Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Соғыс туралы өлеңдер

25 сәуір 2019, Бейсенбі
Соғыс туралы өлеңдер
1941 жылдың 22 маусымында Ұлы Отан Соғысы басталған болатын. Кеңес Одағы армиясы басқыншы фашистік Германияға қарсы соғысуға мәжбүр болған еді. Бұл күн қазіргі заманда Еске алу және аза тұту күні ретінде аталып өтіледі. Сол соғыста қаза тапқан ата - әжелеріміздің құрметіне сұм соғыс туралы жазылған өлеңдер тізбегін ұсынамыз.

Мұқағали Мақатаев
Соғыстың соңғы көктемі

Жасылмен бояп қойған ба?!
Жап - жасыл таудың бөктері
Қырлар да, мынау ойлар да,
Жап - жасыл болып көктеді.
Соғыстың соңғы көктемі.
Көп болды, жасыл тауларға,
Жап - жасыл бұлттар шөккелі.
Әкелді шуақ бар маңға,
Соғыстьң соңғы көктемі.
Соғыстың соңғы көктемі,
Көп болды нұрын төккелі.
Жап - жасыл анау аспан да,
Аспан да, сірә, көктеді.
Бойына таудың асылып,
Шұғыла тұрды, көк меңі.
Қызғанып, гүлін жасырып,
Қылтанақтар да көктеді.
Соғыстың соңғы көктемі.
Жап - жасыл шыбық, тал - дағы,
Орманның жасыл шекпені.
Қуанта, бірақ, алмады,
Сонау бір үйді шеттегі,
Соғыстың соңғы көктемі...

Қайран жеңгем
Су сұраса сүт берген, айран берген,
Қартайып қалыпсың - ау, қайран жеңгем!
Қарғаның валетіндей едірейіп,
Қасыңа мына біреу қайдан келген?
Апырай, суық еді сұрқы неден?!
Адамға қарайды ғой сыртыменен.
Жол көрсеткіш сақшының таяғындай,
Қимылынды бағып тұр мұртыменен.
Жеңеше - ау, есіңде ме біздін ағай?
Сыйласып отырар ек біз құдадай.
Қанды балақ соғысты қарғыс атсын,
Қайран жеңгем, шырқынды бұзды қалай
Күлкің қайда күмістей сыңғырлаған?
Жүзің неге ымырттай түнжыраған?
Бұғалыққа тұрмайтын асау едің,
Сені әкеліп теліген кім мынаған?
Өзің болсаң, тым ағат ойланғансың,
Бақыт емес, басыңа қайғы алғансың,
Жан едін ғой жанының талғамы бар,
Қара мұртқа қалайша байланғансың?!
Ел - жұртың қараушы еді мақтан етіп.
Киіп ап аяғыңа салтама етік,
Талайлардан кетуші ең аттап етіп,
Талайларды жүруші ең таптап етіп...
Қартайып қалыпсың - ау, қайран жеңгем!
Қайғыға мойымаушы ең. Қайдан келген?!
Сағынып жүрсің бе әлде, қадірлім - ай,
Баяғы жастығыңды майданда өлген?..

