Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Абыл Тілеуұлы "Арғымақ атта сын болмас" өлеңі

22 қыркүйек 2015, Сейсенбі
Тақырып: Абыл Тілеуұлы "Арғымақ атта сын болмас" өлеңі

Сабақтың мақсаты: оқушыларды ақынның шығармашылығы туралы деректермен таныстыру, туған әдебиет тарихына құрметпен қарауға, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
Күтілетін нәтиже: мәнерлеп оқу, ауызша тіл мәдениетін сақтау, шығарма талдау, топта жұмыс істеу дағдыларын дамытады.
Сабақтың әдісі: сын тұрғысынан ойлау

БАРЫСЫ:
І. Ұйымдастыру.
А) Сәлемдесу, кезекшімен сұхбат, оқушылардың сабаққа қатысын бақылау.
Б) Үй тапсырмасын сұрау. Ш. Қанайұлының "Зар заман" толғауынан үзінді, ақын туралы ізденген мәліметтерін, дәптерлерін тексеру.

ІІ. Қызығушылықты ояту.
Ой шақыру.
1. Жырау дегеніміз кім? (Жырау — жырды өз жанынан шығарып айтатын және эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі).
2. Жыршы деген кім? (Жыршы – жыр айтушы, таратушы. Жыршылар домбыраның не қобыздың сүйемелдеуімен мақаммен, әнмен айтады).
3. Дәстүр жалғастығы дегенді қалай түсінесіңдер?

ІІІ. Ақпарат жинау.
1) Ассоциация.
ЖЫР - қазақ халық поэзиясындағы 7 - 8 буынды өлең өлшемі, поэзиялық шығарма жанры. Қазақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры, тарихи жырлар, лиро - эпостық жырлар, жоқтаулар, жыраулар поэзиясы, толғаулар, термелер, тағы басқа түгелдерлік поэзияның осы өлшемдегі үлгісіне құрылған.
ТОЛҒАУ - толғауда терең азаматтық әуен, ірі қоғамдық, әлеуметтік, саяси философиялық тақырып ерекше орын алады. Негізгі бейнелеу тәсілі - дидактика. Толғауда кейде күрделі, көлемді лирикалық туынды, тіпті сюжетсіз поэма дерліктей сипат алады. Құрылысы тирада пішінді, буын саны аралас, кейінгі даму кезеңдерінде өзгеріске ұшырап, біртіндеп тұрақталған. Толғау ауызша дамып, біздің заманымызға ауызша жетті. Бір мақам мен музыкалық аспаптың сүйемелдеуінде орындалады.

2) Жаңа сабақты меңгерту.
АБЫЛ ТІЛЕУЛЫ (1777 - 1864)
18 - ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген бұрынғы ақын - жыраулардың дәстүрін жалғастырушылардың бірі - суырып салма ақын - Абыл Тілеуұлы. Ол Маңғыстауда туып - өсіп, бүкіл Атырау аймағына танылған ақын. Әкесі Тілеудің тұрмысы төмен болған.
Абыл Атырау аймағын, қарақалпақ, түрікмен елдерін аралап, өзі тұтас ақындармен өнер сайыстырған.
Бұрын әдебиетте Абылдың «Арғымақ атта сын болмас»,«Ескерту» дейтін толғаулары ғана мәлім болатын. Ғалым Қ. Сыдиықов 1965 жылы оның өмір жолын, тағы екі - үш толғауын Сәттіғұл ақыннан жазып алған. Абылдың табылған жырлар түгел дерлік 1967 жылы «Қазақ әдебиеті хрестоматиясында», 1972 жылы «Ақберен» жинағында басылып шықты.
Абылдың көп өлеңдері ұмытылған. Бізге жеткені оның өмірінің соңғы кезеңіндегі шығарған арнау ретіндегі толғаулар мен бірлі - жарым нақыл сөз, термелері ғана. Осы бар азды - көпті шығармаларына қарағанда, Абыл өз заманындағы әдебиетке айтарлықтай үлес қосқан талант иесі екенін байқаймыз.
Абылды өзінен кейінгі көп ақындар жақсы білген, өздеріне ұстаз тұтқан. Мұрат, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Сәттіғұл сияқты бір топ ақындар легі Абылдың талантына бас иген. Оның өлеңдері негізінен ауызша таралған. Алғаш баспа бетін көрген толғау - 1924жылы басылып шыққан «Арғымақ атта сын болмас» атты өлеңі.

Арғымақ атта сын болмас,
Қиған қамыс құлақсыз.
Азаматқа сын болмас,
Арты болса тұяқсыз.
Айдын көлде сын болмас,
Жағасы болса құрақсыз.
Асқар тауда сын болмас,
Бауыры болса бұлақсыз.
Ақ киікке сын болмас,
Арты болса лақсыз.
Жеті арнада сын болмас,
Аяғы болса тұрақсыз.

