Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Алтай тауларының маржаны

28 шілде 2015, Сейсенбі
Категориясы: Ұстаздарға
ШҚО, Үржар ауданы, Жанай ауылы,
"Жанай орта мектеп» КММ география - биология пәндері мұғалімі
Агимбекова Базаргүл Алтынбекқызы

Мақаланы жазғандар: Бақытбек Жаманбаев отставкадағы полиция полковнигі, табиғат жанашыры.
Сайлау Төлеуов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Алтай тауларының маржаны
Марқакөлде неге туристік сала дамымай отыр?
«Туризм үшін инфрақұрылым – жеке бағыт. Оның басты басымдығы жұмыс орындары санын көптеп құру мүмкіндігі болып табылады. Мұнда бір жұмыс орнын құру өнеркәсіпке қарағанда 10 есе арзанға түседі». Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында осылай деген болатын.

XX ғасырдың басында атағы әлемге мәлім жиhанкез, натуралист, Алтайдың бірден - бір білгірі Н.И.Яблонский былай деп жазыпты: « Оңтүстік Алтай тауларындағы осы бір үлкен көлдің таңғажайып сұлулығын бір ғана сәт есіме алсам болды, әр жолы мені еріксізден – еріксіз әлемнің осы бір ғажап бұрышына, жер бетінің осы бір жұмағына қайта - қайта тарта береді. Мен өмірімде аяқ баспаған жерім жоқ, бірақ бұдан асқан әсем жер, бұдан асқан таудағы көлді ешқандай жерден ешуақытта кездестірмеппін. Өмірімнің Оңтүстік Алтайда өткен кезеңінде мен Марқакөлде бірнеше мәрте болдым. Бүкіл дүниені ұмытып сүйсіне қараушы едім, тояттамаушы едім, әрі ол жерден үйге кері қайтқым келмеуші еді» (1907жыл).

Марқакөл өңірі жағрапиялық орналасуы бойынша шөлейтті жер, субальпі, альпі тау алды жазығы, мәңгі тоң басқан өңір болып 5 аймаққа бөлінеді. Осы 5 аймақтың тұла бойында Жер шарындағы өсіп - өнетін өсімдіктер, дәнді дақылдар барлық ағаштардың түрі, балық, жануарлардың он шақты түрлері бар. Қойнауында алтын, қола, күміс, көмір, мұнай мырыш көптеген кендердің мол қоры тұнып тұр. Заманында екінші Швейцария атанған, ботаның көзіндей сұлуМарқакөлі теңіз деңгейінен 1500 - 2000метр биіктіктен атқылап ағып жатқан Қалжырының, Ақ Қаба, Арасан Қаба, Жаман Қаба, Қара Қаба өзендерінің жөні бөлек.
Көл жағалауын қарағай, самырсын, шырша, қайың өскен орманды алқап алып жатыр. Мұнда зоопланктондардың 60 түрі кездессе, құстардың ондаған түрі мекендейді. Көл төбесінен төнген күмбез тәрізді Азутауда алтын тамыр, марал тамыры, ондаған дәрілік өсімдіктер көптеп өседі.
Мұхит сынды Марқакөл Алтайдағы,
Жамалынан әлі күн әр таймады.
Тыныс алып таулардың жантайғаны.
Сәуле түссе, жүзінің өзі Күндей,
Суы мөлдір жастықтың сезіміндей.
Келіншектей қырдағы көркі, бірақ,
Сұлулығын жүретін өзі білмей.
Көкорайда шық тұнар, шаң шашылмай,
Сүйеді ағын жағаның жартасын жай.
Тау қоршаған Марқакөл түркілердің
Сұлулары тағатын алқасындай,- деп қазақтың аяулы ақын қызы Фариза апамыз жырлаған осы ғажап Марқакөл табиғаты адамдар тарапынан зардап шегіп отыр. Неге дейсіз ғой?

