Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Оқушылардың тілдік қорын дамытудың жолдары

19 қаңтар 2013, Сенбі
Категориясы: Ұстаздарға
Тақырыбы: «Оқушылардың тілдік қорын дамытудың жолдары».
Оқушылардың ауызша тілін, сөйлеу мәдениеті шеберлігін арттыруда пікірталас, айтыс сабақтар, баспасөз конференциясы, брифинг, көзқарас сабақтарының маңызы ерекше. Ал жазбаша тіл дамытуда реферат қорғау, конференция, семинар - сабақ, т. б. сабақтардың орны зор. Мысалы, 8 - сыныпта М. Әуезовтің «Қараш - Қараш оқиғасын» оқып болған соң, қорытынды ретінде «Билер соты» сабағын өткізуге болады. Сот бас қылмыстылар – Сәлмен мен Жарасбайға жүргізіледі.

Ақтаушы, айыптаушылар, куәлер, билер, төбе билер сайланады. Ең бастысы – балалардың сөздік қоры осы ұғымдармен байиды және бүгіндерде қолданудан шығып қалған, бірақ халқымыздың тарихында, тіліміздің тарихында маңызы бар «төбе би», « билер тартысы» деген сөздермен, оның қызметі, мағынасымен танысады. Билердің, айыптаушы, ақтаушылардың сөздері мақал - мәтелдерге, термелеп айтатын сөздерге құрылады. Сондай – ақ, кімнің сөзі болса да, шығармадан алынады, соны негіз етеді.

Мұндағы оқушыға таныс емес қалжа, саралаетек, күң сияқты сөздер көбінде осы кітаптың өзінен алынады. Билер тартысы сабағының тіл дамытудағы маңызы неде? Біріншіден, «Қараш - Қараш оқиғасы» - тіл жағынан болсын, тақырып ауқымы, көтерген мәселесі жағынан болсын, аса күрделі шығарма. С. Мұқанов: «М. Әуезов өзінің алғашқы шығармаларымен - ақ қазақ прозасын еуропалық проза деңгейіне көтерді», - деген. Сол алғашқы прозалық шығармаларының бірі – осы «Қараш - Қараш оқиғасы». Шығарманы талдауда оқушылар, әрине, сұраққа жауап береді, пікірталас жүргізеді. Бірақ, тілі аса бай, портрет, мінездеме, әсіресе, суреттемелерге ерекше толы бұл әңгімені шебер ұстаз оқушыларға тек білімдік мақсатпен ғана оқытпай, әдеби, көркем тілін дамытуға пайдалануы керек. Жалпы, ерекше бір есте ұстайтын мәселе - әдебиет сабағындағы тіл ұстарту жұмыстары - сол оқытып жатқан көркем шығарма негізінде, соның тіл ерекшелігі негізінде жүзеге асуы тиіс.

Дегенмен, ізденгіш мұғалім тіл дамыту сияқты күрделі мәселелердің де оқушыға жеңіл, қонымды, қызықты әдіс - тәсілдерін ізденеді, әрі тіл дамыту тек бір ғана мақсатты - тіл дамытуды ғана көздемейді. Ол белгілі бір білім, ұғым беру негізінде жүзеге асатын болса, тілі де бай болады. «Билер соты» сабағынан оқушы ең әуелі халықтың әдет - дәстүрі туралы түсінік алады(билер, дала соты, т. б.). Екіншіден, сөздік қорлары байиды. Үшіншіден, бұл сабақ таптаурын болған «сұрақ - жауапқа» негізделген сабақ емес, оның түрі, құрылысы оқушыларды қатты қызықтырады. Жас ерекшелігіне қарай осындай күрделі мәселелерді ойын элементі бар сабақ негізінде меңгереді. Оқушыларының кітаби емес сөйлеу дағдысын қалыптастыруға еңбек етеді, әсіресе, Әуезовше сөйлеуге дағдыландырады.

Оқушылардың көркем тілін дамытуда пікір қорғау, әдеби айтыс сабақтарының да орны ерекше. Әсіресе, ауызша сөйлеу тілін әдеби таласқа түсетін балалар сылдыр сөйлей бермей, өз ойларын дәлелді түрде жеткізу үшін, ғылыми материалдар, әңгіме болып жатқан көркем шығарманың өзінен нақты мысалдар алып, үзінді, дәйектемеге сүйене отырып, сөйлеулері керек.

Мысалы, пікірталас «Абай жолы» эпопеясындағы әйелдер бейнесіне, соның ішінде «Ұлжан бақытты ана ма?» деген сұрақ айналасында жүрсе (әрине, бұл пікірталастың бір ғана сұрағы), оқушылар Ұлжанның мына бір сөздерін өз пікіріне қолдануға болады: «Балам - ай, күндестің аты – күндес те! Қу жараны жалап жазған боламыз да. Әйтпесе м - араз бола беретін, «Күндестің - күлі күндес» дегенді сен білмей - ақ қой. Бөжекеңді көрген жерде сәлеміңді бер. Бір кезде жақсы жақының еді. Кім тентек, кім мақұл? Қайдан білдің? Әкең дұшпан десе, сен әділ бол!» Бұл үзінділер, біріншіден, Ұлжан бейнесін ашуға көмек жасаса, екіншіден, «күндестің аты - күндес» «күндестің күлі - күндес» деген сияқты бүгінде қолдануда сирек кездесетін сөздерді оқушыларға таныстырады.

