Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Қазақ тілі сабағында ойын технологиясын қолдану

28 ақпан 2013, Бейсенбі
Қазақ тілі сабағында ойын технологиясын қолдану

Ойын – оқу үрдісіндегі оқытудың әрі формасы, әрі әдісі ретінде дербес дидактикалық категория. Сонымен бірге ойынды мұғалім мен оқушылардың бірлескен оқу әрекетінің өзара байланысты технологиясы ретінде қолдануға болады, қазақ тілі сабағында ойын формаларын енгізу барысында интерактивті тақтаны да қолданудың маңызы өте зор. Бастауыш сынып оқушыларының мектепке келгенге дейінгі негізгі әрекеті - ойын болса, оқу - тәрбие үрдісінде олар біртіндеп ойын әрекетінен оқу әрекетін орындауға бейімделуі тиіс. Ол сабақ барысында пайдаланылатын дидактикалық ойындар арқылы жүзеге асады.
Ойынның мақсаты - бағдарламада алған білімдерін қалыптастыру, тиянақтау, пысықтау.
Міндеті - баланың қызығушылығын ояту, белсенділігін арттыру.
Дидактикалық ойындар - балалардың білімдерін арттырудың құралы. Сабақта ойындарды қолданудың түрлі жолдары бар.
Дидактикалық ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндетті шешеді.
Ойын сабақтың басында – өткен сабақты еске түсіреді.
Сабақтың ортасында – көңіл - күйін сергітеді, ерік - жігерін дамытады, сабаққа ынтасын арттырады.
Сабақтың соңында – тақырыпты бекіту, сабақта алған білімді жинақтау мақсатын көздейді.

Ойын – оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыратын құрал. Сондықтан бастауыш, дайындық сыныптарында оқушылар сабақ үстінде ойынды көп қажет етеді. Оларға пайдаланылатын ойындар оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай күрделеніп отырады. Мысалы, дайындық сыныбында қарапайым ғана ойын түрлерін ойнатсақ, сыныбы үлкейген сайын баланың жас ерекшелігіне сай болып күрделенгені дұрыс. Олай болса, ойынды пайдаланудың маңызы зор. Мұндай ойынның көптеген түрлері бар. Сондықтан ойын балалардың жас ерекшеліктеріне және өтілетін сабақтың тақырыптарына мазмұнына сай етіліп таңдалып алынғаны дұрыс. Бала ойын іс - әрекеті үстінде білімді қалай игеріп жатқанын, ал оқу үрдісінің қалай ойынға ұласып кеткенін аңғармай қалуы тиіс.

Сонда ғана ойын және іс - әрекеттері табиғи бірлікте болып, пәндік білім, білік және дағдыны игеруге толық ықпал жасайды. Мысалы, дайындық сыныптарда сан санауға заттарды санап және олардың екі тобын салыстыруға, өлшеміне, пішініне және түстеріне қарай ажыратуға үйрету мақсатында түрлі ойындарды ойнатуға болады. Ойын да халық педагогикасының құрамдас бір бөлігі болып келеді. Ұлттық ойындар халықтың әлеуметтік - экономикалық жағдайларына байланысты туып, дамығанына қазақ халқының ойындарымен таныса отырып, көзіміз әбден жетеді. Халық ойындарын сабақтарда пайдалану оқушының алған білімін күнделікті өмірмен берік ұштастыруға қолайлы.

Ойын – бала әрекетінің негізгі бір түрі. Бала үшін ойын – өмір сүрудің белсенді формасы, сол арқылы ересектерге еліктейді, олардың іс - әрекеттерін, қарым - қатынастарын үйренеді, еңбектің мәнін түсіне біледі, адамгершілік нормаларын игереді, әлеуметтік рөлдер атқарады.
Сабақ үстінде жүргізілетін жұмыс түрлері, тақырыпқа сай алынған тәрбиелік мәні бар ойын элементтері оқушылардың ойлау белсенділігін керек етеді. Сондықтан мұғалім әр сабағында ойын түрлерін орнымен қолданып, оны қызықты ету арқылы олардың білімге ынта - ықыласын, пәнге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруды мақсат етеді. Демек, мұғалім сабағын баланың қабілет - қарымына, психологиялық ерекшелігіне сай байланыста жоспарлау керек. Сонда ғана сабақ тартымды, жеңіл болады, оқушыларды жалықтырмайды.

