Қос обаның жанында,
Құс қонбас құла жапанда,
Жылай –жылай бір жалғыз
Дүниеден өтті, — дегейсің.
Төлегеннің мұндай халге түсуіне не себеп? Бар болғаны Базарбайдың теріс батасы ғана ма? Сондағы ақынның айтпағы ата ризалығы мен оң тілегі болмаған жерде жақсылық күтпе, сәт іздеме, өйткені «адамның басы алланың добы» дегендейін, өз тағдырыңнан құтыла алмайсың деген секілді теріс ұғымға тоқырайды.
Қысқасы, ақын бұл жерде ескі ғұрыпты қостап, жастардың үмітін қасақана кесіп отыр. Оның тұжырымынша әке сөзіне құлақ аспай қарсы тұрған Төлеген қалайда апатқа ұшырауға тиісті, ал сол әкенің оң батасына ие болған Сансызбай қауіп-қатерден аман-есен өтіп, мұратына жетуі қажет.
Енді Төлегенге қарама-қарсы қойылған жағымсыз бейне- Бекежан. Ол екі ғашықтың бақытына кедергі жасап, ақыры Төлегенді өлтірумен тынады. Былайша айтқанда, ескі әдет-ғұрыптың Төлегенге шығарған қатал үкімін орындаушы да осы Бекежан. Алайда, ақын Бекежан бейнесін едәуір шебер жасап, қонымды етіп сипаттаған. Поэманың дами түсуіне, өрбуіне бұл бейненің үлкен септігі бар.
Шығарманың ұтымды бір жері — Төлеген мен Бекежанның айқасы және Төлегеннің өлімі реалистік тұрғыда берілген. Себебі, Төлеген халық жырындағы керемет батыр емес, онда жойқын күш, сиқырлы қасиет те жоқ. Демек, оның Бекежанмен шайқасы әншейіндегі көп көріністің бірі сияқты. Сонан соң Төлегеннің мінген Көк жорғасы Қобыландының Тайбурылы немесе Ер Тарғынның Тарланы да емес. Керек десеңіз, ол Көк жорға иесіне ықылас білдіріп, сенімді дос болудан да жұрдай. Өйткені, Төлегеннің өлімінен кейін көк жорға ат суға қанып, шөлін басқан соң бірқарақшының тақымы астында «ойнақтай басып» кете барады.
«Мал опасыз» деген сол,
Төлеген мінген көк жорға ат.
Су ішіп әбден қанған соң,
Бір қарақшы астында
Ойнақтай басып жөнеді…
Тап осылайша бейнелеу ескі жырлардың қайсысында болсын тым сирек ұшырасады.
Әдетте, ер жігіттің қалап мінген аты әрі сенімді серігі, әрі ұшқыр қанаты, кейде тұлпарға тіл бітіріп, оны иесіне ақылшы дос, қамқоршы етіп те қояды. Бұл жырда мұндай суреттер кездестір мейлің. Сөз жоқ, бұл шығармадағы аса жарқын, ең қымбат, әрі сүйкімді, мейлінше әсем образ — Қыз Жібек. Автор егер Төлегенді өзінің барлық ерекше сипаттары арқылы: көрік –келбеті, ақыл-парасаты, мінез –құлқы, ақ жүрек – ақылдығын айтып, шабыттана сипаттаса, Қыз Жібек те оған тең, барабар ұсынылған: ол керемет сұлу, нәзік сезім иесі, жар борышына да берік, ішкі жан дүниесі бай. Оның бер жағында сол Жібектің үздіктігін көрсету үшін ақын Төлегенге бүкіл көшті аралатып, сол алуан сұлуларды оның көз алдынан тізбектеп өткізеді.
Қазақ эпосында қалмақ өктемдігі ертеден бері келе жатқан қосалқы тақырып. Осы сарын бірде күшейіп, елеулі орын алса, кейінірек, заман озған сайын бәсеңдеп, азайып барып бітеді. Ал біз сөз етіп отырған кезде қалмақ – қазақ қарым-қатынасы әлі жойылып үлгермеген шақ болатын-ды. Ендеше, жырдың мазмұнына қалмақтарды енгізіп, оларды қазақ ақынының қырғынға ұшыратуында оншама ескілік жоқ. Бұл халық тілегінен туған елес болса керек.
