Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Ұлы даланың ұлы жаршысы

21 қараша 2017, Сейсенбі
М. Әуезовтың 120 жылдығына арналған әдеби кеш
«Ұлы даланың ұлы жаршысы»

1 – жүргізуші (Ерасыл): Ассалаумағалейкум, текті елімнің текті ұрпақтары!!!
2 - жүргізуші:(Аружан) Қош келдіңіздер, кешке жиналған көпшілік қауым!
1 – жүргізуші (Ерасыл): Биыл Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған «Ұлы даланың ұлы жаршысы» атты әдеби кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер!!!
2 - жүргізуші:(Аружан) Мұхтар Әуезовті қазақ халқының алып тұлғасы ретінде сипаттап, өлең жолдарымен өрнек өрген Қадыр Мырза Әли ағамыз Мұхтар ағамыз жайында былай деп жырлайды. Мұхтарға арнау. Ортаға мектебіміздің оқушыларын шақырамыз.
1 – жүргізуші (Ерасыл): Бүгінгі әдеби кешіміз қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының тұңғыш докторы, профессор, Қазақ КСР - ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жылдық мерейтойына арналады.
2 - жүргізуші (Аружан): Әдебиеттің асқары іспеттес тұлғаның өмірі де, өзі де дара, дана. М. Әуезов - жомарт табиғаттың жарық дүниеге тым сараң сыйлайтын бір туары. XIX ғасырдың асқар белі Абай болса, ХХ ғасырдың заңғар биігі - Мұхтар Әуезов.
1 - жүргізуші (Ерасыл): Осынша қазақ үшін дара тұлға туралы кемеңгерлердің, белгілі тұлғалардың өздері тебірене естелік айтыпты:
- «Мұхтар Әуезов - біздің бүгінгі адамзатқа ортақ мәдениет шеруіне қатысуға жолдама алып берген елшіміз» - деп Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев тебірене айтса...
2 - жүргізуші (Аружан):«Орыс мәдениеті үшін Пушкин қандай болса, шығыс халықтарының мәдениеті үшін Әуезов сондай»- деп қырғыз жазушысы Ш. Айтматов баға берген екен.
1 – жүргізуші ( Ерасыл): Ал Николай Погодин «Қазақстан үшін Әуезов - екінші Абай» - деп баға берген
2 - Жүргізуші (Аружан): Білесің бе, Ерасыл біз үшін жазушының өзі де үлгі, өмірі де үлгі!
1 – жүргізуші (Ерасыл): Әрине, Аружан біз үшін Мұқтар атамыздан алар үлгі, өнеге, тағылымымыз мол. Сондықтан атамыз жүріп өткен жолдырын, өмір жолын саралап көрсек. Туған жері қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы. Әкесі Омархан мен атасы Әуез сауатты кісілер болған. Атасы Әуез бен әжесі Дінасылдың тәрбиесінде болған бала Мұхтардың алғаш сауатын ашқан да атасы. Ол сол арқылы алты жасынан Абайдың өлеңдерін жаттап ауылдастарына оқып беретін дәрежеге жетеді.
2 – жүргізуші (Аружан): 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан орыс мектебінің дайындық курсына ауысады.
1 – жүргізуші (Ерасыл): 1910 жылы бес кластық орыс училищесіне түседі. Осы жерде оқып жүріп «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.
2 – жүргізуші (Аружан): 1915 жылы Семей қалалық мұғалімдер семинариясына қабылданады.

1 – жүргізуші (Ерасыл): 1918 жылы М. Әуезов Семей қаласының өкілі ретінде Омбы қаласында өткен жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады.
2 – жүргізуші (Аружан): 1919 жылы — Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің қызметкері, 1920 жылдың ақпанынан бөлім меңгерушісі. «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады.
1 – жүргізуші (Ерасыл): 1921 жылы Семей облревкомының төралқа мүшесі, атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. 1921 жылғы қараша айында Қазақ АКСР - і Орталық атқару комитетінің төралқа мүшелігіне сайланып, онда саяси хатшы міндетін атқарып, кадр мәселесімен айналысады.
2 – жүргізуші (Аружан): 1923 жылы Ленинград университетінің қоғамдық - ғылымдар факультетіне, әдебиет - лингвистика бөлімінің славян - орыс секциясына түседі. М. Әуезов көркем әдебиеттен сабақ береді, әрі «Шолпан», «Сана» журналдарында қызмет істейді.
1 – жүргізуші (Ерасыл): Орта Азия мемлекеттік университетінің тюркология кафедрасына аспирантураға түсіп, сол кезде қазақ халық ағарту институтында орыс және қазақ әдебиет пәндерінің оқытушысы болып қызмет атқарады
2 – жүргізуші (Аружан): М. Әуезов өмірінде Мәскеу университетінің орны ерекше. Бұл кезең Әуезовті шығармашылық жолын ерекше ширықтырғандай еді.
1 – жүргізуші (Ерасыл): Әуезов қаламынан 30 - дан аса драмалық шығарма туды. Жеке пьесаларын қоссақ, 50 - ден асады. Әуезов драматургиясында жанрлық формалардың бәрін қамтыған. Онда трагедия да, комедия да, драма да бар. “Қорғансыздың күні ” (1921) – жазушының алғашқы жарық көрген әңгімесі.
