Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Ұлттық киелі киіз үйдің жасалу технологиясы

15 қаңтар 2013, Сейсенбі
Категориясы: Ғылыми жұмыс
№244 Ы.Жақаев атындағы орта мектеп
Технология пәнінің мұғалімі Көбегенова Ардақ Құрманғалиқызы
Оқушысы Арынова Ақтоты Бердірахманқызы

Негізгі бөлім
Киіз үй - «Атамыз - Алаш, керегеміз - ағаш», «Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деп, аталы сөз айтып қалдырған ата-бабаларымыздың негізгі баспанасы. Киіз үй - тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі, тіпті оған көршілес елдердің де тұрақ – мекені. Солай бола тұрса да, оны қастерлеп ұстап, ғасырдан ғасырға оның мән-маңызын өзгертпей жеткізген біздің қазақ халқы екенін әрдайым мақтанышпен айтамыз.

Шығу тарихы біздің заманымызға дейінгі ғасырларда пайда болған киіз үйді біздің халық қасиетті, киелі қара шаңырағымыз деп дәріптейді. Өйткені киіз үй қазақтың тұрағы, құтты мекен-жайы, еншісі, баспанасы, мүлкі, мақтанышы деп бағаланды. Әрине, киіз үйді әркім біледі, бағалайды. Шынында да, арғы-бергі тарихымыз бен мәдениетімізді зерделей қарасақ, киіз үйіміздің атқарған қызметі мен рөлі өте зор екеніне көз жеткіземіз. Оған қарап отырсақ, бірнеше жүздеген, мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыздың ақыл-ойы, тұрмыс мәдениеті, талғамы еш халықтан кем емес екен. Ғұламалар айтып кеткендей, осы киіз үйден қазақ халқының аспан әлеміне, есептеу жүйесіне, экономикалық біліктігі, мәдениет пен өнердегі талғамы - жалпы өмір тәжірибесіндегі іске бейімділігі аңғарылады. Ал XII - XIII ғасырлардағы мемлекеттердің Алтын орда, Ақ орда, Көк орда деп аталуының өзі осы киіз үйге байланысты екенін Ш.Уәлиханов айтқан.

Тағы бір ерекше айта кетерлік жай: біздің киіз үйіміз тек баспана ғана емес, ол сәулет, құрылыс, сурет, қолөнер сияқты бірнеше өнердің басын құрайтын ғажайып туынды десек те болады. Басқа елдердегідей емес, бұл ағаш, киіз, ши, ішінара күмістен құрастырылады, әрі көшпелі (жылжымалы) құрылыс түріне жатады. Дала тұрғындарының тапқырлық шешімін осы тұрғыдан қарап бағалаған әлем ғылымы, мәдениеті мен өнерінің білімпаз сарапшылары дүниежүзілік, халықаралық этнографиялық көрмелерде қазақтың осы өнеріне әрқашан жоғары баға беріп отырған. Мысалы, 1861 жылы Алмас деген кісі Париждегі Дүниежүзілік этнографиялық көрмеге киіз үй апарып, еуропалықтарды таң қалдырып, бәйге алған. 1876 жылы Мейрам қажы Жанайдарұлы Петербургке, 1890 жылы Ибраим Әділов Қазандағы көрмеге киіз үй апарып, қазақ мәдениетін Еуропаға паш еткен. 1827 жылы Бөкей ордасының ханы Жәңгір Ресей патшасы I Николайға киіз үй сыйлап, патша ағзам оған өте риза болған (Ә.Марғұлан). Жазушы Шыңғыс Айтматов Батыс Еуропадағы белгілі мұражайлардың бірінен қазақтың киіз үйін көргендігін жазды. Сондай-ақ Германияның Гамбург, Майндағы Франкфурт қалаларындағы мұражайларда да қазақ киіз үйлері бар.

