Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Қазақтың дәстүрлі үй кәсіпшілігі мен қолөнері

17 желтоқсан 2012, Дүйсенбі
Категориясы: Технология
Қызылорда қаласы
№197 қазақ орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі:
Альжанова Роза Зейнуллаевна

Сабақтық тақырыбы: Қазақтың дәстүрлі үй кәсіпшілігі мен қолөнері
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: оқушыларға қазақтың дәстүрлі үй кәсіпшілігімен қолөнері туралы толық мағлұмат беру
Дамытушылық: теориялық білімдерін сарамандық жұмыста пайдалана білу, оқушыларды өз бетінше ізденуге дағдыландыру, олардың ой-өрісін дамыту;
Тәрбиелік: оқушыларды осы өнер түрімен қызықтыру, ұқыптылыққа, еңбексүйгіштікке, сұлулықты қабылдау сезімін ояту, эстетикалық талғамдылыққа тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: аралас
Сабақтың әдісі: түсіндіру, сұрақ-жауап, өз бетінше сарамандық жұмыс.
Сабақтық көрнекілігі: Дайын сурет түрлері.
Пәнаралық байланыс: сызу, бейнелеу өнері, тарих.

I. Ұйымдастыру кезеңі:
• Оқушылармен сәлемдесемін;
• Оқушыларды түгендеймін;
• Оқушылардың құрал – жабдықтарын түгендеу;
• Оқушылардың зейіндерін сабаққа аударту.
II. Үй тапсырмасын тексеру.
Өткен тақырыпты қайталай отырып, оқушыларға тақырып бойынша сұрақтар қою.

III. Жаңа сабақ.
Қазақ қоғамындағы өндірістің тағы бір түрі — үй кәсіпшілігі. Үй кәсіпшілігінің негізгі қызметі шаруашылықты қажетті құрал-жабдықтармен, тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз ету. Қазақ қоғамының шаруашылығы мен кәсіпшілігі, негізінен, табиғи болды. Яғни, шаруашылықтан алынатын өнім де, кәсіпшілік арқылы өндірілетін құрал-сайман, тұрмыс жабдығы, қолөнер туындылары да, негізінен, қауымның өз қажеті үшін шығарылды. Сондықтан да Қазақстан Ресей құрамында капиталистік қарым-қатынасқа, тауарлы өндіріс жүйесіне кіргенге дейін қазақ қауымының шаруашылығы табиғи болды, ал кәсіпшілігі үлкен өндірістік, тауарлық мақсатқа құрылмай, негізінен, ауыл-үй, қауымдастар сұранысын өтеуге бағытталды. Кәсіпшіліктің бұл деңгейдегі түрі үй кәсіпшілігі деп аталды. Қазақ ұсталарының, зергерлерінің қолынан шыққан заттар ешбір елдің өндірістік деңгейде ұйымдастырылған қолөнер заттарынан кем болмаған. Көшпелі тұрмысқа ыңғайланып жасалған түркі-монғол халықтарының, қазақтың киіз үйі өзінің сәулеттік, құрылымдық, ішкі-сыртқы жабдықтары жағынан адамзат баласы ақыл-ойының, өнерінің ең бір шырқау шегі болып табылады.

