Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Бала тәрбиесіндегі мақал мәтелдердің орны

09 сәуір 2014, Сәрсенбі
Категориясы: Әдістемелік көмек
Бала тәрбиесіндегі мақал - мәтелдердің орны

Қазақ халқының өте әрідегі ата – бабаларының өмір сүрген кезінен бастау алып, күні бүгінге дейін кәдесіне жарап келе жатқан рухани мұраның бірі – халықтық педагогика. Халықтық педагогика – тәрбие жөніндегі халықтың педагогикалық білім тәжірибесі. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлім – тәрбиенің белгілі жүйесінде жас буын жадына біртіндеп сіңіріп отыратын арнаулы жолдар, тиісті тәсілдерде болған. Мәселен мақал - мәтелдерде адамгершілік, имандылық тәрбиесіне байланысты әдет - ғұрыптар насихатталса, жұмбақтар мен айтыстарда – ақыл - ой тәрбиесі, өлең жыр дастандарда – әсемдік тәрбиесі, ал ертегілер – халықтық тәрбиенің сан алуан мәселелерін қозғайтын тәлімдік материал ретінде пайдаланылған. Демек, халықтық педагогика - тәлім - тәрбиелік ой - пікірдің алғашқы бастауы, халықтың рухани мұрасы.

Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой - толғаныстары бесік жыры мен батырлық эпостарда, ертегілер мен аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс термелерде, мақал - мәтелдерде көптеп кездеседі. Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні - адамгершілік - имандылық, ақыл - ой, еңбек, эстетика, дене, отбасы тәрбиесіне байланысты мәселелерге келіп тіреледі.
Көшпелі қазақ салтында мақал - мәтелдер мектеп пен мұғалімнің, кітап пен баспасөздің қызметін алмастырады. Мақал - мәтелдер сыры мол дүние туралы білімнің жиынтығы, халықтың энциклопедиясы ғана емес, ұстаздың, тәлімгерлік рөл де атқарады. Мұндағы ақыл - кеңестер қысқа да нұсқа әрі тұжырымды болады. Мақал - мәтелдердің бала тәрбиесіндегі алатын орныда айрықша. Мұнда оқу мен еңбек, ойын мен өнер, сондай – ақ адамның жақсы - жаман қасиеттері, елін, жерін сүю, ата - ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау т. б. үлгі – өнегелер бала санасына біртіндеп құйыла береді. Сонымен мақал - мәтелдер ойға ой қосатын, тілге икемді, сөз мәйегі.

Халықтың тәлім - тәрбиеде айрықша орын алатын асыл мұраның бір саласы - мақал - мәтелдер сол заманның дәуірлік сипатын, халықтың санасын, дүниеге көзқарасын, өмір тәжірибесін бейнелейді. Соған қоса мақал - мәтелдер халықтың ақыл - ойының, сөз байлығының, әрбір ойды бейнелеп - көркемдеп жеткізуінің үлгісі болып табылады.
Айталық, еңбек жайындағы мақал - мәтелдерге зер салсақ балаларды еңбекке баулып, ерінбей тер төгуге тәрбиелегенін аңғару қиын емес. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Жер қазбасаң, алтын шықпас», «Бейнет түбі - зейнет», «Еңбек етсең емерсің», «Еңбек адамды бүтіндейді, жалқаулық адамды түтіп жейді», «Еңбек етсең, елге өкпелеме, егін екпесең, жерге өкпелеме» деген мақалдар жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүретін жалқауларды сынып, еңбектің құдіретін дәріптеуге бағышталған.

Сондай - ақ «Абырой - ар еңбегі», «Ары таза жігіттің жаны таза», «Ашу асыққанда, ақыл басу айтар», «Анығын айту - адалдық, ала сөйлеу арамдық», «Ардан безіп, адам болам деме», деген мақал - мәтелдер адамгершілік, төзімділік, сабырлылыққа тәрбиелейді.
Мақал - мәтелдердің біразы адамды жақсы қасиеттерге баулумен бірге олардың кемшіліктерін, жаман, әдет - қылықтарын сынап, оны болдырмауға үндейді. Оған «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен», «Жаман кісі кекшіл», «Жалқауға дәулет үшін ұйқы берер, жаманға ақыл үшін күлкі берер», «Ақылды қасыңнан қорықпа, ақылсыз досыңнан қорық» деген мақал - мәтелдердің мәніне зейін қойып үңілетін болсақ, халқымыздың қыры - сыры туралы білімімізді молайтуға мүмкіндік зор.

