Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Адамгершілік - рухани тәрбиенің маңыздылығы

28 қараша 2012, Сәрсенбі
Категориясы: Ұстаздарға
Қызылорда облысы,
Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, С. Сейфуллин атындағы
№165 мектептің тарих пәнінің мұғалімі
Жәдиева Ләззат

Адамгершілік - рухани тәрбиенің маңыздылығы
Қай ғасырда болсын тәрбие мәселесі назардан тыс қалған емес. « Бала тәрбиесі мемлекеттің маңызды міндеті» деген сөзді Платон бекер айтпаған.
Болашақты жасайтын ертеңгі азаматтар - бүгінгі жас ұрпақ, оларды тәрбиелеу - бүгінгі күннің ең басты мәселесі. Жастар мен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының сипаты қандай болса, жемісі де соған сай болары хақ.

«Адамға ең бірінші керегі - тәрбие беру. Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне опат әкеледі», - деген екен данышпан Әл-Фараби бабамыз.
Жас ұрпаққа тәрбие берудің ең бір қажеттісі, мол тәрбиенің түрі, бұл – патриоттық тәрбие.
Патриотизм ( грек сөзі)- Отанға деген сүйіспеншілік. Әрбір азаматтың бойында күш-қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау деген сөз. Патриотизм - Отанымыздың гүлденуіне экономикамыз бен мәдениетіміздің қарыштап дамуына зор ықпал етеді.

Еліміздің қарқынды дамуының болашағы жас ұрпақ тәрбиесімен тығыз байланысты. Бәсекеге қабілетті, алдыңғы шептегі елу елдің қатарына көтерілу білім жүйесін жаңаша құруды қажетсінеді. Бұл мәселе тек оқыту технологияларын қолданумен шектелмейді, ең бастысы өз Отанының азаматын тәрбиелеу болып табылады. Болашақтың қауымына үлкен жауапкершілік жүктейді. Мектептегі білім мен тәрбие егіз ұғымдар. Мектепті білім тірегі десек, ұстаз – оның жүрегі.
Адамның адамгершілік жағынан қалыптасуы оның өз елінің патриоты болуын талап етеді, ал мұның өзі белгілі дәрежеде ұлттық дәстүрлерді, ұлттық ережелерді мақтанышты, ар-ожданды жақсы білу деген сөз.
Адамгершiлiк мәдениет адамзат қоғамының даму тарихы арқылы қалыптасады, әрбір дәуiрдiң өзiндiк қайшылықтарымен бiте қайнасып, жетiледi. Сондықтан да адамгершiлiктiң мәнiн абстрактылы түрде қарап, оны адамдардың табиғатымен, биологиялық ерекшелiктерiмен ғана байланыстыруға болмайды.
Адамзат тарихында адамгершiлiкке байланысты пайда болған категорияларға мыналар жатады: жомарттық, батырлық, ерлiк, әдiлдiк, қарапайымдылық, кiшiпейiлдiлiк, адалдық, шыншылдық, ұяттылық, ар мен намыс, тағы басқалары. Әрбір қоғам өзiнiң даму процесінде адамгершiлiк категорияларына, оның мазмұнына көптеген өзгерiстер енгiзiп отырған. Адамгершiлiк - адамдардың практикалық өмiрiнен тамыр алып, пайда болған әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді тудырып, солармен сәйкес дамиды. Ал мораль болса, шындыққа қарама-қарсы, теріс қарым-қатынаста пайда болады және адамның өзiне субьективтi түрде міндет қоя білумен туындайды. Адамгершiлiк қасиеттері отбасында, қоршаған ортада, балалар бақшасында, мектепте, адамдардың iс-әрекетiнiң барысында бiр-бiрiмен араласуы нәтижесiнде, қоғамдық тәжiрибе алуын өмірмен байланыстыру арқылы қалыптасады. Халықта: “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлерсiң” деген мақал бар. Тәлiм – тәрбие болмаған жерде адамгершiлiк мәдениетi мен қасиетi де қалыптаспайды.