Көкшетаудағы Абылайдың ақ ордасы, Шыңғыс төренің 24 қанат ордасы, Жетісудағы Тезек төренің ордасы, Ырғыздағы Самырат байдың үйі, Ақмоладағы паң Нұрмағамбеттің үйі сияқты елге аңыз болған үйлер көп болған. Киіз үй ішін жабдықтауға қазақ азаматтары байлығын аямаған және сол арқылы қазақ дәулеті мен мәдениетін таныта білген.
Байлығымен елге аңыз болған Кіші жүзден шыққан Байсақал қызын ұзатқанда оған арнайы отау әзірлеткен екен.

Қазақтың осындай байлығы мен сән-салтанатының куәсі болған киіз үйлер тәркілеу, соғыс, аштық калхоздастыру сияқты жауыздық әрекет салдарынан құрып кетті. Сөйтіп, XX ғасырда қазақ мәдениетінің баға жетпес мұрасы - киіз үйдің құны мен маңызы төмендеді. Оның орнына кеңестік тәсілмен қалай болса солай жасалған, бір-екі жылдан артық тігуге келмейтін, қара құрым жабылған сапасыз бірдеңелер көптен шығарылды да, ол киіз үй атты қасиетті, құтты орынның құнын түсірді.

XX ғасырдың тоқсаныншы жылдары қазақ мемлекетінің жеке шығуы ұлт мәдениетін, оның ішінде киіз үйдің қадірі мен орны өз дәрежесінде қайта дәріптелуі, оларға лайықты ас пен тойлардың өткізілуі және соған сәйкес ұлттық мәдениет рөлінің артуы киіз үйге деген көзқарасты айқындады. Енді той-думан тігілген киіз үй сән-сәулетімен, өнер шеберлерімен, ұлттық дәулетімен, түрлі спорт жарыстарымен дәрежеленетін болды. Мысалы, тоқсаныншы жылдар басында Абылай хан, Қабанбай, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батырлардың, Бұхар жыраудың, ұлы Абайдың, Жамбылдың тойында киіз үйлер жүздеп, мыңдап тігіліп, оларға бәйгелер белгіленді. Осы тойларда тігілген киіз үйлердің ішінде халықты таңқалдырған Торғай ордасы жұрттың әлі есінде. Алғаш рет Көкшедегі 1991 жылы Абылай хан асында тігілген бұл орда басында 12 қанат, кейін 18 қанат болып көлемі ұлғайтылды. Ол 1992 жылы қазақтардың Дүниежүзілік құрылтайында, 1993 жылы Есет батыр, Шақшақ Жәнібек батыр асында, 1995 жылы Абай тойында тігіліп, бірнеше рет жүлделі бәйгелерге ие болды. Бұл орданы дайындап, ұмыт болған істі батылдықпен қолға алған Торғай азаматтары сол кездегі Жанкелдин ауданының әкімі Жақан Қосабаев пен Ахмет Байтұрсынұлының жерлестері - Аңсаған Қоңқабаев және Болғанбай Қойшиндер еді.

Бұл киіз үйді XX ғасырдағы қазақ ордасының басы десе де болады. Орданың биіктігі 8 метр, ішіне жүздеген адам еркін сияды. Киіздері ақ тоқтының жүнінен басылған. Іші-сырты тек қана ұлттық бұйымдармен, киімдермен, тұрмандармен жабдықталған. Желбау, басқұр, түскиіз, ыдыс-аяғы, ең ақыры, төсенішіне дейін қолдан шыққан қазақы дүниелер. Осы үйде болған қазақ зиялылары, мемлекет қайраткерлері Халифа Алтай, Е.Әуелбеков, М.Сағдиев, Ө.Жәнібеков, Қ.Сағадиев, М.Қозыбаев, М.Жолдасбеков. Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, Ф.Оңғарсынова, С.Жүнісов, Ш.Шаяхметов сынды білімді азаматтар, шетел өкілдері орданың ғажап шеберлікпен жасалып, тігілгеніне риза болды. Бұл жерде осыған өлшеусіз үлес қосқан Ахмет ауылының қыз-келіншектерінің баға жетпес еңбегін айтпай кетуге болмайды. Бұл орда бір ауылдың емес, бүкіл қазақ елі мәдениетінің, өнерінің үлкен табысы деп бағаланды.

