Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Ересектерге тіл үйрету сабақтарында деңгейлеп-саралап оқытуды қолдану жолдары.

10 шілде 2018, Сейсенбі
Категориясы: Әдістемелік көмек
Ересектерге тіл үйрету сабақтарында деңгейлеп - саралап оқытуды қолдану жолдары.
Қазақ тілі сабағында білім алушының қызметінің белсенділігін арттыратын педагогикалық технологиялардың бірі – деңгейлеп саралап оқыту технологиясы. Деңгейлеп саралап оқыту технологиясы дегеніміз – әр тұлғаны оның қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне қарай оқыту. Деңгейлік - саралап оқыту технологиясы – жеке даму жан-жақтылығына негізделген білім беру жүйесі. Бұл технологияда бірінші орында адамның өз бетімен білім алудағы белсенділігіне баса назар аударылады.

Деңгейлеп саралап оқыту технологиясы 1998 жылдан бастап оқу үрдісіне енген. Профессор Ж. Қараевтың деңгейлеп - саралап оқыту технологиясы:
- білім алушының өздігінен іздену іс - әрекеттерін меңгеруіне;
- тыңдаушының өз қабілетіне сенуіне;
- оларды қызықтыруға, ынталандыруға;
- тіл үйренуші мен оқытушының ынтымақтастық, достық қарым - қатынасына;
- тыңдаушының өз білімін өзі бақылап, өзін - өзі бағалай білуіне бағытталған.
Деңгейлік тапсырмалар орындату тыңдаушыға шамадан тыс жүктеме беру емес, керісінше, оның біліміне, мүмкіндігіне, сұранысы мен қабілетіне сәйкес дайындалған сатылы жұмыстар, яғни, біртіндеп жеңілден күрделіге көше отырып орындалатын, есте сақтау, ойлау, сөйлеу қабілетін дамытатын, ізденушілікке, яғни өз бетімен үйренуге баулитын жұмыстар жүйесі. Жалпы алып қарастырғанда деңгейлеп саралап оқыту технологиясы Қазтест жүйесімен тікелей байланысты деп айтуға болады, себебі аталмыш жүйедегі тест тапсырмалары жеңілден қиынға, оңайдан күрделіге қағидасын басшылыққа ала отырып құрылған. Біз өз тәжірибемізде диагностикалық тестілеудің мазмұны үш деңгейлік тапсырмалардан құрылғанына көзіміз жетті. Тест тапсырмаларын орындау барысында әркім өзінің білгеніне жауап беріп, өзіне лайықты бағасын алады.
Деңгейлеп саралап оқыту технологиясының негізгі мақсаты:
 Барлығына стандарт деңгейінде білім беру;
 Әр адамды қабілеті мен мүмкіндік деңгейінде оқыту;
 Қазақ тілі пәніне қызығушылығын туғызу;
 Шығармашыл іс - әрекет жасай алатындай дәрежеге жеткізу.
Тиімділігі мен ерекшелігі:
 тұлғаның жеке қабілеті айқындалады;
 бәсекелестік туып, іштей бір - бірінен қалмауға тырысады;
 тапсырманың күрделену деңгейіне сәйкес орындаушының ойлау қабілеті артады;
 деңгейлеп оқыту әр білім алушыға өз мүмкіндіктерін барынша пайдалана отырып білім алуына жағдай жасап, мүмкіндік береді;
 деңгейлеп оқыту әртүрлі категориядағы тіл үйренушілерге бірдей көңіл бөліп, олармен саралай жұмыс істеуге мүмкіндік береді;
 оқытушының жеке тәжірибесіне және үйренушінің жеке қабілетіне негізделген оқыту технологиясы тиімді де нәтижелі болады;
 жеке тұлғаның психикалық ерекшеліктеріне (есте сақтау, ойлау, қабылдау, қабілеттерінің ерекшелігіне, зейін ерекшелігіне, өзінің эмоциясын басқара білуіне) ықпал етеді.
Деңгейлеп саралап оқыту технологиясының басты мақсаты – тыңдаушыларды «қабілетті», «қабілетсіз» деген жіктерге бөлуді болдырмау. Тапсырмаларды қандай адам болмасын, жақсы оқыса да І деңгейден орындайды. І деңгей тапсырмаларын орындау қарапайым деңгей талаптарының орындалуына кепілдік береді. Қарапайым деңгей – ауызекі сөйлеуге үйрететін, қарым - қатынастың алғашқы сатысы болып табылатын стандарт бойынша анықталған ең төменгі шек. Сондықтан оны әрбір тіл үйренуші меңгеруі тиіс. Бұл деңгей әр адамның қабілетін ескере отырып, уақыты мен күшін дұрыс пайдалануына мүмкіндік береді.
Әрбір тіл үйренуші І деңгейдің тапсырмаларын орындауға міндетті және одан жоғарғы деңгейдегі тапсырмаларды орындауға құқылы. Осы тұрғыдан алғанда «үлгере алмай қалатын, баяу» адам, тапсырманы жылдам орындайтын, жақсы оқитын адамға ілесе алмай жатса не істеуге болады? — деген сұрақ туады. І деңгейден аса алмай жатқан жағдайда қалған тапсырмаларды үйде орындауға беру керек немесе сабақ үстінде басқа орындап болған тыңдаушылардың тапсырмаларын дауыстап оқыту арқылы тексере отырып толықтыруына жағдай жасау керек. Ересек адамдар үшін де, мұғалім үшін де екінші жол ыңғайлы, себебі олар өз қателерін өздері тауып түзету мүмкіндігіне ие болады және тыңдаушылардың көбі жұмыстағы адамдар болғандықтан уақыт тапшылығы деген бар, және біз үшін де әрбір тыңдаушының тапсырмасын тексеруге осы мәселе кедергі келтіреді.
Деңгейлік тапсырмаларды топтық, жұптық, жеке формаларда орындауға болады.
Деңгейлеп - саралап оқыту құрылымында білімді игеру – ең төменгі, үйренушілік, бағдарламалық, күрделенген деңгей және қосымша шығармашылық деңгей талаптарынан тұрады:
Бірінші деңгей – «репродуктивтік» (үйренушілік). Тыңдаушылардың жаңа тақырыптан үйренгендерін бекітуге, еске түсіріп қайталауға және алған білімдерін практикада қолдана білуге жаттықтырады. Грамматикалық тапсырмалар, жазба жұмыстары, мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тест, жаңа сөздерді қайталау, сұрақтарға түсініп жауап беру сияқты жұмыстар қарапайым түрде беріледі. Берілген тапсырмалар өмірмен, қоршаған ортамен байланыстырылған болуы керек. Қазтест жүйесі бойынша да қарапайым деңгейге сәйкес тапсырмалар осындай.
Екінші деңгей - «алгоритмдік». Білім алушы бұрынғы алған білімін пайдалана отырып, өз бетімен жұмыс істейді. Үйренушілік деңгейдегі білімін толықтыру, бұрынғымен байланысты, бірақ күрделірек материалды жүйелей алуы, алған білімдерін басқа тапсырмаларды орындағанда пайдалана алуы ескеріледі. Мұнда білгенін толықтыра отырып қайталау тапсырмалары беріледі. Қазтест жүйесімен алатын болсақ, бұл – базалық деңгей тапсырмалары. Нақтырақ айтқанда, бастапқы үйренген сөздерінің қосымша жалғану арқылы мағына үстелген немесе басқа грамматикалық құрылымда қолданылуын ұсынуға болады. Мысалы «отбасы», «ғимарат» деген сөздердің бастапқы формасы мен «отбасылық бақыт» немесе «ғимараттың ішінде» деген күрделі нұсқасын түсініп, орысшадан дұрыс аудара білу, оларды сөйлем ішінде қолдана білуі. Тыңдаушылардың сөздік қоры базалық деңгейде бұрынғы тақырыптар бойынша жаңа сөздермен толықтырылады, яғни жаңа сөздерді бұрыннан білетін сөздерімен байланыстыра отырып еске сақтауға баулу. Сондай - ақ танымдық және үйренушілік мәні бар мәтіндер мен тапсырмалар, нақтырақ айтқанда сөзтізбектер, ребустар, ойлауға арналған тест тапсырмалары беріледі.
Үшінші деңгей - «эвристикалық». Бұл деңгейде тақырып бойынша меңгерген білімдерін жетілдіріп, тереңдетіп, ой қорытуға арналған тапсырмаларды орындаумен қатар, бұрынғыдан күрделі, көлемді мәтіндерді түсініп, сол бойынша тапсырмалар орындайды. Бұл деңгей әр түрлі логикалық тапсырмаларды талдай, жинақтай алуды және салыстыра білуді қажет етеді. Тіл үйренуші тыңдаған көлемді де күрделі мәтінді түсініп, өздігінен мәтін құрып, оны баяндай алатын, монолог айта алатын жағдайда болуы керек. Ұсынылған грамматикалық ережелерді түсініп, қосымшалар мен құрылымдарды тиісті орнына қойып, оқытушының көрсеткен бағытымен өз бетінше басқа жағдайларда қолдана білетіндей дәрежеге жетеді. Яғни тіл үйренуші өзі ізденіп, зерделеу арқылы материалды саналы түрде меңгеруі керек.

