Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Наурыз мейрамына арналған «Әз - Наурыз!» атты ертеңгілік

25 наурыз 2020, Сәрсенбі
Категориясы: Бастауыш сынып

Мұғалім: Армысыздар құрметті қонақтар! Құрметті ата - аналар, ұстаздар мен балалар!
Малдар төлдеп қой қоздап,
Сүттен бұлақ ағызған.
Жаңа жылдың сипаты,
Молшылыққа аңыз боп.
Басталыпты Наурыздан, -
демекші қазақ халқы жаңа жылды Наурыздан бастаған. Ұлыс күндеріңіз - Жаңа жыл құтты болсын!
Бүгінгі Наурыз мейрамына арналған «Әз - Наурыз!» атты ертеңгілігімізді бастауға рұқсат етіңіздер!
Әжемізді ортаға шақырайық (Алишердің әжесі - Гүлсім әже ортаға келеді) Әже шашу туралы сөзін айтады: Наурыз келсе, құт келгені халайық
Шашу шашып, ел боп қарсы алайық!
Ақ сандықты ашайық.
Бұл мереке бұл тойдың
Шашуларын шашайық!
Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!(Әжесі шашу шашады.)
Мұғалім:— Балалар, міне Наурыз да келіп жетті. 22 наурыз жыл басы. Наурыз үлкен мейрам.
Көптен күткен Наурыз тойы арайлы,
Нұрға бөлеп міне жатыр маңайды!
Мал біткеннің бал татыған уызы,
Қуат болып қанымызға тарайды.
Төрт түлік мал халқымыздың сүйері,
Көңілімнің күмбірлеген күйі еді.
«Аман ба» деп мал жаның?
Бірін - бірі құшақтасып сүйеді - дегендей, бәріміз тұрып бір - бірімізді құшақтап, бір - бірімізге жақсы тілектер айтып, Наурыз мейрамымен құттықтайық! (Наурыз – Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Жаңа жыл бақ, береке, молшылық әкелсін!)
ІІ. Әңгімелеу
Мұғалім: Наурыз шығыс күнтізбесінде жаңа жыл басы деп саналады. 21 - 22 наурызда күн мен түн теңеледі. Наурыз деген сөздің өзі «нау» - жаңа, «руз»- күн деген сөздерден алынып, жаңа жыл деген ұғымды білдіреді. Адамдар Наурызға дайындалады. Олар үй, арық, аула, көшені тазалайды.
Ағаш, гүл егеді. Адамдар үйлерінде дастархан жаяды. Ән шырқап, би билеп, ойын ұйымдастырады.
— Наурыз — бақыттың бастамасы, ұлылықтың ұйытқысы, жақсының жаршысы, ынтымақтың белгі - сі, өмірге нұр сыйлаған, сезімге гүл сыйлаған халық қастерлейтін күн. Ендеше
- Келе жатыр жылымыз,
Мейрамдаймыз мұны біз.
Халқы сүйген мейрамды
Қарсы алайық Наурызды! – деп Ұлыстың ұлы - күні, Жана жыл - Наурызды қарсы алайық! - Наурыз қыз (Аяна): Салем, ата - аналар!
Айналайын, балалар!
Уақыт үдеп келдім мен,
Бақыт тілеп адамға.
Сайратамын бұлбұлды,
Жайнатамын гүл - гүлді
Жылғадан су ағызып,
Гүлдендірем әлемді.
(Наурыз қыз арнайы өзіне тағайындалған орнына отырып, тойды тамашалайды).
Мұғалім: Қыдыр ата тілерге жақсылығын,
Жас ұрпаққа жеткізер жақсы үнін.
Ұлыстың ұлы күні құтты болып,
Жаратқаным айырмасын жақсы күнін.
- Құрметті халайық, Қыдыр атамыз өзінің барлық ырыс, несібесін сыйлауға келе жатыр қарсы алайық! (Залға Қыдыр ата кіреді. Қыдыр ата (Алишердің атасы - Ғазиз ата):
- Уа халқым! Наурыз мейрамдарыңыз құтты болсын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Төрт түлігің түгел болып, бастарыңа бақ, береке қонсын!
