Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Алтын сандық (әдеби музыкалық ойын)

21 мам 2013, Сейсенбі
Категориясы: Бала-бақша
Алтын сандық - әдеби музыкалық ойын
Мақсаты: а) білімділік
Балалардың көктем туралы білімін пысықтап, тиянақтау. Көктем мезгілінің өзіндік ерекшелігін сезіндіру. Балаларды табиғат тылсымымен байланыстырып, сөйлеу шеберлігін шыңдау.
ә) дамытушылық
Балалардың дүниетанымын кеңейту, көркемдік ойлау қабілетін арттыра отырып, шығармашылығын дамыту. Музыкалық танымын қалыптастыру. Әуенді тыңдай отырып, сезіне білуге үйрету. Зейінін дамыту.
б) тәрбиелік
Табиғатты аялауға, оны қорғауға, сүйе білуге тәрбиелеу. Әдемілікке, әсемдікке тәрбиелеу. Эстетикалық талғамын көтеру. Ауыз әдебиеті үлгілері, соның ішінде жұмбақ, мақалды үйреніп, оны ойынға пайдалана білуге дағдыландыру.
Пән аралық байланыс: ән сабағы, айналамен танысу, көркем әдебиет, математика.
Әдіс - тәсілі: түсіндіру, көркем сөз, сұрақ - жауап, таңғажайып сәт, ойын, бағалау.
Көрнекілігі: гүлдер, құстар, сандық, алтын қақпа, күміс қақпа, күн, өзен, су, сыйлықтар.
Алдын - ала жүргізілетін жұмыс: серуен кезінде көктемнің алғашқы белгілерімен таныстырып өттім. 8 наурыз мерекесіне «Көктем – Ана, Қыздар - гүл» деп көктемді анаға, қыздарды гүлге теңеп сезіндірдім.

1. Ортада гүл бейнесінде қыздар ұйықтап жатыр.
Тәрбиеші: – Балалар, мына гүлдер неге жабырқау, көңілсіз тұр? Бұл жас гүлдер жайқалып, көркею үшін не қажет деп ойлайсыңдар?
Балалар: «Күннің көзі», - дейді.

2. Күн келеді (әнмен):
Жиналған барша жамағат,
Етейін барға қанағат.
Әлемге ортақ күнмін мен,
Алыңдар менен ұлағат.
Төгемін алтын нұрымды,
Риза етіп қала, даламды.
Ешнәрсе менсіз өспейді,
Бар әлем мені дос дейді.
Сондықтан барша адамзат
Күнді әнге қос дейді.

3. Балалар хормен:
Сөнбе ешқашан күніміз!
Тілейді мұны жеріміз.
Тілейді мұны еліміз,
Тілейміз мұны бәріміз.

4. Тәрбиеші:
- Балалар, гүлдер кішкене бой алып тікейген сияқты.
- Енді гүлдердің биік болып, әрі қарай өркенін жаю үшін тағы да не қажет деп ойлайсыңдар?
- Таза ауа, су қажет.
- Иә, балалар, әдемі гүлдердің бой алып өсуі үшін күн нұрымен бірге таза ауа, оған нәр беретін су қажет екен.
Бекзат: - Ендеше, бәріміз гүлдерге көмектесейік.
Тәрбиеші: - Жарайды, «Көкті жұлма, көктей соларсың» - деген. Табиғатты қорғауымыз керек.
Осы кезде музыкамен айнала билеп балалар гүлдерге су құяды.

5. Осы кезде гүлдердің бәрі тұрып жайқалып, ырғалып былай дейді:
1 - гүл: Перизат
Мен – жердің көркі саналған табиғаттың бір мүшесімін
2 - гүл: Ақнұр
Жайқалып, жайнап өскен гүлді адамзат жақсы көреді.
3 - гүл: Ардақ
Өйткені бәріміз хош иіс береміз
4 - гүл: Жансая
Гүлдерді қуаныш тойларда, мерекелерде сый ретінде ұсынады.
5 - гүл: Гауһар
Гүлдер әр түрлі болуымен табиғатқа әсем көрік береді.
Барлық қыздар:
Бәріміз қосылып адамзатқа бақыт сыйлаймыз.

