Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала

21 қаңтар 2013, Дүйсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Қарағанды облысы
"Сәтбаев қаласындағы №3 орта мектебі" КММ
қазақ тілі және әдебиеті пәнінің І санатты мұғалімі Алпысова А. Д.

Көшпенділер музыкасы. 1
1 - жүргізуші:
Күн батты ма, түн келді ме, таң атты ма қайтадан,
Құдіретті тірлігіңе кірістің бе қайта, Адам?
Ар ма, өмір, бар әлемді бауырына алып шайқаған!
Әрбір әрпі қанға шомған тарихыңа қараңдар,
Отырардай опат болған қала жоқ па жарандар?
Тату - тәтті бармысыңдар, армысыңдар, адамдар!
Әлем – дарқан, саялаңдар, бәріңе де орын бар,
Қорған емес, салтанатты, сәнді сарай соғыңдар.
Ей, адамдар, сендер тату, сендер тату болыңдар!
Анамыз - жер, сол анадан жаратылдық, туыстық,
Алайда біз қан да төктік, қалжырадық, ұрыстық...
Армысың сен, арамызда жалғыз перзент - тыныштық!

Армысыздар, жиналған қауым! Киелі поэзия, проза әлемінде өзіндік үн, өзіндік сыр, өзіндік бояу, ажары бар, сырлы өлең, шырынды сөзімен танымал ақын - жазушылар шығармалары арқылы оқушы бойына адамгершілік, рухани қасиеттерді сіңіру, отансүйгіштік сезімдерін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған «Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала»атты кешімізге қош келдіңіздер!

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала
Әр адамның өз анасынан басқа
Жебеп тұрар, демеп тұрар арқада
Болу керек құдіретті төрт ана:
Туған жері - түп қазығы айбыны,
Туған тілі — сатылмайтын байлығы.
Туған дәстүр, салт - санасы - тірегі,
Қадамына, шуақ шашар үнемі
Және туған тарихы еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да...

Ән: Әбілқасым Данияр
Бүкіл түркі жұртына ортақ имандылық пен сыйластық, әдептілік пен ізеттілік адамгершілік өлшемдерін кейінгі ұрпағына өсиет етіп кеткен данагөй бабамыз Қорқыттың «Башпай»күйінің шығу тарихына үңіліп көрейікші:
... Жүз жыл бойы дария үстінде күйін сызылтып отырған Қорқытқа Ақтамақ аталатын қарындасы тамақ әкеп беріп тұрады. Сол сәтте дария үстінде дауыл тұрып, алай-түлей толқын болып, су бетіндегі екеудің берекесін алады. Аласапыран шақта Қорқыттың башпайы байқамай қарындасына тиіп кетеді. Осындай әбес оқиғаға қамыққан Қорқыт қапалана отырып, "Башпай" күйін тартады. Кейін ұрланып кеп шағып алған ажал жыланның уынан өлетінін білген сәтте, әлгі арам башпайын қабірінен сыртқа шығарып жерлеуді аманат етеді...

Башпай.
Қобыз үні.
«Башпай» күйі орындалып тұрады
Сұлу Сыр, толқыныңмен таспай, ұйы,
Жетті маған ажалдың тастай сыйы.
Енді сенің үстіңде, жан серігім,
Орындалар соңғы күй - Башпай күйі.
Кезіп өткен кең әлем, Сардаланы
Пенденің де біткен бе арман - әні?
Ақтамағым, алтыным, бауырым ең,
Бауырым, бұл күй саған арналады.
Күнәлімін алдыңда, таңданбағын,
Есіңде ме, тасыған талқан - дәмің
Дәм татып отырғанда толқын тұрып
Башпайым тиді - ау саған, қалқам, жаным.
Содан бері мен дағы армандамын
Башпайымнан безініп қарғаудамын.
Енді міне, тынысым тарылуда
Таусылмастай көріп ем жалған дәмін.
Өмір еді таңдаған талғамды әнім,
Айт десең тағы айтайын арман барын -
Талай алдап кетіп ем сұм ажалды
Енді өзімнің Өлімнен алданғаным...

