Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Ересектерге қазақ тілін оқытуда ойын технологияларын қолданудың тиімділігі

07 желтоқсан 2016, Сәрсенбі
Категориясы: Ұстаздарға
Ересектерге қазақ тілін оқытуда ойын технологияларын қолданудың тиімділігі

Бұл тақырып қазақ тілін ересектерге оқытумен айналысып жүрген барлық әріптестерімізді қызықтыратын, талай рет ойландырып, көкейлерінде алуан түрлі сұрақтар туғызған тақырып деп ойлаймын. Себебі сабақты қызықты етіп өткізу, оқыту үрдісін тартымды етіп ұйымдастыру мәселесін шешу жолында ойымызға келетін ең негізгі жолдардың бірі – ойын технологияларын қолдану. Оқытушы өз пәнінің теориясын қаншалық жетік білсе де, оның ісінің нәтижелі болуының ең басты кепілі – әдіс - тәсілдерінің дұрыс таңдалуы, тиімді жұмыс түрлерінің жүргізілуі. Сондықтан ересектерді оқытуда ойын технологияларын дұрыс қолдану педагогикалық шеберлікті, ізденіс пен шығармашылықты, алдына айқын мақсат қоя біліп, оған жетудің жолдарын жан - жақты ойластыра алуды, сонымен қатар психологиялық білімді де талап етеді. Қазақ тілін ересектерге оқыту барысында ойын технологияларын қолдануға қатысты мынадай бірнеше өзекті сұрақтарды атап өтуге болады:
1.) Ересек адамдармен ойынның қандай түрлерін өткізген тиімді болады?
2.) Ойынды сабақтың қай кезеңінде өткізу керек?
3.) Ойын технологияларын қолдануда тіл үйренушілердің жас ерекшеліктерін ескеру қажет пе?
4.) Сабақта ойынды қолдануда жіберілетін әдістемелік қателіктер қандай?
Осы сауалдарға жауап іздеп көрейік.

Адамзаттың көптеген жылдар бойғы ойнау тәжірибесі ойынның білімдік құндылығын дәлелдеді. Ойынның шығу сырын ғалымдар жүздеген жылдар бойы зерттеп келеді. Оның шығу тарихы жайлы көптеген пікірлер бар. Көп тұжырымдардың бірі бойынша ойын қоғамның діни, әлеуметтік - экономикалық және мәдени дамуы кезіндегі бос уақыт пен демалысты өткізу мәселесінен туындаған. Ерте заманда ойын қоғамдық өмірдің бір бөлігі болып, оған діни - саяси маңыз берілген. Ерте гректер ойынды Құдайлар қолдаған десе, Қытайда мерекелік ойындарды император ашып, өзі де қатысқан. Ойын өмірде пайдасыз көрінгенмен, аса қажетті құбылыс. Сабақта тиімді қолданылған ойын түрлері — оқытушының сабағындағы материалды тіл үйренушілердің аса зор ілтипатпен тыңдап, жемісті, сапалы меңгеруіне сенімді көмекші бола алады.

Ойын – оқу үрдісіндегі оқытудың әрі формасы, әрі әдісі ретінде дербес дидактикалық категория. Сонымен бірге ойынды оқытушы мен тіл үйренушінің бірлескен оқу әрекетінің өзара байланысты технологиясы ретінде қолдануға болады. Ең бастысы, кез келген ойын әрекеті оқу әрекетін орындауға бейімделуі тиіс. Бұл үрдіс сабақ барысында пайдаланылатын дидактикалық ойындар арқылы жүзеге асады.

Нақты біздің ісімізде, яғни ересектерге қазақ тілін оқытуда қолданылатын ойынның мақсаты - ойын технологиясы арқылы тіл үйренушілердің сөйлеу тілін дамыту, сөйлеу дағдысын қалыптастыру, сөздік қорын арттыру. Ал міндеті – тіл үйренушілердің қазақ тіліне деген қызығушылығын ояту, белсенділігін арттыру, тілді үйренуге деген ынта - ықыластарын күшейту.

Біз қазақ тілін балаларға емес, ересек адамдарға үйретеміз. Әртүрлі салада қызмет ететін, тілді меңгеру қабілеттері де, жас ерекшеліктері де әртүрлі, дүниетанымдары мен көзқарастары да әр қилы адамдармен жұмыс істейміз. Олардың бірі жұмысындағы аяқталмай қалған ісін уайымдап, екіншісі ертеңгі күнгі іссапарын жоспарлап, ал енді бірі отбасындағы бір жағдайды ойлап отыруы мүмкін. Оқытушының алдындағы ең бірінші міндет – алдында отырған осындай алуан түрлі тіл үйренушілердің ойын қазақ тілін үйренуге шоғырландыру, олардың барлық басқа ойларын ұмыттыру. Ал сабақ барысында дұрыс, сауатты әрі орынды қолданылған ойын технологиялары осы мәселелерді шешудегі басты тиімді құралдардың бірі деп сеніммен айтуға болады.

