Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Білім күні-бақшада

14 тамыз 2021, Сенбі
Категориясы: Сценарий
Б. М. Жұмабекова
№8 «Бүлдіршін» санаториялық балабақшасы
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің музыка жетекшісі
Қызылорда қаласы

Мақсаты: 1 қыркүйек - Білім күнін, 30 тамыз - Ата Заң күнін атап өту, маңызын түсіндіру. Мерекені сезіндіру. арнайы әндер, тақпақтар үйрету. Отаншылдыққа тәрбиелеу.
Сахна мәдениетіне баулу. Көңілді орта қалыптастыру.

Би «Мереке»
1 - бала: Ерекше бүгінгі күн, салтанат сән
Тербетер жүректерді бір әсем ән
Шат - шадыман барша ел, барша халық
Құлпырып тұр гүлдермен айнала, маң
Қымбатты балалар, құрметті ата - аналар, балабақша қызметкерлері!
Баршаңызды бүгінгі 1 қыркүйек - білім күнімен, жаңа 2016 - 2017 оқу жылының басталуымен құттықтаймыз!
Мерекемізге қош келдіңіздер!

2 - бала: Балабақша есігін
Үшке тола ашқанбыз.
Балапандай мәпелеп,
Өсіруде бақшамыз.

3 - бала: Бұл - екінші үйіміз,
Бір туғанбыз бәріміз.
Біз - осы үйдің гүліміз
Біз - осы үйдің сәніміз.

4 - бала: Егемен елдің төсінде,
Шуағын шашқан арай күн
Азамат болып өсеміз
Қызыға әлем қарайтын.

5 - бала: Биіктерге бастайтын асқаралы
Әр жүректің сүйікті, асқақ әні
Мерекеде бәріміз бір дауыспен
Шырқайық еліміздің әнұранын!
ҚР Мемлекеттік әнұраны

6 - бала: Шайдай ашық бейбіт күннің аспаны
Бақшамыздың келісіп тұр бар сәні
1 - қыркүйек - салтанатты мерекемен
Құттықтайды меңгеруші баршаны!
Сүйікті апайымыз - Бақыт Нәзікқызына құрметті сөз кезегін ұсынамыз!

 Құттықтау сөз
(Осы кезде Карлсон кіреді)
Карлсон: Сәлеметсіңдер ме балалар! Мен Карлсонмын, осы балабақшаның шатырында тұрамын. Мұнда не болып жатыр?
7 - бала: Біз Білім күнін тойлап жатырмыз.
Карлсон: Білім күні? Сонда бүгін қай күн?
8 - бала: Бүгін - 1 қыркүйек, күз мезгілінің алғашқы күні.
Карлсон: Тоқта² Сендер сонда жыл мезгілдерін ажырата аласыңдар ма?
Балалар: Әрине!
Карлсон: Онда маған көмектесіңдерші... Мен бір суретті бастағаныма (саусағын санай бастап жаңылып қалады) білмеймін, көп жыл болды. Суретті салып бітіргенше жыл мезгілдері ауысып кете береді, әбден шатасып кеттім. Бүгін күз мезгілі болса суреттегі күз мезгілінің белгілерін қалдырып, қалған жыл мезгілдерінің белгілерін алып тастайық, жарай ма?
Балалар: Жарайды!
Карлсон: Мен суретімді қазір алып келемін!..
(Оракалдармен қиып жапсырылған қарлар, гүлдер, сары жапырақтар т. б. араласқан жыл мезгілдері бейнеленген суреті бар үлкен мата жерге төселетіндей немесе мальберт сияқты тұратын, бірақ бүкіл қабырғаны алатындай дайындалады, барлық балалар қатысу керек)
Карлсон: Керемет! Суретімді тез - ақ аяқтап бердіңдер! Білген деген қандай жақсы!

9 - бала: Корабльді басқарып
Көк жүзіне самғатар
Тауды бұзып, тас жарып
Мұхиттарды жалғатар
Сырлары көп ғылымның
Шешілмеген әлі де
Тереңдігі білімнің
Керек екен бәріне!

10 - бала: Білім - менің ертеңім
Өсу үшін өркенім
Жүзем оқу - айдында
Жайып білім желкенін
Қиындықтан өтуге
Армандарға жетуге
Білім алам ерінбей
Еліме қызмет етуге!

