Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Сәулелі жұлдыз іздеген адам

18 қараша 2015, Сәрсенбі
Категориясы: Бастауыш сынып
Бастауыш сынып мұғалімі: Жұбанышова А.О.

Тақырыбы: Сәулелі жұлдыз іздеген адам
Мақсаты: Алғашқы ұстаз, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өмірімен, шығармаларымен оқушыларды таныстыру, білімдерін тереңдету. Оқушылардың сөздік қорларын молайту, Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері арқылы оқушыларды сапалы білім алуға, имандылыққа, адамгершілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу. Ұлы тарихи тұлғаны есте сақтауға, құрмет тұтуға, үлгі алуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Ы. Алтынсарин портреті, өнегелі сөздері

Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі: Оқушыларды сабаққа әзірлеу, оқу құрал – жабдықтарын тексеру, бір – біріне жақсы тілектер айту.
Жаңа сабақ:
Мұғалімнің кіріспе сөзі.
Ой түрткі.
- Қазақ даласында алғашқы ұстаз кім? (суретін жасыру)
Ұлт тарихында аты мәңгі өшпейтін сәулелі жұлдыз іздейтін, кемел тұлғалар бар. Сондай кемел асыл тұлғалардың бірі Ыбырай Алтынсарин. 19 ғасырдың екінші жартысында шолпан жұлдыздай жарқырап, ел көгіне шыққан біртуар қайраткерлер болды. Олар Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин
Ы. Алтынсарин кім?
(Ағартушы, педагог, жазушы, ғалым, балалар әдебиетінің атасы, қоғам қайраткері, этнограф)
Мұғалім: Ы. Алтынсарин 1841 жылдың 20 қазанында қазіргі Қостанай облысының Затобол ауданында дүниеге келген. Әкесі Алтынсары ерте өліп, жастайынан атасы Балқожаның тәрбиесінде өскен. Осы атасының ықпалымен Ыбырай 1850 жылы Орынборда ашылған орыс - қазақ мектебіне оқуға алынады. Сабақты ерекше ынтамен оқыған ол 1857 жылы «өте жақсы»деген бағамен бітіреді. Ы. Алтынсариннің оқып, білім алуына жағдай жасап, ақыл - кеңес беріп отырған атасы Балқожа би еді. Оқуда жүрген жас Ыбырайға атасы хат арқылы өлең мен күш - қуат, ынта - жігер беріп отырады. (Бейнебаян)

1 - оқушы: Балқожа бидің баласына жазған хаты.

Мұғалім: Өз елінде 2 жылдай болып, 1859 жылы Орынборға тілмаш болып ауысады. Бұл кезде белгілі шығыс зерттеушісі ғалым - профессор В. Григорьевпен жақын танысып, оның кітапханасын пайдалануға мүмкіндік алады. 1860 жылы Орал сыртындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп ашуға ұйғарылған кезде, Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне оқытушы болуға рұқсат алады. Қазақстан мектептерінің жұмысы Ыбырай Алтынсариннің педагогтік қызметпен айналысуынан бастап ерекше жанданды. (Бейнебаян)
1876 жылы Ыбырай Петербург, Қазан қалаларына барды. Орыс ағартушыларының еңбектерін зерттеді. Соларға еліктеп қазақ тілінде оқу құралдарын жасауды ойлайды. Сөйтіп 1876 жылдан бастап «Қазақ хрестоматиясын» жазуға кірісті.
Бұл кітап ана тіліміздегі тұңғыш оқулық еді. Хрестоматияға тәрбиелік мәні жоғары көптеген шағын әңгімелері, өлеңдері мен ауыз әдебиеті үлгілерін, аударма шығармаларын енгізген болатын. Ыбырай Алтынсариннің шығармалары: «Кел, балалар, оқылық», «Өнер - білім бар жұрттар», «Өзен», «Ананың сүюі», «Жаз», «Бір уыс мақта», «Әке мен бала», «Мейірімді бала», «талаптың пайдасы», «Таза бұлақ», «Асыл шөп» т. б.

Мұғалім: Сәлем жолдап шәкіртке дұғай - дұғай,
Ұрандап өлеңімен келді былай.
Жас ұрпаққа жар салып жанымен де
«Кел, балалар, оқылық»- деді Ыбырай.
«Кел, балалар, оқылық!» өлеңін оқу.