ІІІ. Тақпақтар
Енді біздің кішкентай бүлдіршіндеріміз Наурыз мейрамына дайындаған тақпақтарын ұсынады.
Аружан: Қош келіпсің Наурыз!
Арман тойы халықтың.
Қуанышы баршаның,
Құтты болсын қадамың!
Нұрасыл: Наурыз тойы - береке,
Наурыз тойы - жыр аңыз.
Қызып дулы мереке
Қызық думан құрамыз.
Ақерке: Би биледік бәріміз!
Егін өңін толқытқан,
Елдің көңілін шалқытқан.
Бас иеміз - Наурызға!
Алишер: Сені тойлап қарсы алып,
Бар әлемге жар салып,
Сәлем бердік, біз сізге!
Мадина: Бата беріп атамыз,
Бата беріп апамыз,
Тәтті болып жасалған,
Наурыз дәмін татамыз.
Әділжан: Көктем келді бүгін,
Күнім төкті нұрын
Сайрап барлық құстар,
Ән салуға құштар.
Мұғалім: Көктемнің алғашқы күндерінен бастап жер бетіне қылтиып, бой көтеріп гүлдер өседі. Бұлар көктемнің алғашқы гүлдері деп аталады. Бұл бәйшешек, жауқазын, қызғалдақ. (интерактивті тақтамен жұмыс)
Құралай: Түрлі - түсті әйбат,
Гүлдер шықты жайнап.
Қызығып ылғи барамын,
Қырға шықты ойнап.
Нұрқожа: Сәнді көктем нұрымен,
Наурыз тойы жырымен,
Көңіл гүлдей жайнасын.
Али: Кіргізіп көркін даланың,
Бәйшешек қырда қаптады.
Қызығып ылғи барамын,
Үзуге бірақ батпадым.
Елдана: Күн мен түн теңеледі,
Жер шуаққа бөленеді,
Соны тойлар ел енді.
Ерасыл: Наурыз тойы — салтымыз,
«Көгерсін» — деп халқымыз,
Көшеге тал егеміз.
Мұғалім: Көктем — жыл мезгілінің әдемі бір кезеңі. Наурыз айында күн ұзарып, түн қысқарады. Күн көзінің шуағы молаяды. Қар еріп, жылғалардан су аға бастайды. Көктем – өте көңілді мезгіл. (интерактивті тақтадағы суреттерді көрсету)
Ақниет: Сансыз көкек сұңқылдап,
Көктем келді еркелеп.
Диас: Нәзік үнмен сыңқылдап,
Бұйра бұлақ еркелеп,
Көкте бұлттар күркіреп,
Жерге төкті өрмегін.
Балауса: Қар су болып жөнелді,
Қалды дала жалаңаш,
Күн нұрына кеңелді.
Төлеген: Келіп көктем құстары,
Бау - бақшада ән салды.
Оларды жас достары,
Ұя жасап қарсы алды.
Мұғалім: Көктемде табиғат сәнін келтіріп көптен күткен құстарымыз да туған жеріне оралады.(Интерактивті тақтадан слайдтар көрсетіледі)
Айдана: Көкке бояп өңірді,
Көктем келді көңілді.
Бау - бақшада, орманда,
Құстар әні төгілді.
Ануар: Дастарханда дәніміз,
Жайдарымыз бәріміз.
Жарасу бар, жаулық жоқ,
Қандай жақсы Наурыз!
Еркежан: Жылуы көп те, суығы аз,
Гүлі көп те, қары аз,
Сүті көп те, көмірі аз,
Болады бұл Наурыз.
Шыңғыс: Қарды ерітіп жылғасы,
Наурыз келді – жыл басы.
Шуақ төкті жарық күні,
Мейрамында халықтың.
Айым: Балалар - ау, балалар!
Шақырады далалар.
Көктем келді гүл алып,
Құстар келді жыр алып.