6. Тәрбиеші:
- Иә, балалар, байқаған боларсыңдар. Көктем келіп, айнала бір ерекше күйге еніп жатыр. Күн нұрын төгіп, оның сәулесін бойына дарытқан табиғат жаңарып, жасаруда. Ендеше, жақсы бір көңіл күймен айналаға көз салып, әдемі ән айтсақ (өлеңнің бір қатары, қайырмасы).
Келді көктем далаға
Келді сұлу шағала
Аспандағы ақ құстар
Айдын көлді арала
А - а - а
Нұрлы көктем
А - а - а
Сүйді беттен
Гүл көктемді қарсы алып
Би билейміз ән салып.

7. Осы кезде Көктем – Ана кіреді:
Менің кішкентай бүлдіршіндерім!
Мен Көктем – Анамын
Табиғаттан нәр алдым
Жердің көкі саналдым.
Айналаға еркелей
Наздана мен қараймын.
Менің кішкентай балаларым, сендер менің бір бөлшегімсіңдер. Сайраған құс та, жүгірген аң да, сыбдырлаған шөп те, сылдырлап аққан су да, жер тәңірісі – Адам да менің ұрпағым.
Міне, жыл мезгілі – Көктем келді. Дүние - әлем жасарып, жаңарып тіршілік оянды. Менің кішкентай балаларым, сендердің бойларыңа күн нұрымен жылылық таратамын.

