Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Абай және нарық

04 желтоқсан 2012, Сейсенбі
Категориясы: Ұстаздарға
Абай және нарық
(сыныптан тыс шара)

Мұғалім:
Тәуелсіз Қазақстан нарықтық экономикалық жүйеде өмір сүруде. Бүгінгі сабағымыз Абай және нарық деген тақырыпта өтеді.
Қазіргі жағдайда көптеген ғалымдарымыз, әдебиетшілер, тарихшылар және тағы басқалары қазақтың ұлы бабаларының игі дәстүріне жаңаша үңілуде.
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?
Сұрақ:
Ұлы Абай кім? Оған қандай мінездеме бере аласыздар? Оқылған өлеңде ол не айтып тұр?
Оқушылар:
Абай қазақтың ұлы ақыны. Өз заманында оза туған. Артына өшпес мұра қалдырған. Өлеңінде адам өлсе де артына жақсы сөз қалдырған адам өлмейді дейді.

Мұғалім:
19-20 ғасырларда өмір сүріп, талай шығармаларын ұрпақтарына өсиет етіп қалдырған ғұлама ақын Абай Құнанбаевтың экономикалық мәдениетін бүгінгі нарықпен, нарықтық экономикамен ұштастыруға болады. Өйткені, оның жалпы адамгершілік, философиялық, экономикалық мәні зор.
Сұрақ:
Біз қазір сабақта нарықтық экономиканы оқып жатырмыз. Содан есімізге түсірейік: Қазақстан Кеңес Одағы құрамында болғанда қандай экономикалық жүйемен дамыды? Ерекшелігін айтыңдар. Қазір қандай экономикамен дамып келеді? Нарық дегеніміз не және оған кімдер қатысады?
Оқушылар:
Кеңес Одағы жоспарлы экономикамен дамыды. Ол уақытта барлық өндіріс құрал - жабдықтары мемлекеттік болды. Мемлекет барлық тауарларды жоспарлап шығарып, халыққа бір бағамен сатты. Қазір Қазақстан нарықтық экономикамен дамып келеді. Құрал - жабдықтардың барлығы жеке меншікте. Тауар бағасын нарық қояды. Нарық дегеніміз сатып алушының сатушымен қарым-қатынаста болу мүмкіндігі.

Мұғалім:
Ұлы ақын Абайдың арнайы жазып қалдырған экономикалық трактаты жоқ. Кезінде ол экономикалық жоғары білім алған емес. Әйтсе де Абай бабамыздың еңбектерінде айтылған көптеген ғибаратының сан – салалы нарықтық экономикада атқаратын рөлі мен маңызы зор. Енді ой-санамызды, ақылымызды Абай өлеңдеріне аударайық:
Базарға, қарап тұрсам, әркім барар,
Іздегені не болса сол табылар.
Біреу астық алады, біреу - маржан,
Әркімге бірдей нәрсе бермес базар.
Әркімнің өзі іздеген нәрсесі бар.
Сомалап ақшасына санап алар.
Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар,
Бағасын пайым қылмай аң – таң қалар.
Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?
Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар.
Жазған соң жерде қалмас тесік моншақ,
Біреуден біреу алып елге тарар.
Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой.
Шамданбай – ақ, шырақтар, ұқсаң жарар.
«Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар,
Сәулесі бар жігіттер бір ойланар.
Сұрақ:
Абай осы өлеңінде нарықты қалай сипаттайды ?
Оқушылар:
Адам бір нәрсе іздесе базарға барады. Онда әркім нәрсесін ақшасына алады. Біреу астық алады. Біреу маржан алады. Базар әркімге бірдей нәрсе бермейді. Біреулер нәрсенің бағаларына таң қалып жатады. Нәрсені біреуінен біреуі алып, елге тарап жатады. Кейбір нәрселер немесе олардың бағалары жалпақ жұртқа бірдей жаға бермейді. Қалай болғанда да тесік моншақ жерде қалмайды.