Жүннен жасалатын бұйымдар
Түлкі жүні
Малдың жүні қазақ тұрмысында кеңінен қолданылды. Оның ішінде қой және түйе жүндері ерекше орын алды.
Киіз басу
Киіз басуға қойдың күзде қырқып алынған күзем жүнін пайдаланған. Алдымен, киізге арналған жүнді тазалайды. Ол үшін жүнді тулаққа салып, сабау ағашпен тулақтың жан-жағынан отырып алып сабаған. Сонда жүн шаң-тозаңнан, шөп-шаламнан арылады және ұйысы жазылады. Тулақ дегеніміз — сиырдың иленбеген, керіп кептірген қатты терісі. Ал сабауды бұтақсыз түзу талдан, жыңғылдан, тобылғыдан жасаған. Жүн сабау, әдетте, ойын-сауықпен өтеді. Жүн сабалып болған соң «тулақ шашу» деген ырым жасалады.
Қазақта оюлы киізді текемет, сырмақ деп екіге бөледі. Текеметтің жай киізден айырмашылығы бір түсті (ақ немесе қара) жүнді шиге төсеген соң бетіне бояған жүннен ою салады.
Қазақ киізді үйдің жабулары үшін, жерге салу үшін, тұсқа ілуі үшін жасаған. Тұсқа ілінетін өрнектеліп жұқалау қылып жасалған киізді түскиіз деп атаған. Киізден бұдан басқа да тұрмыстық заттар киіз кебенек, киіз қалпақ, байпақ, кесеқап, шәйнекқап, кірқап, сандыққап, жер жастық, асмалдық (түйенің жабуы), тоқым, жабу, т.б. істеген.

Кілем тоқу
Қазақ әйелдерінің қолөнерінің бір түрі — кілем тоқу. Кілемнің екі түрі — түкті кілем және тақыр кілем болады. Түкті кілем көбінесе оңтүстік аймақтарда таралса, солтүстік өңір, негізінен, тақыр кілем тоқыған.

Ши, өрмек тоқу
Қазақта ерте заманнан-ақ ши тоқу өнері қалыптасқан. Шиді кереге сыртына тұту үшін, үйдің аяқ-табақ, саба тұратын бөлігін қоршап қою үшін, киіз үйдің есігіне ұстау үшін және төсеніш ретінде киіздің астына да төсеген, киіз басу үшін де, құрт жаю үшін де пайдаланған. Тұтылатын шиге боялған жүн орап, өрнектеп безендірген. Мұны «шым ши» деп атаған. Қазақтың үй кәсіпшілігінде өрмек тоқу кең таралған. Өрмек арқылы бау-басқұрлар, алаша тоқылады.

Арқан, жіп, баулар, негізінен, түтіп, шүйкелеп, есіп, бұрау арқылы, кейде жіптен өру, тоқу тәсілдерімен жасалады. Бұл заттарға көбіне шет-пұшпақ өлі жүндер, жабағы жүн, жылқы қылы, түйе жүні пайдаланылады. Арқан, жіп есілу тәсіліне қарай екі түрге бөлінеді. Есіп жасалатын жіптер — арқан, желі, ноқта, құрықбау, бұйда, шылбыр, тізгін, т.б. Тоқып және өріп жасалатын жіптер — басқұр, таңғыш, туырлық бау, жел бау, тең таңғыш, құр жіп, құлын ноқта, нар ноқта, т.б.
Арқанның түрлері - арқан, қосақ арқан, сүйретпе арқан, жел арқан, тарту арқан, матау арқан, aт арқан, белдеу арқан, шом арқан, қом арқан, тең арқан, желі арқан.

Тері өңдеу
Мал терісі қазақ тұрмысында өте кең қолданылған шикізат. Әрбір іске әр түрлі терілер пайдаланылған. Шеберлер оның әрқайсысына өзінше атау берген. Мысалы, қара мал терілерін сиыр терісі, өгіз терісі, тайынша терісі, бұзау терісі деп төртке бөлген. Әр терінің өн бойындағы жекелеген бөліктерінің де атауы болған — жондық, қабырғалық, үйек бас тері, пұшпақ, мойын терілері. Жылқы терісін — бие терісі, жабағы және құлын терісі деп үшке бөлген. Түйе терісін атан терісі, бота терісі деп екіге бөлген. Атан терісі, өгіз терісі және олардың жондықтары қазақ қолөнерінде өте кең қолданылған.

