Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Халықтық педагогика негізінде білім беруді жүзеге асыру

31 наурыз 2019, Жексенбі
Категориясы: Ұстаздарға
Халықтық педагогика негізінде білім беруді жүзеге асыру
Мен өз баяндамамды ұлы педагог К. Д. Ушинскийдің «Халық тәрбиесінен тыс жерде педагогика да жоқ, педагог та жоқ» деген сөзімен бастағанды жөн көрдім.
Ендеше халықтық педагогика деген не?

Қай халықтың болмасын өзінің сан ғасырға созылған ұрпақ тәрбиелеу үрдісі бар. Ол отбасындағы бала тәрбиесінен басталып, шаруашылық кәсібі, тұрмыс - тіршілігімен бірге жалғасып, салт - дәстүрден, ұлттық саз әуені мен ауыз әдебиеті үлгілерінен өзекті орын алып келген. Халық педагогикасы – халық тәрбиесі. Халықтық педагогика халықтың тарихи өмірін, ұлттық санасын қорғайды.

Халық педагогикасының негізгі қағидалары келер ұрпақтың ақылды, намысшыл, арлы, өміршең азамат болуын тілейді, отбасы үлкендері жаңа туған жас баланы Отанның, елдің асыл азаматы болуын аңсап - армандайды; жастайынан еңбексүйгіш, елгезек азамат етіп тәрбиелеуді көздейді. Нақтырақ айтсақ, шыр етіп дүние есігін ашқан әр сәбиді түрлі салт – дәстүрлер арқылы күннен – күнге тәрбиелеп отырғанын байқаймыз да, халқымыздың ұлттық тәрбиесі негізінен жүйелі болған деп айта аламыз.

Халық педагогикасы - қазақ поэзиясының бөлінбес бір бөлшегі іспетті. Қанатты сөздер, мақал - мәтелдер, шешендік сөздер, айтыстар, ертегілер, аңыздар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар. Ол жан сезімін толқытып, ойымызға ой қосатын, қиялымызға қанат бітіретін халқымыздың рухани байлығы мен болмысы – сұлу әндер мен сыршыл күйлері, ұлттық ойындары, осы кезге дейін қадір – қасиетін жоймаған салт - дәстүрлері, әдет – ғұрыптары, адамдыққа, тазалыққа, әділдік пен мейірімділікке баулитын ырымдары мен тыйымдары.

Қазіргі ғылым мен техниканың дамыған заманында бала тәрбиесінің заманмен бірге өзгеріске ұшырағанын бәріміз де жетік білеміз. Білеміз де, қаншама ғасырға созылған, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ұлттық тәлім – тәрбиенің негізі саналатын халықтық үлгі - өнеге, халықтық педагогикадан қол үзбеу қажеттігін анық түсінеміз. Олай болса, ата - бабаларымыздың тәрбиеге қатысты ғасырлар қойнауынан сараланып жеткен іс - тәжірибелерінің жиынтығын - халық педагогикасын бүгінгі өмірмен, күнделікті сабақпен қалай байланыстырамыз.