Жүргізуші:
Оңар ма деп күнәдан суынбаған,
Адалдық, ар жолынан суынбаған,
Өнердің туын тіккен өр бабамның
Башпай күйі осылай туындаған

Жүргізуші:
Дүниеде аңыз-әңгіме көп, бірақ дәл осындай биік этикалық талапты ешбір елдің аңызынан таппайсың. Түркі жұртының дәстүрлі әдеп-ғұрып өлшемдерінің түп негізін, мәні мен қасиетін ұғынғысы келген әрбір адам "Қорқыт Ата кітабын" қайта парақтап шықса игі еді.

1 - оқушы (Венера)
Бәрі, бәрі сатулы бұл өмірде,
Сезімің бе, сертің бе, білегің бе,
Достығың ба, көңіл мен жүрегің де -
Жылаймын ба мен бұған күлемін бе?

Жақсы еді ғой, япыр-ау, жаста бәрі:
Жетпесе де ас пенен ақша жағы.
Қара нанды қақ бөліп бірге жеген
Қымбат еді достардың қас - қабағы.

Адал едік онда біз - есебі кем,
Санамайтын қай үйде неше кілем.
Бүгін біздің сатулы сәлеміміз,
Соның бәрі байлықтың кеселінен.

Байлық келді: көксеме, көксе мұны,
Жақындарың жырақтап, дос кеміді,
Байлық – патша, жанында қанды көйлек
Қызғаныш пен Бәсеке – қос серігі.

Тартылғанда теңіздер ну жағалы
Сор қаптайды – Жер жаны қурағаны.
Адамзаттың бар жақсы сезімі де
Қызғаныштың зәрінен уланады.

2 - оқушы (Алмаз)
Бұл өмір қайда барады шабыспенен?
Ерем деп сілем қатты, қамыс - денем.
Жолшыбай жоғалтыппын бар мүлкімді -
Ар - ұят, имандылық, намыс деген.
Жүріппін кідіріссіз сар желіспен,
Сусыным шалап екен бал деп ішкен.
Білмеймін кімдер, қашан айдап кетті
Шырылдап бабам жиған малды өрістен.
Қысқарттым құр шабыспен қысқа күнді,
Денемде тері орнында - мыс жамылғы.
Адалдық, зұлымдықты айыра алмай,
Досымнан жақын көрдім дұшпанымды.
Бермеді өмір - шабыс маған тыным,
Сезбедім тірлік мәнін, адам құнын,
Тебініп, текіректеп кете бердім,
Тірілей қырықтым да ана тілін.
Табылмай құр тірлікте бір арашы,
Морт сынды өмірімнің бұғанасы.
Миым - тас, жүрегім - мұң, сезімім – көн,
Алдымда ажал - шыңның құламасы.

Қымбатты оқушылар! Адамның адамшылығы ақыл, жақсы ана, жақсы ұстаздан болады. Ендеше бірі - адам бойына имандылық нұрын сепсе, ал екіншісі ата - анасыз қалған балалардың анасындай болып, ізгілікке бөленген адамдардың адамгершілік жайындағы пікірін тыңдай отырайық.
1. Орталық мешіттің найб имамының сөзін тыңдайық.
2. Енді балалар үйінің басшысы - Макашева Бақыт Әбдіқадырқызын тыңдайық.
Жүргізуші:
Адамгершілік ұғымы - кең. Имандылық, достық, бауырмалдық, қайырымдылық, туған жерге, елге деген құрмет те осы ұғымнан бастау алады. Ар, ұят, намыс, тіпті өзінің кезінде дұшпан санаған адамына да құрмет көрсету мына бір поэмада кеңінен көрініс береді.
М. Шаханов. Әке үкімі
- Әке,
Жүруші едің маған ылғи өкпелі,
Кеюші едің
Мал болмайсың деп мені.
Сол сөзіңді, сірә, қайтып аласың-ау шамасы.
Аты шулы Баймағанбет сұлтанның
Маған берген сыйлығына қарашы!