Тері илеу
Қазақ теріні көбіне илеп пайдаланған. Иленбеген ірі қара малдың терісін шылғи тері, шылғи қайыс деп атаған. Иленбеген жүнді терілерден тулақ, тайтері, бөстек, тұлып, қауға, мес, дорба, шарқай, т.б. заттар жасаған. Мал терісін малма әдісімен илеген. Малма дегеніміз — үлкен ыдысқа ашытқы ашытып, теріні соған салып илеу. Боялған терілерден әсем киім, тұрмыста тұтынатын әдемі заттар жасалады.

Темір ұсталығы
Қазақ ұсталары темірді, қалайыны, қорғасынды, алтынды, күмісті балқытуды білді, қалайы мен жезден, алтын мен күмістен қоспа жасай алды. Металл қасиеттерін жақсы білген қазақ ұсталары олардан құю, соғу, таптау, қақтау жолымен, басып өрнек түсіру, зер салу, қаралау, безендіру (гравировка) арқылы түрлі қару-жарақ, құрал-сайман, әшекей заттар жасады.

Зергерлік бұйым
Білезік, сырға, сақина, шолпы, т.б. әшекей заттарды жасаушы, алтын, күміс, мысты жаратушы темір ұсталарын зергер деп атаған.
Шолпы
Қазақ темір ұсталарының шеберханасы дүкен деп аталды. Ұсталық, зергерлік өнердің негізгі құралдары —көрік, төс, үлкен, кіші балғалар, қышқаш, тістеуік (кемпірауыз), кескіш, тескіш, т.б.
Көмейдегі отты қоздырып, оның температурасын көтеру үшін оған астынан жел үрлеуге көрік пайдаланылады.Көрік бет ағаш, орта ағаш, ортаңғы ағаштан тұрады. Беттескен көрік ағаштарын түтіктен басқа жерінен жел шықпайтындай етіп терімен қаптайды. Көрікке түйенің мойын терісін, серке, қой терісін илеп пайдаланады. Беткі ағашқа орнатылған таяқшамен көрікті басқанда жанған шоққа ауа үрленеді. Төс — қыздырылған темірді үстіне қойып соғуға арналған төртбұрышты шомбал темір. Оның бір жақ басы сүйір болады. Төс дөңбек ағашқа орнатылады. Қышқаш — қызған темірді отқа тосып, оттан алып, содан соң төске ұстауға арналған ұзын сапты имек басты (құс тұмсық) қысқыш құрал. Бұл негізгі құралдармен қоса зергерлер сым тартқыш, іскенже, жыланкөз, жорға біз, т.б. пайдаланған.

Қазақ темір ұсталарының шеберханасы дүкен деп аталды. Ұсталық, зергерлік өнердің негізгі құралдары —көрік, төс, үлкен, кіші балғалар, қышқаш, тістеуік (кемпірауыз), кескіш, тескіш, т.б.
Көмейдегі отты қоздырып, оның температурасын көтеру үшін оған астынан жел үрлеуге көрік пайдаланылады.Көрік бет ағаш, орта ағаш, ортаңғы ағаштан тұрады. Беттескен көрік ағаштарын түтіктен басқа жерінен жел шықпайтындай етіп терімен қаптайды. Көрікке түйенің мойын терісін, серке, қой терісін илеп пайдаланады. Беткі ағашқа орнатылған таяқшамен көрікті басқанда жанған шоққа ауа үрленеді. Төс — қыздырылған темірді үстіне қойып соғуға арналған төртбұрышты шомбал темір. Оның бір жақ басы сүйір болады. Төс дөңбек ағашқа орнатылады. Қышқаш — қызған темірді отқа тосып, оттан алып, содан соң төске ұстауға арналған ұзын сапты имек басты (құс тұмсық) қысқыш құрал. Бұл негізгі құралдармен қоса зергерлер сым тартқыш, іскенже, жыланкөз, жорға біз, т.б. пайдаланған.