Педагогика ғылымында оқыту үрдісінде қолданылатын ойындардың бірнеше түрлері атап көрсетіледі. Соның ішінде біздің оқыту үрдісімізде қолданылатыны – дидактикалық ойындар.
Оқыту үрдісінде қолданылатын дидактикалық ойындар – тіл үйренушілердің білімдерін арттырудың құралы. Дидактикалық ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндетті шешеді. Сабақтың қай кезеңінде қолданылуына байланысты ойындардың мақсат - міндеттері әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, ойын сабақтың басында тіл үйренушілердің ойын шоғырландырады, тіл үйрену үшін психологиялық жағымды жағдай қалыптастырады, өткен сабақты еске түсіреді. Кейде сабақтың ұйымдастыру кезеңін тиімді өткізуге те көмектеседі. Жұмыс бабымен тіл үйренушілер бәрі бірдей сабақ басталатын уақытта жинала алмай қалуы мүмкін. Осындай кезде сабақтың басында маңызды материалды беру тиімсіз болады, күтуге тура келетін жағдайлар да кездеседі. Сонда қалыптасқан жағдайды тілдік ойындар арқылы шешуге әбден болады. Мысалы, біздің орталықтың оқытушылары сабақтың басында қолданатын бірнеше ойынды айта кетуге болады: «Сөздер тізбегі» ойыны (өте жеңіл ойын, айтылған сөздің соңғы дыбысынан басталатын сөз айту керек), «Мені түсін» ойыны (таратылған қағазда жазулы тұрған сөзді басқаларға түсіндіру керек).

Тіл үйрету сабағының ортасында қолданылатын ойын технологиялары тіл үйренушілердің көңіл - күйін сергітеді, ерік - жігерін дамытады, сабаққа ынтасын арттырады, сонымен қатар тілдік материалды бекітуге, жаңа ақпаратты есте сақтауға игі ықпал етеді. Ал сабақтың соңында ойын тақырыпты бекіту, сабақта алған тілдік білімді жинақтау мақсатын көздейді. Демек, оқытушының алдына қойған мақсат - міндетіне байланысты ойынды сабақтың кез келген кезеңінде қолдануға болады.

Жалпы оқытушының ойынды ұйымдастыру жұмысы ойынды өткізуге әзірлік, ойынды өткізу, ойынды талдау сияқты үш кезеңді қамтиды. Дидактикалық мақсатына қарай ойынды таңдау, оған қажетті материалды даярлау ойынды өткізуге әзірлік болып табылады. Тіл үйренушілерді ойынның мазмұнымен таныстыру ойынды өткізу болып табылады. Ойынды талдау - бұл ойынның өз мақсатына жетуі, қатысушылардың белсенділігі, олардың іс - әрекеті және ең бастысы тиімділігі қаншалықты болғанын ой елегінен өткізу. Әр оқытушы өзінің сабағында қолданған ойындарды өзі үшін осылайша талдап отырса, өзінің оқыту үрдісінде дәстүрлі түрде қолданатын ең тиімді деп табылған ойындары сараланып шығады.

Атақты француз ғалымы Луй де Брайль былай дейді: «ең қарапайым мәселені қозғайтын ойындардың өзінде ғылыми жұмысқа ұқсас жалпы элементтер көп кездеседі. Екі жағдайда да (ойын мен ғылыми жұмыс) ең бастысы қойылған мақсаттың болуы, сонан соң қиындықтың болуы, оны жеңу, жаңалықты ашу қуанышы. Міне, сондықтан да, бар адамдарды, жасына карамастан, ойын өзіне тартып тұрады».

Міне, осындай тиімді де тартымды әдіс ретінде ойынды қолдануда оқытушының назарда ұстайтын маңызды мәселелерінің бірі – психологиялық жағы. Сабақта қолданылатын кез келген ойын ересектерге бейімделуі тиіс. Яғни ересек тіл үйренушілерге ерсі көрінбейтіндей болуы керек. Ол үшін ойынның пайдалы екені айқын болуы шарт. Сондай - ақ ойын технологиясы қолданылатын топтағы психологиялық жағдайды, олардың бір - бірімен қарым - қатынасын де ескеру қажет. Тіл үйренушілердің ойынға ынтасы болған жағдайда ғана, ойын жүруі мүмкін. Ешқандай ойынды формалды ойнауға болмайды. Әрбір дидактикалық ойынға дидактикалық жаттығуларды орындау тән. Ендігі бір жағынан, дидактикалық ойындарға тән нәрсе - ойнау. Тіл үйренушінің назары біріншіден соған ауады, ал ойын барысында білім беру мақсатының қалай орындалатындығы байқалмай қалады. Сондықтан, сабақтарда өтілетін ойындар тіл үйренушілерге жай алданыш ретінде емес, қызықты жұмыс ретінде беріледі. Мәселен, «Кім жылдам?» деген ойынға тоқталып өтейік: тіл үйренушілерге кесте таратылады. Кестенің бағандарында кім? не? қандай? қашан? не істейді? деген сұрақтар жазылып тұрады. Тыңдаушылар бағандарға берілген белгілі бір әріптен басталатын сөздерді жазу керек. Әр бағанға бір сөзден. Бірінші бітірген тыңдаушы ойынды тоқтатады. Кезекпен сөздер оқылып, жинаған ұпайлары есептеледі.