Тіршілікте артыңда із қалу керек деген ой айтады.
Өмірінің соңғы кезінде Баймағамбет, Қайыпалды сұлтандармен кездесіп, бетпе - бет айтқан батыл сөздеріне қарағанда, ол шындықты айтудан тайынбаған, хан алдында қасқайып тұрып, оның мінін көрсетуге батылы жеткен ақын. Баймағамбетке айтқаны:
Бопайдан туған әкең Айшуақ хан,
Табаның таймай тұр - ау мінген тақтан.
Дәлірек дажал сынды дәрежеңді,
Деп жүрсің Құдай қорып, қыдыр баққан...
Ер өлді деп етек бұлап жылайтұғын
Байеке - ау, қай ісің бар елге жаққан?!

Қайыпалдыға айтқаны:
Жүр едім, тақсыр, сені дара біліп,
Халыққа жазықсыздан салдың бүлік.
Бұланның бүиірінен жебе тисе,
Бұл оны қаиғырмаиды жара біліп.
Немесе:
Баймағамбет өзіңнен арт десе,
Ұстайды сонда сенің жының, тақсыр.
Қолдаған сол сұлтанды губернатор,
Өзгеден артық па еді дінің, тақсыр.
Хиуаның қонышына кіріп кеттің,
Бір уыс болмаса игі еді күнің, тақсыр?!
Ақын сұлтанның ісін жақтырмай, бар жайды бетіне басады.
Абылдың толғаулары көпке насихат ретінде айтылып, адамгершілік, ізгілік жолын меңзейді.
Дүниеде дертті кісі ойнап күлмес,
Ер білер қадіріңді, сұлтан білмес.
Кірпігі арғымақтың кіржік тартса,
Жабыдай ол жазылып көтерілмес.
Жадырап жаз шықпаса, күн жылынып,
Баласы шаруаның егін екпес.
Шалғысы лашынның салғырт тартса,
Ілер деп қаз баласы қайғы шекпес.
Абыл Тілеуұлы - айтыстың да шебері. Бізге «Балдай қызбен айтысы», «Сушы қызбен сөз жарыстыруы», «Нұрымды сынауы», «Шерниязбен кездесуі»деген айтыстары жетіп отыр.
Абыл - шешендікте алдына жан салмаған, тәжірибесі мол, көп жасап, сан - саналы өлең шығарып өткен саңлақ ақындардың бірі.

ІV. Мағынаны ажырату.
1. "Арғымақ атта сын болмас" өлеңін мәнерлеп оқыту;
2. Өлеңнің идеясын ашу;
3. Өлең құрылысына талдау (3 шумақ, 12 тармақ, 2 бунақ, 7 - 8 буын, а - б - а - б - шалыс ұйқас)

Теориялық білімді қайталау.
Шумақ – өлең сөзде бірнеше тармақтың белгілі ретпен топтасуы.
Тармақ дегеніміз – өлеңнің әрбір жолы.
Бунақ — өлең тармағының (жолының) ырғақтық құрылысы жағынан жекеленген бір бөлшегін құрайтын буындар тобы; сөз өлшемі, ырғақтық пауза.
Буын — сөйлеу мүшелерінің тұтастай қимылынан пайда болған бір немесе бірнеше дыбыстық тіркесі.
Ұйқас — өлең тармақтарындағы аяққы сөздердің дыбыстас естілуі, үндестігі. Ұйқас түрлері: қара өлең ұйқасы, шұбыртпалы, ерікті, кезекті, шалыс, егіз, аралас ұйқастар.

V. Рефлекция
Ақынның туған жылы, өскен жері
Өлең - дастан, айтыстары
Көтерген мәселесі
Өлеңдерінің тәрбиелік мәні

VІ. Бағалау. Сабаққа белсенді қатысқан оқушыларды бағалау.
VІІ. Үйге тапсырма: "Арғымақ атта сын болмас" өлеңін жаттау, "Қырымның қырық батыры" толғауын оқу, мазмұнымен танысу.
19 820
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Олжас Сүлейменов «Арғымақ» өлеңі
Олжас Сүлейменов «Арғымақ» өлеңі
Оқушыларды мемлекетіміздің белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтың өмірі мен шығармашылығымен таныстыру. «Арғымақ» өлеңінің негізгі идеясы мен мазмұнын ашу.
Қазақ әдебиеті 7 - сынып
Қазақ әдебиеті 7 - сынып
Қазақ әдебиетінен тест тапсырмасы 7 сынып. 2. «Би»деген кім? А) сөзге шебер, ел мүддесін қорғайтын адам В) өз ойынан жыр шығаратын адам С) әнші, өнерлі адам Д) айтысқа түсетін адам Е) сурет салатын адам
Тест "Жыраулық дәстүр"
Тест "Жыраулық дәстүр"
Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы, Тайынша қаласы, №5 орта мектеп музыка мұғалімі Есмуханова Самал Жанатлековна
Сөйлем. Сырбай Мәуленов "Жырау"
Сөйлем. Сырбай Мәуленов "Жырау"
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, №2 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Елмуратова Маржан
Жауынгер ақын - жыраулар
Жауынгер ақын - жыраулар
Атырау облысы, Индер ауданы, М. Әуезов атындағы орта мектеп музыка пәні мұғалімі Есқайрова Назгүл Есжановна
Ақтамберді жырау
Ақтамберді жырау
Астана қаласы, №36 орта мектебінің қазақ тілі әдебиеті пәні мұғалімі Тұрсынхан Г. Т
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×