеріне байланысты. Өйткені бала ес білгеннен бастап үлкендерден естіген өнеге өсиеттерінен сусындап өседі.
6 139
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Табиғат тал бесігің, аялай біл!
Табиғат тал бесігің, аялай біл!
Табиғатты қорғау, сақтау қажеттігі туралы ой, ынта туғызу. Туған жер табиғатына деген сүйіспеншілігін арттыру.
Халық ауыз әдебиеті
Халық ауыз әдебиеті
Фольклор – қазіргі тілмен айтқанда «әмбебап», яғни синкретикалық өнер түрі. Онда өнердің әр түрі – сөз, музыка, хореография және театр өнері шоғырланған.
Табиғаттан нәр алып
Табиғаттан нәр алып
Табиғатты сүю оған деген құштарлықтан, оның үйлесімділігі мен сұлулығына тәнті болудан басталады. Табиғатты сезіну арқылы адам өз табиғатының қасиетін ұға алады, денсаулығын нығайтып, шабытының қайнар көзін ашады. Адамның табиғатпен етене жақындасуы
Табиғат және Адам
Табиғат және Адам
Табиғатпен пен адамның үйлесімділігі туралы түсініктерін бекіту. Табиғатқа деген қамқор қарым-қатынас дағдысын дамыту.
Су - тіршілік көзі
Су - тіршілік көзі
Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, «Асанәлі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны тәрбиешісі Усенгалиева Акбота Елемесовна
Табиғат қоршаған орта емес, табиғат біздің өзіміз
Табиғат қоршаған орта емес, табиғат біздің өзіміз
Тилемисова Майра Жолмұратқызы М. Мәметова атындағы гуманитарлық колледжі оқытушысы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×