Алдыңғы жылдың жазында Қытаймен шекаралас Марқакөл өңірінде шекара отрядының жауынгерлері мемлекеттік шекараны бұзған Қытай елінің 12 азаматын қолға түсірді. Мұңлықов бастаған күзет тобы елдің аумағына өтіп кетіп, дәрілік өсімдік жинап жүрген 4 азаматты ұстайды. Шекара күзеті күшейтіледі. Қытайлар өз әкесінің үйінде жүргендей сезінген. Олар қарсылық көрсеткен. Сөйтіп оларды комендатураға әкеліп қамайды.

Жоғарғы ақпарлардан кейін, марқакөлдіктердің тіршілігіне аз - кем тоқталайық. Марқакөл ауданының таратылуы нәтижесінде айтулы өңір, әсіресе көл маңайындағы таудағы елді мекендер мемлекеттік құзырлы органдар шоғырланған аудан орталығынан алыс қалды. Жолдар бұзылған. Қара жолмен жүру халыққа қолайсыздық тудырады. Қыстағы ауа райы 30 - 40 градус суықта жолдың нашарлығынан қатынас та болмай қалады. Көлге тақау жатқан ауыл адамдарының тіршілік көздері негізінен күз, қыс айларында балық аулап сатумен, көктем кезінде балық уылдырық шашатын кезде көлге құятын өзен - бұлақтарда заңсыз балық ұстап, уылдырығын жинап сату, соңғы жылдары жаз және күзде тауларда Қызыл кітапқа енген өсімдіктердің тамырын қазып, емдік қасиеті қуатты құрттарды жинап сатумен байланысты.

Көлдің «Марқакөл мемлекеттік қорығының» құрамында екенін, қорық заңнама талаптары бойынша көлден әуесқойлық балық аулауға тек көл жағалауларында орналасқан Ұранхай, Матабай, Қарағайлы – бұлақ атты үш елді мекеннің тұрғындарына ғана, кісі басына 5 келіге дейін аулауға рұқсат берілетінін, ал уылдырық шашу кезінде мүлдем тиым салынатынын ескерсек, ауыл тұрғындарының негізгі тіршілік көздерінің заңсыз әрекет екенін түсінерсіз.

Табиғат қорғау заңдарын бұзумен қазып алып, жиналатын емдік қасиеті бар құрттарды көрші Қытайға жасырын заңсыз тасымалдайтын контрабандалық топтардың жергілікті өкілдері сатып алады. Ең қауіптісі - осы заңсыз әрекеттердің мәжбүрлік тіршілік көзінен жекелеген топтардың, азаматтардың заңсыз баю көзіне айналып бара жатқаны. Соңғы жылдары өңірде, жастар арасынан осы бағалы балықты уылдырықты, құртты заңсыз баю көздеріне айналдыру ниетімен әртүрлі деңгейде ұйымдасқан топтар құрылып жатқаны да белгілі жайт. Балықты көлден қытай торларымен аулау әрекеттері де өршіп тұр. Заңсыз әрекеттерін бөгетсіз іске асыру мақсатында бұл топтар өз қатарларына ішінара мемлекеттік қорық қызметкерлерін де тартуда. Сыбайлас жемқорлық та осыдан туындап жатыр. Осының бәрінен табиғатқа қиянат жасалуда.

Одан кейін, соңғы он - он бес жылдарда пайда болған табыс көздерінің бірі - көлге келген саяхатшыларға, балық аулау үшін келген туристерге жалға жатар орын, үй ұсыну және оларды қыстың күндері ат - шанамен ақысына көлге тасымалдау, ал мұз қатқанға дейін қайық ұсыну. Әрине, бұл да еш жүйесіз, мемлекет тарапынан реттелмей, қолдауын таппай, әркімнің өз бетінше жасап жатқан туристік саладағы тіршілік әрекеттері.

