Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Уақытылы және өзекті: сынып жетекшілерінің қызметін бағалау өлшемдері

26 қараша 2012, Дүйсенбі
Категориясы: Әдістемелік көмек
Адамды тәрбиелеу – демек оның ертеңгі
қуанышқа ие болатын келешек жолын тәрбиелеу.
А. С. Макаренко

Ұлттың болашағы – ұрпағында болса, ұрпақтың тәрбиесі – ұстаз қолында. Ал, ұстаз мұраты – жетілген, толыққанды азамат тәрбиелеу. Тәрбие беру – өзгермелі өмір талабына жауап беруі тиіс. Бұған қоғамдық өмірге дербес шешім қабылдап, ойды саналы түрде түсінуге қабілетті жеке тұлғаны тәрбиелемейінше қол жеткізу мүмкін емес. Ұрпақ тәрбиесі – адамзат баласының асыл мұраты. Үшінші мыңжылдықта жастар қандай болуы керек? – деген жанды сұрақ әрбір саналы адамды ойландыратыны сөзсіз.

Сондықтан да Елбасымыз Н. Назарбаев халқымыздың алдында: “XXI ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан – жақты мәдениетті жеке тұлғаны тәрбиелеу керек”– деп жауапты міндет қойып отыр. Яғни тәрбие жүйесіне жүктелер жүк те жеңіл емес. Қандай істі болсын бастау, оны өмірге ендіру оңай шаруа емес. Ұрпақ тәрбиесі – бұл болашақ тірегі, мемлекеттік маңызды іс. Тәрбие жолы қиын жол. Өмірді өрнектейтін адам ұстаз шәкірт алдындағы парызын ешуақытта ұмытпайды. Мүлт кетсе үлкен қателік жіберіп алатынын біледі. Ал тәрбиеде кеткен қателікті түзеу оңай іс емес.

Оқу-тәрбие жұмыстарын мазмұнды, үлкен даярлықпен, жауапкершілікпен ұйымдастырып, уақытпен санаспай, жүзеге асыруда басты тұлғалардың бірі – сынып жетекшілері. Шәкірттеріне бағыт-бағдар беріп, өмірлік тәжірибелермен таныстырып, алдыңғы толқын ағалар өмірін үлгі етіп, ақын-жазушы шығармаларын оқытып, дамытады. Оқушының күнделікті сабақтарға қатысуына, тәрбие жұмыстарына белсене араласуына, сыныптан тыс және мектептен тыс жұмыстарына үлес қосуына, үйірмеге, әдебиет пен өнерге ынталануына, ғылым мен техникаға қызығуына сынып жетекшілерінің тигізер ықпалы да мол.

Сынып жетекшілерінің еңбектеріне қарай, өз уақыттарын тиімді жұмсай білулеріне орай шартты түрде екіге бөлуге болатындығын бақылаулар мен тәжірибелер көрсетеді:
Бірінші топ– күнделікті талаптар деңгейінен шыға алмайтын, еңбегін ғылыми-әдістемелік негізде ұйымдастыра алмауынан ортақ жүктемеде жұмыс істейтіндер. Өз еңбектерінің нәтижелеріне өздері қанағаттанбайды, шәкірттеріне риза емес, сынып жетекшісінен босағысы келетіндер.
Екінші топтағылар - жоспарлы, жүйелі, асықпай еңбек ететіндер, шәкірттерімен ақылдаса, әріптестерінен үйрене, ата-аналармен бірлесе жұмыс істеп, көпшілікті іске араластырып, өзі де ізденіс үстінде жүретіндер.

Бірінші топтағы сынып жетекшілерінің іс-әрекеттерін талдасақ, сәтсіздіктің себебі олардың жұмыс көлемдерінің молдығынан емес, өзара байланыспастан, оқушылардың еңбектеріне бағыт бере білмеулерінен, сапасыз еңбектен, дайындықтарды уақытында жүргізбей, кездейсоқ табысқа ие болуды көздеулерінен. Ал екінші топтағы педагогтар өздеріне көмекшілер таба біледі, оқушыларының күшті және әлсіз жақтарын ескеріп, олардың мүмкіндіктерін, ынтасын ескеріп, нәтижелерін болжап, өткендеріне жүйелі түрде мінездеме бере алады.

