Бұрханбұлақ - Қазақстандағы ең биік сарқырама. Оның биіктігі - 114 метр, төртінші каскадын қосып есептегенде 168 метрге жетеді. Сарқырама Алматы облысы Ескелді ауданының аумағында орналасқан. Алайда облыстың да, ауданның да ресми сайтында сарқырама туралы мәлімет жоқ.
Бұрханбұлақ суы Жетісу (Жоңғар) Алатауындағы Қора шатқалындағы Қора өзеніне қосылады. Алматыдан - 420 км, Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласынан 120 км қашықтықта орналасқан сарқырамаға апаратын көлік жолының шамамен 40 километрдейі қара жолдан тұрады. Қапал бұрылысынан кейінгі жолдың 20 километрдей бөлігі күрделі, ал алты километрдей бөлігі тауды қиялай өтетін серпантинмен жалғасады. Бұл тұстан тек жол талғамайтын көліктер ғана жүре алады. Алайда Бұрханбұлақ сарқырамасына Текелі қаласынан жаяу баратындар да бар. Текелі мен Бұрханбұлақ арасы - 52 километр.