Оқушылардың ойын кезіндегі белсенділігі көбінесе жарыс нәтижесін дұрыс есепке алуға байланысты. Оқушылар ойындағы өз жетістіктері мен кемшіліктерін біліп отыруы тиіс. Ойын нәтижелерін есепке алу түрліше: әрбір дұрыс орындалған грамматикалық ойын үшін ұпай есептеу, әрбір ұтылыс үшін кем ұпай беріледі, оқушылар тақтаға жазылған тиісті команда бағанындағы сөз немесе сөз тіркестерін жазып отыру; ол сөздерді есепке ала отыру; қол көтеріп немесе тиісті орфограммалар жазылған карточкаларды
көтеру арқылы білімдерін анықтау; жаттығуға жіберілген уақытты есепке алу.
Педагогикалық ғылым тарихына көз салсақ, балалар ойынына қатысты мәселелерге соқпай кеткен ағартушы, педагог болмаған екен. Тұлғалы, кезіндегі прогрессивті ұлы педагогтар Я. А. Коменский, Ж. Ж. Руссо, И. Г. Песталоцций халықтық ойынға назар аударып, қолданып, халықтық ойындардың теориялық негізін жасауға талпынған. Ойынның балалардың денін сауықтыратынын, ақыл - ойын белсенді ететін және барлық ағзаларын икемді қозғалуға баулитын мәнін Я. А. Коменский дәріптеген. Ж. Ж. Руссо пікірінше білім алу ойынның ойынның балалар өмірінде кезектесіп, алмасып отыруы бір - бірімен сабақтаса байланысуы бала дамуындағы қажетті шарт болады.
Қазіргі Қазақстан мектебіндегі жаңа өзгерістер әлемдік білім беру тәжірибелерін пайдалана отырып, баланың жеке - дара күшінің дамуын қамтамасыз ететін жаңа технологияларды іздестіру және оларды қолдануға бағытталған.

Инновациялық оқу оқудың түсіндірмелі - иллюстрациялық түрінен әрекетшілдікке ауысу арқылы жүзеге аса отырып, оқушының оқу әрекетінің белсенді субъектісі болуына мүмкіндік береді. Оның өзі сабақты әртүрлі технологиялар бойынша жобалауды қажет етеді.
Ойындық технология мәнді өмір жағдаяттарын үлгілеу және оның шешуін іздестіруге құрылады. Ойынның ұйымдастырылу түрлері: іскерлік ойындар, рөлдік және оқиғалық ойындар, саяхаттық және білімдік ойындар.
Қазақ тілі сабағында әр түрлі ойын элементтерін пайдаланамын. Мысалы: "Синонимін табайық" ойыны.
Ойынды "Синоним" тақырыбын бекіту сабағында немесе сабақтың мақсатына қарай өткенді еске түсіре отырып өткізуге болады.
Ойынның мақсаты. Оқушылардың "Синоним" тақырыбынан меңгерген білімдерін тексеру, жылдам ой қорытуға баулу, сөздік қорын байыту.

Ойынға синонимдік қатар түзуге болатын мақсаттағы сөздерді интерактивті тақтаға енгіземін.
Ойынның шарты. Оқушыларға бір уақыт аралығында синонимдік қатар түзу тапсырылады.
Ойын соңында синонимдік қатардан сөйлемдер құралады.
Қазақ тілі сабағында әр түрлі ойын элементтерін пайдаландым. Сөз құрамы тақырыбын жүргізгенде «Орамал тастау» қазақтың ұлттық ойынын ойнаттым.
Бұл ойынның шарты: Сыныптағы қатар бойынша 2 топқа бөлдім. 2 топ арасы он адымдай белгіленген. Екі сызықтың бойына қарама - қарсы қатарға тұрады. Ойын жүргізуші қолындағы орамалын 1 - ші топтың өз жағындағы шеткі ойыншыға береді. Ол өзінің қарсыласының біреуіне тастайды да «қала» - деп дауыстайды, ол қағып алып «шық» - дейді немесе «ны», «ға», «ның» - дейді. Сонда «қалашық», «қаланы», «қалаға», «қаланың» тағы басқа сөздер шығады. Айтылған сөзге қосымша жалғау керек, мысалы: «ойын» - деп дауыстаса – «ойыншық», «ойынды», «ойындар» т. б. Орамалды қағып алған ойыншы түбір сөзге қосымша жалғап немесе уақытында тауып айтылмай қалса, онда ортаға шығып өнер көрсетеді.