Ересектерге тіл үйрету сабақтарында деңгейлеп-саралап оқытуды қолдану жолдары. жүктеу
2 675
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Ондық бөлшектерге амалдар қолдану
Ондық бөлшектерге амалдар қолдану
Оқушыларға сабақ барысында деңгейлеп саралап оқыту технологиясы бойынша жұмыс орындайтындықтарын түсіндіру.
Қазіргі заманда білім беруде жаңа технологиялар
Қазіргі заманда білім беруде жаңа технологиялар
Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы «№3 орта мектебі» ММ биология пәні мұғалімі Адамьянова Шолпан Советовна
Қазақ тілі сабағында деңгейлеп оқыту технологиясын қолданудың тиімділігі
Қазақ тілі сабағында деңгейлеп оқыту технологиясын қолданудың тиімділігі
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы Маңғыстау гуманитарлық колледжінің мемлекеттік тілде оқымайтын топтардағы қазақ тілі пәнінің оқытушысы Нұрмұхамбетова Клара Хайрлықызы
Менің инновациялық сабағым
Менің инновациялық сабағым
Қостанай қаласы, №11 орта мектебі Есингожина Зибагүл Пішенбайқызы
Оқушылардың шығармашылық қабілетін деңгейлеп оқыту технологиясы арқылы дамыту жолдары (баяндама)
Оқушылардың шығармашылық қабілетін деңгейлеп оқыту технологиясы арқылы дамыту жолдары (баяндама)
Ш. Тұржанов атындағы негізгі мектептің математика пәнінің мұғалімі Тлекші Қабиева
Деңгейлік тапсырмалар 7 сынып
Деңгейлік тапсырмалар 7 сынып
Деңгейлеп саралап оқыту, әрбір оқушы өзінің даму деңгейінде оқу материалын меңгеруін қамтамасыз етуі
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×