Бекзат: Қыс өтіп, қар кетіп,
Шырайлы күн жетіп,
Шаруаның кенелген
Мейрамы ежелден
Құтты болсын, бұл Наурыз!
Айсана: Бауырласқа тәнтіміз,
Бұзылмаған салтымыз.
Кең даламның ежелгі,
Қазақ деген халқымыз.
Өзге ұлттай біздің де
Бар дәстүр мен салтымыз.
Нұрқожа: Жыл басы - Наурыз, мереке!
Ақ нұрға әлем боянды
Наурыз тойы береке
Тіршілік жаңа оянды.
Елдана: Тәуелсіз биік халқымның желбіреп туы шалқысын,
Әз Наурыз келіп еліме, Жер – Ана бойы балқысын.
Жаңғырар дәстүр - салтымның, көсілсін бұлақ жалғасып,
Қастерлі менің халқымның, мерекесі - Наурыз, ол - жыл басы!
ІV. Жұмбақ — Ал енді балалар, жұмбақтар жасырайын. Жұмбақтардың шешуін табыңдар:
Дәмді - дәмді тағамдарды жинайды,
Қонақтарды көңілдене сыйлайды. (дастархан)
- Бұл не? Дұрыс айтасыңдар, балалар! Бұл дастархан.— Дастархан басында адамдар қалай отыруы керек, асқа қатысты тыйымдар мен ырымдар жайында біздің Жазира апайымыз таныстырып өтеді.
(Қазақ халқының тәрбие құралдарының бірі - тыйым сөздер. Бұл сөздер есі кірген балаларды жаман әдет, жат пиғыл, орынсыз қылық, теріс мінездерден сақтандырып отырған. Үлкеннің жолын кесу - әдепсіздіктің, асты төгу - ысыраптың белгісі деп танылған және ондай ерсі істерге қатаң тыйым салынған. Мұндай тыйым сөздер ел ішінде өте көп. Оның бәрін емес кейбірін айтып берейін)
Дастарханды, тамақты баспа.
Малды, ыдысты, тамақты теппе.
Суды сапырма,
Құранды, тамақты баспа.
Тұзды, күлді баспа.
Нанды жерге тастама, үстіне басқа затты қойма.
Ақты төкпе.
Пышақтың жүзін жалама.
Пышақты шалқасынан қойма.
Нанды бір қолыңмен үзбе.
Асты үрлеме, асты жамандама.
Тамақты сораптап ішпе.
Түрегеп тұрып тамақ ішпе.
Үлкеннен бұрын тамақ жеме.
Үлкеннен бұрын дастарханға отырма.
Асты қорлама.
Дастарханды, ыдысты, тамақты аттама.
Таңертеңгі асты тастама.
Орындықта аяғыңды айқастырып отырма.
Тамақты жатып ішуге болмайды. Дені сау адам дұрыс отырып тамақтанады. Ал отыра алмайтын адам жатып ішеді. Сондықтан мүгедек адамның қылығын жасама.
Ас үстінен аттама
Астан үлкен емессің
Әкесі отырғанда баласына бас тартылмайды.
Дастарханға бірінші нанды әкеліп қояды
Ас ішкен ыдысты төңкеріп қоюға болмайды
Ас ішіп болған соң «тойдым» деуге болмайды, «қанағат» деу керек.
Нанды төңкеріп қоюға болмайды.
Қонаққа сынық ыдыспен ас беруге болмайды.
Ас ішу кезінде ізет, сыйласым, инабаттылық рәсімдері сақталу керек.
V. Ұлттық тағам түрлері: Ал дастарханға қандай қазақтың ұлттық тағамдары қойылады?
Қазақтың ұлттық тағамдары,
Жасымнан жақын маған бәрі.
Теңермес ем оларға мен,
Ешбір асты ғаламдағы.
Наурыз молшылық пен береке айы, апаларымыздың дайындаған ұлттық тағам түрлерін таныстыруға Бақыт (Бекзаттың апасы) апамызға кезек берейік.
VІ. Наурыз көже. Мұғалім: - Уа жарандар, жарандар!
