Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек

18 қаңтар 2013, Жұма
Көкшетау қаласының №6 орта мектебі
жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі.

«Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек» атты ақынның 80 жылдығына арналған әдеби - сазды сыныптан тыс сабақ.
Білімділік мақсаты: М. Мақатаев өмірімен, шығармашылығымен таныстыру. Ақын өлеңдері мен ақынның сөзіне жазылған әндерді көпшілік назарына ұсыну
Дамытушылық: Оқушылардың өлеңге деген ынтасын арттыру, көркем оқу шеберлігін, ізденімпаздық қасиеттерін қалыптастыру
Тәрбиелік: Отанды сүюге, табиғатты аялауға, адамгершілікке, кішіпейілдікке, қарапайымдылыққа, өнерді, өлеңді, сезімді бағалауға тәрбиелеу
Түрі: Әдеби - сазды сабақ
Сабақ көрнекілігі: Ақын портреті, қанатты сөздер, слайд, әндері...
Сахна Мұқағали Мақатаевтың 80 жасқа толуына сай етіп безендірілген. Ақын портреті. Проектор. Слайдтар. Қанатты сөздер ілінген.

1. «Мұқағалидай ақыны бар халық - бақытты халық»
Ф. Оңғарсынова
2. «Ұлы адамдар өз ескерткіштерінің тұғырын өзі орнатады, ал мүсінін болашақ соғады» (В. Гюго)
3. «Ғажайып даналықтың бір көзі - Мұқағали поэзия - сының дәуірі басталды» (Ә. Тәжібаев)
4. Өлең үшін туған ақын тұлпар боп, Өлең үшін жанып кетті сенер ме ең? (Ә. Әбдіқалиев)
5. Жұмыр жердің қай түкпіріне барсақ та, Мұқағали алдымыздан шығатын болады (О. Асқар)
6. Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім (М. Мақатаев)
7. Сенің жырың жаралған Гималайдың
Төбесінде ойнаған найзағайдай (Т. Молдағалиев)
8. Мұқағали мөлдірліктен, тазалықтан, биік адамгершіліктен тұратын еді (Л. Әзімжанқызы)
Сахна сыртында С. Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйі ойнап тұрады. Күй әуенімен жайлап Мұқағалидың «Арыз жазып кетейін» өлеңі оқылады. Тақтада Мұқағали суреті. Сабақ тақырыбы шығып тұрады.
Оқушы: «Арыз жазып кетейін» өлеңі оқылады.
Өлең аяқталысымен сахнаға жүргізуші шығады

Жүргізуші: Әлем - дархан, саялаңдар, бәріңе де орын бар,
Қорған емес, салтанатты сәнді сарай соғыңдар
Ей, адамдар, сендер тату, сендер тату, болыңдар!- деп жырлап өткен Мұқағали Мақатаев 1931ж Алматы облысының Нарынқол ауданында дүниеге келген. Тума дарын Мұқағалидың өмір мектебі Қарасазда басталып, өзі сүйген Алматыда аяқталған еді. Қысқа ғұмырында ұрпақтарға ұлан - ғайыр мұра қалдырып кеткен ұлы ақын. Дара дарын, халқының қара өлеңін құдіретке айналдырған М.Мақатаевтың шығармашылығы мен 80 жасқа толып отырған мерейтойына арналған «Сағынады Мұқанды сыздап жүрек» атты әдеби - сазды сабағына қош келіпсіздер!
Оқушы: «Менің анкетам» өлеңі оқылады
Слайд: Шығармашылығына арналған

Жүргізуші: Орта мектепті аяқтаған соң комсомол қызметінде, 1954 - 1962жылдар аралығында қазақ радиосында диктор, 1962 - 1974жылдарда «Социалистік Қазақстан»,«Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» журналдарында, 1972 - 1973 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағында әдеби кеңесші. Ол Абайдың, Пушкиннің шығармаларын сүйіп оқыды.
Тұңғыш өлеңі 1948ж Нарынқол ауданында «Советтік шекара» газетінде басылды. Әкесі Сүлеймен 1941ж майданға аттанып содан оралмады.
Мұқағалиді ақын еткен де, мәртебесін биіктеткен де, ақындық ғарышқа самғатқан да қазақтың қара өлеңі. Ақын осы қара өлеңді бағалайды, бас иеді, тағзым жасайды.
Оқушы: «Қара өлең» өлеңі оқылады

Жүргізуші: Иә, осынау қарапайым қара өлеңде қанша құндылықтар, қанша ұлылық жатыр десеңші! Сірә, Мұқаң «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін» деп өмір сүрген сияқты.
Оқушы: «Үш бақытым» өлеңі оқылады
Слайд: (қанатты сөздер жіберіледі), «Жазылар естеліктер мен туралы» слайды қосылады.
Оқушы: «Жазылар естеліктер мен туралы» өлеңі оқылады

Жүргізуші: «Жазылар естеліктер мен туралы» дейді Мұқағали. Жарық дүниедегі аз ғұмырының мәңгілікпен жалғасатынын ақынның сезімтал жүрегі сезген сияқты. Ол туралы естеліктер жазылып жатыр. Аңыз бен ақиқат жарысып қатар жүр. Уақыт өткен сайын Мұқағали ақынның тұлғасы дараланып, биіктеп бара жатқаны анық.
Оның поэзиясы – ұлттық байлық, қазақ халқының рухани салауаты. Ол халқымен бірге биіктеп, бірге жасайтын ақын
Оқушы: «Поэзия» өлеңі оқылады