Тоғжан, Әйгерім секілді әйелдер бейнесі туралы сөз қозғағанда, олардың жоғарыдағыдай тек сөйлеу тілі емес, портреті, іс - әрекеттерін сипаттайтын жерлерден де мысал алу тиімді. Себебі, М. Әуезовтің көркем, сұлу тілі әйелдер бейнесіне ерекше үйіліп - төгілген. Жоғарыда айтылып кеткендей, тіл ұстартуы көркем.

Шығарма тілінің негізінде жүргізілсе, соның бір тәсілі – осындай мәтінмен жұмыстар болып табылады. Эпопеядағы әйелдер бейнесін оқытуда практикалық жұмыстар жүргізе отырып, оқушылардың көркем тілін дамыту айналасында еңбектенуге болады. Практикалық жұмыс жазушының әйелдер бейнесін жасаудағы эстетикалық табысы айналасында орындалады. Портреттер бойынша теңеу, эпитеттерді анықтау сияқты жұмыстар жасалады. Сондай – ақ эпопеяның «Жайлауда» бөлімінің 324 - 334 - беттері бойынша жазушының тіл көркемдігіне талдау жасату - аса тиімді. Осы он шақты беттерде Мұхтар Әуезов - Біржан, Оралбай, Керімбала, Әйгерім, Үмітей, Балбала, Базаралылардың кескін - келбетін көз алдыңа шебер, небір айшықты сөздермен кестелей әкеледі.

Практикалық сабақтар тіл дамыту жұмыстарына қолайлы болып келеді. Мысалы, І. Жансүгіров шығармашылығын оқытып болған соң, қорытынды сабақты ақын поэзиясының тіл көркемдігі, поэтикалық, эстетикалық нәрі, табысы айналасында өтуге болады. Мұндай жұмыстар тек бала білімін тереңдетіп қана қоймай, тілін дамытуға, қазақтың бай тілін меңгертуге, оны бейнелі, образды, көркем түрде пайдалана білуге де жетелейді. «Құлагер» поэмасындағы Көкше көріністеріне поэтикалық талдау жасата отырып, оны С. Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасындағы Көкшетау көріністерімен салыстыру.

Мақсаты: а) екі ақынның бай тілін, суреткерлігін, халық тілінің негізінде поэтикалық тіл жасау шеберлігін талдау (теңеу, метафора, эпитеттерді жасауда).
ә) Көкше көріністерін суреттеуде қай ақын оқушы талғамына жақын, - соны анықтау.
б) сондай - ақ Көкше көріністері бейнеленген суреттер арқылы өздеріне шығарма, суреттеме (ауызша да, жазбаша да орындатуға болады) жаздырту
в) Суреттер арқылы: « Қай ақын Көкшені шебер суреттеген?» деген сұрақтар айналасында пікірталас ұйымдастыру.
2 «Құлагер» поэмасындағы құланның сипаты мен Абайдың «Аттың сыны» өлеңін салыстыру.
Мақсат: а) Жүйрік ат сыны, екі ақындағы үндестік және өзіндік ерекшеліктерді сараптау.
ә) Поэтикалық тіл көркемдігін, халықтық сөйлеу тілін поэтикалық тілге айналдыру шеберліктері.
Оқушылардың көркем тілдерін дамытуда, тіл мәдениетін қалыптастыруда бейнелеу өнері, музыка сабақтарының маңызы ерекше.
Әдебиетші мұғалім осы пәндер мұғалімдерімен біріге отырып, жүйелі жұмыс жүргізу керек. Мысалы, бейнелеу өнері пәні мұғалімінің сурет бойынша әңгіме жүргізуі. Мысалы, күздің бейнесін суретші бояу арқылы беріп отырғанын, сұр қорғасын, қүңгірт түстермен қатар, сап - сары, жасыл бояулардың да суреттегі орнына тоқталады.

Бұндай сабақты сабақ - гармония деп те атап жатады. Мәселе сабақтың типінде емес, ең басты жұмыс – оқушылардың көркем тілін дамытуда. Осы мақсатта енді әдебиетші мұғалім күз суреті бойынша оқушыларға бірнеше тапсырма береді:
а) сурет бойынша күз көрінісіне суреттеме беру (ауызша да, жазбаша да орындауға болады).
Мына сөздерді пайдалану; алтындай жарқырап, сары нұрға бөленіп.
ә) Сурет пен өлеңді салыстыру.
1. Сурет бояуы мен өлеңдегі көркемдегіш, бейнелі сөздердің ұқсастығы бар ма?
2. Қайсысы күз суретін айнытпай берген?