Киіз үйдің түрлері мен құрылысы
Киіз үйдің қазақы және қалмақы деп аталатын екі түрі бар. Қазақы үйлер дөңгелек, толық күмбезді болады да, қалмақы түрінің төбесі шошақтау келеді. Қазақы үйлер пайдаланылуына, сән-салтанатына қарай бірнеше түрлерге бөлінеді. Мысалы, қара үй (үш қанат), қоңыр үй (4 қанат), боз үй (5 қанат), ақ үй (6 қанат), ақ ала орда (8 қанат), ақ орда (12 қанат), ақ шаңқан (18 қанат), алтын үзік (24 қанат), алтын орда (30 қанат) деп аталатын түрлері бар. Сол сияқты көшіп-қонуға, уақытша паналауға немесе шаруашылық, жұмыс ретіне бейімделген үй түрлері болады. Олар қос, абылайша, күрке, кепе, итарқа, жаппа, жолым үй, ас үй, қалқа деп аталады. Жаңа үй болған жас шаңырақты «отау» дейді.

Киіз үйдің іші 4 бөлімге бөлінеді:
1. Төр. Мұнда жүк жиналады, қонақтар орналасады. Бұл - киіз үйдің жоғары әрі сыйлы орны. Жас келіндер бұл жерде отырмайды.
2.Сол жақ (кіргенде оң жақ) - үй иесінің отыратын және жататын орны. Босаға жақта азық-түлік, ыдыс-аяқтар тұрады. Оны шимен жауып қояды.
3. Оң жақта (кіргенде сол жақ) балалар орналасады. Босаға жаққа қарай ер-тұрмандар, киімдер ілінеді.
4. От орны қасиетті орын болып саналады. Мұнда от жағылады, қазан асылады.
Киіз үй негізгі 3 бөліктен құралады:
1. Үйдің сүйектері (ағаштан тұратын бөліктері).
2. Киіздері (ши де осыған кіреді).
3. Бау-шулары (баулары мен басқұр, арқандары).

Киіз үйдің қазақ өмірі мен әлеуметтік жағдайына үйлесімдігі сондай, оны үлкейтіп, кішірейтіп, тіпті бір-біріне қосып, екі-үш бөлмелі етіп тігуге де болады. Туырлықтан жазда ыстық, қыста суық, жауында су етпейді. Кейде қыстан киіз үймен шығатын қазақтар туырлықты екі қабат етіп жабады. Үй іргесін шөппен бітеп, айналасын қамыспен шалылап, қоралайды. Көбінесе қопалы, қамысты жерді паналайтындықтан, жел де көп болмайды. Міне, осындай үйде ел даңқын асырып, намысты қолдан бермеген данышпандарымыз бен батырларымыз туып, өскендігін мақтанышпен айтуға болады.

Кереге киіз үйдің негізін құрайды. «Керегең кең болсын» деген тілек осыдан шыққан. Өйткені үйдің берік болуы, кеңдігі осы керегеге байланысты. Кереге құрайтын ағаштарды желі, оның ұзынын ерісі, қысқаларын сағанақ, балашық деп атайды. Желілердің басы мен аяғына әдемілік үшін ойып, сызықтар (ыру) жүргізеді. Желілерді тесіп, түйенің мойын терісі немесе өгіздің бас терісінің сірісі (қайыстары) арқылы көктейді. Керегенің басы мен аяқ жағы сәл шалқайтыла, ал ортасы дөңестеу жасалады. Дайын керегені қанат деп атайды, яғни 18 қанат үйде 18 кереге болады. Кереге көзінің үлкен-кішісіне қарап торкөз, жел көз деп бөледі. Торкөзді кереге әдемі әрі берік болады.