Иә, сөйле, қандай ерлік көрсеттің?
- Топ бастадық төрт адам.
Махамбеттің жақыны
Ықыласты үгіттеп,
Мақтап, қағып арқаға
Қосып алдық ортаға.
Бұл - түгелдей мына ұлыңның ақылы.
Еркін жетер әңгіме ол бір таңға.
Қапысызда қармақ салып,
Махамбетті алдап соғып,
Басын кесіп, сыйға тарттық сұлтанға.

- Ой, залым-ай,
Жүзіқара залым-ай,
Мұнша залым екеніңді қалай келгем танымай.
Бұдан өткен зор қасірет болар ма,
Бұдан өткен зор қасірет болар ма,-

- Қабағыңды жаба қалды неге мұң,
Әке, сенің қай сөзіңе сенемін,
Есіңде ме,
Менің бала күнімде
Махамбетті жек көремін дегенің?

- Рас, ұлым, айтылған сөз оқпен тең,
Бір кезде мен Махамбетті жек көргем.
Әлде, кемшін шағым ба еді ол ақылға?!
Пенделік қой салған мені тақымға.
Оған себеп -
Сенің анаң жасынан -
Ғашық болған сол Махамбет ақынға.
Азаппенен атса да асау таңдарым,
Қайрағам жоқ қызғаныштың қанжарын.
Іштен тынып жүре бердім төзген боп,
Өзін шексіз құлай сүйген жан барын
Қайран ақын сезген жоқ.
Анаң марқұм ол дегенде от жалындап көзінен,
Тамсанатын
Нақ бір бақыт табардай әр сөзінен,
Ұлы ақынға деген іңкәр сезімін
Көрге бірге ала кетті ол өзімен.
Әттең, біздің сор маңдайлы Жайықта
Ерлер аз ғой бара алатын байыпқа.
Тым кеш ұқтым,
Махамбеттей батырға
Бүкіл қазақ ғашық болса айып па?!
Құдіретті шындығынан танбаған,
Парасатын ізгілікке жалғаған
Ақын деген киелі аққу самғаған.
Ал, ендеше, аққуды атқан пендені
Қай атаңнан көріп едің, оңбаған?
Бұл салада сен бірінші адамсың,
Адам емес,
Ең бірінші надансың,
Ел дәстүрін,
Ер дәстүрін қорлаған.
Нақ мынадай қасиетсіз оқиға
Бұрын қазақ топырағында болмаған.
Қандай қиын кезеңде де
Туған ел
Ақындарын жанын салып қорғаған.
Түсінбедім,
Армандап ең нені, ұлым?
Ертең сені қойып желдің өтіне,
Ызалы ұрпақ түкіреді бетіңе.
Сол қорлықтан құтқаратын сені ұлым!
Және ол зар оңайлықпен тыйылмас,
Қанымыз бір,
Жолымызда шиырлас.
Енді сенің кесіріңнен
Маған да
Туған жердің топырағы бұйырмас.
Жә, не қайыр, налы мейлі, налыма,
Сорлы балам,
Туыпсың - ау сорыма.
Өзің түстің өзің қазған орыңа.
Кеттік кәне,
Ішігіңді ал қолыңа!
- Балам, үміт - қызығымның өлшемі
Өзің едің,
Қайғым болдың еңселі.
Басына шық, кәне, мына төбенің,
Осы арада қалдырамын мен сені.
Қараладың қасиетті мекенді,
Жараладың тұрмастай ғып әкеңді,
Мына жолмен өткен жұрттың аузынан
Махамбеттің жырын тыңдап жат енді.
Мүмкін, сонда ұғарсың қатеңді.
Кім аяққа басса заңын даланың -
Ұмытқаны қатал тарих сабағын.
Кешір мені,
Таусылды бар амалым.
Дала заңы - баба заңы, қарағым!