Мұғалім: Жас ұрпақ білім алды әр салада,
Алғырлар өнер десе жан сала ма.
«Өнер - білім бар, жұрттар» деген сөзі,
Мәңгілік із қалдырды әр санаға.
Өнер - білім бар, жұрттар (өлеңін оқу)
Табиғаттың сұлу бейнесін сипаттаған «Өзен» өлеңін оқу.
Мұғалім: Ы. Алтынсарин өз өлеңдерінде балаларды оқуға, білім алуға шақырса, ал әңгімелерінде еңбекті сүюге, қадірлеуге, адамгершілікке, имандылыққа, адал достыққа, тазалыққа үйретеді. Енді сіздердің назарларыңызға алғашқы ұстаз, ұлы ағартушы Ы. Алтынсариннің бірнеше әңгімелеріне дайындалған көріністерін ұсынып, бұл әңгімелердің тәрбиелік мәнін терең мағынада
түсінуге шақырамыз.
1 әңгіме: «Әке мен бала»
2 әңгіме: «Асыл шөп»
1 әңгімеден көрініс
Әке мен бала
Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың ескі тағасын көріп, баласына:
- Анау тағаны, балам, ала жүр, - деді.
Бала әкесіне:
- Сынып қалған ескі тағаны алып не қылайын, - деді.
Әкесі үндемеді, тағаны өзі алды да, жүре берді.
Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң әкесі қайырылып, манағы тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз жер өткен соң, шие сатып отырғандардан сол үш тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бір - бірлеп алып жеп баласына қарамай, аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артында келе жатқан бала да тым - ақ қызығып келеді екен, жерге түскен шиені жалма - жан жерден алып, аузына салды. Біраздан соң және бір шие, онан біраз өткен соң бір шие, сонымен әр жерде әкесінің қолынан түскен шиені оншақты рет иіліп жерден алып жеді. Ең соңында әкесі тоқтап, баласына шиені орамалымен беріп тұрып:
- Көрдің бе, мана тағаны жамансынып, жерден бір ғана иіліп көтеріп алуға еріндің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Мұнан былай есіңде болсын, аз жұмысты қиынсынсаң - көп жұмысқа тап боласың, азға қанағат ете білмесең - көптен де құр қаласың, деді
2 - әңгімеден көрініс.
Асыл шөп Злиха мен Бәтима деген біреудің қызметінде тұрған екі
қыз бала төбесіне бір - бір жәшік жеміс көтеріп
қалаға келе жатыпты. Злиха аһ - уһ шаршадым деп, Бәтима күліп, әзілдесіп келе жатады. Сонда Злиха айтты: - Сен неге мәз болып қуанып келесің, төбеңдегі жәшіктің ауырлығы да менің басымдағыдан кем емес, өзіңде менен күшті емессің? - Мен жәшігім ішіне ауырды жеңілдететін
бір шөп салдым деді Бәтима. - Ай, ондай болса шөбіңнің атын
айтшы, менде ауырымды жеңілдетейін - дейді Злиха - Ол шөп сенің қолыңа түспей ме, деп қорқамын аты: сабыр деген деді.

Мұғалім: Балалар Ыбырай атамызға деген алғысымызды өлең жолдары арқылы жеткізсек.
1 - оқушы: Сауатты болса екен деп қазақ халқын,
Білімге бастап беріп, жолды салды.
Тәлімді, тәрбиелі еңбегімен,
Ыбырайдан өшпестей мұра қалды.

2 - оқушы: Жалғассын бүгінгі күн дәстүр - салтың,
Күндей күліп өмірің болсын жарқын.
Бас иіп ұлы Ыбырай рухына,
Көтерейік бірігіп атақ - даңқын!
Балалар Ыбырай атамыздың мектебін де сендер сияқты оқушылар білім алған. Біз осы Ыбырай атамыздың ашқан кейінгі зәулім ғимаратты мектебінің бірінде оқып жатырмыз. Біз білім алып жатқан алтын ұя мектебімізді жақсы көреміз бе? Олай болса мектебімізге деген ыстық лебізімізді ән шумағымен жеткізсек.
Хор «Аяулы мектебім»

Қорытынды:
Біз, бүгінгі шарада ұлы ағартушы, тұңғыш қазақтың елінде мектеп ашқан, алғашқы ұстаз Ы. Алтынсариннің өмірбаянымен толық таныстық. Ыбырай Алтынсариннің шығармаларына, ағартушының еңбектеріне тоқталып отырмыз. Өзіндік ізін қалдырған, өскелең ұрпақтың еш есінен кетпестей ұстаздың жолын арнап өткендігін көріп, біліп, танысып өттік. Міне, осындай тәрбиелік мәні бар шарамыз арқылы оқушыларды әр істі ойланып ақылмен жасауға, кішіге қамқор болуға, ата - анасын сыйлап құрмет тұтуға, еңбекқор болуға шақырамын. «Сәулелі жұлдыз іздеген адам» атты тәрбие сағатымызды жабық деп жариялаймын.
5 188
0
  • 100
1 дауыс


Жаңалықтар
Алғашқы ұстаз, алғашқы дана бабам (тәрбие сағаты 2 - 4 сыныптар арасында)
Алғашқы ұстаз, алғашқы дана бабам (тәрбие сағаты 2 - 4 сыныптар арасында)
Ыбырай Алтынсарин - алғашқы халық мұғалімі, қазақ даласында алғаш рет халықтық мектеп ұйымдастырушы педагогы, балаларға арнап өте құнды өлеңдер мен әңгімелер жазған жазушы.
Ыбырай Алтынсарин әңгімелері
Ыбырай Алтынсарин әңгімелері
Ы. Алтынсариннің шығармашылығымен тереңірек таныстыру, әңгіменің тақырыбы мен жазушының идеялық мұратын мәтінге сүйене отырып ашу, Ы. Алтынсариннің ел болу идеясының өміршеңдігіне көз жеткізу;
Сырбай Мәуленов «Дала жұлдызы»
Сырбай Мәуленов «Дала жұлдызы»
Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығымен, өмірбаянымен таныстыру; оқушыны көркем шығарманың мазмұнын түсінуге жетелеу, Тсініп оқу, мәнерлеп оқу дағдыларын қалыптастыру
Ыбырай Алтынсарин - қазақ халқының аса көрнекті ағартушысы
Ыбырай Алтынсарин - қазақ халқының аса көрнекті ағартушысы
Атырау қаласы, М.Өтемісов атындағы орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тарих пәні мұғалімі Нургуль Темиргалиева
Ыбырай Алтынсарин - қазақ халқының көрнекті ағартушысы
Ыбырай Алтынсарин - қазақ халқының көрнекті ағартушысы
Ыбырай Алтынсарин – қазақ балалар әдебиетінің атасы, ұлы ұстаз. Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы Қостанай облысы, Қостанай ауданында дүниеге келген
Ыбырай Алтынсарин
Ыбырай Алтынсарин
Ақтөбе Мемлекеттік Педагогикалық Институты оқытушысы: Бекниязова Динара Достановна
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×