Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Еркіндіктің көк туы биік болсын!

05 қазан 2017, Бейсенбі
Категориясы: Ұстаздарға
Еркіндіктің көк туы биік болсын!
Еуразияның кіндік тұсында ұлан - байтақ жеріміз бар қазақ даласы ежелгі атам замандардан өзінің ұлы рухын жоғалтпай, күні бүгінгі үшінші мыңжылдықта да асқақтығын танытып отыр. Атыраудан Алтайға дейін созылған ұлан - ғайыр кең өлке, тарихы шексіз, дәстүрі шетсіз ата - жұрт. Әні мен күйі шалқыған, сыры мен жыры толқыған ғажайып сұлу сахара!
Бүгінгі күні туған еліміздің кеңдігіне, тарихының шетсіздігіне, дәстүрінің шексіздігіне шалқыған күйіне, толқыған жырына тамсануымыз – найзаның ұшымен, білектің күшімен, елім деп қасықтай қанын төккен батыр ұл - қыздарымыздың арқасы.
Тәуелсіздік! Қасиетті де құдіретті осы бір ұғымның тереңіне зер салып, ой жіберсек, бұл тәтті сөздің тұңғиығында ата - бабамның ғасырлар бойындағы асыл арманы, азаттық жолында құрбан болған талай - талай боздақтардың ұрпаққа қалдырған мәңгі өшпес ізі мен аманаты жатқаны бәрімізге аян. Ұлан даланың жас перзенті – кеңпейіл қазақтың азаттық мұратындағы сан түрлі күрестері және тағдыр талайы жазған “тар жол, тайғақ кешу” іздері жатыр. Жаңа ғасырмен бірге келген ел тәуелсіздігінің жиырма үш жылдығы – азаттық ұранын ұрпағына ұлағаттаған бабалар үрдісінің жалғасы.
Отар болдым, от кештім, суға баттым,
Күнін кештім шарқ ұрған шағаланың.
Енді бүгін көрдім мен қазағымның
Азаттықты бақытқа балағанын! - деп, дүние құндылығы бостандықта екенін Бауыржан Жақып та жырлап өтіпті сол бір жылдарда.
Өмір көші үнемі қозғалуда, азаттықтың ұраны әр қазақтың бойындағы қанға дарып, уақыт ағымымен сылдырап ағуда. Ел, жер тарихы күн санап өзгеріп, өркениетке қарай дами түсуде.
Тәуелсіздіктің арқасында елімізге құт қонып, ырыс үйіріліп, ортаға үлкен сыбаға түсіп тұр. Төле би бабамыз айтқандай, тек қолға қонған бақыт құсын үркітіп алмай, жұмыла кірісіп, кеңесін шешіп, елдіктің тұғырына әрбір азамат құс болып қона білсе – ел болғанымыз сол.
«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші, кешегі дүние жүзін бір сілкінткен Ұлы Отан соғысының батырлары, Отанының тәуелсіздігін қорғауға, ошақ басының амандығы, болашағының бақыты үшін күресуге жауға аттанған – Бауыржан Момышұлының, қарапайым қазақ қыздары Әлия мен Мәншүктердің қайталанбас ерліктері, Желтоқсан құрбандары Қайрат, Ербол, Ләззат, Сабира сынды жастарымыздың батыл істері – жас ұрпақ үшін үлгі - өнеге, тағылым мектебі. Осындай нағыз батырларымызды қан майданға, жер қорғауға аттандырған сүйікті Отанына, атамекеніне деген сүйіспеншілік алауы мен перзенттік сезімдері емес пе?!
Мемлекеттік тәуелсіздікті төрт аяғынан тең тұрғыза алған Н. Ә. Назарбаев еліміздің алда тұрған бірнеше он жылдығына жүйелеп жоспар құрып, халқына қамқорлық жасаудан тайынбайтынын осы күнге дейін өзінің жарқын істерімен әлденеше рет дәлелдеп келеді. Елбасымыздың сарабдал саясатына қолдау көрсету – халықтың еншісінде. Тәуелсіздігіміздің, болашағымыздың негізі рухани тірегі, кепілі – байырғы халқымыз. Ақ пейіл де, ақжарқын, дархан халқымызға әрқашан Алла жар бола бергей!
Еркін елдің жас қырандары, ХХ ғасырдың басындағы зиялыларымыз таңдаған білім мен білік жолын басшылыққа алып, туған еліміздің тәуелсіздігін сақтауға, талай теперішке тозбаған ұлтымыздың асыл мұрасын, салт - дәстүрін, биік рухын қастерлеп, ұрпақтан - ұрпаққа жеткізуге парыздармыз. Бұл игі мақсат жолында халқымыздың “Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді” деген дана мақалын әрдайым жадымызда ұстап, бірлікті, тұтастықты ту қылып көкке көтеруіміз керек. Тәуелсіздіктің құны мен қадірін азаматтық сана, патриоттық жүрекпен түсіне білгеніміз жөн. Сондықтан келешек жас өреннің «қазақ» деп соққан жүрегін еркін елдің ертеңгі кезінің бетке ұстар тірегі ретінде ескерсек, болашаққа нық басып, тереземіз тең болатыны еш бүкпесіз айдан анық.
Ежелден аңсаған еркіндіктің туы жоғары, елдігі берік, тілегі қабыл бола берсін демекпін!

Ростов орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Муханбетжанова Жазира Мизамханқызы
1 739
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Тәуелсіз елім - кең байтақ жерім
Тәуелсіз елім - кең байтақ жерім
Мақсаты: Тәуелсіздік тарихына шолу жасау. Оқушыларды елжандылыққа, Отансүйгіштікке баулу.
Қазақстан – Ұлы Дала елі
Қазақстан – Ұлы Дала елі
Еуропаның дәл ортасындағы, жүрегі атанған ел – Қазақ елі. Қазақстан - ұшқан құстың қанаты талатындай ұлан – ғайыр аумақтың иесі. Мен мақтанышпен, көкірегімді көкке көтеріп «Мен Қазақстанның жас ұрпағымын, келешегімін!» - деп жарияға жар сала аламын.
Тәуелсіз елім – Қазақстаным!
Тәуелсіз елім – Қазақстаным!
Тәуелсіздік күні туралы терең мағлұмат беру. Тәуелсіздік үшін күрескен, желтоқсан құрбандарын еске түсіріп, желтоқсан құрбандарының ерлігі жайында түсіндіру.
Тәуелсіздік - тұғырым
Тәуелсіздік - тұғырым
Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата - бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті.
Ата - бабамыз аңсаған тәуелсіздіктің таңы
Ата - бабамыз аңсаған тәуелсіздіктің таңы
Қызылорда облысы, Арал ауданы №64 орта мектебінің математика пәні мұғалімі Махамбетова А.
Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ!
Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ!
Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Қарғалы ауылы, №241 Қ. Әбдіқадыров атындағы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Құдиярова Зада
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×