Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Қазақтың әшекей бұйымдары

21 ақпан 2015, Сенбі
Категориясы: Ұстаздарға
Қазақтың әшекей бұйымдары арқылы халық педагогикасының зергерлік өнері жайлы насихаттау және оны дамыту

Қолөнер – ғасырлар бойы дамып, қалыптасып келе жатқан қастерлі өнер, атадан балаға мұра ретінде бізге жеткен дәстүрлі де халық шығармашылығының сарқылмас қайнар көзі. Қандай халықтың қолөнері болса да оның тарихымен, қоғамдық құрылысы, әдет - ғұрпы, жөн - жоралғысы, салт - санасымен астасып қатар өркендейді. Қолөнер адам баласының көркемдікке, нәзіктікке, сұлулыққа деген ұмтылысын, сол бағытта табиғатты өзінше таңбалап бедерлеуін, сұлулықты іздеуге деген құштарлығын танытады.
Сан қилы кезеңдерден өтсе де, көркемдік бейнелердің өзіндік ерекшеліктерін бұлжытпай сақтай отырып, ұрпақтан - ұрпаққа мирас ретінде жалғасын тауып келе жатқан қолөнеріміздің ішіндегі киелі әрі күрделілерінің бірі – зергерлік өнер.

Зергер – сәндік бұйымдарды зерлеп, айшықтап жасаушы шебер, ұста. Зергерлік – әшекейлі бұйым жасау өнері.
Зергерлік өнерінің ұлттық мәдениетімізде тарихи орны ерекше болумен қатар, бір жағынан халқымыздың материалдық мәдениетінің дәрежесін көрсетсе, екінші жағынан – рухани жан дүниесін, философиялық, эстетикалық көзқарастарын білдіреді.
Жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуде, халық өнерін, салт - дәстүрін меңгертуде зергерлік өнердің зор мәні бар.
Ұлттық мәдениетіміздегі қолданбалы өнер халқымыздың тарихымен, ұлттық болмыс - бітімімен, дүниетанымымен үндесе дамып келе жатыр. Тамырын тереңнен алатын қолданбалы өнердің көрнекті саласы зергерлік өнер тылсым сыры бар қасиетті өнер, қастерлі кәсіп. Осы өнермен айналысатын адамдарды «ақ ұста» деп атаған.

«Ақ ұста» – әр түрлі қымбат бағалы (алтын, күміс т. б.) металдар мен асыл тастардан сан - алуан нәзік, көркем бұйымдар жасайтын қолы қарықты, шебер адам. Кезінде «ақ ұста» кейін «зергер» деп аталып кеткен ұсталар тобы көбінесе алтын, күміс сияқты қымбат бағалы металдар мен тастарды қолданып, өте нәзік зергерлік бұйымдарды әзірлеген.
Әсіресе, зергерлік бұйымдардың ішінде қазақтың қыз — келіншек, әйелдердің тағынатын әшекейлерінің орны ерекше.
Маңғыстау облыстық тарихи - өлкетану мұражайы қорында жинақталған ұлттық зергерлік бұйымдардың көлемді жиынтығы (коллекиясы) бұл өлкедегі зергерлік мектептің жоғары деңгейде қалыптасып, дамып, өркендегенін көрсетеді.

Оның өзіндік себептері де бар: басқаны былай қойғанда сонау біздің дәуірімізге дейін V ғасырда өмір сүрген сақ жауынгерінің киіміндегі ою - өрнектің Маңғыстау жеріндегі тастағы таңбалармен үндес, ұқсас екендігін ғалымдар да, оны қалпына келтірушілер де баса айтқан болатын. Әрісін айтпағанның өзінде өлкеміздегі Түбіжік, Қосқұдық, Қызылқала сияқты тарихи ескерткіштердің орнына археологтар қазба жұмыстарын жүргізген кезде өте ерте ғасырларға жататын әшекейлерді тауып, Маңғыстау өлкесінде зергерлік өнердің сол кездерден дамығандығын айғақтай түседі.
Оттың жалынында, көріктің көмейінде металды балқыту, төс пен балғаның ортасында икемге келтіру, көркемдеу, өңдеу Маңғыстауда әуелден дағдыға сіңісті кәсіп.

