Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы (Қалмақ қызы мен Адақ образы. Ақынның портрет жасау шеберлігі)

05 сәуір 2019, Жұма
Сабақтың тақырыбы: С. Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы (Қалмақ қызы мен Адақ образы. Ақынның портрет жасау шеберлігі)
Сабақтың мақсаты: Білімділік: поэманы түсініп, мәнерлеп, көркем оқи білуге баулу; поэманың көркемдігін, әдебиет тарихында алатын орнын, ақынның образ жасау шеберлігін ұғындыру; сабақтың жаңа әдістерімен жұмыс жасауға үйрету.
Дамытушылық: поэманы талдай білуге төселдіру; түсініп оқу, сөз астарына үңіліп, мағынаны түсіндіру, сын тұрғыдан ойландыру, түйінді ой айта білуге, өзіндік пікір қалыптастыруға жетелеу.
Тәрбиелік: туған жерге деген сезімдерін тәрбиелей отырып, сүйіспеншіліктерін арттыру, шығармашылық ізденіске жұмылдыру, елінің адал азаматы болуға тәрбиелеу.
Сабақтың әдіс - тәсілдері: мұғалім сөзі, сұрақ - жауап, прблемалық сұрақ, көрнекіліктер, шығармашылық жұмыстар.
Сабақтың көрнекілігі: хронологиялық кесте, Венн диаграммасы, суретер, ауызша журнал.

Сабақтың жүргізілу барысы.
І. Ұйымдастыру кезеңі.
1. Оқушы зейінін сабаққа аудару.
2. Сабақтың мақсатымен, тақырыбымен таныстыру.
ІІ. Үй жұмысы.
С. Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы төмендегі үлгі - жоспар бойынша сұралады.

1. «Көкшетау» поэмасының мазмұнына шолу.
2. Поэманың тақырыбы, сюжеті, композициялық құрылысы.
3. Көкшетаудың өткені, қазіргісі және болашағы.
4. «Ауызша журнал» арқылы жан - жақты мағлұмат тексеру.
Түсініктері бойынша сабақ сұрау.
ІІІ. Жаңа сабақ.
Оқушылардың назарын жаңа сабақ тақырыбына аудартамын да, төмендегі сұрақтарды қоямын.
-«Көкшетау» поэмасы қай жылы жазылды?
-«Көкшетау» поэмасы 1928 жылы жазылды.
- Ол қандай поэма?
-«Көкшетау» — туған жер туралы, оның ғажап сұлулығы мен тарихы жайлы поэма.
- Поэманың «Оқжетпес» тарауында таудың зәулім екенін танытатын сөздер мен сөз тіркестерін кім тауып оқиды?
Сүп - сүйір бейне найза шың, құз биік,
Төбесі кейде тұрар бұлтқа тиіп.
Қарасаң етегінен шың басына,
Тақияң жерге түсер тұрған киіп.
Тіп - тік шың көкке қарай кеткен бойлап,
Тұрғандай таусылмайтын бір ой ойлап.
 Таудың биік екенін төбесі бұлтқа тиюінен және көкке қарай бойлап кетуінен көреміз.
 Ал балалар, тік екенін қайдан байқадыңыз?
 «Сүп - сүйір бейне найза…» тіркесінен және шың басына қарағанда тақияның жерге түсуінен.
Міне, балалар, ақынның тауды кескіндеуі бұл айтылғандармен шектелмейді. Біз оны өткен сабақтарда көріп, білген едік
Біз бүгінгі сабағымызда поэмадағы қалмақ қызы мен Адақ образына және ақынның портрет жасау шеберлігіне тоқталамыз.
- Портрет дегеніміз не?
- Көркем әдебиетте адамның сырт бітімін, кескін - кейпін, жүріс - тұрысын суреттеуді портрет дейміз.
- Біз бұл суреттеулерді қай шығармалардан кездестірдік?
Кім айтады?
 Ғ. Мүсірепов «Жаңа достар», Б. Майлин «Шұғаның белгісі», М. Әуезов «Әжемнің әңгімесі», Ж. Аймауытов «Ақбілек», т. б.
 Ақын суреттеуіндегі қалмақ қызы қандай?
 Сұлу, ақылды, мінезді, адамгершілігі мол, сүйіспеншілігі тұрақты, байсалды, тапқыр.