Адамның адамгершiлiгi - оның жоғары қасиетi, былайша айтсақ, кiсiлiгi. Оның негiзгi белгiлерiнiң бiрi - адамдық ар - намысты ардақтау, әр уақытта жақсылық жасауға ұмтылу, соған дайын болу, “Өзiң үшiн еңбек қылсаң, - дейдi Абай, - өзi үшiн оттаған хайуанның бiрi боласың. Досыңа достық - қарыз iс, дұшпаныңа әдiл бол”. Ақылды, мейiрiмдi адам кез-келген уақытта өзгенің жақсылығын бағалағыш болып келеді. Арлы адам - ардақты. Бiздiң ортамызда осы сапаларды бойына сiңiрiп қана қоймай, өзiн қоршаған ортаға таратушы, осындай өз сапаларымен жас ұрпақты тәрбиелеуші ұстаздар аз емес. Адамгершiлiгi мол адам - басқаларға қашан да үлгi-өнеге.

Батырлық, ерлiк көрсету дегенiмiз - адамның жан дүниесiнiң ерекше қасиетi. Ержүрек адамды бүкiл халық мақтаныш етедi. Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигельдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Маметова, тағы басқа ер жүрек ұл-қыздарымыз халқымыздың мақтанышы. Олардың әрқайсысы бiздiң елiмiзге абырой, атақ, даңқ әкелді. Соларды үлгі, өнеге етіп отыру.
Әр адамның бойында жастайынан мынадай қасиеттер қалыптасуы керек. Олар: Отансүйгiштiк.

Халқымыз кір жуып, кiндiк кескен атамекенiн аялап, елiнiң тiлi мен мәдениетін, әдебиеті мен тарихын, біртуар аяулы перзенттерін мақтан тұтып, қадірлеп, қастерлеуді ұрпағына аманат еткен.
Қазақ елi – бiздiң Отанымыз, атамекенiмiз. Оны қастерлеп, қадірлеп қадір тұтқан адам ғана есейе келе туған халқы мен ел-жұртын, атамекенiн шын көңiлiмен сүйетін болады. Өйткені халқымыз “Отан – от басынан басталады” деп бекерге айтпаған. Ата-анасын, өз үрім-бұтағын жанындай жақсы көріп сүймеген баланың ел-жұртын, халқы мен ұлтын сүйетiн толыққанды азамат болуы екіталай. Ұлтжанды кiсiнiң имандылық – адамгершiлiк қасиеттерi, сондай-ақ, оның достарына, ата-анасына деген көзқарасынан да жақсы байқалады. Қазақ елiнiң кез-келген перзенті жұмыр жердің қай бұрышында жүрсе де өзiнiң iс-әрекетi мен мінез-құлқынан өз ұлты мен халқына деген сүйiспеншiлiк қасиеттерін тайға таңба басқандай айқын байқатып отыруы тиіс.

Әдептiлiк.
Бұл халқымыздың ұлттық психологиясының өзегi, имандылық пен адамгершiлiктiң басты белгiсi, оның ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық санасының практикалық көрiнiсi, барлық кiсiлiк қасиеттердiң жиынтығы. Әдеп сақтаудың экологиялық астары да бар. Әдептi адам табиғаттың досы, оны қызғыштай қорғай да бiледi. Табиғаттың әсемдiгi мен сұлулығына, әдемiлiгiне әрбiр адам зиян келтiрмеуге тиiс. Мәселен, суды ластау, талды кесу, қайнардың көзiн ашпау, жолдағы тасты алып тастамау, көктi жұлу, құстарды ату, құдыққа түкiру – барып тұрған әдепсiздiк. Әдеп сақтау – халықтық рәсiмге, жол-жоралғыға, тәртiпке бағыну, ерiксiз бағыну емес, бұл ата дәстүрдi құрметтеу, қастерлеу, дәл айтқанда адамгершiлiк борышты өтеу. “Әдептiлiк - әдемiлiк” дейдi халық. Яғни, әдептiлiк: iзеттiлiк, кiшiпейiлдiлiк, көпшiлдiк деген сөз.

