Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Денсаулық - зор байлық

21 қараша 2016, Дүйсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Сынып: 3 сынып.
Тақырыбы. Денсаулық – зор байлық
Мақсаты: оқушыларға салауатты өмір салтын насихаттай отырып, денсаулығын сақтау және ауырмаудың алдын - алу жолдарын үйрету; жаман әдеттен бойларын аулақ ұстауға және санитарлық гигиеналық талаптарды ұстануға тәрбиелеу.
Қолданылған модульдер:«Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер», «Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету».
Әдіс - тәсілдер: сұрақ - жауап, постер жасау, коллаж жасау, ребусты шешу, түсіндіру, көрініс, «Салат», «Жалғасын тап» ойыны.
Сабақтың көрнекілігі: плакаттар мен маркерлер, нақыл сөздер, көрініске қажетті атрибуттар.
Сабақтың барысы
Кіріспе кезеңі.
Ынтымақтастық атмосфераны қалыптастыру.
Отбасы мен қаламызды сүйеміз,
Үлкендердің сөзін ойға түйеміз.
Денсаулықты әрқашанда сақтаймыз,
Бейбіт өмір баршамызға тілейміз.
Мұғалім.
- Астында соңғы үлгідегі шетелдік машинасы бар, бірақ қатты ауырады. Ол адам бақытты ма?
- Миллиард теңге ақшасы бар, бірақ оның жүрегі ауырады. Ол адам бақытты ма?
- 3 үлкен әдемі үйі бар. Бірақ ауыр дертке шалдыққан – ол адам ше? Жоқ.
- Неге? Сонда сендердің ойларыңша бақыт деп нені ойлайсыңдар?
- Денсаулық.
- Ендеше бүгінгі біздің сынып сағатымыз «Денсаулық - зор байлық» деп аталады. Осы мақалдың мағынасын қалай түсінесіңдер?
«Денсаулық – зор байлық» деп халқымыз айтқандай, денсаулықты еш нәрсеге теңеуге болмайды, адамдар бір - біріне бірінші денсаулық тілейтінінің себебі, міне, осында. Дені сау адам, әрдайым көңілді, жүзінен шаттық нұры төгіліп жүреді. Сондықтанда өз денсаулықтарыңызға жауапты қарап, оны сақтауымыз керек. Бірақ денсаулыққа зиян келтіретін және жақсартатын заттар бар. Олар нелер?
Қазір сендер екі топ болып бөлініп отырсыңдар.
Шымыр тобы: «Шынықсаң, шымыр боласың»
Денсаулық тобы: « Денсаулық – ел байлығы»
Топпен жұмыс. Постер жасау.
1 - топ: Денсаулыққа не зиян?
2 - топ: Денсаулыққа не пайдалы?
Денсаулықтың нашар жағын толығырақ ашу үшін бірінші топтың дайындаған көрінісін тамашалайық.
Көрініс: « Шылым шегудің пайдасы»
Автор: Сахнаға бір топ балалар шығады. Алдарынан темекі шығады.
Балалар: Сен кімсің? Қайдан шықтың?
Темекі: Мені танымайсыңдар ма? Мен темекімін. Мен күштімін. Менің пайдам
өте көп. Мені тек мықты балалар ғана ұстайды. Кәне, менімен кім дос болғысы келеді.
Автор: Балалардың қолына бір - бір темекі ұстатады.
Балалар: – Темекімен дос болайық. Сонда бізде мықты бала боламыз.
Ең бастысы оның пайдасы өте көп екен.
Автор: Балалар темекіні айнала қоршап қол алысады.
Балалар: Ал, кәне енді темекі шегіп үйренейік.
Автор: Осыны байқап отырған ақ сақалды қария:
Қария: - Уа, балалар, маған құлақ салыңдар! Темекі шегудің тек үш пайдасы
бар. Біріншіден, кімде - кім темекі шексе, ол ешқашан қартаймайды.
Бала: Неліктен? Неге?