Бала - адам өмірінің жалғасы болғандықтан, оның дамуы мен қалыптасуы, яғни кім болатыны назардан тыс қалатын мәселе емес. К. Д. Ушинский баланы барлық жағынан танып білудің қажеттілігін көрсете келіп: «Кім де кім оқытамын десе, ол оқушы талабына, оның ішкі сырына көз салуы керек» деп үйретті. Оқушының дамуы мен қалыптасуы тұрақты үрдіс емес. Бұл жағдай баланы үздіксіз зерттеуді талап етеді. Зерттеу жұмыстары әр уақытта баланың ойын, еңбек, оқу іс әрекеттері кезінде жүргізіледі. Сынып жұмысын ұйымдастыруда сынып жетекшінің рөлі өте жоғары екендігін ескере отырып төмендегі сынып жетекшісі қызметіне қажетті мақсат − міндет ережелерін ұсынамын.

Сынып жетекшісінің атқаратын қызметтері
1. Талдау қызметі:
балалар мен жасөспірімдердің жеке дара ерекшеліктерін зерттеу;
әр оқушының отбасындағы тәрбие жағдайын зерттеп, талдау;
сынып ұжымының қалыптасуы мен дамуын зерттеп, талдау;
қоршаған айналасының сынып оқушыларына ықпалын зерттеп, талдау;
өткізілетін іс-шараның тәрбиелік құндылығын талдау;

2. Болжамдық (прогностикалық)
тәрбиелік ықпалмен жоспарланған іс-шараның нәтижесін болжау;
оқушылардың жеке дара даму деңгейінің нәтижесін болжау;
ұжымның қалыптасуы мен даму кезеңдерін болжау;
ұжымдағы қалыптасып келе жатқан қарым-қатынастардың салдарын болжау (оқушылар арасындағы, оқушылар мен мұғалімдер, ата-аналар мен мұғалімдер арасындағы)

3. Коммуникативтік:
оқушылар арасында өзара қарым-қатынас қалыптастыру, ұжымға үйретуге көмектесу, қатарларының арасында өзін қанағаттандыратын статусқа ие болуға көмектесу;
«оқушы-оқушы», «оқушы-ата-ана», «оқушы-мұғалім» арасындағы өзара қолайлы байланыс орнату;
оқушылардың қоршаған ортамен қолайлы қатынас орнату:
ұжымдар әр оқушыға қолайлы психологиялық ахуал орнатуға үлес қосу;
4. Ұйымдастыру – үйлестіру:
әр оқушының даму ерекшеліктерін психологиялық-педагогикалық картада көрсету;
оқушыларға оқу әрекетінде көмектесу;
әрбір оқушыға және ұжымға жеке дара ықпал жасау;
оқушыларға үйірмелер, клубтар, секциялар, бірлестіктер арқылы қосымша білім алуға көмектесу;
оқушылар өзін-өзі дамытуға, өзін-өзі тәрбиелеуге жағдай жасау, мектеп психологымен бірігіп оқушыларға психологиялық білім беру;

оқушылардың дербестігі мен құқықтарын қорғау;
оқушылардың отбасымен байланыс ұйымдастыру: ата-аналар жиналысын өткізу, ата-аналарға кеңес беру, ата-аналарды мектепке көмек беруге тарту, оқушылардың денсаулығы мен өміріне байланысты төтенше жағдайларда ата-аналармен жедел түрде байланысу;
өз сыныбы оқушыларының үлгеріміне байланысты кіші педагогикалық кеңестер
жұмысын ұйымдастыру, пән мұғалімдерінің сабақтарына қатысу;
мектептен тыс мекемелермен байланыс және көмек;

кәсіби бағдар беру, болашақ мамандығын таңдауға саналы көзқарас қалыптастыру;
қажетті іс-қағаздарды жүргізу (журнал, сабаққа қатысуын қадағалау, оқушылардың күнделіктерін тексеру, жеке іс-қағаздарды, сынып жетекшісінің жұмыс жоспары);
сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастыруға мүмкіндік беретін қолайлы методологиялық жағдай жасауға үлес қосу;
Сынып жетекшісі өз құқықтарын біліп, орынды пайдалана білуі керек.

