Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Қош бол, әйбат Әліппем

14 қаңтар 2013, Дүйсенбі
Категориясы: Бастауыш сынып
Атырау облысы,
Қызылқоға ауданы, Сағыз селосы:
Адилова Мейрамгул

Тақырыбы: Қош бол, әйбат Әліппем!
Мақсаты:
а) Оқушылардың әліппеден алған білімдерін көрсету. Әріптерді қалай меңгергенін және өз өнерлерін көрсете білуге үйрету.
ә) Білімге, кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру.
б) Ақыл ойын дамыту, сөздік қорын арттыру.
Көрнекілігі: шар, қима әріптер, ұлағатты сөздер жазылған плакат, т.б.
Түрі: ертеңгілік (ертегі түрінде)
Барысы:

І. Кіріспе.
Мұғалім: Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Ана тілінің ғажайып әрі шынайы әлеміне бүлдіршіндерді дәл жетелейтін , оқуға, білімге деген ұмтылысқа шақыратын әліппемен қоштасу ертеңгілігіне келіп отырсыздар.
Осыдан 4 ай бұрын мектеп табалдырығын аттаған, кіп-кішкентай жүректері бұлқына соққан балғын бүлдіршіндер еді. Қолдарына алған тұңғыш оқулықтары әліппеге тамсана қарап, оның әр бетін қызыға парақтаған болатын. Ал қазір ше? Қазір олар ойлары толысқан , әр бетін тамсана тамашалаған әліппе оқулығындағы 42 әріпті жатқа білген, кез-келген әңгіме, ертегіні өзі оқи алатын дәрежеге жеткен оқушылар.Әйбат Әліппелерімен қимай-қимай қоштасқалы тұрған балғын бүлдіршіндердің осы кезге дейінгі қадамдарын сіздерге ертегіі-жыр ғып айтып берейін.

ІІ. Мұғалім:
Тыңда, халқым, ертегі
Ертегі сыр шертеді
Бүгінгі мынау заманда
Жер шары деген ғаламда
Балаларға білім беретін
Мектеп патшалығы өмір сүріпті.
Патшалықты №9 орта мектеп деп атаған. Ол патшалықты өте білімді адам басқарыпты. Патшалықта оқу ісі меңгерушілері және балалардың тәрбиесімен айналысқан уәзірлер болыпты. Патшаның сарайында білім беру ісінде үздік саналған, өз ісінің шебері атанған көптеген ұстаздар қызмет етіпті. Мектеп патшалығында іші балаларға толы шағын сарайлар болыпты. Оқу ісін меңгеруші уәзірі ішке енуге батылдары бармай тұрған № 1 сарай балаларын Адилова Мейрамгүл Қалыбайқызы деген ұстазға тапсырыпты. Міне, 1 қыркүйектен бастап сол сарайдағы 18 баланы алаңсыз білім алсын деп өз бауырына басады.
Күндердің күнінде сол кішкентай балалар білім жолына есік ашқан әліппе оқулығын тамамдап, Ана тілі оқулығына қол созады. Сөйтіп олар әйбат Әліппелеріне алғыстарын білдіру үшін ұстаздары мен ата-аналарын мерекелік кештеріне шақырыпты.

Кішкентай сиқыршы: Ой, бүгін күн қандай тамаша! Табиғат ана өз жылуын жердегі адамзатқа төгіп тұрғандай! Көк аспанның бетінде күн көзі көрініп, көкжиектен түрлі-түсті кемпірқосақ пайда болғандай!
Қараңдаршы, қандай әдемі, көрікті! Осы ғажайып күн бізге күлімдеп, қуаныш сыйлап тұрғандай. Мен үшін бүгін ерекше күн. Бүгін менің сиқырлы таяғым таң тамаша ғажайыпты көрсетер ме екен? Қане, сиқырлы таяғым, маған қандай қызық көрсетесің?
(Сол кезде шар жарылып, сол жақтан жүргізуші шығады)

Жүргізуші: Армысыз, кішкентай сиқыршы!

Кішкентай сиқыршы: Сәлеметсізбе, мен сізді танымадым. Мен өзі қайда тұрмын?

Жүргізуші: Кішкентай сиқыршы, сіз №9 орта мектепте тұрсыз.Бүгін біздің мектебімізде ерекше той-думан өтеді. Мектебіміздің 1 «ә» сынып оқушылары әліппемен қоштасқалы жатыр. Келіңіз, біздің балалардың білімі мен өнерін бірге тамашалаңыз.

