Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Әке мен ер есімі – егіз

11 желтоқсан 2014, Бейсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Тәрбие сабағының тақырыбы: Әке мен ер есімі – егіз
Мақсаты: оқушылардың бойында ата - анаға деген ерекше жылы сезім қалыптастыру, ата - ананың бала өміріндегі ролін түсіндіру, ата - ананы құрметтей, сыйлай білуге тәрбиелеу.
Сабақтың әдісі: ой қозғау, жағдаяттарды талдау.
Көрнекілігі: интерактивті тақтада слайдтар, қима қағаздар, т. б.

Мұғалімнің кіріспе сөзі.
Халқымыз «Жақсы әкенің даналығы балаға мың жылдық азық», «Әкеге бағыну – Тәңірге бағыну» деп әкені дәріптеген. Ендеше бүгінгі тәрбие сағатымыз баланың әкесін ардақ тұтып, өзінің перзенттік парызын бір сәтке де есінен шығармауына арналады.
Топтастыру стратегиясы.
– Әке сен үшін кім? Әкенің отбасындағы, қоғамдағы ролі қандай? (Барлық оқушы бір - бірден жауап береді).
Әке – отбасының қамын ойлайтын тірегі, жауапкершілікті биік ұстайтын, бір сөзді, қатал, еңбекқор, табанды, парасатты, жүректі, батыр, сонымен қатар мейірімді, кешірімді, жұмсақ, қамқоршы, ақылшы, қиыншылықты жеңе білуге үйретуші т. б.
– Әке туралы қандай өлеңдерді білесіңдер?
– «Әке» сөзіне лайық болу үшін адам қандай болуы керек?
Сендердің мына жағдаяттарға қатысты пікірлеріңді білгім келеді.

1. Ертеде бір үлкейген қарт кісі сырқаттанып жатса, жалғыз ұлы келіп:
– Әке, мен сені айшылық жердегі аты шыққан тәуіпке апарып емдетемін, – деп әкесін арқасына салып, жолға шығыпты. Олар ұзақ жүріп, қас қарайған кезде, әкесі баласынан:
– Балам, анау не? – деп сұрапты.
Сонда баласы: – Ол – ай, – деп жауап беріпті.
Сәл жүргеннен кейін әкесі әлгі нәрсені тағы сұрапты. Әкесі үшінші рет сұрағанда, әкесінің ауыр салмағы арқасына батып, әрең келе жатқан баласы:
– Ай ғой, ай! Неге сұрай бересің? Өзім шаршап, әрең келе жатырмын, – деп айқайлапты.
Сонда әкесі: – Сен мені жерге түсіре ғой. Сен кішкене кезіңде мен ауыр тірліктен қаншалықты шаршап келіп отырсам да, сенің «анау не?» деп күніне жүз рет сұрайтын сұрағыңа беті қайтпасын деп жауап беретінмін. Ал, сен менің бір еркелігімді көтере алмадың. Сенен ауыр сөз естігенше, қарттықтан дүниеден озғаным артық, – депті.

Енді сендердің саналарыңа мынандай сұрақ келуі мүмкін:
– Шаршап келе жатқанда әкеге қатты сөйлегенде тұрған не бар?
Ой түйіндеп, ойларыңды ортаға салыңдар.

2. Бірде бір жігіт пайғамбарымызға мынадай өтінішпен келіпті:
Әкем қартайғанның салдарынан жайсыз болып кетті. Үйіме келіп, қолына не ілінсе, соны алып кете береді, – депті. Мұны естіген Расулалла баланың әкесін өзінің құзырына шақыртты. Алдына келген қарияның үстіндегі киімі әбден тозған, өзі бейшара халге түскен екен.
– Ұлыңның сөзі рас па? – деп одан сұрайды.
Ол: – Иә, дұрыс. Мен ұлымды бақтым, қақтым, өсірдім. Азамат болсын деп жалғыз өзім тәрбиеледім. Анасы ерте дүние салған еді. Өзім жемегенді ұлыма жегіздім, өзім кимегенді ұлыма кигіздім. Қартайған кезімде бағады ғой деген зор үмітім де болған. Бірақ ұлым анасыз өскеннен бе, мейірім - шапағаты жоқ болып шықты. Маған қарайламайды, сондықтан өз күнімді өзім амалдап жүрмін. Ұлымның үйіне бара қалсам, қолыма ілінген затты ала кетемін. Ол затты сатып, ақшасына тамақ жеп күнелтемін...

– Егер сен би болсаң, мұндай жағдайда қандай шешім шығарар едің?
– Ата - ана алдындағы бала парызы дегенді қалай түсінесіңдер?
– Мінезіне, іс - әрекетіне қарай әкені сыйламау дұрыс па?

Эссе.
Әке деген – ұлы есім! Болашақта бәріміз әке боламыз. Егер сен әке болсаң, қандай әке болар едің?

Қорытынды.
Әке қашан да әке. Ол сені дүниеге әкелді. Сондықтан өзіміздің перзенттік парызымызды ешқашан ұмытпайық.
5 748
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Ата көрген оқ жонар
Ата көрген оқ жонар
Бала тәрбиесіндегі ата - ананың алатын орнының ерекше екендігін түсіндіру. Жанұядағы ата - ана және бала арасындағы қарым - қатынасты нығайту. Ата - анаға деген бала махаббатын ояту. Мектеп, ұстаз, ата - ана бірлігін нығайту.
Әке көрген оқ жонар атты тәрбие сағаты
Әке көрген оқ жонар атты тәрбие сағаты
Жанұядағы әке мен бала арасындағы қарым - қатынасты нығайту. Ұлттық салт - дәстүрімізге байланысты әке орнының ерекше екендігін ұғындыру. Әкеге деген бала махаббатын ояту.
Қазақ отбасы
Қазақ отбасы
Чаукерова Айнаш Айтахметқызы
Сыйынар ем ана деген тәңірге!
Сыйынар ем ана деген тәңірге!
Сарсенова Мейрамгул Арыстановна Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ақкемер орта мектебі Мұғалімдердің «Шамшырақ» ғылыми - әдістемелік қоғамы «Талапкер» жас ұстаз мектебі
Ата-ананы қадірлеу – парыз
Ата-ананы қадірлеу – парыз
Мақсаты: оқушылардың бойында ата-анаға деген ерекше жылы сезім қалыптастыру, ата-ананың бала өміріндегі ролін түсіндіру, ата-ананы құрметтей, сыйлай білуге тәрбиелеу.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×