«Мұғалім қай жерде қателесті?» ойынын жүргіземін. Бұл ойынның шарты: Мұғалім тақтаға бірнеше жұрнақ жазады, ал сендер жұрнақ болмай тұрған сөздерді табасыңдар.
Мысалы: Жұмысшы, жазғы, т. б.
Мұғалім енді тақтаға бірнеше жалғау жазады, ал сендер жалғау болмай тұрған сөзді табасыңдар.
Қазақ тілі сабағында бір буынды, екі буынды сөздерді оқу, буындарға бөлу тақырыбын ашу үшін «Сақина салу» қазақтың ұлттық ойынын жүргіздім. Мен бір оқушының алдына сақина қоямын да «май» - деп дауыстаймын. Сақинаны алған оқушы «мыл», «шам» - деп дауыстайды. Сонымен маймыл, майшам, майда сөздері шығады. Айтылған бір буынға, екінші буын жалғау керек, мысалы: мы - сық, ма - са, ал - ма, жү - зім.
«Кім тез?» ойынын жүргіздім. Интерактивті тақтада он екі суретті көрсеттім. Әр қатардан 4 оқушы сурет бойынша сөйлем ойлап айтты. Интерактивті тақтадағы суреттерді (қозы, аңшы, бор, нан, алма, бота, күн, қыз, сүргі, ай, тышқан) қатыстырып тез сөйлем ойлады. Қозы, аңшы, бор, нан т. б. сөздерден дыбыс құрамын, нан т. б. сөздерден дыбыс құрамын, буын санын айтты.
«Достасқан буындар». Қатар отырған оқушылар ауызша орындайды. Орындау тәртібі бойынша бірінші оқушы қа буынын айтса, екінші келесі буынын тауып сөз құрауы керек.

Ойын – оқу үрдісіндегі оқытудың әрі формасы, әрі әдісі ретінде дербес дидактикалық категория. Сонымен бірге ойынды мұғалім мен оқушылардың бірлескен оқу әрекетінің өзара байланысты технологиясы ретінде қолдануға болады. Сонымен қатар, қазақ тілі сабағында ойын формаларын енгізу барысында интерактивті тақтаны қолданудың маңызы өте зор.
Қорыта келгенде, ойын – балалардың негізгі іс - әрекеттерінің бір түрі. Бала өмірі ойынға байланысты. Бала ойынсыз өсіп өркендей алмайды. Бұл – өмірдің заңдылығы. Сондықтан да қазақ тілі сабағында ойын элементтерін пайдаланудың оқушылардың ой белсенділігін арттырудағы маңызы зор.

Шымкент қаласы №30 ЖОМ қазақ тілі мұғалімі
Нажиметова Анар Мәлікайдарқызы
11 850
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Дидактикалық ойындар топтамасы
Дидактикалық ойындар топтамасы
Дидактикалық ойындар топтамасы. Математика 1 сынып
Ересектерге қазақ тілін оқытуда ойын технологияларын қолданудың тиімділігі
Ересектерге қазақ тілін оқытуда ойын технологияларын қолданудың тиімділігі
Ойын – оқу үрдісіндегі оқытудың әрі формасы, әрі әдісі ретінде дербес дидактикалық категория. Сонымен бірге ойынды оқытушы мен тіл үйренушінің бірлескен оқу әрекетінің өзара байланысты технологиясы ретінде қолдануға болады.
Ойын – математика сабағында оқыту және тәрбиелеу әдісі
Ойын – математика сабағында оқыту және тәрбиелеу әдісі
Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Қызылжар ауылы, Қызылжар ЖОББМ физика және математика пәні мұғалімі Тәшібаева Кәмшат Еркінжасқызы
Мектепалды даярлық топтарында инновациялық технологияларды қолдану
Мектепалды даярлық топтарында инновациялық технологияларды қолдану
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Жаңатаң орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Абшекенова Асем Рысбаевна
Ағылшын тілі сабағында дидактикалық ойындар арқылы коммуникативтік құзреттілікті дамыту
Ағылшын тілі сабағында дидактикалық ойындар арқылы коммуникативтік құзреттілікті дамыту
Ағылшын тілі сабағында дидактикалық ойындар арқылы коммуникативтік құзреттілікті дамыту
Қазақ тілі сабағындағы дидактикалық ойындардың маңызы
Қазақ тілі сабағындағы дидактикалық ойындардың маңызы
Қазақ тілі сабағындағы дидактикалық ойындардың маңызы Эпиграф: Ойын дегеніміз ұшқын, білімге құштарлық пен еліктеудің маздап жанған оты.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×