Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Төлеген Айбергенов «Ақ қыс»

04 сәуір 2014, Жұма
Категориясы: Бастауыш сынып
Әдебиеттік оқу 3 сынып
Тақырыбы: Төлеген Айбергенов. «Ақ қыс»
Мақсаты: 1. Төлеген Айбергенов туралы мәлімет бере отырып, «Ақ қыс» өлеңінің мазмұнын, мағынасын меңгерту.
2. Ақынның қыс мезгілін – ақ қолғапқа, іздерді – рояльдың ақ пернелеріне, сықырлаған қар дыбысын – аппақ әуенге теңеуі арқылы оқушылардың қиялын, ой - өрісін дамыту.
3. Оқушыларды бірізділікке, шапшаңдыққа, суретпен жұмыс жасай білуге тәрбиелеу.
Түрі: дәстүрлі емес
Типі: жаңа материалды меңгерту
Принциптері: білімнің түсініктілігі мен өмірмен байланыстылығы, жүйелілік пен бірізділік, саналылық пен белсенділік, көрнекілік.
Әдістері: түсіндіру, баяндау, тірек - сызба, сөздік жұмыс, тізбектеп оқыту, көрнекілік.
Пәнаралық байланыс: математика, дүниетану, қазақ тілі.
Көрнекілігі: интерактивті тақта, табиғат суреті, ақынның суреті, тірек - сызба, сөзжұмбақ.

1. Ұйымдастыру кезеңі. Психологиялық дайындық
Сәлеметсіздер ме, балалар? Көңіл - күйлеріңіз қалай? Отырыңыздар. Сабаққа қажетті құралдарымызды алып, сабаққа дайындалып отырамыз.

Қайырлы күн, досым!
Қайырлы күн болсын.
Сейсенбінің сәті
Қуанышқа толсын!
Біздің алар бағамыз
Тек «5» қана болсын.

2. Жаңа сабаққа дайындық
Тақырыпты ашу
Бәріміз назарымызды тақтаға аударайықшы. Бұл жерден не көріп тұрмыз? – Сандар. Ал, енді осы сандардың ішінен 20 - ға дейінгі 2 жұп сандардың қосындысы 9 - ға бөлінетін сандарды ата. (10+8=18/9=2). 10 - нан үлкен 3 тақ сандардың қосындысы 9 - ға бөлінетін сандарды ата. (13+15+17=45/9=5).

3. Жаңа материалды меңгерту
Сонымен, біз бүгін Төлеген Айбергенов атамыздың «Ақ қыс» атты өлеңімен таныс боламыз.
Төлеген Айбергенов – қазақ кеңес ақыны. 1937 жылы қарақалпақ елінің Қоңырат ауданында дүниеге келген. Ташкенттегі Низами атындағы педагогикалық институтты бітірген. Қоңырат ауданында, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында мұғалім болған. 1965 жылдан бастап Алматыға келіп, Жазушылар одағында жұмыс атқарды. 1958 жылдан бастап өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінде жариялана бастады. Айбергенов «Арман сапары» (1963), «Өмірге саяхат» (1965), «Құмдағы мұнаралар» (1968) өлеңдер жинағының авторы.

Тірек - сызбамен жұмыс

Ақ қыс
Ақ қолғаппен құшақтап,
Сақылдайды қыс аппақ.
Өзен, теңіз, тау - төбе –
Тегіс аппақ сәукеле.
Жатыр іздер жосылған,
Рояльдің басылған
Ақ тіліне ұқсап қап...
Ақ қыс – сұлу ақ өлең,
Табанымның астында
Таңғажайып ақ әлем.
Сырласады, сырлассаң,
Қырға асады, қырға ассаң.
Аппақ әуен сықырлап,
Жырлағалы тұр бассаң.
Жанарынан жаз бүркіп,
Тұр қыс күні сүйкімді.
Оянбасаң, мәжбүр қып
Ашатұғын ұйқыңды.
Құлақ күйін оң бұрап,
Төнеді аспан төбемнен.
Аппақ қардан омбылап
Көктем іздеп келем мен.
Т. Айбергенов

Өлең мазмұнын ашу
Сөздік жұмыс
Өлең не туралы жазылған? – Қыс мезгілі туралы. Ақын қыс мезгілін қалай сипаттаған? Қар бетіндегі адам іздерін неге ұқсатады? Жүрген кездегі қардың сықырлағанын ақын неге теңейді?

Оқулығымызда рояль сөзіне анықтама берілген. Рояль – пернелі музыкалық аспап, фортепьяноның бір түрі.
Дәптермен жұмыс
Дәптерімізді ашамыз, бүгінгі күнді, сынып жұмысын, ақынның аты - жөнін жазамыз. Туған жылын, тақырыпты жазамыз.
Жазу барысында оқушы қалай отыру керек? Денеміз тік, дәптеріміз қиғаш тұрады. Сөздік жұмысты көшіріп жазамыз.