Мұғалім:
Нарық заманы-тағдырымыз, оның қиын - қыстау жағдайлары аз болмайды. Оны күнделікті өмірден анғарып келеміз. Осындай қиын жағдайда Абай бабамыз айтады:
Сап, сап, көңілім, сап көңілім!
Сарқа берме санасын.
Бәрін өзің білсең де,
Әлі –ақ өзің танасың.
Өртенесің, жанасың.
Өз – өзіңнен бейнетке
Өз басынды саласың.
Қай мезгілде тойғыздың
Аюдайын ағасын,
Қатыны мен қалашын?
Қарсақ жортпас қара адыр,
Қарамай неге шабасың ?
Сонда тәуір бола ма,
Ұстап ап біреу сабасын?
Киіміңді тонасын,
Елге де күлкі боласың.
Сұрақ:
Осы өлеңі арқылы Абай не айтып тұр, не нәрсеге шақырып тұр?.
Оқушылар:
Абай бабамыздың айтуы бойынша, қандай қиын жағдай болса да сабырлылық керек. Кез - келген адамның бабын табу мүмкін емес. Қиын жағдайда сабырлылық жасамай алға шабатын болсаң өз басыңды бейнетке саласың, біреулер ұстап алып сабап, киіміңді тонап елге күлкі боласың. Сондықтанда ұстамды болуға шақырады.

Мұғалім:
Абай өмір сүрген және қазіргі қоғамда жағымсыз бір дерт бар. Онымен күрес туралы баспасөзде жиі жарияланады. Сол туралы Абай атамыз кезінде дәл айтқан:
Бай алады кезінде көп берем деп,
Жетпей тұрған жеріңде тек берем деп.
Би мен болыс алады күшін сатып,
Мен қазақтан кегіңді әперем деп.
Жарлы алады қызметпен өткерем деп,
Елубасы шар салып, леп берем деп, .
Жалаңқол жат мінез жау алады,
Бермей жүрсең, мен сені жек көрем деп.
Дос алады бермесең бұлт берем деп,
Жауыңа қосылуға сырт берем деп,
Бұзылған соң мен оңай табылмаспын,
Не қылып оңайлықпен ырық берем деп.
Сұм – сұрқия –сұмдықпен еп берем деп,
Сүйер жансын, сүйкімді бет берем деп.
Жүз қараға екі жүз аларман бар,
Бас қатар бас - аяғын тексерем деп,
Ел жиып, мал сойыңыз ет берем деп,
Ет берсем, сен мендік бол деп берем деп.
Қара қарға сықылды шуласар жұрт,
Кім көп берсе, мен соған серт берем деп.
Сұрақ:
Осы өлеңде Абай нені көрсетіп тұр?
Оқушылар:
Бұл өлеңде сыбайлас жемқорлық пен парақорлық жөнінде айтылған. Кім кімге қалай пара береді, ал пара бермесе не болатыны көрсетілген. Ондай жағдай біздің қазіргі заманда да бар.

Мұғалім:
Абай бабамыз қоғамдағы жағымсыз қылық туралы мына екі өлеңінде де көрсеткен:
Бірінші өлең:
Ендігі жұрттың сөзі ұрлық –қарлық,
Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.
Осы күнде осы елде дәнеме жоқ
Мейір қанып, мәз болып қуанарлық.
Байлар да мал қызығын біле алмай жүр,
Жаз жіберіп, күз атын міне алмай жүр,
Сабылтып, күнде ұрлатып, із жоғалтып,
Ызаменен ыржиып, күле алмай жүр.
Саудагер тыныштық сауда қыла алмай жүр,
Қолдан беріп, қор болып, ала алмай жүр.
Ел аулақта күш айтқан, топта танған,
Арсыз жұрттан көңілі тына алмай жүр.
Екінші өлең:
Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.
Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,
Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек.
Сұрақ:
Оқылған бірінші өлеңде Абай нені суреттеп тұр, ал енді екінші өлеңде оны қалай қорытындылап тұр?
Оқушылар:
Бірінші өлеңінде ұрлықты суреттеген. Жұрттың әңгімесі ұрлық. Ұрлықтан байлар малдың қызығын көре алмай жүр, ал саудагерлер тыныш сауда жасай алмай жүр. Елді ұрлық жайлаған. Екінші өлеңінде адал еңбек етпей ұрлық жасағандар қуанып жүр. Ұрлықтың – түбі қорлық. Шөлмек мың күн сынбайды бір күні сынады, ұрлық жасағандар түбінде бір ұсталынады.