4 - оқушы (Назгүл.)
Шаршағанда жүрегім тым езіле
Тағы келдім, жан досым, міне өзіңе.
Сүйіп тұрып сүйедің қанатыңмен,
Сүйсінемін осы асыл мінезіңе.
Талай адам қуантады мені өмірде.
Жарық берді бір шамым сөнеріңде.
Керек кезде адамдар аямады
Өлеңін де, дәмін де,
Өнерін де
Жүрегімде жүргенде қар, ызғар - мұң.
От ұсынып, түсінген тәрізді әркім.
Сеніп тұрып, жүгімді көтеріскен
Адамдардың бәріне қарыздармын.
Өрмелерде өмірдің ең өріне
Жауласудың біреумен керегі не?
Жүрмейміз бе күндердің күндерінде
Зәру болып адамның көмегіне?
Көбіңменен сырластым,
Кеңестім мен,
Адамға да жөн сөзі кем естілген
Бір жамандық жасаған емеспін мен.
Сондықтан да күтпеймін оны ешкіммен.
Шақтарында шаршаған,
Дамылдаған
Кездеріңде қуанған,
Жалындаған
Қандай қиын - қалмаса жаңында адам.
Керексіңдер сондықтан бәрің маған.
Ал мен кімге керекпін,
Білер ме едім,
Мұңайта ма біреуді түнергенім?
Қуанта ма біреуді бірер менің
Жақсылығым,
Немесе жыр өргенім.
Азын - аулақ жүгімен,
Әніменен,
Жағалаудан шықпай жүр әлі кемем.
Бәріңе же жеткізіп жалын өлең,
Керек болғым келеді бәріңе мен.
5 - оқушы (Әли)
Мен сенемін күні ертең
Нұрлы үмітпен оянар деп ұлы өлкем
Күліп жайсаң күн ғажайып
Ел наласы тарқар деп
Ақымақтар күрт азайып
Сұмдар қорқақ тартар деп
Мен сенемін күні ертең
Пенделіктен тазарар деп ұлы өлкем
Жә, қашанғы баққа зорлық мінгеспек?
Сенем ертең оттыға отсыз күлмес деп
Тек тұлпарлар ғана алатын бас бәйге
Есектердің мойынында жүрмес деп
Мен сенемін күні ертең
Ақыл - ойды пір тұтар деп ұлы өлкем
Мына дәурен бұрқан - талқан
Ертең қайта өзгерер
Ақындарын сұлтандардан
Артық сыйлар кез келер.
6 - оқушы (Мирас.)
Жасыл бұта жая алмай жапырағын,
Сусыз жерде сусылдап жатыр, ә, құм
Суретші емес,
Бәріңді
Орманшы боп,
Сұлулықты сақтауға шақырамын.
Келер - кетер ойыңды сапыра күн,
Айтып, айтпай өтеді ақын әнін.
Адамдарға,
Өмір деген
Барлық
Махаббатты қорғауға шақырамын.
Қанат берер қайрат пен қиялға әман,
Пәк табиғат
Саған жыр жиі арнағам.
... Жазалар ем алдымен адамдарды
Жер - ананы сәбише сүйе алмаған.
Мен тілеймін толғанын күйге түндер,
Өлеңімнен өлкемнің суретін көр.
Бір - біріңді,
адамдар,
әсемдікке
құштар бола білуге үйретіңдер!
Табиғатта бітпесін мәңгі асыл ән.
Тіршіліктің - жасасын - жалғасы - НАН!
Қарлығаштар қашпасын ұясынан,
Ағын сулар кетпесін арнасынан.
Билік айтам мезғілдің мен де өрінен:
Гүл егіңдер,
Беріңдер шөлге де рең.
От таусалып жүрмесен ошақтарда,
Құстар үркіп жүрмесін көлдерінен!
Отты сақта!
Заман бұл «от - тегін»дер...
Бір - біріңе қарызсыз от беріңдер!
Әрбір күнді арпалыс, майдан емес,
Май мейрамы сияқты өткеріңдер!
Осы ойменен әр таңды атырамын.
Мен бәріңді
Біткенше ақыл, арың,
Ауасында толқыған әтір - ағын
Туған жердің киелі атырабын -
Тобылғылы, топ шилі топырағын,
Торғын гүлі,
Жайқалған ЖАПЫРАҒЫН -
БӘРІН;
БӘРІН
СҮЮГЕ ШАҚЫРАМЫН!
Жүргізуші:
Алтын бесік, туған жер, далам менің,
Қанат қаққан ұяңнан балаң едім.
Сырлы сазын жүректің төгейін деп,
Сағынышты сан жылғы ала келдім.