Киіз үйде есік екеу болады: ішкі есік - сықырлауық - ағаштан жасалады, екіншісі - киіз есік - киізден жасалады, ол сықырлауықтың сыртынан жабылады. Киіз есік ашық күндері маңдайшаға дейін шиыршықталып жиналып қойылады, жай күндері күн түспес үшін, оның бір жағы бақан арқылы ашық тұрады.
Ағаш есік маңдайша, екі босаға, табалдырық және екі жарма есіктен құралып, керегеге бекітіледі. Керегелер бір-біріне таңғыш құр арқылы жалғасады. Кереге бастары арқылы тартылатын бас арқан маңдайшаның екі жағына мықтап байланады. Үйдің барлық ауырлығын ұстайтын, беріктігін сақтайтын бас арқан. Сәндік үшін бас арқан тұсынан және кереге басы туырлықты қажамас үшін басқұр жүргізіледі.

Уық - кереге мен шаңырақ ортасын қосатын негізгі бөліктің бірі. Уық алақан, иіні, қары және қаламы деген атаулардан тұрады. Ол иінінен ішке иіле жасалады, яғни үйдің күмбезді үлгісі осы уықтан басталады. Шаңырақ - киіз үйдің қасиеті, киелі мүлкі. Қазақтың көптеген жақсы сөздері осыған байланысты айтылады. Шаңырақ «үй, отбасы - деген мағынаны да білдіреді. «Шаңырағын биік болсын» деген тілек бар. Киіз үй шаңырағы: тоғын, күлдіреуіш, кепілдік деген бөліктерден тұрады. Тоғынды, яғни шеңберді, қайыңнан оюлап, өрнектеп жасайды, жиілеп қаламдық ояды. Күлдіреуіш шаңырақ күмбезін жасайды. Кепілдік күлдіреуіштің орнынан қозғалып кетпеуі үшін қызмет етеді.

Үйші үй сүйегін толық жасап болғаннан кейін, оны қызыл түсті жосамен немесе қызыл, көк бояулармен бояйды. Егер үй қайыңнан жасалса, оны өсімдік майымен майлайды. Ол ағашқа піл сүйегі түстес өң береді, әрі оған су сіңбейді. Салтанатты ордалардың шаңырағын, уығын, кереге басын, маңдайшасын оюлайды, өрнектейді. Ауқаттылар күміспен, сүйекпен, мүйізбен әшекейлейді.

Үй сүйегі әзір болған соң, оның киіздері жасалады. Киіздері кереге бойына туырлық, шаңыраққа дейін үзік, шаңырақты жабатыны түндік және киіз есік деп аталады. Олар қойдың ақ күзем жүнінен басылады. Ертеректе қазақта қой көп. Сондықтан киіз үйге қажетті материал жеткілікті болған. Міне, осы жүннен үй киіздері дайындалады. Қазақ даласында жүннің көптігі сондай. 25 мың қойы бар Қызылжарлық Қосшығұл деген бай қойдың жабағысымен құрт қайнатады екен. (С.Мұқанов «Халық мұрасы», 99-бет. 1974 ж) Оның әзірлеу, дайындау, пішу жолдары ұзақ бір ғылыми этнографиялық шығармаға лайық. Киіздер құр, баулар арқылы тұтылады. Олар туырлық бау, түндік бау, үзік бау, жел бау деп аталады. Туырлық пен үзіктердің өзара айқасатын жерін жабық дейді. Туырлық пен үзік баулары кестелі. Оюлы жалпақ құрдан жасалып, үйге көрік беріп тұрады. Киіз сыртынан жел көтермес үшін екі белдеу арқан тартылады. Үйге қолданылатын арқан түрлері де көп.

Шаңырақта желбау деп аталатын ою-өрнекті. 4 шашақты бау болады. Ол желді күні шаңырақты бастыруға, көшкенде байлауға аса қажет. Жай күндері үйге әсемдік, көрік беріп тұрады.
Үй киіздерін әзірлеп болғаннан кейін, оны ақ бормен немесе күйген сүйекпен борлайды. Бұл әдемі ақ түс береді, әрі киіздердің берік болуына, су, жылу, суық өтпеуіне едәуір әсер етеді.