Бауырмалдық.
Халқымыздың бауырмалдығы “Бала бауыр еттен жаралған” деп, оны ерекше қастерлеп, әлпештеуден бастаған. Осы туралы қасиеттi кiтап: ешбiр адам баласы жат емес, барлық адамзат баласы бiр-бiрiне дос, бауыр дейдi. Олай болса оқушыларды бастауыш сатыдан бастап бауырмалдық қасиетке баулуымыз қажет.

Қайырымдылық.
“Қазақтардың” – деп жазды, осы халықтың өмiрiн, тұрмыс-салтын зерттеушiлердiң бiрi А. И. Левшин: “(1799-1879) – басқа Азия халықтарына қарағанда, қайырымдылық, адамды аяу, қарттарға құрмет көрсету, баланы аялап, жанындай жақсы көруі – айрықша қасиет. Яғни, қайырымдылық – кең мағыналы ұғым екенiн оқушыларға түсiндiруiмiз қажет” [20, 387].
“Адамға ең бiрiншi керегi бiлiм емес, тәрбие. Тәрбиесіз бiлiм - адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өмiрiне апат әкеледi”- деп Әл-Фараби айтқандай, педагогика ғылымы зерттейтiн негiзгi категорияларының бiрi - тәрбие.
Тәрбие адам тағдырын ойластырады, болжайды, алдын-ала адамның рухани өмiрiнiң көптеген негiздерiн сақтайды, тәрбие алыс пен жақын адамдарға және өзін қоршаған ортаға қатынас орнатады. Тәрбие ұлылар өсиетiн сақтата отырып, олардың адамгершiлiк құндылықтарын ұрпақтан- ұрпаққа жеткiзедi. Адам тiршiлiгiне тек қана материалдық жағдайлар ғана емес, тәрбие - адамзат тiршiлiгiнiң мiндеттi шарты.
Әдеп адамның ешбiр күш салуынсыз пайда бола бередi. Әдептердi белгiлi бiр мағынада бiрнеше топқа бөлуге болады. Олар: адамгершiлiк немесе моральдық (әрқашан шын сөйлеу, достарына адал болу, үлкендер тiлiн алу, т. б.).
Тәрбиенiң дәстүрмен тығыз байланысты тұңғыш қарастырушы К. Д. Ушинский болды. Ол өз еңбектерiнде тәрбиенiң халықтық сипатына, еңбектiң тәрбиелiк және психикалық сипатына және тәрбиедегi адамгер-шiлiк мәселелерiне көңiл бөле отырып “Тәрбие көзi- халықтық педа-гогика” деген тұжырымға келген. Осы идеяны қазақ жерiнде жалғастырушы педагог Ы. Алтынсарин мынадай адамгершiлiктiң түрлерiн атап көрсетедi, 7 жақсы қасиет:
Бiрiншi: Имандылық.
Екiншiсi: Жоғарғы әдiлдiк.
Үшiншiсi: Адалдық, ақкөңiлдiлiк.
Төртiншiсi: Сыпайылық, момындық.
Бесiншiсi: Адал ниетпен өсиет беру.
Алтыншысы: Жомарттық, қайырымдылық.
Жетiншiсi: Дұрыс заңдылық [ 21, 266].
Оқушының адамгершiлiк мәдениетi қай кезде де назардан тыс қалып көрген емес. Бүгiн де оқушылардың адамгершiлiк мәдениетi жоғары болуы маңызды мәселе ретiнде саналады. Осыған орай, мектепте оқушыларда адамгершiлiк мәдениетiн қалыптастыруға дүниетану сабағының өзiндiк орны бар.

Осы орайда бабамыз Әбу-Насыр Әл-Фарабидiң “Адам алдымен ойлы, парасатты болуға, ақыл-ойдың жан-жақты дамуына көңiл бөлуi қажет. Шын мағынасындағы бiлiмдiлiк – тамаша адамгершiлiк сипат”- деген ұлағатты пiкiрiн мойындай отырып, жас ұрпақты бiлiм нәріне қандыру да педагогтық парыз екенін ұмытпағанымыз абзал [2, 38].