Келесі тыңдайтындарыңыз аймақтық авторлық әндер байқауының жүлдегері «Туған жер» әні. Әнін жазған - Сейтбеков Алтынбек Болатбекұлы. Сөзі - Алпысова Әсем Дәулетбайқызы.
Қабыл алыңыздар. Ән: Туған жер
Жүргізуші: Сонау көне замандардан бері әйел - ананың адамға өмір сыйлап, өмірді жалғастырушы жер бетіндегі күллі ұлы да ұсақ ерлік атаулының бәріне дем беруші АНА есімі - құрмет, беделге ие. Осы сияқты әйелдер бейнесі - бүгінгі таңдағы ұрпаққа өнеге.
Ғ. Мүсірепов.«Өлімді жеңген ана»
- Баязит сұлтанды жеңген сен бе?
- Иә, мен. Мен талайды жеңдім. Жеңгемнің ішінде о да бар. Жеңуден әлі шаршағаным жоқ!... Сен, әйел, келген жұмысың не еді, соны сөйле!
- Тыңда! - Сен не істесең де адам ғанасың. Ал енді мен - ана! Сен өлімге қызмет етесің,
мен өмірге қызмет етемін. Сен өлім шашасың, мен өмір шашамын. Дүниеге адам әкелем, білдің бе? Сондықтан мен сені адамға санамаймын да.
- Мен ешкімнің қалай саналуымен есептесіп көрген де емеспін, есептесе алмаймын да! Жұмысыңды айт, әйел!
- Тыңда, өлімнің егіншісі Темір! Сен менің алдымда кінәлісің. Менімен есептеспей тұра алмайсың да. Менің алдымда күнәңді жусын деп келдім. Сенің бағынғаның «Күш әділдікте» Мен бұған иланбаймын. Бірақ сен маған еріксіз әділ боласың. Өйткені мен - ана! Сен өлім сепсең, мен дүниеге өмір себем. Сені жеңем! Сондықтан сен маған әділ бола аласың!
- Өзің отыршы, сөзіңді тыңдағым кеп барады.
- Мен Салерно деген жерден келдім. Ол алыс жер Италияда. Сен білмейсің. Сенің қанды тұяғың ол жерге жеткен жоқ. Бірақ, онда да сен секілді өлім егуші толып жатыр. Әкем балықшы еді, байым да балықшы. Байым бақытты еді: үйткені оны бақытқа бөлеген еңбек пен мен ғой. Одан соң, жалғыз бір ұлым бар еді. Ол жер бетіндегі адамның ақылдысы, сұлуы болатын еді.
- Менің Жәңгірімдей екен ғой.
- Жоқ, жоқ! Нағыз сұлу нағыз әдемі бала менікі еді. Сенен туған бала адам баласының өкінішін ақтай алатын ба еді! Теңіздің жағасында отырған бізге талаушылар келгенде ұлым алты - ақ жаста еді. Талаушылар әкемді де, байымды да, тағы да көп адамды өлтіріп, ұлымды тартып әкетті.
- Әйел! Сен, мен білмейтін елден неғып келдің? Арада тау бар, тас бар, өзен бар, теңіз бар, ит мұрны өтпейтін қалың орман бар, олардан қалай өттің? Жүгірген аң ұшқан құс саған қалай тимеді? Қанша ел - адам бар. Адам аңнан да жауыз, олар сені қалай аман жіберді?
- Сүйген ұлыңды іздесең өзенге көп ұшырастым. Теңіз жағасында өскен анаға өзеннен өту қиынба? Тау дейсің ғой? Тауды мен елең де қылғаным жоқ, байқағаным да жоқ! Орман отын бергеннен басқа тоқтау қылған жоқ!
- Солай, әйел! Аңдар адамнан көрі де өз баласын артық сүйеді. Ең қатты жауыздық адам баласынан шығады деген қорытындыға мен де келдім.