4. Сергіту сәті
Қане, орнымыздан тұрайық. Шаршаған шығармыз, ия? Ендеше сәл сергіп алайық.
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, (киімдерін, денесін, сақалды қолымен көрсетеді)
Соқыр, мылқау танымас тірі жанды. (танымас – қолдарын сермейді)
Үсті - басы ақ қырау, түсі суық, (үстін, басын, даланы көрсетеді)
Басқан жері сықырлап келіп қалды. (адымдап алға қарай жүреді)

Венн диаграммасы
Бұл өлеңнің авторы кім? Дұрыс, Абай Құнанбаев. Енді Абай Құнанбаев пен Төлеген Айбергеновты салыстырып көрейік.
Венн диаграммасы
● Т. Айбергенов.
1937 - 1967жж. Қарақалпақ елінің Қоңырат деген жерінде дүниеге келген.
● Ұқсастықтары: Ақын. Қыс мезгіліне байланысты өлеңдері бар. Өлеңдері теңеу түрінде
● А. Құнанбаев.
1845 - 1904 ж. ж. қазақ елінің ұлы ақыны

Көрнекілік әдісі
Әрі қарай, тақтадағы сөзжұмбаққа қараймыз. Табиғат сөзіне қатысты сұрақтарға жауап беру арқылы сөзжұмбақты шешіп көрелік.
Сұрақтары:
1. Қап - қараңғы мерзім. 2. Қысқы жауын. 3. Жазғы табиғат құбылысы.
4. Аспан мен жердің шекарасы. 5. Қыстап қалатын құстардың бірі.
6. Үскірік.... Қатты суық кез. 7. Жыл мезгілі.

Тіл дамыту
Оқулығымыздың 56 - бетін ашамыз. Жаңылтпаш берілген. Оқимыз.

Жаңылтпаш
Ақ қыс, қағаз, аққу – ақ,
Ақ тіс, ақ бу, ақ бұлақ.
Аппақ дейін, ақ дейін.
Ақ емес, бірақ ақтиін.
Қарға қара, қар ақ...
Қар жамылған дала ақ.
Дарақ та ақ, тал ақ,
Тағы не ақ? Санап,
Жаңылысты Қанат.

Енді жылдамырақ оқып көрейік. Тамаша! Жарайсыңдар!
5. Бекіту
Әңгімелесу әдісі арқылы бекіту
1. Бүгін біз қай ақынмен таныстық?
2. Т. Айбергенов қай жылдары өмір сүрген?
3. Ақын қай жерде дүниеге келген?
4. Төлеген атамыз қандай институтты бітірді?
5. Ақынның қандай өлең жинақтары (кітаптары) бар?
6. Біз қандай өлеңімен таныс болдық?
7. Ақ қыс өлеңінде ақын қысты қалай суреттейді?
8. Қар бетіндегі адам іздерін не нәрсеге ұқсатады?
9. Жүрген кездегі қардың сықырлағанын неге теңейді?

6. Бағалау
Бүгінгі сабаққа қатысқандарың бойынша бағалап өтемін. Өз ойларын ашық та нақты айтып, сұрақтарға толық жауап беріп отырған балалар, бәрің тиісті бағаларыңды алдыңдар.

7. Үйге тапсырма
Үйге тапсырма: өлеңді жаттау. Ауылымыздың қысын сипаттап жазу. Күнделіктеріңді ашып, үй тапсырмасын жазып алыңдар.

8. Қорытынды
Бүгінгі сабақ ұнады ма? Несімен ұнады? Несімен ұнамады? Қазіргі уақыт жылдың қай мезгілі? Қыс мезгілінде неше ай бар? Оларды ата. Қазір қандай ай? Жақсы.
Осымен сабағымыз аяқталды. Сау болыңыздар!
18 228
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Төлеген Айбергенов «Ана»
Төлеген Айбергенов «Ана»
Ақын өмірімен таныстыру, өлеңді оқи отырып талдау. Оқушылардың тіл байлығын дамыту, ғылыми тілде сөйлеу дағдысын қалыптастыру.
«Өсіп келе жатырмын» Төлеген Айбергенов
«Өсіп келе жатырмын» Төлеген Айбергенов
Төлеген Айбергеновтің «Өсіп келе жатырмын» атты өлеңін мәнерлеп ырғағына келтіріп оқуға, түсінгенін әңгімелей білуге үйрету; ақынның кейіптеу кезіндегі пайдаланған әсерлі сөздерінің түйінін ашуға жағдай жасау.
Ақ қыс. Т. Айбергенов
Ақ қыс. Т. Айбергенов
Әр маусымның ерекшелігін байқата отырып, табиғаттың сұлулығын тануға, айнала қоршаған дүние және табиғат құбылыстары арқылы шындыққа қарым - қатынасының қалыптасуына жағдай туғызу.
Төлеген Айбергенов Ақ қыс
Төлеген Айбергенов Ақ қыс
Қыс мезгіліндегі мерекелерге тоқталу арқылы өз ойларын жеткізуге ықпал ету. Қыс мезгіліндегі ойын түрлері, қар түрлері, жұмбақтар шештіре отырып, оқушылардың қиялын, ой - өрісін дамыту.
Төлеген Айбергенов «Ана» өлеңі
Төлеген Айбергенов «Ана» өлеңі
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы Қарашоқат орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ахет Гүлден Ермекбайқызы
Төлеген Айбергенов "Жан еді өлең үшін дара туған" (электронды оқулық)
Төлеген Айбергенов "Жан еді өлең үшін дара туған" (электронды оқулық)
Қазақтың біртуар ақыны Төлеген Айбергенов аз ған ғұмырында қазақ әдебиетіне сүбелі үлес қосты. Қазақ поэзиясының дамуына атсалысты. Қазақ әдебиетінде оны Фариза Оңғарсынова, Мұқтар Шаханов, Тынышбай Рахым сияқты әдебиет майталмандары ұстаз санады.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×