 Қыздың ақылдылығы қай жерде байқалады?
 Қыздың ақылдылығы кімге баруды таңдау өзіне берілген кезде көрінеді. Ол көл жағасындағы биік шыңның басына орамал байлатып, кімде - кім соны атып түсірсе, соған бармақ ойын білдіреді.
 Ақын оның көркін қалай суреттейді, оқулықтан тауып оқимыз.
Сол қыздың он жетіге келген жасы
Оралған аш беліне қолаң шашы.
Қап - қара қарлығаштың қанатындай
Иілген ақ маңдайда екі қасы.
Аш белі көк шыбықтай солқылдайды,
Қолаң шаш бейне жібек толқындайды…
Батырлар сол сұлуға салыстырған
Жалғыз ақ аспандағы күн мен айды.
 Осы суреттеуде ақын қандай бейнені ұсынады?
 Ақын портрет жасау бейнесін ұсынады.
 Ақын тұтқын қыздың бейнесін неге теңейді?
 Оның тұтқындағы солғын өңін үзілген қызғалдаққа теңейді.
 Тағы неге балайды?
 Мергеннің оғы тиіп, әлсіреп қолға түскен бала киікке балайды.
Сұңқардың баласындай қолға түскен,
Құланның құлынындай қолға түскен.
Тұтқын қыз жауларына жалтаңдайды
Киіктің лағындай қолға түскен
Оқушылар ақын қызды тек асқан сұлу еді деп сырттай тамсанып, құрғақ баяндай бермейді. Бірер деталь, аз суретпен оның келбет, реңін көріктендіре ашады. Жоғарыдағы өлең жолдарын жеке талдауға көшейік.
 Қыз шашының ұзындығын қай сөзден қай сөз тіркесінен көреміз?
 «Оралған аш беліне».
 Толық түсіндіріп, талдасақ.
 Егер шаш белге жетіп, онымен қойма, оралып жетсе, шашының соншама ұзын болғандығы.
 Айырмашылығы неде деп ойлайсыңдар? Қыз шашының ұзындығын құр дәлелдеуде әдемілік бар ма? Әлде «оралған аш беліне» әсем бе?
 Әрине, «Оралған аш беліне» әсем.
Міне, оқушылар образдың күші. Ақын тек құбылыстың картинасын көруші емес, соны лирикалық қаһарман сезіміне, талғамына сай өрнектеуші. Сол себептен де көркем әдебиеттегі әр сәтті деталь, образ әсерлі болады, сондықтан біз шығарманы қызыға оқимыз.
Мен оқушыларды одан әрі талдауға төселдіремін.
- Ал қыздың қасын қалай бейнелеген?
- Қап - қара қарлығаштың қанатына теңейді.
- Ал, оқушылар, осы айтқанымыз жеткілікті ме?
- Ақын тек теңеумен шектелмейді, қарлығаштың қанатындай болып келуін көрсетеді.
- Бірінші жолдағы «қап - қара» сөзі мен екіншідегі «ақ» сөзінің бір - біріне ықпалы бар ма?
- Бар.
- Қалай?
Өзім түсіндіріп өтемін.
Оқушылар, алдымен ақын «қап - қараны» көрсетіп алды да, содан соң ақ маңдайға орануына назар аударды.
 «Аш белі көк шыбықтай солқылдайды» деген жолдан не көруге болады?
 «Қыз белінің жіңішкелігін және жарасты қимыл - қозғалыс үстіндегі қалпын тамашалауға болады.
 «Қолаң шаш бейне жібек толқындайды» жолына үңілсек ше?
 Қыз шашы жұмсақ әрі қалың.
 Оқушылар, оны тек қана жұмсақ, қалың деп хабарлай салып тұр ма? Ойланыңдаршы.
 Жоқ оның толқындануын, толқынданғанда да жібектей жұмсақ боп толқындануын құлпырта нақыштап тұр.
 «Жаутаңдайды»сөзінен не түюге болады?
 Қыздың әрі қорқып, әрі үміттене қарауын аңғарамыз. Сонымен қатар онда сондай бір мөлдірлік, сүйкімділік бар.
 Оқушылар, әсемдікті сақта деп, он рет, тіпті жүз рет жалаң ақыл айту әсерлі ме, әлде, жоғардағыдай бірер әсем сурет әсерлі ме?