Зергердің арқасында білезік, жүзік салмайтын, шашбауын сыңғырлатып шолпы тақпайтын адайдың қыз - келіншектері некен - саяқ кездескен.
Зергерлердің алтын, күміс, қоланы құю, қақтау, термелеу, кіріктіру, өру, бұрау, қырлау, соғу, бедерлеу, зерлеу, сіркелеу тәсілдерін аса жоғары сапада меңгергендіктері сондай, Адай үлгісіндегі түрлі формадағы білезік, өңіржиек, алқа, түйме, қапсырма, белбеулердің небір үздік үлгілері XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында сирек ұшырасар асыл мұралар ретінде Санкт - Петербургтегі Шығыс халықтарының этнографиялық мұражайында сақтаулы тұр.
Бірқатары кезінде Орынбор қаласында қалдырылған. Соның біраз бөлігі - Маңғыстаудың түрлі киім үлгілері мен зергерлік бұйымдары Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұражайында және Ә. Қастеев атындағы Өнер мұражайында сақтаулы.

Мұндай ғажайып қазынаға қайран қалған өнер зерттеушілері А. Л. Мелковпен А. Н. Четыркина «Адай әйелдері мен қыздарының кеудеге салатын өңіржиек, алқалары, шашбауға байланатын алтын, күміс әшекейлері жасалу жағынан қолөнердің ғажайып туындысы», - деп мойындайды.
Осы баға жетпес туындылар - ұлттық зергерлік бұйымдарда Маңғыстаудың айтулы зергерлері: Сартай, Сегізбек, Ізқара, Есет, Көбей, Сеңгірбек, Мұрын, Зәкір Нәдірбек, Мәрт Назаров, Бекқожа Қоштаев, Күмбетбай, Атанша, Қадырбай, Қонарбайлардың асқан шеберлігі мен қолтаңбалары сақталған.
Зергерлер көбіне бағалы металдардың ішіндегі ең қолайлысы күмісті пайдаланған. Өйткені күмістің жалтыраған түсін, әр түрлі техникалық тәсілдерге икемділігін, жұмсақтығын және тазалығын жоғары бағалаған. Зергерлік бұйымдардың жарасымдылығы, айбындылығы Маңғыстау әйелдері әшекейлерінің өзіндік ерекшелігі болып табылады.

Маңғыстау зергерлері XX ғасырға дейін көне тәсілдерді қолданып келді. Қолдағы шағын материалдардан күрделі әшекей бұйымдар жасады, оны қажет пішімде жымдастырып, дәнекерлеп, одан кейін бет жағын сіркелеп, шиыршықтап жиектеп, көз салып, асыл тастармен безендірді.
Зергерлер әр түрлі күміс әшекей бұйымдарын әсемдеу үшін ақық сердолик, бирюза, маржан коралл, т. б асыл тастарды пайдаланды.
Өлке үстімен өтетін Жібек жолы тармағы арқылы сауданың жақсы дамуына байланысты зергерлер орыс және иранның күміс теңгелерін көптеп пайдаланды.

Назар аударыңыз! Жасырын мәтінді көру үшін сізге сайтқа тіркелу қажет.
12 786
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Қазақ халқының зергерлік өнері
Қазақ халқының зергерлік өнері
Қазақ халқының атадан балаға тарап келе жатқан өнерінің бірі - зергерлік. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап зергерлік өнер қолөнердің негізгі бір саласына айналды. Қазақ халқының кейбір зергерлік бұйымдарына тоқталып өтейік.
Қазақтың ұлттық қолөнері
Қазақтың ұлттық қолөнері
Қостанай облысы, Қостанай ауданы, Глазунов орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Арғынбек Асем Сабыржанқызы
Зергерлік өнері
Зергерлік өнері
Карағанды облысы, Осакаров ауданы, «Осакаровка кенті, № 1ОМ» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Габдуалиева Жанна Болатовна
Фольгадан әшекейлі бұйымдар жасау
Фольгадан әшекейлі бұйымдар жасау
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Абай ауылы, Абай атындағы №90 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жәлел Ботакөз
Он саусақ
Он саусақ
Әркімге керек қол өнер Он саусаққа он өнер Түгел болар дүниең Біліп алсаң оны егер.
Қазіргі заманғы сәндік қолданбалы өнері
Қазіргі заманғы сәндік қолданбалы өнері
Сабақтың мақсаты: а) Білімділік: Оқушыларға қазіргі заманғы сәндік қолданбалы өнердің ерекшеліктерін түсіндіру. Сыр бойындағы қолөнер шеберлерінің шығармаларымен таныстыру және насихаттау.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×