Бәрің бері қараңдар,
Сендер үшін жасалған.
Тоқсан түрлі тағам бар!
Қымыз бенен шұбат бар,
Шұбатта дәрі, қуат бар,
Іркіт пенен айран бар,
Айранды іш те, қайран қал.
Ірімшік пен құрт та бар,
Оны азсынсаң сықпаны ал.
Жеті түрлі дәм салған,
Көжеден дәм татыңдар! Наурыз көже туралы Гулнар апамыз (Мадинаның апасы) айтып кетеді. Наурыз көже таратылып, дәм татылады.
VІІ. Бата - тілек білдіру. Мұғалім: Қазақ халқының ежелгі салт - дәстүрінің бірі – бата - тілек білдіру. «Сөз арқылы жаратушыға жалынып, жалбарынып ықпал етуге болады деп түсінген ата - бабаларымыз. «Жаңбырменен жер көгереді, батамен ер көгереді», «Баталы құл арымас» — деген ой - пікірді уағыздап, кейінгі ұрпағына ықылас білдіріп, ақ ниетпен бата беріп, тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. Бата туралы Батима апаның әңгімесін тыңдайық.
- Рахмет!
Мұғалім: балалар бүгінгі мейрамда арнайы Қыдыр атамыздың батасын алайық. Ізгі ниет, «Ақ бата» беру үшін сөз кезегі Қыдыр атаға (Алишердің Ғазиз атасына) беріледі.
Армысыңдар, жамағат!
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын.
Қайда барсақ жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт – түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле – жала жерге енсін»
Ұлы халқым тоқ болсын»
Көйлектерің көк болсын!
Қайғы – уайым жоқ болсын!
Қуаныштарың көп болсын! (Әумин) Қыдыр ата батасын береді.
VІІ. Ұлттық салт - дәстүрлерімен таныстыру Мұғалім: Қазағымның салт – дәстүрі жаңғырған,
Тәлімді ой сынағы, тәрбие көзі қалдырған.
Салт – дәстүрді ардақтайық, ағайын,
Қазақ атты үлкен, кіші балдырған.
Жиналыппыз сәтті күні бәріміз,
Үлкен, кіші, жасымыз да, кәріміз.
– деп ендігі кезекті Наурыздағы салт – дәстүрлерге берсек.
Қазақ халқы қонақ күтуді де, қонақ болып қыдыруды да қызық көрген. Сондықтан қазақ халқының тойлары да көп болған. Соның біреуі бесікке салу. Бесікке салу тойына жиналғандар өлең айтып, әзіл – қалжың, ұлттық ойындарын ойнап көңіл көтерген. Бала он екі ай шамасында қаз тұрып, бір - екі аттап үстел жағалап жүреді. Осы кезде балаға арналған қазақ халқында «Тұсау кесер» тойы өткізіледі. Бесікке салу ырымын көрсетіп, түсіндіріп беретін Ғалия апамызға (Шыңғыстың апасы) сөз береміз.
VIІІ. Ұлттық ойын. Мұғалім: Наурыз мейрамында халық қуанып ұлттық ойын түрлерін ойнап көңіл көтерген. Соның ішінде «Көкпар», «Қыз қуу», «Арқан тарту», «Қыз бен жігіт айтысы» т. б ойындар. (интерактивті тақтадан көрсетіліп, түсіндіріледі). Енді «Қыз бен жігіт айтысына» кезек берейік. Бекзат пен Елдана ортаға шығып қыз бен жігіт айтысын көрсетеді.
Х. Жаңа жылды қарсы алу. Мұғалім: Жаз келер, қыстыгүні қысым кетіп,
Қар, суық, аяз, боран — бәрі кетіп.
Жаңа жыл келді, көктем келді ағайын!
Жадырайды, жаңғырады маңдайым.
Қасықтай қар, тобықтай тоң қалмайды,
Табиғат барша жанға рахым етіп.
Жетпекке үлкендікке жас балалар,
Жүгірер қырдан ойға дүбірлесіп.