Сондықтан да ұлы Абайдың 19-қара сөзiнде “Адам баласы туа сала естi болмайды. Естiп, көрiп, ұстап, татып, естiлердiң айтқандарын есте сақтап қана естiлер қатарында болады. Естiген нәрсенi есте сақтау, ғибрат алу ғана естi етедi”-деп ақыл-естiң, тәрбиенiң жемiсi арқылы жетiлетiнiн ғылыми тұрғыдан дәлелдеп бередi. Адам мiнезiнiң түрлерiн адамгершiлiк, моральдық, имандылық тұрғыдан қарастырып, оларды жақсы және жаман деп жiктейдi. Ал Ш. Құдайбердиев Абайды үлгi еткен өнер-бiлiмдi, адамгершiлiк iзгi қасиеттердi өзiне ұран тұтып балаға қатарыңнан қалма, өтiрiк, өсек айтпа, ұрлық-зорлыққа әуес болма, жалқаулықтан, жамандықтан қаш, өнерлi, өнегелi елдердiң жастарынан үйрен, оқу оқып, бiлiм ал, талаптан деп өсиет айтады:
Ақылды сол – ынсап пен ар сақтайды,
Арсыз сол – адамдықпен жан сақтайды.
Адал сол – таза еңбекпен күнiн көрiп,
Жаны үшiн адамшылық ар сатпайды.

Ақынның жастарға ұсынған адамгершiлiк жолы адалдық пен ғылымды меңгеру. Осы екi жол кiсiнi қиындықтан құтқарады, адамгершiлiк тезге салады [54, 236].
Бүгiнгi тәуелсiз мемлекетiмiздегi жаңа қоғам мүддесiне лайықты, жан-жақты жетiлген, бойында ұлттық сана мен ұлттық психологиясы қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу отбасының, бiлiм беру ошақтары мен барша халықтың мiндетi.
Өзiмiздiң өркениеттi ел қатарына қосылу бағытындағы үлкен мәселелердiң бiрi келешек ұрпақтың рухани дамуы.

Ал рухани-адамгершiлiк құндылық белгiлi бiр бағытта, мақсатты жүйелi ұлттық көзқарасты, мiнез-құлықтағы адамдық тәртiп пен рухани дағдыны қалыптастыратын жүйе.
Адамгершiлiк құндылық – адамдық қасиетiнiң өлшемi. Оның жақсылыққа талпынуы, өзге адмға жанашырлық бiлдiруi. Айналадағы адамдарға қайырымы, өмiр сүру мәселелерi жайында iзденуі, өзiн-өзi танып сол арқылы дүниенi - әлемдi тануы.
М. Шоқайұлы былай деген: “Мәдениет - адам әлемi. Мәдени көрiнiстерде адамдық парасат, ақыл-ой, iзгiлiк пен әдемiлiк заттандырылып, игiлiктер дүниесі құрылған. Сонымен бірге мәдениет адамды тұлға деңгейiне көтеретін негiзгi құрал”.

Тәрбие өмiр бойы үздiксiз жүретiн болса да, қазақ халқы жетелеген тұлғаның сипатын “Сегiз қырлы бiр сырлы “ деген бiр ауыз сөзге сыйғызып, түйiндеген. Адам санасы үш түрлi құрамнан тұрады, ол ақыл-ой, сезiм, ерік. Осыған орай оның санасында адам жаратылысының қай сипаты басым болса, оның өмiрдегi iзденiсi мен ұмтылысы да соны бейнелейдi..