Қария: Себебі, ол қартаюға үлгірмейді де. Темекі шеккен адам өмірден ерте кетеді. Екіншіден, оның үйіне ешқашан ұры түспейді.
Бала: Неліктен?
Қария: Себебі, кімде – кім темекі шексе, оның өкпесі таза болмайды. Түні бойы төсекте аунап жатады және күндіз – түні күркілдеп қатты жөтеліп шығады. Ұрылар үй иесінің жөтелгенін естіп, үйге жақындай да алмайды. Үшіншіден кімде - кім темекі шексе, оны ешқашан ит қаппайды.
Бала: Қалайша оны ит қаппайды?
Қария: Себебі, шылым шегетін кісі ерте жарым – жан болып қалады және жүргенде таяққа сүйеніп жүреді. Ал, таяғы бар адамға қарағым, ең қабаған ит те жоламайды.
Автор: Қарт қулана күледі. Балалар темекіге қол сілтеп кетіп қалады.
Ал енді екінші топтың көрінісін тамашалайық.
2 көрініс « Тіс ауруы»
1 оқушы шығып, дауыстап жылайды.
Бала: Ой, тісім қақсап барады. Жанымды қоярға жер жоқ.
Қыз:
Не болды, жасыма, айтшы өзің?
Неліктен ісіген бас, көзің
Әлде сен біреумен күресіп, жеңіліп
Тұрмысың намыстан қорланып, егіліп?
Бала: Не істеймін? Тісімнің ауырғаны қоймай тұр.
Қыз: Неге сенің тісің ауырады?
Бала: Ой, кәмпит жегеннен, енді кәмпит жемеймін. Ой, тісім, тісім!
Қыз: Олай болса, дәрігер шақырайын.
Дәрігер:
Кәмпит жесең көбірек
Тісің жүрер мазалап
Не жесең де күніне
Екі рет жүр тазалап.
Жүрген жақсы қаралып
Бір жылда екі тексеріп
Тіс дәрігерге баралық
Денсаулықтың жақсы жағын ашайық.
Сергіту сәті.
«Салат» ойыны.
Ал енді денсаулықтың жақсы болуын әсер ететін заттар жайында тоқтала кетейік.
Әр топқа бір заттан беремін. Сендер 1 - 2 минут ішінде сол затты осы жерде отырған адамдар сатып алатындай жарнама жасауларың керек. 1 - топқа айран, ал 2 - топқа тәрелкеге салынған құрт ұсынылады.
Мұғалім. Қазіргі уақытта адам ағзасының қорғаныс қабілетін арттыруда дәрумендердің атқарар қызметі зор. Тағамдар түрлі дәрумендерге бай. Дәрумен жетіспеушілігінен адам әлсіреп тез шаршайды, түрлі ауруларға шалдығады. Дәруменнің 50 - ден астам түрі бар. Менің дәрумендер жайындағы сөзімді әрі қарай өз сыныптастарың жалғастырады.
1 - бала: А - дәрумені жетіспегенде көру қабілеті төмендеп, шашы түсіп, денесі құрғап кетеді. А - дәрумені тек мал өнімдерінде болады. Жұмыртқаның сары уызында сүт тағамдарында мол.
2 - бала: В - дәрумені жетіспесе асқазан, ішек жаралары пайда болады.
Жүйке жүйесі зақымданып адам сал болып қалуы мүмкін. Бұл дәрумен бұршақ өсімдіктерінде сүтте, бидай кебегінде көп.
3 - бала: С - дәрумені өсіп - өнуге ми қабаттарының жетілуіне қажет.
С - дәрумені жетіспегенде адамның жұмысқа қабілеті төмендейді. Ұйқысы бұзылып тәбеті кемиді. Бұл дәрумен негізінен жеміс - жидекте болады.
4 - бала: Тіршілікке аса қажетті дәруменнің бірі Е дәрумені. Оның жетіспеуінен бұлшық ет солып адам семе бастайды. Е - дәрумені мал өнімдерінде, көкөністерде кездеседі.