Ал жалпыға тән сипат алып бара жатқан табиғатқа қауіпті үрдісті тоқтатып, түпкілікті жою үшін мұның негізгі себептерін жою керек.
Туристерді тартудың тағы бір жолы, ол бұл өлкенің әлем жұртшылығын қызықтыратын басты ерекшеліктерінің бірі көрікті де киелі Алтай тауларында екенін ескеріп, халықаралық «Алтай - біздің ортақ үйіміз», « Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі», т. с. с. бағдарламалардың аясында да нақты жобалар жасап, тарихи құндылықтарына да әлем халықтарының көңілін бұру. Марқакөл өңірінде де ашып зерттеуді талап ететін обалар, ескі тас жазулары сияқты тарихи ескерткіш орындары көп. Әрине, бұл жұмыстарға археологтарды, тарихшыларды, басқа салалардағы білікті мамандарды тарту қажет. Қазақтың белгілі ақыны Ұлықбек Есдәулетовтің кейбірде «Біз Шығысты түркі өркениетінің бесігі деп жиі айтамыз. Ендеше, Ертістің Зайсанға құяр тұсында Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін бабаларымыздың алып ескерткіштерін неге орнатпасқа?! Өйткені, бізге жеткен тарих бойынша Қара Ертіс сол түркі қағандарының туған жері», дегені бар еді. Жоғарыда көрсетілген бағдарламалар мемлекет тарапынан қаражат шығынын талап ететіні де белгілі. Бірақ, бағдарлама іске асып жатса, біріншіден, орталықтан шалғайда, Қытаймен жақын шекарада жатқан осы таулы өлкедегі жергілікті халықтың әлеуметтік экономикалық мәселесі оңтайлы шешілуіне көп әсер тиетініне күмән болмаса керек. Себебі, туризмнің көп салалы, соған сәйкес жергілікті тұрғындардың қатысуын көп талап ететін табысты кәсіп көзі екені дау тудырмайды.

Екіншіден, халыққа заңды да мардымды табыс көзін тауып бере отырып, халықтың табиғат байлығын заңды түрде залалсыз пайдалану мүмкіндігіне көзін жеткізіп, бағдарламаны іске асыруға қатысуға ынталандырып, табиғатқа қиянат жасау райынан қайтаруға әсерін тигізетіні сөзсіз.
Үшіншіден, заңды туризм негізінде жеке бағдарлама қабылданып, жүзеге асырылса, өлкеде осы саладағы бизнеске жол ашылып, жаңадан қаншама жұмыс орындары ашылып, жеке кәсіпкерлік, шағын кәсіпорындар пайда болып, жұмыстар жүргізер еді. Осыған сәйкес, кеткен шығын салық, міндетті төлемдер, басқа да мемлекеттік лицензия, рұқсат құжаттардың заңды төлемдер түрінде республикалық бюджетке де, жергілікті бюджетке де, кеткен шығынның орны да толар еді.
Елбасы Н. Ә. Назарбаевтің 2014 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған
«Қолдауды экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуда аса үлкен мультипликативті тиімділік беретін салалар алуы тиіс» деген сөздері Марқакөлдегі туризмді дамытуға үндеп тұрғандай.
3 325
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Егемен Елдің Кемеңгер Басшысы
Егемен Елдің Кемеңгер Басшысы
Әр сөздің астарында осы арада, Ағайын ой жіберіп жете қара. Тәуелсіз Қазақстан тарихында Тұлғасы елбасының жеке дара.
Интеллектуалды сайыс
Интеллектуалды сайыс
ШҚО, Үржар ауданы, Жанай ауылы, "Жанай орта мектеп» КММ география - биология пәндері мұғалімі Агимбекова Базаргүл Алтынбекқызы
Шығыс Қазақстан
Шығыс Қазақстан
Шығыс Қазақстанның экономикалық - географиялық жағдайы туралы білім қалыптастыру, табиғат жағдайлары мен табиғат ресурстарының алуан түрлілігін көрсету, оларға баға беру, дағдыларын бекіту.
Алтай
Алтай
Павлодар облысы, Екібастұз қаласы, Солнечный поселкесі, №28 Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектептің тарих-география пәні мұғалімі Сманова Гүлназ Сантаевна
Алтай
Алтай
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, № 5 орта мектебінің география пәні мұғалімі Кенжебаева Қаламқас
Дәрілік өсімдіктер
Дәрілік өсімдіктер
№1 Теректі орта мектебінің 8 сынып оқушысы Әлеубаев Айдос Жетекшісі: Құмаш Табысбек
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×