Демек, жас ұрпақтың денсаулығын нығайту, рухани-адамгершiлiгiн жетiлдiру мәселелерiне тың көзқарастардың қажеттiгi туындауда. Сондықтан да ұрпақ тәрбиесiндегi көкейкестi мәселелердiң бiрi - жетiлген тұлға тәрбиелеу [3, 21].
Рухани-адамгершілік тәрбиесінде алдымен баланы тек жақсылыққа-қайырымдылық, мейірімділік, ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаздың, ата-ананың да болашағы зор болмақ. «Мен үш қасиеттімді мақтан тұтам», — депті Ақан сері. Олар: жалған айтпадым, жақсылықты сатпадым һәм ешкімнен ештеңені қызғанбадым.
Бұл үш қасиет әркімнің өз құдайы. «Өз құдайынан айырылған адам бос кеуде, өлгенмен тең» деген екен. Шындығында бұл ақиқат. Олай болса, жеке тұлғаны қалыптастыруда, олардың жан дүниесіне сезіммен қарап, әрбір іс-әрекетіне мақсат қоюға, жоспарлауға, оны орындауға, өзіне-өзі талап қоя білуге тәрбиелеу — адамгершілік тәрбиенің басты мақсаты. Мақсатқа жету үшін сан алуан кедергілер болуы мүмкін. Ондай қасиеттерді бала бойына жас кезінен бастап қалыптастыру жеке тұлғаны қалыптастырудың негізін қалайды.
«Еліміздің күші - патшада, сәбидің күші - жылауында» демекші, біздің күшіміз, қорғанышымыз, сеніміміз - адамгершілігімізде болуы керек. Ол үшін Ақанның осы үш қасиетін бала бойына дарыта білсек - ұлы жеңіс болары анық.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Әбiлова З. Этнопедагогика оқулығы / З. Әбiлова: А. 1999
2. Асылов Ү Даналардан шыққан сөз/ Ү Асылов – А. Мектеп, 1987
3. Көбесов А. Әл-Фараби/ А. Көбесов– А. Қазақстан, 1971
4. Төреқұлов Н. Нақыл сөздердің тәрбиелік мәні / Н. Төреқұлов– А. мектеп, 1971
5. “Шаңырақ” энциклопедия. – А. Ғылым, 1989
6. Әлімбаев М. Тәрбие туралы әңгімелер / М. Әлімбаев– А. Ғылым, 1979
7. Ғаббасов С. Ізгілік әліппесі / С. Ғаббасов – А Ғылым, 1991
37 791
0
  • 100
1 дауыс


Жаңалықтар
Тәрбие жоспары
Тәрбие жоспары
2019 - 2020 оқу жылына арналған 8 сыныптың тәрбие жоспары
8 - сыныбының жылдық тәрбие жоспары
8 - сыныбының жылдық тәрбие жоспары
Тәрбие тұжырымдамасының бағыттарын басшылыққа ала отырып жасалған 2019 - 2020 оқу жылының 8 - сыныбының жылдық тәрбие жоспары
Жылға арналған сынып сағатының жоспары
Жылға арналған сынып сағатының жоспары
Қазақстандық патриотизм және азаматтық тәрбие, құқықтық тәрбие Өлкенің тума таланты Қазақстанның халықаралық ұйымдармен байланысы
Көркем - сурет балалар мектебіндегі «Өнерлі жас» тобының 2019 - 2020 оқу жылының тәрбие жоспары
Көркем - сурет балалар мектебіндегі «Өнерлі жас» тобының 2019 - 2020 оқу жылының тәрбие жоспары
Көркем - сурет балалар мектебіндегі «Өнерлі жас» тобының 2019 - 2020 оқу жылының тәрбие жоспары
Тәрбие жұмысының жылдық жоспары 2019 - 2020 оқу жылы
Тәрбие жұмысының жылдық жоспары 2019 - 2020 оқу жылы
Тәрбие жұмысының жылдық жоспары 2019 - 2020 оқу жылы І жарты жылдық
Патриоттық тәрбиенің маңызы
Патриоттық тәрбиенің маңызы
Ембі қаласы, «Достық» балабақшасы МКҚК тәрбиешілері Қожамұратова Гүлбақыт Нұрғалиқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×