Мұғалім:
«Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» - деген өлеңінде Абай нарықтағы адамгершілік мәдениетті сөз қылады:
Керек іс бозбалаға – талаптылық,
Әр түрлі өнер, мінез, жақсы қылық.
Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп,
Сыртқа пысық келеді, көзге сынық.
Келеді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе, біріңдікін бірін жеткіз!
Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!
Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып,
Біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс,
Тұрғандай бейне қорқып, жанып шошып.
Сұрақ:
Осы өлеңде дана Абай: жастар өздерін қалай ұстауы керек - дейді?.
Оқушылар:
Талапты, өнерлі болып жақсы қылық көрсетуі керек. Тату-тәтті болып бір-біріне қиянат жасамай қызықты өмір сүруді айтады. Бір-біріңді сөйлегенде тосып, бір-біріңді құрметтеп, қай уақытта да бір-бірлеріңе қамқор болыңдар дейді.
Мұғалім:
Абайдың еңбек пен пайда, мал мен сауда-саттық, яғни экономикалық тәрбие мәселелеріне арналған өлеңдері де жеткілікті. Соның бірінен:
Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,
Малың болса, сыйламай тұра алмас ел.
Қаруыңның барында қайрат қылмай,
Қаңғып өткен өмірдің бәрі де - жел.
Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,
Еңбек қылмас еріншек адам болмас.
Есек артын жусаң да мал тауып кел.
Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас.
Сұрақ:
Осы өлеңінде Абай бабамыз адамдарға қандай үндеу жасап тұр?.
Оқушылар:
Бұл өлеңінде Абай бабамыз адамдарға күш-қайратың бар болып тұрғанда «еңбек ет» дейді. Қаңғып өткен өмір жел сияқты. Ал, малың болса сені бәрі сыйлайды. Мал табу үшін қандай болса да еңбекті істеу керек. Ол үшін жалдан, жат жерге бар, есектің артың жу, яғни тәуекелге бар, талаптан, еңбек ет.
Мұғалім :
Абайдың нарыққа тура қатысы бар өлеңдері мен қара сөздері жеткілікті. Сіздер оқушылар! Абай шығармаларын өздіктеріңнен оқып қараңыздар, одан ғибрат алуға ұмтылыңыздар. Өйткені Абай дүниетанымы біздің қазіргі замандағы өміріміздің әрбір қырын өзгертуге көмек жасайды.
4 756
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Абайдың табиғат лирикасы
Абайдың табиғат лирикасы
Абайдың табиғат лирикасына арналған өлеңдерін мазмұнын меңгерту, адам мен табиғат арасындағы байланыс туралы түсінік беру.
Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!
Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!
Оқушыларды Ұлы ақынның балалық және жастық шағы, өскен ортасымен таныстыру. Ақындығы мен композиторлығын таныту. Абай шығармашылығын сүйіп оқуға, өмірін, қасиеттерін үлгі ете отырып, білім - ғылымға құмарлығын арттыру.
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...
Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла. Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!
Ұлы Абайға арнау
Ұлы Абайға арнау
Ұлы Абайға арнау. Сөнбес сәуле сепкен Алаш елінде, МәшҺүр еткен қазақты жер жүзіне. Жаныңа жақын Татьянаның хаттары, Жырлаған қазақ - орыс жерінде.
Ұлы Абай - нар тұлға
Ұлы Абай - нар тұлға
Қарағанды облысы, Абай ауданы, Құрма ЖОББМ Бөкен Қазбек Маратұлы
Абай және оның он жетінші қарасөзі
Абай және оның он жетінші қарасөзі
Ақтөбе қаласы, № 26 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Алитурлиева Тасбике Құдайбергенқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×