 Жеке ән «Бәрін білгім келеді» Муз: А. Еспенбетова, сөзі: Б. Жұмабекова
(Әннің соңын ала мыстан кіреді)
Мыстан: Бүгін неге мұрным қайта - қайта қышиды десем, мұнда мереке болып жатыр ғой! Менен жасырғыларың келді ме? Білім алмақшысыңдар, ә! Бола қоймас! Мен сендердің тәрбиешілеріңнің бәрін өздерің сияқты кішкентай балаларға айналдырып жібердім. Әне, келе жатыр!.............. (Тәрбиешілер балалар болып киініп келеді)

11 - бала: Қызық екен?! Енді не болады?
Карлсон: Бұл - қайта тамаша ғой! Бәріміз бірге қызықты ойындар ойнаймыз. Мен ойын ойнағанды қатты жақсы көремін. Мысалы мына менің сәнді шалбарыммен ойын ойнайық. Сендер тәрбиешілер мен балалар болып жарысыңдар. Мен төреші боламын! ( Карлсон ойын шартын түсіндіреді: Тәрбиешілер мен балалар екі топқа бөлініп тұрады. Әр топтан екі ойыншы жұптасып, шалбардың екі балағын бір - бір аяқтарына киіп белгіленген жерге дейін айналып келулері керек. Мыстан кедергі жасап, ойыншыларды жаман қылыққа азғырып жүреді)

Ойын «Сәнқойлар»
(Ойын біткесін «тәрбиеші балалар» шын балалардың мінезін салып бірі жылап, бірі ойыншықтарды шашып т. б. қылықтар жасайды)
Карлсон: Бұл не болды? Балалар сендер де осындай мазасыз, бұзық боласыңдар ма? Себепсіз жылайсыңдар ма? Ойыншықтарыңды шашып тастайсыңдар ма? Үлкендерді тыңдайсыңдар ма? (Т. б. сұрақтарға жауап алып, балалармен әңгіме жүргізеді) Ендеше тәрбиешілердің әрқайсысын қолдарынан жетелеп биге алып шығыңдаршы, мүмкін жылағандарын қойып, көңілдері көтерілер...?!