Сынып жетекшісінің құқықтары:
оқушылардың денсаулығы және психикалық жағдайы туралы мағлұмат алып отыру;
сынып оқушыларының сабаққа қатысуын қадағалау;
уақытында көмек көрсету мақсатымен, оқушылардың оқудағы жетістіктері мен кемшіліктері туралы толық мағлұмат жинап отыру;

сыныптағы қыздармен, ұлдармен, ата-аналармен өткізетін жұмысты мектеп психологы, әлеуметтік педагогтар, дәрігер немесе медбикемен бірігіп отырып жоспарлау;
ата-аналарды мектепке шақырып тұру;
мектептегі өзін-өзі басқаратын ұйымдарға қатысу: педагогикалық кеңес, әкімшілік кеңесі, ғылыми-әдістемелік кеңес т. б;
тәрбие жұмысының әр саласы бойынша әдістемелік және тәрбиелік – эксперименттік жұмыс жүргізу;
өзінің кәсіби шеберлігін жетілдіру формаларын таңдап алу, әдістемелік жұмыстың әрбір түрлеріне қатысу;
егер сынып жұмысының бағасымен келіспесе, өзінің намысын қорғау үшін оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымдарында немесе мұғалімдер кеңесінде сөз салып сөйлеуге құқықты;
Сынып жетекшісінің....

оқушының намысын қорлауға, қосалқы ат қойып кемітуге т. б;
оқу бағасын оқушыны жазалау үшін пайдалануға;
оқушының сенгіштігін пайдаланып, уәдесінде тұрмай, әдейі қате бағдар беруге;
отбасын (туысқандарын) оқушыны жазалау үшін әдейі пайдалануға;
әріптестерін сыртынан жамандауға, беделін түсіруге құқы жоқ. .
Сынып жетекшісі іс-қағаздарын жүргізіп, есеп беріп отыруға тиісті.
Сынып жетекшісі төмендегідей іс-қағаздар жүргізеді:
сынып журналы;

сынып ұжымымен өткізетін тәрбие жұмысының жоспары;
сынып жетекшісінің дәптері;
оқушылардың күнделіктері;
оқушылардың жеке құжаттары;
оқушыларды зерттеуге арналған психологиялық-педагогикалық карталар;
тәрбиелік шаралар жинақталған папкалар;
Сынып жетекшісі үнемі білімін жетілдіріп, заңдармен танысып отыруы керек.
Сынып жетекшісі нені білуге тиіс:
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңын;
Балалар құқығы туралы Конвенцияны (1993);
Педагогиканы, этнопедагогиканы, этнопсихологияны, мектеп гигиенасын;
Педагогикалық әдепті;

Тәрбие жұмысының әдістемесі мен теориясын;
Еңбек заңының негіздерін;
Өз сыныбының тәрбие жұмысы жоспарын жасай білу;
Тәрбиелік іс-шараны ұйымдастыра алуы: әңгіме, пікірталас, экскурсия, жорық, сынып сағаты т. б;
Ата-аналар жиналысын ұйымдастыруы және өткізуі;
Психологиялық-педагогикалық тестілерді, анкеталарды, суалнамаларды өз жұмысында сыпайы пайдалана алуы;
Сынып жетекшісі жыл бойы төмендегіше жүйелі түрде қызмет атқарады.
Күнделікті атқаратын қызметі:
сабаққа кешігіп келген оқушылармен жұмыс және кейбір оқушылардың сабаққа қатыспай қалған себептерін анықтау;