Мен сабақ барысында оның тәрбиелік жағын ескере отырып, оқушылардың өз халқына деген сүйіспеншілігін арттыру және оны қалыптастыру үшін мүмкіндігінше халықтық педагогика элементтерін пайдалану жағын қарастырамын. Сабақта халықтық педагогиканы пайдалануды мына бағыттарда жүргіземін: әдет - ғұрып, салт – дәстүр, мақал - мәтелдер, шешендік сөздер.
Мысалы, қазақ тілінен «Етістіктен өткенді қайталау» сабағын өткізгенде «Білім мен дәстүр сыны» ойын өткіздім. Ол ойынның мақсаты - етістіктен алған білімді бекіту әрі салт - дәстүрді білу. Әр балаға екі сұрақтан беріледі: бірі – ереже, екіншісі - дәстүр. Үлгі: 1. а) Етістіктің болымды және болымсыз түрлері. Мысал келтір. ә) Жеті атаны айт. 2. а) Етістік дегеніміз не? Мысал келтір. ә) Қыздар тәрбиесіне байланысты қандай мақал - мәтел білесің?
№2. Өз әке - шешесін қарттар үйіне тапсыратын адамдарға қөзқарасың қандай?
№3. Тыйым сөздерге түсінік бер.
1. Есікті қатты серпіп жаппа, тарсылдатып қақпа.
2. Бүйіріңді таянба. Таяққа сүйенбе.
3. Құмырсқа илеуін бұзба.
4. Көк шөпті жұлма.
Ал етістіктің рай түрін өткенде XV ғасырда өмір сүрген, ел тәуелсіздігі, халық бақыты, тыныш та жайлы өмірі туралы ой толғаған атақты бабамыз Асан қайғының:
Таза мінсіз асыл тас
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз
Шер толқытса шығады,- деген сөзін алып, шартты райлы етістікті тапқызып, мағынасын ұғындырып, жаттап алуға кеңес беремін.
Тіл сабақтарында мұндай мысалдарды көптеп қолдана аламыз. Қаз дауысты Қазыбектен: «Ауыл берекесі қалай кетеді, үй берекесі қалай кетеді?» - деп сұрағанда: Ауыл ақсақалы шала болса,
Жігіттері алты ауыз ала болса,
«Ә» десе, «Мә» дейтін
Жасы үлкенді кішісі
Сыйламайтын, көңілі қара болса,
Сол ауылдың берекесі кетеді.
Ұлы ұрысқа сай болса,
Келіні керіске сай болса,
Қызы сумақай болса,
Сол үйдің берекесі кетеді,- деп қайтарған жауабын мысалға алып, «Тәрбиелі ұл мен қыз қандай болады?» деген ойдың айналасында пікірлесе келіп, осы нақыл сөзді түсініп, қорытынды шығарамыз.
Ал «Көрікті қандай болады?» деп сұрағанда Қорқыт атаның: «Тізесін бүгіп отырған инабатты қыз қөрікті, өнегелі ұл көрікті» деген жауабы әрі тақырыпқа мысал, әрі тәрбие көзі емес пе.
Мақал – мәтелдерге, насихат сөздерге қызықтырудың бір жолы – сабақта ойын элементтерін қолдану. Мысалы «Әріптер» ойыны. Бұл ойында екі командадан екі бала шығады. Бір оқушыға ж әріпі жазылған, екінші балаға б әріпі беріледі. Қандай әріп берілсе, содан басталатын мақал - мәтелдер айтады. Үлгі: ж - Жақсы - ісімен жақсы. Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді. Мұндай тапсырмаға бала алдын ала ізденеді, дайындалады, қызыға қатысады және тәрбие алады.
Ал әдебиет сабақтарында көркем шығармаларды оқып, талдау арқылы жас жеткіншектер бойында адамгершілік, сыйластық, отансүйгіштік қасиеттердің қалыптасуына көңіл бөлемін. Мысалы Ы. Алтынсариннің әңгімелерін оқыған соң, тақырыпқа сай пікір алысу ұйымдастырамын. Сұрақтары:
1. Бала мінезінің қалыптасуы қай жаста болады деп ойлайсыңдар?
2. Бала тәрбиесіндегі ата - ананың рөлі дегенді қалай түсінесіңдер?
3. Ең жақын жолдасыңның мінезін сипаттап бер.
4. Мінезі жақсы деп сыныпта кімді айтар едің?
Қазақ елі ел болғалы, қазақ қазақ болғалы өмірбақи анасын сыйлап өткен. Ана тақырыбы қазақ әдебиетінде де кең орын алған. Көркем шығармаларда қыздар мен әйелдер образы нағыз махаббаттың мәнгілік символы, ұлттық намысты ту етіп, халық тағдыры үшін ерлермен бірге қан майданда ерлік көрсеткен батыл жандар, ақылды, мейірімді, үлгілі де өнегелі аналар. Сол бейнелермен танысқан бүгінгі ұрпақ өзі зерделеп, қажетін бойына алады.
Сыныптағы оқушының іс - қимылы, әдептілігі, сөйлеу үлгісі - бәрі халық мәдениетінен туындап, ұлттық әдептілікті көрсететіндей болу үшін халықтық педагогиканы тиімді пайдалана білу - үлкен өнер.
Ата - бабалардың тәрбиелік дәрісін құндақта жатқан күннен естіп өскен есті ұрпақ ержүрек, мәрт мінез, ақ көніл, дархан халқына лайық болып өсетіні анық.
Көне грек ғұламаларының айтуына қарағанда, адамның белгілі бір ұлтқа, халыққа тән екендігін анық сезіну үшін бес түрлі шартқа жауап беруге тиіс.
1. Сол ұлттың тілін жақсы білуі.
2. Сол ұлттың дінін терең меңгеруі.
3. Сол ұлттың дәстүрін толық бойына сіңіруі.
4. Сол ұлттың тарихын бес саусағындай білуі.
5. Сол ұлт мекендеген жердің ой - шұңқырын жақсы білуі.
Осындай бес сипаттаманы бойына дарытқан адам ғана сол ұлттың толыққанды өкілімін деуге құқылы,- десе грек ойшылдары, Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан - 2030» жолдауында «Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн» деп көрсеткен.
Дау туғызбас ақиқат – осы!
1 931
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Одағай. Одағайдың түрлері. Одағайдың тыныс белгілері.
Одағай. Одағайдың түрлері. Одағайдың тыныс белгілері.
Оқушыларды халықтық педагогика тұрғысынан тәрбие беру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, халықтық болмыс бітімі тілінде екенін түсіндіру, ым – ишараттан ұғу.
Қазақтың ұлттық қолөнері
Қазақтың ұлттық қолөнері
ШҚО, Үржар ауданы, Қаратал орта мектебінде технология, бейнелеу өнері, сызу пәндерінің мұғалімі Жунусов Марат Садырбайұлы
Халықтың мұрасы - физика сабағында
Халықтың мұрасы - физика сабағында
Жамбыл облысы Қордай ауданы Қордай ауылы Балжан Бөлтірікова атындағы № 4 орта мектептің физика пәні мұғалімі: Керімбаева Ләзат Амангелдіқызы
Халықтық педагогика – ұрпақ тәрбиесінің құралы
Халықтық педагогика – ұрпақ тәрбиесінің құралы
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, №13 орта мектеп гимназиясы ММ Дуйсенбекова Сулушаш Талпаққызы
Халықтық педагогика элементтерін математика сабағында пайдалану
Халықтық педагогика элементтерін математика сабағында пайдалану
Керекбаева Жұмагүл математика пәнінің мұғалімі Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы Сенек ауылы, Қашаған Күржіманұлы атындағы орта мектеп
Педагогика тест
Педагогика тест
Педагогикадан тест сұрақтары жауаптарымен
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×