«Азамат – елдің ажары», «Ел намысы – ер намысы», «Елін сүйгеннің еңсесі биіктейді», «Еліңе елеулі бол, халқыңа қалаулы бол», «Азамат туған жерімен тұғырлы, халқының салт - дәстүрімен ғұмырлы» деген мақал - мәтелдер елін, жерін сүйетін, ел намысын қорғайтын адам деген атқа кір келтірмейтін азамат тәрбиелеуге арналған.
Мақал - мәтелдер арқылы қазақ халқы өз балаларын өнерлі - білімді болуға шақырған». Өнерлі өрге жүзер», «Өнерлі бала сүйкімді», «Оқу - білім бұлағы, білім – өмір шырағы», «Білімді өлмес – қағазда аты қалар, ұста өлмес – істеген заты қалар» деп те насихаттайды.
«Ананың сүті - бал, баланың тілі - бал», «Ананың құшағы жылы, күннің шуағы жылы», «Ағайын – алтау ана – біреу, «Әке – асқар тау» сияқты мақал - мәтелдер ата - анаға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуді көздеген.

Балалардың ана тілінде сөйлеу дағдысын қалыптастыруда мақал - мәтелдердің алатын орны ерекше. Мақал - мәтел баланың тіл байлығын, сөздік қорын, ақылын, ой - өрісін, сөйлеу мәдениетін дамытады. Тегінде мақал - мәтелдерде халықтың даналығы, байқампаздығы, оның бала тәрбиесіндегі үлкен өмірлік тәжірибесі, болашаққа деген көзқарасы шеберлікпен беріліп отырады.

Бүгінгі жас жеткіншек – болашақ тізгінін ұстайтын, ел мен жер қамын ойлайтын ертеңгі азамат. Ендеше, бала тәрбиелеуде халқымыздың тәлім - тәрбиесін халық мақал - мәтелдермен байланыстырып сабақтар өткізсек, бастауыш сынып оқушыларының сабаққа ынтасы артып, түсініктері молайып, танымдық белсенділіктері артар еді. Мысалы, өз сабақтарымда мақал - мәтелдерді кеңінен пайдаланамын. Атап айтар болсам, ана тілі сабағында тақырыпқа байланысты мақал - мәтелдер айтып, оның мағынасын ашу мақсатында оқушылардың ой - пікірлерін тыңдап және мақал - мәтелдер жинақтауға тапсырма беремін. Қазақ тілі сабағында мақал - мәтелдерді көркем жазу ретінде қолданамын. Ол үшін алдын ала тапсырма беремін, мәселен, алфавит бойынша немесе тақырып бойынша мақал - мәтелдер жаттап, жазып келуге оқушыларым мұндай шығармашылық жұмыстарды қызығушылықпен атқарады. Сынып сағаттарында мақал - мәтелдерге байланысты түрлі сайыстар ұйымдастырып отырамын. Әрбір сабақ барысында халықтық педагогиканы пайдалана отырып, сабақты қызықты, тартымды етіп өткізу оқушылардың белсенділігін арттыра түсетіні сөзсіз. Міне, осындай тәсілдерді жас мұғалімдер өз сабағында пайдаланса. Елбасымыздың жолдауында айтылған білімге қатысты мәселелер өз шешімін табар еді.

Балаларды халықтық педагогика негізінде тәрбиелеуіміз керек. Себебі, тәрбие – қалып. Егер қалып қисық болса, ол сол қалыпқа салған затың да қисық болады. Сондықтан тәрбиеде ұсақ, мағынасыз бөлшек жоқ. Әсіресе, балаларға айтқан, көрсеткен нәрсенің барлығы шындық, сұлу, әдемі, үйлесімді болуы шарт. Сонда ғана бала балғын талдан биік бәйтерекке айналады.

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы,
Ә. Жангелдин орта мектебі бастауыш сынып мұғалімі
Әжібаева Гүлсім Айтжанқызы
13 858
0
  • 100
1 дауыс


Жаңалықтар
Қазақтың ұлттық қолөнері
Қазақтың ұлттық қолөнері
ШҚО, Үржар ауданы, Қаратал орта мектебінде технология, бейнелеу өнері, сызу пәндерінің мұғалімі Жунусов Марат Садырбайұлы
Адамгершілік – ата мұра
Адамгершілік – ата мұра
Қостанай облысы, Рудный қаласы, Ыбырай Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінде арнайы пәндер оқытушысы Турагулова Балжума Темирбековна
Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында халықтық педагогиканы кеңінен қолдану
Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында халықтық педагогиканы кеңінен қолдану
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Халбаева Дариха Мүсәліқызы
Халықтық педагогика – ұрпақ тәрбиесінің құралы
Халықтық педагогика – ұрпақ тәрбиесінің құралы
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, №13 орта мектеп гимназиясы ММ Дуйсенбекова Сулушаш Талпаққызы
Тәрбиеге менің көзқарасым
Тәрбиеге менің көзқарасым
Аққыстау орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Есенғалиева Гүлфара Сағынғалиқызы
Халықтық педагогика элементтерін математика сабағында пайдалану
Халықтық педагогика элементтерін математика сабағында пайдалану
Керекбаева Жұмагүл математика пәнінің мұғалімі Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы Сенек ауылы, Қашаған Күржіманұлы атындағы орта мектеп
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×