8. Осы кезде бір бала:
- Қайырымды Көктем – Ана! Сіз де біздің бүгінгі сабағымызға келіп, қуаныш, жылылық сыйлап жатырсыз. Біздер де сізге үлкен тілек, жылы лебіз білдірсек.
1 - бала: Дәулет
Мен Көктем – Ана құшағы кең, пейілі мол болсын деймін
2 - бала: Бекзат
Күніміз әрқашан шуақты болсын деймін
3 - бала: Мұрат
Мен жер бетіндегі адамдар аман болсын деймін
4 - бала: Мақсат
Гүлдеріміз солмай, жайқалып өсе берсін деймін
5 - бала: Тәжім
Мен жеріміздің өнімі мол болса деймін
6 - бала: Гауһар
Мен табиғатымыздың жайнап, көркейе беруін тілеймін.
Көктем – Ана:
- Тілектерің қабыл болсын! Ал, балалар, менің әдемі гүлдерімнің хош иісін сезінгілерің келе ме?
- Әрине сезінгіміз келеді.
Тәрбиеші:
- Ендеше балалар бәріміз Көктем – Ананың гүлдеріне төртеуден – бесеуден
көбелек болып ұшып қонайықшы.
Көктем – Ана:
- Менің кішкентай балаларым, мен де сендердің бойларыңнан жақсы қасиеттерді, балабақша үйінен алған білімдеріңді көргім, білгім келеді.
Тәрбиеші: - Әрине, бүгінгі сабағымыздың қонағы өзіңізсіз. Біздің балалардың бойынан бәрін де табуға болады, шешендік те, тапқырлық та, әншілік те. Олай болса, бүгінгі мерекемізге алтын күннің сәулесінен жаралған алтын сандық ашылмақшы. Бізге қуаныш сыйлайтын, біліміміз бен біліктілігімізді паш ететін ғажайып «Алтын сандық» ойынынан балалардың ілім - білімі мен өнерін көре аласыз.
Ол үшін әдемі гүлдерден гүл теріп, гүл шоғын құрайықшы. Кімге қандай гүлдер ұнайды. (Балалар гүлден бір - бірден үзіп алады).
Балалар 2-ге бөлініп, 2 гүл шоғын құрайды. Енді балалар, қолымыздағы гүлдердің аты қалай аталады?
Балалар: - «Қызғалдақ, Сарғалдақ» - деп жауап береді.
- Олай болса сендер қызғалдақ гүл шоғы, сендер сарғалдақ гүл шоғысыңдар.
- Балалар, бізге Көктем - Ана келіп, жер бетін түрлендіріп, құстар да әндерін салып, гүлдер де жайқалып, табиғатымыз ерекше бір күйге еніп отыр. Қалай ойлайсыздар мына гүлдер несімен ерекшеленіп тұр?
Балалар: Гүлдерге көбелектер қонып, шырынымен қоректеніп жатыр. Әр гүлге әр түрлі көбелектер қонып тұр.
Тәрбиеші:
- Иә, балалар, бүгінгі алтын сандықтың құпиясын осы ерекше гүлдер арқылы табуға болады екен. Бұған сендер өз білімдеріңмен жетесіңдер. Алтын сандық оңайлықпен ашылмайды. Кедергісі бар қақпалардан өту керек. Ол қақпаны ептілер мен күштілер, білімділер мен өнерлілер ғана аша алады. Ендеше, біздің алғашқы сұрағымыз гүлдерге байланысты. Алғашқы кезекті гүлдерді бірінші терген «Қызғалдақ» гүл шоғының балалары таңдаса. (2 - сұрақтан таңдайды.)
Сары гүлдегі бір көбелекті таңдаймын.
Тәрбиеші: - Бұл гүлдің сыртында жұмбақ жасырылған.
Жұпары аңқып даланың,
Иісі мұрын жарады
Жылы самал соғады
Бұл қай кезде болады?
Балалар: «Көктемде»- дейді.
Тәрбиеші: - Тағы да қай гүлді таңдайсыңдар?
Балалар: Қызыл гүлдегі үш көбелекті таңдаймын.
Бұл сұрақ әуен арқылы беріледі.
Әннің аты, сөзі және өлеңі кімдікі?
Балалар: Әннің аты «Көктем»
Сөзі: Сәтібековтікі
Өлеңі: Қуатбаевтікі
Келесі кезекті «Сарғалдақ» гүл шоғының балалары таңдаса
Балалар: Көк түстегі төрт көбелекті таңдаймын.
- Бұл сұрақ: көктем кайларын ата
Балалар: «Наурыз, сәуір, мамыр» - деп жауап береді.
Тәрбиеші: - Тағы да қай гүлді таңдайсыңдар?
- Жасыл гүлдегі екі көбелекті таңдаймын
- Гүлге байланысты қандай қыздардың есімін білесіңдер?
(Раушан, Райхан, Балауса, Бәйшешек, Қалампыр, Масаты, Роза, Қызғалдақ)
- Балалар, сендер сұраққа дұрыс жауап берген соң, күміс қақпа ашылды Енді ар жағында алтын қақпа тұр. Бұл алтын қақпа сұрағын қоюға көңілі көктем, пейілі кең, асыл апаларымыз келіп отыр екен. Олар да жай келмеген секілді. Олай болса, апаларымыз бізге қандай сыймен келді екен.
1. Құрметті «Қызғалдақ» гүл шоғының балалары, сендерге қояр сұрағым: Қандай ағаш түрлерін білесіңдер? (қарағай, қара тал, жиде, қайың, емен...)
2. Құрметті «Сарғалдақ» гүл шоғының балалары, сендерге мынадай сұрағым бар. Туған жер туралы қандай мақал білесіңдер?
«Жері байдың - елі бай».
Жер - адамның бесігі.
Туған жердей жер болмас
Туған елдей ел болмас.
Жер - Ана
Ел – бала.
Батаменен ел көгерер
Жаңбырменен жер көгерер.
3. Құрметтті «Қызғалдақ» гүл шоғының балалары! Табиғаттың 4 құдіретін ата?
Қайырымды қара жер,
Мөлдір таза су,
Шұғылалы алтын күн,
Мейірімді аспан ата.
4. Құрметті «Сарғалдақ» гүл шоғының балалары, сендерге қояр сұрағым: көктем туралы қандай тақпақ білесіңдер?
Қар еріді, су ақты,
Күндер туды шуақты.
Байтақ дала келбеті,
Түкті кілем сияқты.

Көкке бояп өңірді,
Көктем келді көңілді.
Бау - бақшада сайраған,
Құстар әні төгілді.