Кішкентай сиқыршы: Рахмет сізге! Олай болса, балалардың өнерін бірге тамашалайық.

Жүргізуші: Армысыздар, ұстаздар, әз жандар,
Қош келіпсіз, ақ жаулықты аналар,
Қош келіпсіз, өр тұлғалы әкелер.

Жақсы білім көрімдік,
Болсын сізге халайық.
Не үйреніп не білдік,
Қане ортаға салайық!

Шашу, шашу шашайық,
Ақ сандықты ашайық
Бұл мереке, бұл тойдың
Бастаңғысын жасайық!
Жүргізуші: Балалар мен сендерге бір сұрақ қояйын.
Іші толған әріпке,
Болашаққа жарық не?
Балалар: Әліппе!

Жүргізуші: Олай болса, бәрімізге ең қымбат сүйікті әліппемізді ортаға шақырайық.
Балалар: Әліппе! Әліппе! Әліппе!
(Ортаға мыстан кемпір шығады.)
Жүргізуші: Балалар, бұл кім келген? Әліппе қайда?
Балалар: Бұл мыстан кемпір ғой!

Мыстан кемпір: Сәлеметсіңдерме, балалар! Мен мыстан кемпірмін. Мен әліппені тығып қойдым. Егер сендер өнерлеріңді көрсететін болсаңдар, әліппені босатамын.

1.Әйгерім: Әліппем, менің әліппем,
Сені қолға алып мен.
Есігін аштым мектептің,
Ертеңгі сәуле жарықпен.

2.Анарбек: Таныстырған 42 әріппен,
Қош бол менің қасиетті әліппем.
Сенің арқаң оқып, жаза білгенім
Сауатты адам санатына кіргенім.

3.Аманжол: Білімге жолды бастаған
Әліппем саған мың алғыс
Оқы деп ұран тастаған
Әліппем саған мың алғыс!

4.Рамазан: Көлге айналған бұлақтың,
Қайнар көзін көріппең.
Том-том кітаптың
Басы болар әліппең.

Мыстан кемпір: Балалар, мен сендердің өнерлеріңе таң қалдым. Осы уақытқа дейін достарың болып келген сендердің сүйікті әліппелеріңді босатайын. Ендігі өнерлеріңді әліппеге көрсетіңдер.

Әліппе: Армысыңдар, жас достар!
Армысыздар, ата-ана!
Болашаққа жол бастар
Әліппе келді ортаға.

Менің атым - әліппе
Мені анаңдай дәріпте
Мені оқып, ержеткен
Ағаң менен әпкең де.
Сәлеметсіздерме, сүйікті достарым! Сендер мені оқып сауаттарыңды аштыңдар, жазуға, оқуға үйрендіңдер. Ал енді бүгін маған өз білімдеріңді көрсетіңдер. Айтпақшы, Алматы қаласындағы мен шыққан «Атамұра» баспасынан хат келіпті. Сол хатты кім оқып береді?

Ләззат: «Амансыңдарма, балалар! Міне, 2 тоқсан артта қалып, әйбат Әліппеңмен қоштасып жатырған боларсыңдар. Біз сіздердің жақсы оқып, елін, жерін сүйетін жаны ізгі азамат болып өсетіндеріңе сенеміз. Әліппемен қалай дос болсаңдар, Ана тілі оқулығымен де солай дос болады деп сенеміз. Ана тілін ренжітпеңдер!
Сәлеммен: «Атамұра» баспасы.»

Жүргізуші: Балалар, «Әліппе» оқулығына әріптер мен дыбыстарды қалай меңгергенімізді және өз өнерлерімізді көрсетейікші.

5. Айбар: Әліппе деген-алтын жол,
Апарар сені алысқа.
Жеңіл емес ауыр жол,
Тырмысып бақ намысқа.
6.Шерхан: Оқуды көп ойладық,
Қызығына тоймадық
Әріптерді үйреніп
Сауат аштық, тойладық.
7.Назерке: Барлық әріп бағалы,
Айттық әділ бағаны
Әріпсіз сөз болмайды,
Буын онсыз толмайды
Адам барлық әріпті
Ардақтайды, қолдайды.
8.Жеңіс: Бар кітапқа бас болған
Әліппе-ғылым анасы
Әліппеден басталған
Даналықтың данасы.
Мектебің мынау класың
Осында он жыл тұрасың.
Тарыдай болып кіресің
Таудай болып шығасың.
9. Назымгүл. Алфавиттің А тұрады басында
Әрқашанда Ә тұрады қасында
Байқадың ба Б тұрады үшінші
Ал осының сыры неде?
Түсінші:
А деген ол - аналар ғой ардақты,
Ә деген ол - әкелер ғой салмақты,
Б деген ол - балалар ғой әдемі
Біздің елде үшеуі де кәделі.
Алшақ кетпей сондықтан да, расында
Тұрады олар алфавиттің басында.