Рафаэль Ниязбек
Солдат Сандырағы

Сұлулықтың оқ атып тұнбасына,
Соғыстардың айналған сырласына.
Қолбасшының бір өзі байтақ
Ресей Қару - жарақ жарасқан тұлғасына.
Зұлымдықтан сомдалған тірі ескерткіш,
Тұра қалған обадай қыр басына.
Ай тұтылмай аспанда, Күн тұтылмай
Жын қоғамда жүр дейсің кім құтырмай?
Туған ұлы күнінде қолбасшының
Зеңбіректер атылсын үні тынбай.
Той жасаймыз тау халқын түгел қырып,
Шырқалатын сан ғасыр ұмытылмай.
Солдаттармыз жол салған тыңнан етіп,
Құлын даусы шыңғырсын шыңға жетіп.
Қолбасшының туған күн құрметіне,
Шешен халқын шаламыз құрбан етіп.
Ұрпақ сүйіп, Толтырған төлге өңірін,
Шешендердің шегелеп көрге өмірін.
Грозныйды жаман ба сыйға тартып,
Қолбасшының ауласақ өр көңілін?!
Солдаттармыз Туысын, туғандарын,
Пәрмен берсе аямай қырған бәрін.
Heгe, ендеше, қырмаймыз
Тау жайлаған Шешен халқын,
Ғасырдың құрбандарын!
Кең дүниені мазалап жалықтырмай,
Қан ұрттатып жүрсек те тарықтырмай.
Қолбасшының туған күн құрметіне,
Халық қырмай бола ма, халық қырмай?!
Өмір - құлын болса егер шапқылаған,
Ресей - қасқыр санынан тартқылаған.
Аз ұлыстар нысана болса егер де,
Ресей - алып зеңбірек атқылаған.
Ұлыстарды торкчидай шырылдатқан,
Ұлыларды даланың құмына атқан.
Ресей - алып диірмен, Халық - бидай
Тартылғанда үн болып шығып жатқан.

Қасымхан Бегманов
Ұлы Отан соғысының 40 жылдығына орай жазылған өлең

Таң атады, күн батады,
Қара жерде айналар.
Қатал тағдыр тіл қатады,
Көкіректі қайғы алар.
Бақыт сенің қолдарында,
Күндер келер арайлы.
Жүріп өткен жолдарында,
Өсек қардай борайды.
Қанаттылар барады ұшып,
Уақыт шіркін зырлайды.
Қара түнде қара мысық,
Көкіректі тырнайды.
Іштен тынды - ау талай дана,
Қос ішектей септесер.
Жер басарсың қалай ғана,
Қадіріңе жетпесе ел.
Пана болмай кеңселер,
Қалды сонау жолымда.
Бес - алты ауыз ел сенер,
Сөз қалсын деп соңымда.
Мен де жүрмін мұрат қып,
Ойшылдайын толғанып.
Жазықсызды жылаттық,
Жетесізден қорғанып.
Адамның жоқ жаманы,
Басқың келсе дауды егер.
Жүріп тұрған заманы,
Алшандайды саудагер.
Жолатпады қасына,
Балға батқан бармағы.
Іс түскенде басыма,
Бір досым да қалмады.
Әурелеме босқа елес,
Құдай мені қысқанға.
Опасыз сол досқа емес,
Ыразымын дұшпанға.
Құлын байлап, қозы алған,
Бұрынғы ауыл... ойланам.
Жаратылдым тозаңнан,
Топыраққа айналам.
Өткізе алмай қор ғып жүрген өмірін,
Біреулерге жібімейді көңілім.
Бес - алты ауыз сөз қалсын деп соңымда,
Мұңаятын, түсінетін мені кім.
Бұрынғылар бір күні өтсе жылаған,
Аспан жақтан тек шапағат сұраған.
Мына жұрттың пиғылдарын ұға алмай,
Қалқаманда сандалып жүр бұл ағаң.
Тәуекел деп кеше дастан бастап ем,
Бүгін мұңлы мазалады басқа өлең.
Алматы жақ абыр - сабыр неліктен,
Жаутаңдайды аң - таң болып Қаскелең.
Әр уақытта бергендер аз, алған көп,
Соның көбі, ел есінде қалған жоқ.
Кешегі өткен туған дала қарттары,
Heгe айтты екен бұл өмірді жалған деп.
Бүгінгілер... тірлік қамы, бас қамы,
Асқақ - асқақ армандарды тастады.
Театрдың жәудірейді жанары,
Туған жердің түнеріп тұр аспаны.
Шыққан күнмен шуақ болдым шашылдым,
Атқан таңмен қырда гүл боп ашылдым.
Жүрегімді ауыртады мұңдары,
Қалып бара жатқан ата ғасырдың.
Мен кеткенде калар екен жар кіммен,
Қалар екен таңғы шықтай ар кіммен?
Аналардың көздерінде бармын мен,
Ағалардың сөздерінде бармын мен.
Теңіз каңсып, жоғалғанмен тоғандар,
Халық қалар, өзгергенмен қоғамдар.
Бұрын өмір сүріп көрген жоқ ем мен,
Өкпелетсем кешіріңдер,
Адамдар! Ана қайғы, жар қайғы, бала қайғы.
Мансап қайғы, бақ қайғы, дала қайғы.
Азамат боп қайғыра алмасаңыз,
Ішіңдегі шеменің тарамайды.
Қайдағы ойлар көңілге балалайды,
Жанымды кеміргенде қара қайғы.
Алпыс екі тамырда зыр жүгіріп,
Өн бойымды қан болып аралайды.
Ары таза ақын деп қарамайды,
Нақақ жара жанымды жаралайды.
Бар білерім кімдердің кім екенін,
Уақыт патша сұрыптап саралайды.
Жүрегім қаншама рет қақ бөлінген,
Оны оқып сезерсің дәптерімнен.
Дәптер ғана емес, ол мұрам менің,
Хабар берер мұңайған сәттерімнен.
Қара өлеңмен астасқан қара қайғы,
Қан боп қатқан көңілден тарамайды
Қазақ аман тұрғанда асқақ жырым,
Есімімді аспанда даралайды.
Бейіттерге қонды тағы кептерлер,
Кептерлерім, алысқа ұшып кетпеңдер.
Төмпешіктер деп қарама жай ғана,
Бұның бәрі кеше өмірден өткендер,
Айналайын кептерлер.
Мәңгілікке осында орын тепкендер,
Тылсым сырды сезгендей ме кептерлер.
Кептерлерге мұң шаққандай көрінді,
Алуан адам талай келіп - кеткен жер.
Бейіттерді аяқ асты етпеңдер,
Моншақ көзді үрікпейді кептерлер.
Дәм - тұз бітсе біз де барар орын ғой,
Бал өмірді қимай - қимай өткендер.
Сан айналар шыр көбелек көк пен жер,
Біздер әлі кездесеміз, кетпеңдер.
Бұл бейітте жатыр жақсы адамдар,
Қоштасайық, қош болындар, кептерлер.
Қоштастым мен жанарымнан жас парлап,
Дүние - дәурен, басымыздан қашқан бақ.
Бейіт қорып жүрген нәзік құстарым,
Бірте - бірте бара жатты аспандап.