Шал - кемпір күн шуақтап, көңілі жай,
Өткен күн, өмірін айтып күбірлесіп.
Бота, құлын, бұзау, лақ, қозы туып,
Қуанып ойнақтайды олар да өсіп.
— Балалар! Сендер білесіңдер ме? Наурыз мейрамы – жыл басы, яғни жаңа жыл. Ал Жаңа жылдың иесі кім екенің білесіңдер ме? Дұрыс қой! Ендеше, Жаңа жылдың иесі қойды қарсы алайық!
(Қой болып киініп Мадинаның мамасы Айнұр келеді):
- Мә - мә - мә, Мә - мә - мә! Жаңа жыл келдім,
Қалың қарды жіпсітіп, айналаны жайнатып...
Оян бәрің! Оян бәрің! Орындалсын көксеген ой - арманың!
Қой деген момақанмын, Ескер, халқым «қой жылы – молшылық пен береке» барын!
(қойды, яғни жаңа жылды құрметтеп қарсы алып, жоғары төрге шығарамыз)
Мұғалім: — Құрметті ата - аналар, мұғалімдер, қонақтар! Бүгінгі Наурыз мейрамына арналған кішігірім концертімізді тамашалаңыздар!
ХІ. Ән, би, өлең. Мұғалім: Ау, халайық, тұрмайық,
Әндетейік, жырлайық.
Ортамызды ашайық,
Думандатып би билеп.
Інжу маржан шашайық.
Бұрынғы бастауыш сыныпта меннен оқып, білім алған шәкірттерімнің бүгінгі мерекеге арнап әкелген өнерлерін көріп, тамашаланыздар.
1) 11 «Б» қыздарының орындауында -«Шашу» биі
2) 7 «Б» ұлдары мен қыздарының орындауында -«Орыс халық»биі
3) 5 «А» ұлдары мен қыздарының орындауында «Жорға» биін қабыл алыңыздар.
4) 1 «а» қыздары Аяна, Айдана, Ақниеттің орындауында ертегілер әні
5) 1 «а» ұлдарының орындауында «Жұмыр қылыш» биін тамашалаңыздар.
ХІІ. Қорытынды. Мұғалім: Наурыз құтты болсын!
Дендеріміз сау, мықты болсын!
Наурыз тойы келе берсін!
Барлық халық бақытты болсын,
Қош, сау болыңыздар, халайық!
Көріскенші күн жақсы болсын!
Осымен, құрметті қонақтар! Бүгінгі Наурыз мейрамына арналған ертенгілігіміз аяқталды. Назарларыңызға көп рахмет! Сау болыныздар!


Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласы,
«Горный жалпы білім беретін орта мектеп» КММ

9 121
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Қош келдің, Наурыз!
Қош келдің, Наурыз!
Балаларға ұлыстың ұлы күні туралы мағлұмат беру; Балаларды елін, Отанын сүюге, ұлттық салт - дәстүрін дәріптеуге тәрбиелеу;
Әз-Наурыз!
Әз-Наурыз!
Балаларға ұлыстың ұлы күні туралы мағлұмат беру; балаларды елін, Отанын сүюге, ұлттық салт - дәстүрді дәріптеуге тәрбиелеу; Имандылық, инабаттылық, ізеттілік қасиеттерін қалыптастыру.
Қош келдің Наурыз!
Қош келдің Наурыз!
Жамбыл облысы, Қордай ауданы. Бастауыш сынып ұстазы Серкебаева Макпал
Наурыз - жыл басы
Наурыз - жыл басы
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Жетібай ауылы №3 орта мектептің бастауыш пәні мұғалімі Танатарова Разия Нурымовна
Наурыз - Ұлыстың ұлы күні
Наурыз - Ұлыстың ұлы күні
Қызылорда қаласы, № 211 А. Байтұрсынов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Шамаханова Гүлфира Нұрсұлтанқызы
Қош келдің, әз - Наурыз!
Қош келдің, әз - Наурыз!
«Суықбұлақ орта мектебі» КММ Қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі Қиықбаева Бақыт Шәріпқанқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×