10.Элвира: Мынау менің әліппем,
Сары алтынның түсіндей.
Ақылшы жақын досымдай
Қымбатты маған кісімдей.
11. Наргиз: Ең алғаш алғанымда әліппені,
Қызыға қарай бердім әріптерді.
Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді,
Ұстазым оның кілтін алып берді.
12. Айнұр: Іші толған әріпке,
Мынау әйбат әліппе.
Барлық ілім-білімнің,
Әжесі осы-әліппе.
13. Саяжан: Келгенде алғаш мектепке,
Білмеуші едік әріп те.
Оқимыз қазір ертекті
Үйреткен оны әліппе.
14. Наргиз: Енді біз жаза білеміз,
Әріпті қосып әріпке.
Риза боп саған жүреміз,
Сүйікті біздің әліппе.
15. Ләззат: Әліппе-білім анасы,
Әліппе- кітап данасы.
Әліппе бетін ашпаған
Адамның бар ма баласы.
Ән: «Әліппем»

Кішкентай сиқыршы: Балалар, мен сендерге жұмбақ жасырамын. Сендер жұмбақтың шешуін дұрыс тапсаңдар, бір сөз шығады. Қанеки, мұқият тыңдаңдар.
1. Әжеде бар, атада жоқ,
Әтеште бар, көжекте жоқ. (ә)
2. Мынау доға қарайық
Ұқсайды оған қай әріп? (л)
3. Ірімшікті жедің ғой
«Тәтті екен» дедің ғой.
Оның аты біз жазған,
Қайсы әріптеп басталған. (і)
4. Ата-анаңмен барып сен,
Пілді көрдің парктен.
Осы атаулар зер салшы,
Басталған қай әріптен? (п)
5 Пілде бар, шілде жоқ,
Допта бар, шарда жоқ. (п)
6. Ешкіде бар, қойда жоқ, (е)
Кеседе бар, қасықта жоқ.

Жүргізуші: Ал енді, «әліппе» сөзімен құралған әріптеріміз де сыр шертеді.

1.Әйгерім: Әжең әнге басады,
Әтеш ұйқы ашады. (Ә)
2.Анарбек: Лашын биік самғайды,
Лашын көкті шарлайды. (Л)
3.Аманжол: Інісіне бағалы
Іңкәр ішік алғанды. (І)
4.Рамазан: Повладарда трактордың,
Парасат жүр бұрап кілтін. (П)
5.Айбар: Партамызда отырды ,
Парақтап кітап оқыдық. (П)
6. Шерхан: Елге есті ер керек,
Ер жет өсіп ертерек. (Е)

3 оқушы шығып әліппеге қарап тұрып айтады:

7.Жеңіс: Сөйледі ол тіл бітіп,
Небір қызық сырларды.
Тыңдай бердім мен жұтып
Тіл біткен, тақпақ жырларды.
8.Назерке: Арта берді кітапқа,
Бойымдағы құмарым.
Бірге жүрген қасымда,
Кітап болды сыңарым.
9.Элвира: Ашыла берді алдымнан,
Кең дүние есігі.
Соғылған сомдар алтыннан
Әліппе-білім бесігі.
Әліппе: Құрметтеріңе рақмет! Жас достар мен сендермен қимай-қимай қоштасқалы тұрмын. Енді сендермен достасуға «Ана тілі» асығып келе жатыр, қарсы алыңдар.

Балалар: Сәлеметсіңбе, Ана тілі!

Ана тілі: Сәлеметсіңдерме, менің жас достарым. Мен сендермен танысқаныма қатты қуаныштымын. Енді сендер бұрынғыдан да көп оқисыңдар. Сонда ғана көп нәрсе үйренесіңдер.

Балалар: оқимыз, оқимыз.
10. Назымгүл: Анам алғаш осы тілде
Бесік жырын жырлаған
Ұзақ түндер анам айтқан
Ертегілер тыңдағам.