І. Жансүгіровтың “Күй”, “Күйші” поэмаларын өткенде, музыка пәні мұғалімімен бірлесе отырып, тіл дамыту жұмысын жүргізу тиімді болмақ. “Күйші” поэмасындағы аты аталып, сөзбен кестеленетін күйлерді күй табақтан тыңдап, әрі ақын суреттемесін оқып, мынадай жұмыстар жүргізуге болады:
1. Осы күйден не ұқтың, қандай әсер алдың, сол туралы шағын пікір - толғау айт.
2. Ілияс музыка тілін көркем сөзбен жеткізе білген бе? Ойыңды поэмадан үзінді ала отырып, дәлелде.
3. Поэмадан күйді сипаттайтын образды, көркем сөздерді тауып, олардың күй тілін жеткізудегі орны, маңызы туралы қысқаша тұжырымда.
Оқушылар пікірін тыңдаған соң, ән - күй сабағының мұғалімі күй туралы сыр шертеді.
Тіл дамыту жұмыстарын сондай - ақ тарих, биология, т. б. пәндермен де байланыстыра жүргізуге болады.

Мысалы, 9 - сыныпта Махамбет Өтемісұлы шығармашылығын оқытқанда, тарих пәнінің мұғалімімен бірлесе сабақ - дуэт өткізу де тиімді.
Оқушылардың көркем тілін дамытуда, тіл байлығын жетілдіруде сөздік жұмыстары, сондай – ақ мақал - мәтелдермен жұмыстың маңызы зор. Тіл ұстарту деген ең алдымен сөзбен жұмыс, тіл байлығы деген ең алдымен оқушының сөздік қорының молдығы, екіншіден, сол мол қорды орынды, тиімді, әрі көркем етіп пайдалана білуі. Оқушылардың сөздік қорын дамытуда әр түрлі сөздіктермен жұмыстың пайдасы ерекше зор. Түсіндірме сөздіктер, әсіресе, көркем шығармаларды оқуда, соның ішінде тарихи тақырыпта жазылған шығармаларды оқуда оқушыға бірден бір көмек болып табылады. Сондай - ақ фразеологиялық сөздіктер, термин сөздер сөздігі де тиімді. 5 - 8 сынып оқушыларымен әр сабақ сайын сөздік жұмысы жүріп отыруы керек.

Осы сыныптарда әр балаға « Сөздік қоржынын» жасатуға болады. Қоржынды әліпби тәртібімен қалташаларға бөліп, жаңа сөздерді салып отырған дұрыс. Барлық сөздің оқушы есінде қалуы мүмкін емес қой, оқушы керек кезде қарап отырады. Мақал-мәтелдер, шешендікке құрылған даналық нақылдарды да осындай қоржында жинақтаған дұрыс.

Оларды «Жиреншенің дорбасы» немесе «Қарашаштың сандығы» деп те атауға болады. Мұғалім белгілі бір уақытта «жәрмеңке сабағын» өткізіп, сөздердің дорба түбінде қалып қоймауын қадағалау керек. «Жәрмеңке сабақта» қоржындағы асыл сөздер сатылады, сатып алушы оны білімімен ғана алады. Олар сөздерге сөйлем құрап, мағынасын түсіндіреді. Қоржындағы сөздерді пайдаланып,«Алтын қақпа», «Сиқырлы қазан», «Таңғажайып алаң» ойындарын да ұйымдастыруға болады.

Ертеңгі күннің бүгінгіден гөрі нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш - тек білімде ғана екенін ұғынған жанға бүгінгі күн талабы - жоғары.
10 569
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Оқушылардың әдебиет сабағына қызығушылығын арттыруда дәстүрлі емес сабақтардың маңызы
Оқушылардың әдебиет сабағына қызығушылығын арттыруда дәстүрлі емес сабақтардың маңызы
Ұлттық білім үлгісінің негізгі бағыты - адамды қоғамның ең негізгі құндылығы ретінде тану, оның ұлттық дүниетанымын қалыптастыру, сол арқылы оқушының жан дүниесінің баюына, шығармашылық еркіндігі мен белсенділігінің, кәсіби іскерлігінің қалыптасуына
Мұхтар Әуезов "Қараш – қараш оқиғасы"
Мұхтар Әуезов "Қараш – қараш оқиғасы"
Карменова Бахытжамал Базылрахманқызы Ж. Болғанбаев атындағы Самар орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ШҚО Көкпекті ауданы Самар ауылы
Оқушыларды сөйлеу мәдениетіне тәрбиелеу
Оқушыларды сөйлеу мәдениетіне тәрбиелеу
Ақтөбе қаласы, №41 жалпы білім беретін орта мектебінің қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі Аймағанбетова Ильмира Қожайқызы
Қазақтың төбе билері
Қазақтың төбе билері
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ селосы, №43 орта мектептің тарих пәні мұғалімі Сағатов Балқан Рымбайұлы
Мұхат Әуезов "Қараш-Қараш оқиғасы"
Мұхат Әуезов "Қараш-Қараш оқиғасы"
Прототип – көркем шығармадағы кейіпкердің бейнесін жасауға тірек, негіз болған өмірде бар адам. Шығармадағы Бақтығұлдың інісі Тектіғұл - Молдабек, баласы Сейіт – Тұрар, Қатша - Тұрардың анасы Ізбайша, Жарасбай болыс – Саймасай Үшкемпіров.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×