2 – жүргізуші (Аружан): “Ескілік көлеңкесінде” ескі салт бойынша өлген апасының орнына кәрі жездесіне тоқалдыққа баруға ризалық білдірген, өзін сүйген жігіт Қабыштың тілегімен есептеспеген Жәмеш деген қыздың хәлі әңгімеленген.
1 – жүргізуші (Ерасыл): “Қараш - қараш оқиғасы” төңкеріс қарсаңындағы қазақ қоғамының шындығынан туған, ескі ауылдағы әлеуметтік теңсіздік тәрізді өткір тартысқа құрылған.
2 – жүргізуші (Аружан): “Қилы заман” повесінде 1916 жылғы ұлт – азаттық қозғалыстың барысы, әділетсіздікке төзбей, ел бастап шыққан ерлердің бейнесі көрсетілген.
1 - Жүргізуші (Ерасыл): Әуезовтің «Еңлік - Кебегі» 1922 жылы Орынборда басылды. Бұнда екі жастың махаббаты орын алған.
2 – жүргізуші (Аружан): 1928 жылғы «Өз жайымнан мағлұмат» атты өмірбаянында жазушы: «Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан. Таза әдебиет сарынына бой ұрғанда маған Абай деген сөз қазақ деген сөзбен теңбе - тең түскендей кездері бар сияқты. Абайды сүюім үнемі ақылдан туған, сыннан туған, сүйіс емес, кейде туған орта, кір жуып, кіндік кескен жерді сүюмен бара бар болатыны бар», – деп жазды. Осы сөздердің өзінен - ақ
жазушының бүкіл шығармашылығына, жан - дүниесіне Абай туындыларының әсер - ықпалы, үлгі - өнегесі айрықша көрінеді.
1 - Жүргізуші (Ерасыл): «Абай жолы» – Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі роман - эпопеясы. «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Әуезов өзінің роман - эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан - жақты ашып көрсетті. Әуезовтың «Абай жолы роман - эпопеясы әлемдік деңгейде: «XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» деген жоғары баға алды. Осындай деректерден кейін Абай мен Мұхтарды бөліп жарудың қисыны келмес, Аружан.
2 – жүргізуші (Аружан): Әрине, Ерасыл Абайды әлемге танытқан Мұхтар болса, Мұхтарды танытқан «Абай жолы». Биыл сол «Абай жолы»романының жазылғанына 75 жыл толып отыр. Ендігі кезекті Абай атамыздың әндері мен өлеңдеріне берсек деймін. Ортаға мектебіміздің оқушыларын шақырамыз.
Қатысатын оқушылар(Іс - шара ұлы Абайдың қара сөздерімен және терең мәнді де мағынаға толы өлеңдерімен өрбиді. Барлық оқушылар өздерін таныстырып, өлеңдерін оқиды.)
1 - жүргізуші (Ерасыл): Сонымен бірге, Абай атамыздың композиторлық қырында білеміз. Мақажанов Әділеттің орындауында Абайдың әні «Көзімнің қарасы»
1 - жүргізуші (Ерасыл): Мұхтар Әуезов Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» дастаны негізінде «Еңлік - Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде тіркестіріп тіккен киіз үй сахнасына шығарғаны белгілі.
2 - жүргізуші (Аружан): Иә, Ерасыл ол кезде Әуезов бар болғаны 20 жаста еді. 20 жасар бозбала сахнадан хабары жоқ қарапайым қазақ ауылына театрдың не екенін ұқтырғандай болды. Киіз үйдің керегелерін сахна қылып безендіріп, ауыл адамдарына қойылым көрсеткен еді. Енді сол «Еңлік - Кебек» пьесасын біздің мектептің оқушылары қалай сомдап шығар екен. Көрейік! (Еңлік - Кебек пьесасы көрсетіледі)
1 - жүргізуші (Ерасыл): Ортаға Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйімен мектебіміздің күйші жігіттерін шақырамыз.
1 - жүргізуші (Ерасыл): Аружан, халық арасында Мұхтар қалдырған, нақыл сөзге айналып кеткен өсиет сөздері бар екенін бірі білсе, бірі білмес. Енді сол Мұхтар айтқан ұлы сөзге кезек берсек.
2 - жүргізуші (Аружан): Әрине, Ерасыл ел арасында мақалға айналған даналық сөздері өте көп екенін, мен осы кеш барысында танып білдім.
(оқушылар Мұхтардың нақыл сөздерін кезек - кезек айтып сахнаға шығады. Қолдарында қағазда «Мұхтар - ұлы суреткер»деген сөз жазылады.) Осы әдеби кешті өткізу барысында оқушыларға «Мұхтар - ұлы суреткер» деген тақырыпта эссе жазуға тапсырма берілген болатын. Енді сол тапсырмалардың қорытындысына кезек берсек.
1 - Жүргізуші (Ерасыл): Сөз мектебіміздің директорының міндетін атқарушы Танкаева Лена Мауенқызына беріледі.