Поэманың екінші бөлігінде ақын Жібекті жаңа рольде көрсеткенде, оның ескі әдет-ғұрыптың бірде-бір әрпін бұзбайтын мүләйім жан ретінде суреттейді. Бұл жағдай Жібектің қара басының қамы үшін ғана емес, ең алдымен елін қоршап алған қалың жау-қалмақтардан құтылудың тура жолы.
Сондай-ақ, автор Сансызбайдың портретін жасағанда тіпті өзгеше бояуларды қолданады. Егер Төлеген жас шағынан серілік құрып өзіне: «Батырлық, байлық кімде жоқ? Ғашықтың жөні бір басқа» деген сөздерді өміріндегі ұраны деп санаса, Сансызбайдың арманы мүлдем басқада жатыр. Ол батырлықты көксейді, сондықтан Сансызбай сауыт киеді, қару-жарақ асынып, соғыс өнеріне құмартады. Мұны біз Ақ Жайыққа екінші рет жүрер алдындағы Төлегеннің інісіне айтқан сөзінен де анық аңғарамыз.
Бұл жолы ақын жаңа геройға деген көзқарасын, оны іш тарта қостайтынын жасырмайды, көп жерде ашықтан ашық кетіп, Сансызбайдың әрбір қимыл-әрекетіне сүйсініп отырады. Автордың топшылауынша Сансызбай қатардағы кейіпкер емес, нағыз батыр, ендеше әр уақытта оның жолы болуға тиісті. Сондықтан да бір кезде Төлегенге кедергі болғанның бәрі-бәрі бірден өзгере қалады: қатал әке де оң батасын береді, ұзақ жолдың да қырсығы тимейді, Жібек те оны асыға күтеді, қалмақ ханын да жеңіп, оның қалың әскерін де оп-оңай қырып салады.
Осының бәрі неліктен? Мұндағы өзгерген бір ғана нәрсе ақынның жаңа қаһарманға деген ықыласы, көзқарасы. Демек, Сансызбай батыр оған ұнайды, сондықтан да оны мақсат мұратына жеткізу үшін автор бар жағдайды қолдан жасауға тырысады, жасайды да. Сансызбайға деген Жібектің сүйіспеншілігін ақтау, дәлелдеу ниетімен бар жақсылықты оған үйіп-төгіп бере салады да, жас батырды жер –көкке сыйғызбай мадақтайды. Сонымен Төлегендей мырзадан кейін Жібектің Сансызбайдай ер жігітке ғашық болуында ешбір оғатттық жоқ, бәрі де заңды, бәрі де орынды дегісі келеді ақын.
Автордың ой-өрісі тар, ескілікті қолдайды деп қаншама жазғырсақ та ол қазақ әйелдерінің халі мүшкіл екенін жасыра алмаған. Оларда ерік жоқ, «қыздың құны бес байтал» деген ұғымға бағынбасқа лаж жоқ. «Қыз Жібек» жырында жағымсыз кейіпкер екеу ғана. Бірі жоғарыда тоқталып өткен – Бекежан. Екіншісі- Қорен хан. Бұлардың екеуі де Жібектің жолында көсе –көлденең тұрып, зұлымдық жасайды, оның сүйгеніне қосылмауына себепкер болады. Алайда, бұлар мінез – құлық, іс- әрекет – жағынан біріне-бірі тіпте ұқсамайды. Мысалы, Қорен сырт жау болса, Бекежан ішкі дұшпан. Қареннің аздап болсын жағымды жағы бар: ер жүрек, ақ көңіл, икемге де келеді. Бекежан керісінше: айлалы, пасық, жауыз, қатал. Ол шынында Жібекті сүймейді де, тек сұлу қызды сырт адам Төлегенге қимайды, қызғанады. Бекежанның барлық іс-әрекеті, оның қара ниетіне бағынған, адамгершілік қасиеттерден әуел бастан-ақ жұрдай.