Дайындаған: Елбарыс Махамбет
Дереккөзі: massaget. kz
11 886
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Бірінші дүниежүзілік соғыс
Бірінші дүниежүзілік соғыс
Дүниежүзін бөлісудегі ірі елдердің бәсекелестігі, Германияның өркендеуі және әскери - саяси одақтардың құрылуы, Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы, барысы және аяқталуы туралы баяндау.
І дүниежүзілік соғыс (тест тапсырмасы)
І дүниежүзілік соғыс (тест тапсырмасы)
1.«Прогрессивті блог» қай жылы пайда болды А) 1915 ж. тамыз В) 1915 ж. қаңтар С) 1915 ж. қазан Д) 1915 ж. шiлде
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы
ШҚО, Көкпекті ауданы, Тассай ауылы, "М. Әуезов атындағы орта мектебі"КММ мұғалім Садыкова Мейірлі Жанұзаққызы
Рейхстагқа ту тіккен - Рахымжан Қошқарбаев
Рейхстагқа ту тіккен - Рахымжан Қошқарбаев
Мақсаты: Оқушыларға соғыс, жеңіс, бейбітшілік туралы түсінік бере отырып, Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандық батырлар жайлы, ауылымыздан қатысқандар батырлар жайлы және Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігі жайында түсініктерін қалыптастыру.
Әбу Сәрсенбаев"Сен құрметте оны, қарағым!"
Әбу Сәрсенбаев"Сен құрметте оны, қарағым!"
Сабақтың тақырыбы: Әбу Сәрсенбаевтің өлеңі «Сен құрметте оны, қарағым!» өлеңі. Сабақтың эпиграфы: Ер есімі - ел есінде.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×