Қорытынды
Қорытындылай келе талай тарихи кезеңді өткерген ата-бабаларымыз адамзат қоғамының көшінде өзінің шаруашылық негізіне, тұрмыс тәсіліне, ұлттық ерекшелігіне қарай дара ұлттық дәстүрін, салт-санасын қалыптастырып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғап аса бағалы заттық мәдениеті мен рухани мәдениетін сақтап қалды. Сол қазыналардан көненің көзіндей болып, дәуірімізге жеткен мұраларымыздың бірі – ұлтымыздың дәстүрі, мәдениеті, халық шеберлері. Ұлттық киелі киіз үйдің жасалу технологиясын жоғарыдағы зерттеулерді сараптайтын болсақ, қазақтардың өнері жоғары деңгейде дамып қана қоймай, орта Азия, Сібір орыс Еуропа халықтарына да үлкен мәдени ықпал етті.

Еліміздің тәуелсіздік алғаннан бері қайта жаңғырған қолөнерімізде ұлт мүддесіне негізделген серпіліс. Мақсатты, білімді, жан-жақты тәрбиелі, қабілетті жастар ұлтымыздың баға жетпес қазынасы, сондықтан жастарды қабілетті азамат етіп өсіруде халық қолөнерінің тәлім тәрбиелік, білім – танымдық рөлі орасан зор. Абай атамыз «Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек болар. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» - деген болатын. Қолөнер дегеніміз – кәсіптің бірі. Ал кәсіпшілік ол адамзаттың тіршілік көзі. Мектеп қабырғасында қолөнердің бастауынан нәр алған жастар болса, өмірде өз орнын таба алады.
Мен жас маманмын, менің де алдыма қойған мақсатым бар.

Ол халқымыздың ежелден желісі үзілмей келіп жеткен көне де ізгі дәстүрі – ұлттық киелі киіз үйдің жасалу технологиясы. Халық шеберлерінің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан таңғаларлық тамаша шығармаларымен таныстыра отырып, өнерге қанат қаққан шәкірттерді шеберлік шыңына жетелеп, оқушыларды ұлттық қолөнерге баулу. Атамыз қазақ көз – қорқақ, қол – батыр – деген. Менің осы жерде айта кетер ұсыным: осындай оқушылардың шығармашылық жұмыстары жиі ұйымдастырылса. Ұлттық киелі киіз үйдің жасалу технологиясын дайындау. Қазіргі кезде тойларда қоржын ретінде тойтабаққа пайдаланып жатыр. Бұл менің алғашқы жасаған жұмысым. Бұдан кейінгі жұмыстарымды 2012 жыл ұлу жылына жарнама ретінде сіздерге ұсынамын.
Келіңіздер, көріңіздер!
19 669
0
  • 60
3 дауыс


Жаңалықтар
Киіз үй
Киіз үй
Киіз үй – көптеген көшпелі халықтардың негізгі баспанасы болған. Арғы Сақ, Ғұн заманынан бері қазақ халқы да киіз үйді сан мыңдаған жылдар бойы өзінің төл баспанасы етіп келді.
Киіз үй
Киіз үй
Сан ғасырлар бойы қазақ халқының баспанасы болған киіз үйдің құрылымымен, маңызымен таныстырып, етістіктің шақтарының жасалу жолдарын қарастыру;
Киіз үйді бейнелеу
Киіз үйді бейнелеу
Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы, Октябрь ауылы, № 1 Қазанбасы орта мектебінің бейнелеу өнері пәні мұғалімі Брахметов Мырзағазы Ерханұлы
Қасиетті қара шаңырақ
Қасиетті қара шаңырақ
Астана қаласы, № 45 орта мектеп Науразбаева Мадина Алтынбековна
Киіз үй және оның жасауы
Киіз үй және оның жасауы
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Аққұм бекеті, Негізгі білім беретін №221 Аққұм мектебінің технология пәні мұғалімі Досманбетова Динара Пернебайқызы
Киіз үй
Киіз үй
Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы, Тайынша қаласы, №4 орта мектебі” КММ Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Сейітова Әлия Құматайқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×