Ән - би «Бала, бала, балапан»
Мыстан: Мына әндерің мен билерің менің де көңілімді көтерді. Сендердің мерекеге шақырмағандарыңа ренжіген ашуым тарқады. Апайларыңды қайта сиқырлайын, өзім де әбден шаршадым, ертегілер еліне қайтайын, қартайған деген осы шығар, сау болыңдар! (Сиқырлайды, шығып кетеді) 
Тәрбиешілер: Бізге не болған? Мынау не түріміз?
(Бантиктерін шешіп, ойыншықтарын орнына қоя бастайды)
12 - бала: Сіздерді мыстан әже кішкентай балаларға айналдырып сиқырлады.
Тәрбиешілер: Бәсе, бәсе! Мыстан - ақ әйтеуір, бірдеңені бүлдірмесе жүре алмайды - ау! Ендеше біз балабақшамыздың нағыз кішкентайларын ертіп келейік...( шығып кетеді) (І сәбилер тобы балалары ортаға шығады)
І сәби тобы тәрбиешілері: Бүкіл елде басталып бүгін жыры,
Бақ қоңырау шақырар ұғымдыны.
Білім - ғылым бастауы, мерекелі
Құтты болсын бүгінгі Білім күні!
Бөбектердің мерекелік тартуларын қабыл алыңыздар!
Би «Бөбектер биі»
13 - бала: Көп рахмет сендерге, кішкентай достар!
Балалар! Бүгінгі мерекеміздің қоңырауын соғуды бөбектерге тапсырсақ қайтеді?!
Балалар: Табылған ақыл!
Алғашқы қоңырау соғу салтанаты
14 - бала: Шырылдаған тыным алмай
Қоңыраудың үні қандай!
Мақсатына жете ме адам
Оқу оқып, білім алмай?!
Ғылымның көп тас қамалы
Ғалымдық та асқаралы
Бар білімнің нұр бастауы -
Балабақшадан басталады!
Ән «Отанның жас өркені» Муз: Г. Дауылбаева, сөзі: Б. Жұмабекова
15 - бала: Жақсы бала азамат атанады,
Халқынан, ата - анадан бата алады.
Мерекеге айтсын деп ақ тілегін,
Ортаға шақырайық ата - ананы –
Ақ тілектерін білдіру үшін ата - аналарымызға микрофон ұсынайық.
Ата - аналар тілегі, ақ батасы
16 - бала: Ата - аналар құрметіне биімізді қабыл алыңыздар!
 Би «Қазақ биі»
Карлсон: Балалар, білесіңдер ме?! Мен жаңа бүгін білім күнінен басқа елімізде тағы бір үлкен мереке тойлануда дегенді естіп қалдым, ол қандай мереке?
17 - бала: Ол Ата Заң күні ғой!
Карлсон: Ондай мереке туралы білмейді екенмін.....
18 - бала: Онда Ата Заң туралы біздің «Қарлығаш» тобындағы достарымыз түсіндіріп берсін......
1 - бала: Ата Заңым
Ата Заңым - алтын заңым, ардағым,
Аялаған адамзаттың арманын.
Жол бастайды болашаққа жасампаз,
Әрбір бабың, тарауларың, тармағың.
Алтын Заңда – парасатым, пайымым.
Алтын Заңда - күш – қуатым, жалыным.
Сен қорғайсың бостандық пен құқықты,
Анамдайсың елжіреген жаны күн.
2 - бала: Ата Заңым
Ата заңым - бірлігім
Берекелі іс, тірлігім
Елдің ырыс, бақыты
Бейбітшілік, нұрлы күн!
Ата заңым – қуатым
Сенім, мақсат, мұратым
Мақтанышым, көк туым
Көкте шалқып тұратын!
3 - бала:  «Алтын заңым - арай таңым!»
Шындығымның шырайы
Бақытымның күн, айы
Қамқор болып бөбекке
Қолын созған ұдайы
Алтын заңым - арай таңым
Шаттығымды қорғайды
Мәрттігімді қолдайды
Ар атынан айтқан соң
Екі сөзі болмайды
Алтын заңым - арай таңым
Әділеттің ұраны
Ақиқаттың шығары
Тыныштықтың туы боп
Заң салтанат құрады!
4 - бала: Иә, біздің өз Ата заңымыз бар. Біз - тәуелсіз елміз. Биыл тәуелсіздігімізге - 25 жыл толды!
5 - бала: 25 жыл ішінде еліміз талай асу биіктерді бағындырды. Жазғы олимпиада қоржынын толтырған алтын, күміс, қола жүлделер – еліміздің даңқын асқақтата түсті. Жеңісті күндер көп болсын!
Жеке ән «Менің елім!» Муз, сөзі: А. Маханбетова
19 - бала: Қос мереке қатар келген бүгінгі күн қандай керемет еді!
20 - бала: Иә, иә! Біз – жері - байтақ, елі - дархан, заңы - әділетті Қазақстан деген елде тұрамыз. Біз - бақытты балалармыз!
21 - бала: Елімізді, жерімізді, елбасымызды, балабақшамызды жақсы көреміз!
Ән «Бүлдіршін әнұраны» муз: А. Еспенбетова, сөзі: Б. Жұмабекова
Тәрбиеші: Жаңа оқу жылы жемісті
Мерейі үстем жыл болсын
Бүлдіршіндеріміз өрісті
Елім дер қыз бен ұл болсын.
Мереке тағы да құтты болсын! Әр күніміз мерекелі болсын! Қоңырау үнімен жаңа оқу жылының алғашқы оқу іс - әрекетін бастау үшін тобымызға асығайық!
20 457
0
  • 100
1 дауыс


Жаңалықтар
Білімнің бастауы – балабақшада ертеңгілік
Білімнің бастауы – балабақшада ертеңгілік
1 қыркүйек - білім күні. Мерекелеріңіз құтты болсын! Балалар, бүгін бізде ерекше күн, бүгінгі кездесуіміз біздің білім күніне, бірінші қыркүйек күніне арналған. 1 - ші қыркүйек күні барлық балабақшаларда, мектептерде басқа да білім беру мекемелерде
Білімнің бастауы - балабақшада
Білімнің бастауы - балабақшада
Балаларға 1 - қыркүйек күні – білім күні жайында түсінік беру. Өз туған елдеріне, жерлеріне, балабақшасына сүйіспеншілікке тәрбиелеу. Байланыстырып сөйлеуге, сөйлем құра білуге үйрету.
1 қыркүйек күнімен! Алғашқы қоңырау
1 қыркүйек күнімен! Алғашқы қоңырау
1 қыркүйек - Білім күні мерекесінің маңызын түсіндіру, сезіндіру. Мерекеге арнайы әндер, тақпақтар үйрету. Ата Заң күні мерекесін атап өту. Отаншылдыққа тәрбиелеу.
1 қыркүйек - Білім күні
1 қыркүйек - Білім күні
Мақсаты: 1 қыркүйек - Білім күні мерекесінің маңызын түсіндіру, сезіндіру.
Қош бол балабақшам
Қош бол балабақшам
Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданы, Құлан ауылы «Балауса» балабақшасының тәрбиешісі: Мансурова Амина Шакиртовна
Білімнің бастауы – балабақшада
Білімнің бастауы – балабақшада
Білімнің бастауы – балабақшада (Ертеңгілік)
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×