Найза.
Райымбек бастауы Көкпек жазығының түстігінде Торыайғыр тауы бар. Кең жазықтан бастап сол таудың қойнауына дейінгі аралық жусаны тығыр, бір ұрттам суы жоқ кебір дала. Торыайғырдың көп тармақты жыра - жылғаларының біреуінде тереңнен бүлкілдеп шығып жатқан мөлдір сулы көзі қазір «Райымбек бастауы» деп аталады. Жолдан бұрыс, айдаладағы тау қойнауында бола тұра адамдар қазір де барып, сол бастауға бас қояды. Жазықтың солтүстігіндегі мол сулы, көгалды, аса шұрайлы Бұғыты тауын иемденіп алған жау Райымбек қолын олай қарай қадам бастырмай, шөл далаға ығыстыра береді. Судан тарығып, адам да, ат та қаталай бастағанда, сол күнде жасы қырықтан асқан Райымбек өзінің өмір тәжірибесіне сүйеніп, су шығады - ау деген бір көгалды ойпаңды қаздырады да, су көзін табады. Соны жұрт «Райымбек батырдың сұғып жіберіп, қайта тартып алғанда найзасының ұшына ілесе шыққан су» деп дәріптейді. Және оны киелі бастау ретінде қастерлейді. Райымбек есіміне байланысты жер, су аттары осылай әр жерде - ақ кездесіп отырады.