11.Айнұр: Ана тілім менің
Әлдилеген әнім
Ана тілім-демім
Ана тілім-жаным.
12. Саяжан: Ана тілің біліп қой,
Бостандығың, теңдігің
Ана тілің біліп қой,
Мақтанышың елдігің.

Ана тілі: Рахмет сендерге, балалар. Ал, балалар, осы әліппеден сауаттарыңды ашқан кім? (Ұстаз)

13. Ләззат: Барша жұртқа сыйлаған
Ілім білім мұратын
Өмірдегі сыйлы адам
Бес әріптен тұратын
Жаны шуақ, мейірімді,
Ұстазды кім білмейді.
Ән: «Ұстазым»

Жүргізуші: Балалар, бүгін біздің ортамызда ата-аналарымыз да қуанышымызға ортақтасып отыр. Құрметті ата-аналармен қызықты ойын өткізейік. Ортаға 5 ата-ана шыға қойсын. Манадан бері балалар әріптердің сырын ашуға тырысты. Ендігі кезек сіздердікі. Сіздерге Ж, Қ, А, О, Т әріптерін береміз. Мен қойған сұрақтарға тек сіздерге берілген әріптерден басталатын сөздермен жауап бересіздер.
-Балаңыздың аты кім?
-Балаңыздың досы кім?
-Балаңыз қандай?
-Балаңыз қандай тамақты жақсы көреді?
-Балаңыз бос уақытында немен айналысады?

Жүргізуші: Ойынға қатысқандарыңызға рақмет.

Әліппе: Бәрі жақсы, балалар. Енді мен сендермен қоштасайын. Алдағы уақытта жақсы оқыңдар. Ата-аналарыңды, ұстаздарыңды тыңдаңдар. Менің досым Ана тілін ренжітпеңдер, оқыңдар.

Ана тілі: Балалар әліппеге, ұстазға, ата-аналарға рақмет айтайық.

Жүргізуші: Балалар әліппемен қоштасуға аз қалды. Енді өзіміздің биіміз бен әнімізді орындап берейік.
1.Би: «Қаражорға»
2. Ән: «Атамекен»
3.Би: «Айгөлек»

Жүргізуші: Қош болып тұр, әліппе анамдайсың
Жақсы бол деп біздерге алаңдайсың
Мен үйреткен әріптің құдіретімен
Дейсің бізге кірпіш болып қаланғайсың.
Хормен. Қош бол, әйбат Әліппе!
Әліппе: Сау болыңдар, жас бостар!

Қорытындылау.
Мұғалім: Біздің ертегіміз сіздерге ұнады деп ойлаймыз. Ертегі әлі аяқталған жоқ. №9 орта мектеп балалары дәл осы сәтте бір-біріне ақ тілектерін айтуды жөн көріпті. Жүректен шыққан жақсы сөз жүректерден орын алсын.

Ән: «Ертегілер»

Мұғалім: Міне, ертегіміз аяқталды. Ертегідей болған әйбат Әліппе қош бол! Армысың аяулы ана тілі!
«Қош бол, әйбат Әліппе» атты ертеңгілігімізді аяқтай келе ата-аналардың тілегін тыңдаймыз.
4 892
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Әліппемен қоштасу кеші
Әліппемен қоштасу кеші
Оқушылардың өнерін тамашалау, еркін сөйлеуін, есте сақтау қабілетін дамыту, ата – анамен байланысты нығайту. Отанын, мектебін, ұстаздарын, ата – аналарын құрметтеп, эстетикалық талғамдарын кеңейтіп, оқу, білім алуға тәрбиелеу;
Қош бол, құтты әліппем!
Қош бол, құтты әліппем!
Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы, Қ. Сәтбаев атындағы ЖОББМ Бастауыш сынып мұғалімі: Кожагалиева Айнур Набигалиевна
Әліппемен қоштасу
Әліппемен қоштасу
Бастауыш сынып мұғалімі Калиева Гулнара
Қош бол, құтты Әліппем!
Қош бол, құтты Әліппем!
Қостанай облысы, Рудный қаласы, №15 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Салтенова Нұргүл Сақтағанқызы
Қош бол, сүйікті Әліппем!
Қош бол, сүйікті Әліппем!
Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласы, «№5 жалпы білім беретін орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастауыш класс мұғалімі Бураханова Айгүл Абдулхаққызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×