5 - бала: Д - дәрумені өсіп - өнуге әсер етеді. Д - дәрумені балық майында болады.
Халқымыздың сүйікті сусыны – қымыз. Қымыздың құрамында түрлі дәрумендер көп. Күніне жарты литр ішіп тұрғанның өзі өте пайдалы. Ал шұбат болса дәрумендерге екі есе бай.
Мұғалім.
- Осы дәрумендердің бәрін қайдан аламыз?
- Азық - түліктер мен жеміс - көкөністерден.
Мұғалім. Ал қазір балалар, алдарыңда жатқан суреттерден ребусты дұрыс құрастырсаңдар сендерде денсаулық туралы мақал - мәтел шығады. Ал кәнекей құрастырып көріп, сол мақалдың мағынасын ашайық.
Ребус шешіп түсіндіру.
,,, за,,, - С,,, л н і
,,, У,,, - Б, л,,,, н і

Денсаулық жайында тағы қандай мақал - мәтелдерді білетіндеріңді тексеру мақсатына «Жалғасын тап» ойынын ойнайық.
1. Лас адам – кіршіл
Надан адам - діншіл.
2. Тәні саудың - жаны сау,
Жаны саудың - дені сау.
3. Ұйқы тынықтырады,
Жұмыс шынықтырады.
4. Аш кісі ұрысқақ,
Арық қой тырысқақ.
5. Әуелгі байлық – денсаулық,
Екінші байлық - он саулық,
Үшінші байлық - ақ жаулық.
6. Еріншектік денсаулықты бұзар.
Қорытынды.
Салауатты өмір салтын қолдайық,
Ата - ана ел үмітін ақтайық.
Өмірдегі басты байлық дейтұғын,
Бірінші байлық - денсаулықты сақтайық!
Денсаулықтың кепілі ғой - тазалық,
Үйлеріңді ұстаңдар әркез таза етіп.
Киімге де көңіл бөліп қашанда,
Мезгілімен тамақтанып жүрейік.
Осы отырғандарымыздың барлығымыз болашақ жайында ойлаймыз, армандаймыз. Ал біздің болашағымыз ол мына сендерсіңдер. Сондықтанда біздің еліміздің ертеңі сендердің денсаулықтарың мықты, салауатты азамат болып өссеңдер, болашақта жарқын, кемел болады. Неге адамдар бір - бірімен амандасқанда, қоштасқанда аманда денсаулықты тілеп жатады. Өйткені тілек ерте ме, кеш пе орындалады. Ендеше бәріміз бірге мына сөздерді қайталап айтайық.
Мен денімнің саулығын қалаймын!
Менің денім сау!
Менің денім сау болады!
Сіздердің де дендеріңіз сау болсын - деп жылы тілегімізді білдіре отыра сабағымызды мына әсем аяқтаймыз.
Ән: «Болайықшы осындай».
4 040
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Денсаулық құпиялары
Денсаулық құпиялары
Оқушылардың өз денсаулығына жаңаша көзқараспен қарап, оны сақтауға үйрету, балалардың өз денсаулықтарын сақтауға, тазалыққа, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу.
Салауаттылық – денсаулық кепілі
Салауаттылық – денсаулық кепілі
Оқушылардың «денсаулық» құндылығы туралы түсініктерін кеңейту. Денсаулықтың адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру, оны күту іскерліктерін дамыту
Денсаулық
Денсаулық
Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданы, «Бауман орта мектебі» КММ қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Хаджиева Ж. Қ.
Салауаттылық - өмір негізі
Салауаттылық - өмір негізі
Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы. Губайдуллина Айгуль Хамитовна
Денсаулық - зор байлық
Денсаулық - зор байлық
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, №14 орта мектеп бастауыш сынып мұғалімі, Халық ағарту ісінің озық қызметкері Балова Леля Батимовна
Салауаттылық – менің қалауым
Салауаттылық – менің қалауым
Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Жаңаталап бастауыш мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Мұхаметжанов Еркін Сайлауұлы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×