оқушылардың тамақтануын ұйымдастыру, сынып кабинетінде кезекшілік ұйымдастыру, оқушылармен жеке жұмыс;
Апта сайын өткізілетін жұмыс:
оқушылардың күнделіктерін тексеру, жоспар бойынша сыныппен іс-шара өткізу (аптасына 1 рет сынып сағаты);
ата-аналармен жұмыс, пән мұғалімдерімен жұмыс;
оқушылардың ауырып қалуына байланысты алған анықтамасы бойынша мектеп дәрігерімен кездесу;

Ай сайын:
өз сыныбындағы сабақтарға қатысу, мектеп психологымен кездесу;
ата-аналар комитетімен кездесу; жұмыс жоспарлауға байланысты мәжіліске қатысу;
Тоқсан сайын:
тоқсан бойынша сынып журналын толтыру, сынып жетекшісіне арналған журналды толтыру, ата-аналар жиналысын өткізу;
тоқсан бойынша тәрбие жұмысын қорытындылау, жаңа тоқсанға жоспарды толтыру, өзгерістер енгізу;
Жылына 1 – рет:
ашық іс-шара өткізу, оқушылардың жеке құжаттарын толтыру;
сынып жұмысының жоспарын жасау және талдау;
сыныптың статистикалық көрсеткіштері (1 қыркүйек күні)
Сынып жетекшісінің жыл бойы атқарған қызметін мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары есепке алып, сынып жетекшілер отырысында қорытындылап, бағалайды. Сынып жетекшісінің бір жылдық жұмысының нәтижесі мына көрсеткіштер арқылы қорытындыланады:

тәрбие жұмысының жоспарын және оған ескертулерді талдау арқылы;
оқушылардың оқу жылы аяғында толтырған анкеталарын талдау арқылы;
сынып жетекшісімен оқу жылының аяғында оның міндеттері туралы өткізген сұхбат - әңгіме арқылы;
мектеп басшыларының жыл бойы сынып жетекшісі ұйымдастырып, өткізген іс-шараларын талдау арқылы;
сынып оқушыларының жалпы мектеп іс-шараларға қатысуын талдау арқылы;
Сынып жетекшісінің жұмысын бағалау өлшемдері:
 Сынып өмірінің реттелгендігі, жөнге келгендігі;
 Сынып ұжымының қалыптасқандығы және кемелденгендігі;
 Сыныптың жалпы психологиялық ахуалы;

 Әрбір ұжым мүшесінің әлеуметтік тұрғыдан қамқорлыққа алынғандығы;
 Оқушының жалпы мәдениетінің және тәрбиелік деңгейінің өсуі;
 Сынып жетекшісінің белсенді позициясы;
 Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік – эксперименттік жұмысқа қатысуы;
 Ата-аналарды сынып ұжымының іс-әрекетіне араластыруы;
 Сынып жетекшісінің жұмысын бағалауда пайдаланылатын негізгі критерийлер: оқушылардың тәрбиелік деңгейлерінің өсуі, олардың интеллектуалдық, адамгершілік, эстетикалық, құқықтық, жыныстық және дүниетанымдық дамуы.

Өзім 29 жыл бойы бастауыш сынып мұғалімімен қатар сынып жетекші қызметін атқарып келемін. Осы жылдар ішінде мектепішілік, аудандық, облыстық сайыстарға қатынасып, әріптестерімен тәжірибе алмастым. Облыстық «Ұлттық тәрбие, рухани-адамгершілік және жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастыру және дамыту: іс-тәжірибелер, жаңа бағыттары» тақырыбында өткен ғылыми-практикалық конференцияға қатынасып, әріптестеріммен ой бөлісіп, оқушыларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу жолдары туралы ұсыныс пікірлерім жинақ кітапқа енді.

Тәрбие бағыттары бойынша 3-сыныпта өткізген «Сынып сағатының топтамалары» халықаралық деңгейде өткен «Шағын жинақты мектеп: қазіргі жайы даму болашағы» халықаралық ғылыми практикалық конференцияның көрмесіне ұсынылды. Аудандық «Сынып жетекші-2012» байқауына қатынасып ІІ орынға ие болсам, мектепішілік «Сыни тұрғыдан ойлау технологиясының әдістерін қолдану» тақырыбындағы семинарда іс-тәжірибем таратылды.