 Бірер сурет әсерлі.
 Міне, өнер құдіреті, оның адам сезіміне әсер ету күші образ мәні осындай.
 Адақ поэмада қалай суреттеледі?
 Ол поэмада кең пейілді, адал, ер жүрек, қайырымы мол адам болып суреттеледі.
 Ақын тағы оның қандай қасиеттерін толықтыра түседі?
 Іске тиянақты, әділ, кішіпейіл, елге жаққан ер мінезді, оның үстіне ол — әнші.
 Ақын оның ұнамды портретін қалай бейнелеп береді?
Кім тауып оқиды?
— Қара сұр ұзын бойлы, емес талпақ.
Денесі көк құрыштай, өрдей шалқақ.
Қыр мұрын, қарагер көз, қара мұртты,
Қақпақтай қобы жауырын, — топшы жалпақ,
Солқылдақ көк құрыштай, біткен жіптік,
Жараған аш бөрідей белі жіптік..
Ыңғайлы, сұлу сида, сұңғақ дене,
Жараған бәйгі кердей ықшам сыптық
Білінген шиыр дене, бейне шойын,
Жұп - жұмыр сом боп біткен жігер мойын
Денесі бұлшық етті, терткен күшті,
Бәйгі атша ширатады тұла бойын.
 Адақтың күшті екенін сыртқы келбетінен - ақ аңғаруға бола ма? Кім айтады? Біз ол келбетті қай сөздерден аңғарамыз?
 «Көк құрыштай». Бұл тіркес оның денесінің пісіп, қатқаны сондай, тығыз, қатты екені білінеді. оның бейнесін одан әрі «бейне шойын» тіркесі дамыта түседі. Тіпті саусақпен түртсең, қол батпайтындай әсер қалдырады.
Оқушылар, ақын осы іспеттес суретті кейін Балуан Шолақ, Қажымұқан бейнесін көруде де қолданылады. Міне, «Жалаңаш денесіне тіс батпайды» деген суреттеме бар.
Көкше бойында ерекше күшті адамдар болған, оны әріден ұйықтап жатқан «Жеке батыр» және Адақ бейнесінен, беріден Балуан Шолақ, Қажымұқан бейнелері арқылы көріп отырмыз.
Оқушылар, поэманың «Бүркіт пен аққу, мерген» бөлімінде ақын Адақ батыр бітіміне тағы назар аудартады. қараңыздаршы, «Бұлтиған бұлшық етті құрыш білек, жиырылып ырғалтады күшін білеп» сөздеріне үңіле білуіміз керек.
Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы (Қалмақ қызы мен Адақ образы. Ақынның портрет жасау шеберлігі) жүктеу
17 870
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы
Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы
Поэмаға талдау жасай отырып, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы жайында игерген білімдерін тереңдету, поэманың идеясын, мақсатын ұғындыру.
Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасындағы кейіпкерлер бейнесі
Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасындағы кейіпкерлер бейнесі
Батыр Баян поэмасымен терең таныса отырып, шығармадағы Абылай, Баян, Ноян, қалмақ қызы бейнелерін ашу, кейіпкерлер сипатын сан қырынан талдай отырып, баға беру;
Абай Құнанбаев «Ескендір» поэмасы
Абай Құнанбаев «Ескендір» поэмасы
Көркем туындыны түсініп, мәнерлеп оқуға және идеялық - тақырыптық негізін, ой астарын түсінуге үйрету, поэманың тереңіне бойлату, ақынның образ жасау шеберлігін ұғындыру.
Сәкен Сейфуллин – ақиық ақын
Сәкен Сейфуллин – ақиық ақын
Астана қаласы, «№3 мектеп - гимназиясы» КММ қазақ тілі мұғалімі Сокпакбаева Замзагүл Абылмашевна
Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян»поэмасын талдау
Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян»поэмасын талдау
Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Сарыарқа ауылы «Сарыарқа жалпы білім беретін орта мектеп»КММ Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Рахимжанова Нязила Салимтаевна
Сәкен Сейфуллиннің "Көкшетау" поэмасы
Сәкен Сейфуллиннің "Көкшетау" поэмасы
Сабақтың мақсаты: 1. Оқушыларды ақынның өмірімен таныстыру. Өлеңдерін жатқа айтқызу.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×