Тән – адам жанының мекені, дүниедегі тіршілігін атқаруға мүмкіндік беретін физикалық денесі. Тән саулығы, тазалығы, сұлулығы адамның сыртқы келбетінен көрініс беретін жағымды қасиеттер ғана емес, сонымен қатар адамның ішкі жан дүниесін сипаттайтын белгі, адам жанының саулығы мен тазалығына негіз болатын алғышарт ретінде танылады. Тән жанмен өзара тығыз байланыстағы, өзара ықпалдастықтағы үйлесімді құбылыстар ретінде көрініс береді. Жанды көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтіндіктен де Тән жанның шұғылаланған сәулесі яки көлеңкесі ретінде немесе жанның барлығын айқындайтын қарама-қарсы құбылыс ретінде де үнемі қатар айтылады.