«Жеке тұлғаның адамгершілік көзқарасын қалыптастыру жолдары» тақырыбында шығармашылық жұмыспен айналысып келемін. Сынып жетекшісіне арналған журнал құрастырдым. Журналда сынып жетекшісінің атқаратын барлық жұмыстары жинақталған. Сын тұрғысынан ойлау технологиясы бойынша курстан өтіп, тәрбие жұмысында қолданып отырамын. Осындай жұмыстарымның нәтижесінде аудандық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің Алғыс хаты мен Құрмет грамотасымен марапатталдым.

Қазіргі қоғамымызда болашақ ұрпақты тәрбиелеуде әр ұстаз өз шеберлігін оқу– тәрбие үрдісінде жаңа педагогикалық технологияны жетік меңгерумен қатар шығармашылықпен жұмыс жүргізуге тиіс. Жас шыбық иілуге қандай икемді болса, жас бала да тәрбиені қабылдауға солай бейім. Сондықтан ұрпақ жайындағы озық ұлттық мұраны бүгінгі оқу– тәрбие үрдісіне ендіру аса маңызды. “Ел боламын десең, бесігіңді түзе”- деп заманымыздың заңғар жазушысы М. Әуезов айтқандай, ел болашағы жасөспірімдердің саналы да өнегелі тәрбиесіне тікелей байланысты. Осы қағиданы, ережелерді жүзеге асырғанда біз болашағымызға зор сеніммен қараймыз.
17 787
0
  • 100
2 дауыс


Жаңалықтар
Қызым ибалы, ұлым намысты болсын десең…
Қызым ибалы, ұлым намысты болсын десең…
Ұрпақ тәрбиесіне үстірт қарамаған бабаларымыздың жақсы дәстүрі бүгінде мемлекеттік тұрғыда жалғасын тауып отыр. Дүниеге келген әрбір нәресте балабақшадағы бүлдіршін, мектеп қабырғасындағы оқушы мен жастар тағдыры - оқумен денсаулығы, қызмет етуі,
Бүгінгі ұрпақ – ел болашағы (эссе)
Бүгінгі ұрпақ – ел болашағы (эссе)
Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезеңде қолға алар ісіміздің бірі – ұрпақ тәрбиесі болды. Халқымыздың болашағы – бүгінгі ұрпағы. Бүгінгі таңда мемлекетіміз өз тәуелсіздігін алып, өзінің дербес мемлекеттілігін қалыптастыруда.
Ата- ана баласымен бақытты
Ата- ана баласымен бақытты
Баланың бас ұстазы – ата-ана. Ұлтымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген дана сөз бар. Әр отбасында ата-ананың орны бөлек. Ата-анаға баладан артық ешкім жоқ. «Бала - адамның бауыр еті» деген сөз бар.
Өзін-өзі тану арқылы адамгершілік – рухани құндылықтардың жаңаруы
Өзін-өзі тану арқылы адамгершілік – рухани құндылықтардың жаңаруы
Жас ұрпақтың азамат болып қалыптасуы, оның шығармашылықпен дамуының түп тамыры тәрбиеден бастау алып, ол Қазақстанның ертеңі мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігі, қоғамның құндылық бағдарлары жайлы сөз қозғағанда тәрбие мәселелері назар аударуды қажет
Эссе
Эссе
Қарағанды облысы, Приозерск қаласы, №1ЖББ ОМ қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімі Хизирова Маржанкул Хожабекқызы
Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты
Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты
Ұрпақ тәрбиесі қашаннан өз мәнін биік ұстайды. Сондықтан қай заман, қай қоғамда болсын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән берген. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен, келешек ұрпаққа оқу - білім және тәрбие беру ісін дұрыс жолға
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×