Мен тәңір құлы Темірмін, тиісті сөзді ғана айтам! Міне, менің алдымда әйел отыр. Бұл әйел бүгінге дей ін өзім білмеген сезімді қозғап, мені жеңіп барады.
Мен тәңірі құлы Темірмін, тиісті сөзді ғана айтам! Үш жүз салт әскер, қазір жердің төрт бұрышынан аралауға аттансын. Тапсын олар мына әйелдің ұлын! Әйел осында күте тұрады. Мұнымен бірге мен де күтіп отырам. Кімде – кім мұның ұлын атқа мінгізіп әкелсе, ол шын бақыттың дәмін татады.
О. АНАЛАР, осындайсың бәрің де
Осындайсың жасың дағы кәрің де
Сиынатын болса өмірде құдірет
Сиынар ем, ана деген тәңірге.
Жүргізуші:
Киелі қазақ топырағы ақынға да, батырға да кенде емес. Солардың бірі де бірегейі, сындарлы саясатымен ел армандаған тәуелсіздіктің туын ата - баба жерінде желбіреткен, қазақтың бақ жұлдызы, елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың адамгершілік болмысы - бәрімізге үлгі. Ел ардақтысының жүрекжарды әні - бүгінгі кешіміздің ақжолтайы болсын.
Мен сенің пейіліңе қайранмын,
Шын досысың жаз құшағын жайғанның.
Көк байрағы – көкшіл мөлдір аспаның,
Кеңдігің мен елдігіңнен айналдым!
Ән « Елім менің»
Құрметті көрермендер! Осымен бүгінгі кешіміз аяқталды. Көріскенше күн нұрлы болсын!
11 697
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Мен өмірді жырлау үшін келгемін... Мұқағали Мақатаевтың туғанына.... жыл толуына орай
Мен өмірді жырлау үшін келгемін... Мұқағали Мақатаевтың туғанына.... жыл толуына орай
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев — қазақтың əйгілі ақыны. Ол қазақ поэзия əлеміне шетсіз - шексіз кеңістік пен көз сүрінген биіктік əкелген ақын. Құдіретті қарапайымдылықпен «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып, өзіне қайтарған» ақын.
Шығармашылық кеш
Шығармашылық кеш
«Өлең, мен сені аялап өтем...» (Фариза Оңғарсынова)
Ақиық ақынға тағзым
Ақиық ақынға тағзым
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Ғани Мұратбаев атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нұрмолдаева Райхан Дастанқызы
Бүкіл әлем мен үшін
Бүкіл әлем мен үшін
Ақмола облысы, Атбасар ауданы, Мариновка қазақ орта мектебінің 8 - экс. сынып оқушысы Ұнатхан Айдана
Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек
Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек
Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек атты ақынның 80 жылдығына арналған әдеби - сазды сыныптан тыс сабақ.
Тілім менің-тірлігімнің тірегі
Тілім менің-тірлігімнің тірегі
Қызылорда облысы, Арал қаласы №2 Облыстық арнаулы санаториялық мектеп интернатының тәрбиешісі Қалыбаева Нұрсулу Әлижанқызы.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×