Жүргізуші: Өлең өнер, өлең дерт, оны туа біткен дарын иесі, шын талант қана дүниеге әкеледі, жүрек пен сезімнің отына орап ақ қағазға түсіреді. Сол ақ қағазда иесін тапқан әрбір сөз жүректерге ән болып, әуен болып жетіп жатады. Талантты ақын Мұқағалидың көптеген өлеңдеріне ән жазылып, сахна төрінде шырқалып жүр.
Ән: «Сенің көзің» әні орындалады

Жүргізуші: Ғашықпын!
Шын ғашықпын сол адамға!
Мен болмасам, болмайын. Сол аман ба?
О, Тәңірім! Неткен жан едің қайрылмайтын,
Жүрегі еттен бе, әлде қоладан ба?!- деген сыршыл ақынның жастық алау шағында жазған махаббат, ғашықтық жайындағы өлеңдер топтамасы бір арна.
Махаббат па, әлде басқа сезім бе?
Сезінбедім сол бір сәтте өзімде
Қысқа өмірдің қызғылықты сәтінің
Негативі әлі менің көзімде

Көрініс: «Махаббат диалогы»
 Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің?
 Сені іздеумен мәңгілік өтер едім
 Отқа түсіп өртенсем, не етер едің?
 Күл боп бірге соңынан кетер едім
 Бұлдырасам сағымдай не етер едің?
 Жел боп қуып, ақыры жетер едім
 Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?
 Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін

Жүргізуші: Тіршілікте көрінеміз өлместей,
Тұра алмаймыз ерегіспей, белдеспей,
Өтейікші бірімізді – біріміз
Өліктірмей, өкпелетпей, сен деспей - деп өткен ақынымыздың күнделіктері сыр шертеді.

Күнделіктерге көз жіберу:
1 - Дауыс: «Егер бір кездерде менің өмірім, творчеством әлдекімнің көңілін аударса, оларға былай дер едім:
- Менің қымбатты достарым! Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінемін. Естеріңде болсын, менің өлеңім жеке тұрғанында түк те емес. Біріктіріп қарағанда ол поэма. Егер нанбасаңдар, барлық өлеңімді жинап, бір жинаққа топтастырып көріңдерші.
Естеріңде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын. Яғни жылына және бойына қарай, сонан соң көз алмай оқыңдар. Сюжетіне көңіл аудармай - ақ қойыңдар, ал композициясы мен архитектоникасына зер салыңдаршы. Егер мені содан таппасаңдар, онда менің ақын болмағаным»

2 - Дауыс: «12 ақпан. 1976 жыл. Ескі ауру. Аурухана. Емдеу. Қатты жүдедім. Көңіл күйім нашар. Мен өлеңді үзіп - жұлып, орайы келген жерде жазуға әрекеттенбегем. Жоқ. Поэзия - жан бұлқынысы, бұлқыныс пайда болғанда қаламнан қол үзбей отыру керек. Кімнің қайтетінін қайдан білейін, мен өзім шабыттың бүкіл сөлін сығып алып, құр сүлдерін қалдырғанша орнымнан тұрмаймын. Кейде ол творчество мені бүкіл сырқаттан сауықтырып жібереді»

Оқушы: «Өкінбеймін» өлеңі оқылады
Оқушы: «Жылдарым менің жылдарым» өлеңі оқылады
Көрініс: «Аққулар ұйықтағанда»(арасында «Аққулар биі», Жетім көл ретінде «Қыз Жібек» фильмінен аққулар тырауларын көрсетуі)

Жүргізуші: Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім
Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім - деп ақын өзі айтқандай Мұқағали мұралары ешқашан да өлмек емес!

Оқушы: «Мен бір жаққа асығамын» өлеңі оқылады
Жүргізуші: Сәкен салған ән қосып жырға екпін,
Солар менің жырымда жүрмек бүгін
Тірілерін құрметтеп, өлілерін
Тірілтуге өлеңмен міндеттімін

Ән: «Есіңе мені алғайсың» әні орындалады
Слайд: «Құмартып қайран сәттерім» (Мұқағали суреттері)
Ән: «Махаббатым менің» әні орындалады
Жүргізуші: Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім - деп ақын айтып кеткендей Мұқағалидың өлеңдері де, өзі де ешқашан өлмек емес! Жылдар тізіліп өткен сайын Мұқағали ақынның бейнесі тұлғалана, биіктей түседі. Тау биіктегенмен, теңіз тереңдегенімен, дала маңғаз кеңдігімен көрікті десек, Мұқағали жанға жақын жарларымен сүйікті, өлеңдерімен көрікті.
7 852
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Үш бақытым
Үш бақытым
Өлеңді мәнерлеп, түсініп, жатқа оқуға дағдыландыру. Ақын өлеңіндегі айтылар негізгі ойды анықтау. Өлеңді талдай отырып, әр оқушының сөйлеу тілін дамыту. Өз бетінше ізденуге, шығармашылыққа баулу, өз пікірін еркін жеткізуге дағдыландыру.
Тілімде менің сыры терең жаным бар...
Тілімде менің сыры терең жаным бар...
Жамбыл облысы, Шу қаласы, Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ильясова Рахила Иманғалиқызы
Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек...
Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек...
Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Сарыарқа ауылы, «Сарыарқа жалпы білім беретін орта мектеп»КММ Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Тулебаева Асемкул Жумадиллаевна
«Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай!...»  (Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған әдеби-сазды кеш)
«Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай!...» (Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған әдеби-сазды кеш)
Жезқазған қаласы Дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік ерлер лицей-интернатында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бакирова Сандуғаш Шарафиденқызы
Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек (поэзия кеші)
Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек (поэзия кеші)
Айна Адамбаева «Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек» (поэзия кеші)
Мұқағали Мақатаев «Қайран, Қарасазым-ай!»
Мұқағали Мақатаев «Қайран, Қарасазым-ай!»
Сабақтың тақырыбы: М. Мақатаев «Қайран, Қарасазым - ай!»
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×