Тосырқама жыл құсы,
Қона кет ұшпай жоғары.
Күткенбіз қашан келер деп,
Көктемнің сәнді қонағы.
Сұраққа жауап берген соң, Алтын қақпа ашылады.
- Балалар, алтын қақпа ашылды. Оның ар жағында көздің жауын алып, алтын сандық та қашан ашылар екенмін деп көз тартады. Осы алтын сандық сұрағын бүгінгі біздің қонағымыз Көктем – Ана берсе деймін. Бұл сұрақ күрделі болуы мүмкін. Дұрыс жауап берілсе, алтын сандық та сендердікі, сыйлығы да сендердікі.
«Қызғалдық» гүл шоғына
Бір зат бар дүниеде құшағы кең,
Адамзат, жан - жануар арасында
Мәңгілік өсіп - өніп өмір сүрген. (Жер)
«Сарғалдақ» гүл шоғына
Гүлдерге байланысты жұмбақ айтайын.
Ежелден халық бұл гүлді
Жалқауларға қимайды.
Қорғайтын елді, үлгілі
Батырларға сыйлайды.

Балалар: «Қалампыр гүлі» деп жауап береді.
Алтын сандық ашылып, ішіндегі сыйлықтар балаларға беріледі.
Көктем – Ана:
- Ал, балаларым, менің құшағым кең. Өйткені құшағыма бәрі сыйып кетеді. Бүгінгі сендердің айтқан ән - жырларыңды тыңдап бір жасап қалдым. Бойыма ерекше күш дарығандай. Жер бетінде тек әсем әуен әуелесін, сәбилер тыныш ұйықтасын. Көктем сайын ерекше бір жасарып, жайнап осы мезгілді асыға күтемін, достарым!
- Ал, мен сендерге өз жүрегімді ұсынғым келеді. Ол жүрек мағынасы жақсылықты меңзейтін ыстық лебіздер мен гүлге оранған жақсы ниеттерді қабыл алыңыздар. (табиғи материалдан жасалынған сыйлықтар таратылады).
Балалар: Сізге көп рақмет, Көктем – Ана!
Тәрбиеші: Олай болса, балалар, бүгінгі сабағымыз әсем әннің әлдиімен тербелсін.
Бейне сонау құс әні
Арман биік ұшады.
Күндей ыстық қашанда,
Балабақша құшағы.
Қ / сы

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы.
Әйтеке би кенті, №7 «Балдырған» балабақшасы
тәрбиешісі Умертаева Мира
8 122
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Мектеп жасына дейінгі балалардың эстетикалық тәрбиесі
Мектеп жасына дейінгі балалардың эстетикалық тәрбиесі
Баланың қоғамдық өмірде, еңбекте, табиғатта көркем өнерде бар әсемдікті сезіне білуге үйрету, тәрбиелеу деген сөз. Эстетикалық тәрбие балаға қоршаған ортаның көркемдігін, адамның рухани сұлулығын терең түсіндіре білу, сөйтіп оларды ойлау, қиялдау,
Алтын қақпа ойыны
Алтын қақпа ойыны
Оқушылардың төрт түлік мал туралы білгендерін бір жүйеге келтіріп, толықтыру. Олардың адам баласына тигізер пайдасы туралы айту.
Көктем сәні (ертегі)
Көктем сәні (ертегі)
Балаларға ертегіні түсіндіре отырып, балаларды көктем мезгілінің ерекшелігін сезіне білуге, табиғатты аялай білуге, қамқор болуға тәрбиелеу.
«Алтын қақпа» интеллектуалды шоу ойыны
«Алтын қақпа» интеллектуалды шоу ойыны
ШҚО, Тарбағатай ауданы, Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің химия пәні мұғалімі Шаяхметова Анаргүл Әменқызы
«Алтын қақпа» сайыс сабағы
«Алтын қақпа» сайыс сабағы
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, № 3 мектеп - интернатының бастауыш сынып мұғалімі Искакова Гүлзада Ибадуллақызы
«Алтын қақпа» викториналық сұрақ жауап ойыны
«Алтын қақпа» викториналық сұрақ жауап ойыны
Тлеуова Роза Жолбайқызы №30 «Ұрпақ» МДҰ әдіскері Ақтөбе қаласы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×