Қазақ темір ұстасының Қазақ ұсталары дүкенін, көрігін қастерлеп, дүкен жын-шайтан жоламайтын қасиетті орын деп қараған. қылыш, қанжар, найза ұшы, айбалта сияқты қару-жарақ, күрек, кетпен, шалғы, орақ, соқаның тісін, ауыздық, үзеңгі, шідер, таға, пышақ, бәкі сияқты құрал-саймандар, ал зергерлер білезік, сырға, сақина, шолпы, ер-тұрман әшекейлерін, т.б. жасаған.

Ағаш ұсталығы
Сандық
Қазақ тұрмысында ертеден-ақ ағаш ұсталығы жақсы дамыған. Ағаш ұсталары киіз үйдің сүйегін, арба, қайқыбас төсек, кебеже, жүкаяқ, сандық, үстел жасаған. Ер қосатын ершілер де ағаш ұстасы болып саналады. Сонымен қатар ағаш шеберлері тұрмысқа қажетті астау, ағаш табақ, тегене, ожау, ағаш шелек, көнек, піспек, күбі, саптыаяқ, т.б. заттар жасаған.
Ағаш ұсталығына пайдаланылатын негізгі құралдар: балта, шот, балға, қашау, үскі, бұрғы.
Қазақ ағаш өнерінің ең бір кең тараған түрі — ершілік өнері. Ерге қайың, үйеңкі, қара мойыл сияқты мықты ағаштарды таңдаған. Бұл ағаштардың түбірі (томары) қатты болады. Ерге арналып қиылған ағаш мұқият кептіріледі. Қазақ ері, әдетте, бес бөліктен тұрады алдыңғы қасы, артқы қасы, екі қаптал ағаштары және белдік ағашы (бел ағаш)

Сабақты қорытындылау
Оқушылар бүгін біз Қазақтың дәстүрлі үй кәсіпшілігі мен қолөнері туралы толық мағлұмат алдық. Сонымен
• Сандық дегеніміз не?
• Шолпы неше түрге бөлінеді?
• Зергерлік бұйымдарды атаңдар?
• Кілемде қандай суреттер басым?
• Кілемнің неше түрі бар?
VI. Оқушы білімін бағалау.
VII. Үй тапсырмасы. Оқып келу.
25 735
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Бисерден бұйымдар жасау технологиясы
Бисерден бұйымдар жасау технологиясы
Қызылорда қаласы, №197 қазақ орта мектебінің технология пәні мұғалімі: Альжанова Роза Зейнуллаевна
Жүннен жасалатын бұйымдар
Жүннен жасалатын бұйымдар
Қызылорда қаласы №197 қазақ орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі: Альжанова Роза Зейнуллаевна
Кілем тоқу
Кілем тоқу
Қызылорда қаласы, №197 қазақ орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі: Альжанова Роза Зейнуллаевна
Тоқу өнері
Тоқу өнері
Қызылорда қаласы, №197 қазақ орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі: Әлжанова Роза Зейнуллақызы Сабақтық тақырыбы: Тоқу өнері. Сабақтың мақсаты: Білімділік: оқушыларға тоқу өнері туралы толық мағлұмат беру; Дамытушылық: теориялық білімдерін
Матаны пішуге дайындау жұмыстары.
Матаны пішуге дайындау жұмыстары.
Қызылорда қаласы, №197 қазақ орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі: Әлжанова Роза Зейнуллақызы Сабақтық тақырыбы: Матаны пішуге дайындау жұмыстары. Сабақтың мақсаты: Білімділік: оқушыларға мата туралы толық мағлұмат беру, мата пішудің әдіс –
Құрақ құрау технологиясы.
Құрақ құрау технологиясы.
Қызылорда қаласы, №197 қазақ орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі: Әлжанова Роза Зейнуллақызы Сабақтық тақырыбы: Құрақ құрау технологиясы. Сабақтың мақсаты: Білімділік: оқушыларға құрақ құрау түрлерін, әдіс – тәсілдерін және құрастырып тігуді
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×