2 - жүргізуші(Аружан): Шәкәрімнің әні: «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» Орындайтын: Кенбай Ақбота
2 - жүргізуші(Аружан): Ендігі сөз кезегін осы кешті ұйымдастырған қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Ағыбаева Самал Оразқызына беріледі
1 - Жүргізуші (Ерасыл): Мұхтар Әуезов феномені туралы айтылып, жазылып жүрген ой - пікірлер, зерттеулер баршылық. Дегенмен, қаншама мол жазылып, айтылған сайын Мұхтартанудың проблемалары артып, тереңдеп өсе береді. Жаңа қыр - сыры ашылып, жаңа міндеттер жүктеле түсері сөзсіз
2 - жүргізуші (Аружан): Шын мәнінде М. Әуезов XX ғасыр әдебиетінде ғажайып құбылыс, феномен екендігі ешқандай күмән тудырмайды. Оның мәңгілік туындыларын жан - жақты терең зерттеп тану ғасырдан ғасырға жалғаса береді.
1 - Жүргізуші (Ерасыл): «Ұлы тұлғаны уақыт аласарта алмайды. Әуезов бейнесi осыған куә. Келер ға¬сырда да кемелдене беретiн кемеңгер М. Әуезов – тек сiз бен бiздiң ғана емес, әлi дүниеге келмеген жаңа ұрпақтардың да сарқылмас игiлiгi, өлшеусiз бақыты»
2 - жүргізуші (Аружан): Келер ғасырда да кемелдене беретiн кемеңгер М. Әуезов – тек сiз бен бiздiң ғана емес, әлi дүниеге келмеген жаңа ұрпақтардың да сарқылмас игiлiгi, өлшеусiз бақыты. Өйткенi, М. Әуезов құдiретi оның елге деген шексiз махаббаты мен сенiмiнде жатыр. Осы бiр ақиқатты сезiну мына бiздерге, бүгiнгi тәуелсiз мемлекеттiң iргесiн нығайтып жатқан ұрпаққа қажымас қайрат, жасымас жiгер қосады
1 - Жүргізуші (Ерасыл): Әуезов әлемi дейтiн кең дүниенің жаратылысы мен табиғатын екі сөзбен қайырып айту мүмкін емес. Оны терең танып, жан - жақты талдау – әр дәуір, әр ұрпақтың киелі мiндетi. Француздар – Бальзакты, орыстар – Толстойды, американдықтар – Драйзердi, немістер – Гетені қалай зерттеп, зейiндесе, қазақтар Әуезовті дәл солай тануға ұмтылғанда ғана ұлттың өзiн - өзi тануы, өзiн - өзi бағалауы, өзiн - өзi қадiрлеуi қалыптаспақ, күшеймек, жалғаспақ. Әуезов әлемi көзге көрiнбейтiн ғажайып ұлы сиқырымен, құдiретiмен ұлттық рух тәуелсiздiгiн қорғауға, сақтауға үйретедi!
1 - Жүргізуші (Аружан): Мұхтар Әуезов – қажымас қайрат, үлкен дарын, сарқылмас шабыт, мол парасат, шалқар ой, терең сезім иесі, гуманист жазушы. Оның проза, драма, ғылым, аударма саласында жазып қалдырған еңбектері – қазақ халқы әдебиетінің зор қазынасы.
2 - жүргізуші (Ерасыл): Міне, Мұхтар Омарханұлы Әуезовке арналған әдеби кешіміз өз мәресіне келіп жетті. Алтын уақыттарыңызды бөліп тамашалағандарыңызға көп - көр рақмет. Келесі кездескенше қош сау болыңыздар!(2жүргізуші бірге айтады)
3 852
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Мерекелер мен атаулы күндер
Мерекелер мен атаулы күндер
Мерекелер мен атаулы күндер тізімі
Балабақшаның 1 жылдық туған кешіне арналған концерттік бағдарлама!
Балабақшаның 1 жылдық туған кешіне арналған концерттік бағдарлама!
Бір жыл толып қалыпты міне бүгін, Жаста болса шыңға шығар бір белес. Өзіңнен тәрбие алған бүлдіршіндер, Өркениетті еліне қосар үлес!
Ұлы дала - академигі
Ұлы дала - академигі
Қазақ елінің біртуар азаматы Нұрмолда Алдабергенов туралы жан - жақты түсінік қалыптастыру, кемеңгер тұлғаның өз халқына, еліне тигізген шарапатын, сіңірген еңбегін көрсету. Нұрмолда Алдабергеновтың азаматтық тұлғасын таныту.
Емберген Медіресінұлы Терековтің туғанына 100 жыл
Емберген Медіресінұлы Терековтің туғанына 100 жыл
Ақтөбе облысы, Шалқар қаласы, №1орта мектебі ММ Мұражай жетекшісі: Кенесова Гулмира Кистаубаевна
Тәуелсіздік - тәу етер тұғырым (әдеби кеш)
Тәуелсіздік - тәу етер тұғырым (әдеби кеш)
Ақтөбе қаласы, №33 қазақ орта жалпы білім беру мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Бисенбай Ақмарал Жексенбайқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×