Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Сәкен Сейфуллиннің "Көкшетау" поэмасындағы Абылай хан бейнесі

12 наурыз 2019, Сейсенбі
Сәкен Сейфуллиннің "Көкшетау" поэмасындағы Абылай хан бейнесі

Талай асуларды тар жол тайғақ кешіп өткеруге мәжбүр болған халқымыз биліктің тізгінін ұстап, өздерін азат жолға бастаған тұлғаларды әрдайым көкейінде сақтаған. Тарих сахнасында елімізді көп хан басқарса да, оқулықтарда олардың тек 20 - сының аты аталып жүр. Мұның өзі олардың халқына еңбегі сіңгенін байқатады. Олардың ерлік істерін бүгінгі жас ұрпаққа үлгі тұтуға болады.

Қайсар мінезді Абылай ханның есімі тарихи деректерде, ақын - жыраулардың толғауларында, көркем шығармаларда, тарихи романдар мен дастандарда көп аталады. Оның ел басқару қабілеті көп шығармаға арқау болған. Жау алдында тізе бүгуге азақ қалған талай ұрыста халық рухын көтеріп, мықты саясатшы екенін танытқан. Аз ғана билік еткен жылдарында қазақ халқын өзге халықтарға мойындатқан.

Тарихи деректерге назар аударсақ, әр ханның жанында кеңесші болғанын байқаймыз. Сол секілді Бұқар жырау Абылай хан шалыс басқанда мінін бетіне басар адамы болған. Мұнымен қатар, оның есімін Шал ақын, Үмбетей, Ақтамберді, Тәттіқара сынды жыраулардың толғауларында кездестіреміз.

Қазақ поэзиясында ойып тұрып орын алған Бұқар жырау Абылай ханның артықшылығын да, кемшілігін де қатар жырлайды.

Хан Абылай атандың,
Дүниеден шықпай мініңіз.
Алтын тақтың үстінде,
Үш жүздің басын құрадың.
Жетім менен жесірге,
Ешбір жаман қылмадың.
Әділетпен жүрдіңіз,
Әдепті іске кірдіңіз.
Арманың бар ма хан ием...
Ақылың бар хан едің,
Мұның түбін ойлағын, - деп дұшпаны мен досына әділ болған Абылайдың мінезін сипаттайды.
«Ал тілімді алмасаң» атты толғауында:
Ал тілімді алмасаң,
Ай, Абылай, Абылай.
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің;
Үйсін Төле билердің,
Түйесін баққан құл едің, - деп оның балалық шағының қиындыққа толы өткенін баяндайды.

Қайғысың ұйқы ұйықтатқан ханым - ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған ханым - ай,
Қалыңсыз қатын құштырған ханым - ай,
Үш жүзден үш кісіні құрбандық қылсам,
Қалар ма екен қайран жаның - ай, - деген жолдардан жыраудың Абылай қайтыс болғанда қатты қиналғанын байқауға болады.

Абылай ханның есімі тек жыраулардың шығармасында емес, тарихи дастандар да аталады. Соның бірі - Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы. Алайда бұл поэмадағы Абылай ханның бейнесі өзгеше. Оған қатысты әдебиетшілер мен тарихшылар көп сын айтып, пікір таластар өткізеді. Өйткені Сәкен Сейфуллин бұл поэмасында Абылайды әділдіктің парқын білмейтін жауыз хан етіп сипаттаған. Мұның шешімі осы күнге дейін табылмай келеді.

Адамның ойын өзгерту оңай. Әсіресе мына көп ақпарат келіп түсетін заманда. Оқушы төмендегі поэма жолдарын оқып отырып, Абылай ханның ерлік істерін, халқы үшін жасаған еңбегін шетке ысыруы мүмкін. Ел басқарған адам ащы мен тәттінің дәмін қатар татқандай болады. Ол Жоңғар ханының баласы Шапыраштыны тек кек қайтару мақсатында ғана өлтіреді. Жоңғарларға тұтқиылдан шабуыл жасаса да, елі мен жерін қорғап қалу үшін ғана жасады. Ол заманда екі алып империяның ортасында тұру өте қиын болатын. Бір жақтан - Қытай, бір шетінен - Ресей. Осы сәтте екі державаға дұрыс жауап қайтара біліп, мықты стратег екенін танытты.
Әйтеуір расы сол: Көкшетауды,
Ел шапқыш хан Абылай мекен еткен.
Біреулер батыр мен би, ханды мақтап,
Бұрынғы надан, шірік заңды мақтап,
Сарнайды, жыр қылады сөзін сырлап,
Бақсыдай жын шақырған сандырақтап.
Тартынбай қан төккенді батыр деген,
"Бір өзі жүз кісіге татыр" деген.
Зиянсыз момындарды шаруа баққан,
"Қолынан түк келмейтін қатын" деген.
"Хан" деген жерге тамған қанға құмар,
Дірілдеп өлім күткен жанға құмар;
Жазықсыз бейпіл жатқан елді шауып,
Типыл ғып жер күңіренткен даңға құмар, - деп Абылайға біз бұрын - соңды естімеген мінездеме береді.
Әр адам бір оқиғаны түрлі қырынан қарастырады. Бірақ, бұл жерде мәселенің төркіні басқада жатыр. Сәкен Сейфуллиннің кеңес өкіметі тұсында өмір сүргенін ескерсек, сол заманның заңына зәйкес ақын - жазушылар өз шығармаларында хандарды, би - болыстарды, төрелерді сынаған. Мәжбүр болған десек те болады. Сол себепті, Көкшетау поэмасында Абылай хан бейнесінің бұлайша сипатталуына идеологияның көп әсері болған.

Дереккөзі: Massaget. kz
2 521
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Абылай ханның ішкі сыртқы саясаты
Абылай ханның ішкі сыртқы саясаты
Дербес қазақ мемлекетін сақтап қалудағы Абылай ханның рольі қандай?
Абылай бейнесі
Абылай бейнесі
Абылай ханның шын аты - Әбілмансұр. Ол 1711 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Оның атасы Абылай өз заманында Түркістанды билеп, қатігездігімен көзге түсіп, қанішер Абылай атанған.
Бұқар жырау Қалқаманұлы
Бұқар жырау Қалқаманұлы
Бұқар жырау Қалқаманұлы Қалқаманұлы, Бұқар жырау (1668 — 1781) — қазақтың ұлы жырауы, 18 ғ. жоңғар басқыншыларына қарсы қазақтың азаттық соғысын бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай ханның ақылшысы. Шыққан тегі Арғын тайпасының қаржас руынан.
Тест "Жыраулық дәстүр"
Тест "Жыраулық дәстүр"
Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы, Тайынша қаласы, №5 орта мектеп музыка мұғалімі Есмуханова Самал Жанатлековна
Алаштың айбын ардағы - Абылай хан
Алаштың айбын ардағы - Абылай хан
Астана қаласы «Көпбейінді колледж» МКҚК география және тарих пәні оқытушысы: Хасенова Айгүл Берденбайевна
Абылай хан
Абылай хан
Ақтау қаласы №7 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі Қойшибаева Айжан Тұрғанбайқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×