Бұл бейімделген ойынның бір түрі. Кестенің бағандарына өтіліп жатқан тақырыпқа байланысты кез келген сұрақтарды немесе сөздерді жазуға болады.
Жоғарыда айтылғандардан ойын дегеніміз жас ерекшелікке қарамайтын, адамның көңіл - күйін көтеретін әрі ойландыратын үрдіс деген қорытынды жасауға болады. Ойын - тапқырлықты, ұқыптылықты, іздемпаздықты, дүниетаным өрісінің кеңдігін, көп білуді, сондай - ақ басқа да толып жатқан сапалық қасиеттерді қалыптастыруға үлкен мүмкіндігі бар педагогикалық тиімді әдістердің бipi.
Атақты педагог В. А. Сухомолинскийдің: «Ойынсыз ақыл - ойдың қалыпты дамуы жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын дегеніміз - ұшқын, білімге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты», - деген сөзі бар. Демек ойын – білікті, әдістемелік сауатты, шығармашыл, жауапты оқытушының қолындағы мықты құрал.

Сол себепті біздің, Бурабай ауданының Тілдерді оқыту орталығында осы мәселе үнемі назарда ұсталады. Біздің орталығымызда Жарғыға сәйкес педагогикалық кеңеспен қатар Оқу - әдістемелік кеңес жұмыс істейді. Педагогикалық кеңестің отырыстарында біз оқыту үрдісіне қатысты мәселелерді, негізгі қызметіміз бойынша алқалы түрде шешім қабылдауды қажет ететін мәселелерді қарастырсақ, Оқу - әдістемелік кеңестің отырыстарында әдістемелік мәселелерді сөз етеміз, оқыту үрдісін жетілдіру мақсатында тәжірибе алмасамыз, алдыңғы қатарлы педагогикалық тәжірибелерді талқылаймыз. Сонымен қатар жыл сайын Оқу - әдістемелік кеңестің жылдық жоспарына Орталықтың әр оқытушысына әдістемелік тақырыптар бойынша баяндамалар қойылады. Баяндама оқылғаннан кейін оны талқылау барысында оқытушыларымыз бір - бірімен тәжірибе алмасып, тиімді деп тапқан немесе жаңадан қолданып жүрген ойын технологияларымен бөліседі.

Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Ұжымымыз оқыту үрдісіндегі тиімді құрал ретінде ойын технологияларын қолдану жолдарын қарастыруда шығармашылық пен ізденіс үстінде болады. Себебі біз істеген жұмысымыздан қорытынды шығара отырып, алдағы жұмысымызды жетілдіре түсуді мақсат етеміз.

Қайрымденова Арайлым Есболатқызы – Ақмола облысы Бурабай ауданының Тілдерді оқыту орталығының директоры
4 467
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Ағылшын тілін оқытуда ойын технологиясының нәтижелілігі
Ағылшын тілін оқытуда ойын технологиясының нәтижелілігі
Сабақтарда ойынның элементтерін қолдана отырып, оқушылардың ойлау дағдысын дамыту. Сабақтың нәтижелілігін, білім сапасын арттыру, психологиялық ахуалды қалыптастыру, оқушылардың шығармашылық потенциалын ояту.
Сыни ойлау деген не?
Сыни ойлау деген не?
Сыни тұрғыдан ойлауды дамыту. «Оқу, жазу, ойлау, сөйлеу сияқты іс - әрекеттерді үйрену белсенділікті, тапқырлықты, өз ойын жеткізе білуді қалыптастыру»
Баяндама. Оқытуда жаңа технологияны пайдаланудың ерекшеліктері
Баяндама. Оқытуда жаңа технологияны пайдаланудың ерекшеліктері
Қазақстан Республикасының «Білім туралы заңының» 8 - бабында Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі - оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу деп атап көрсеткен.
Инновациялық әдістер мен оқыту технологияларын қолданудың тиімділігі
Инновациялық әдістер мен оқыту технологияларын қолданудың тиімділігі
Алматы облысы, Ескелді ауданы, Шымыр ауылы М. Мәметова атындағы орта мектеп мұғалімі Дауленбекова Назира
Ағылшын тлін оқыту барысында жаңа ақпараттық технологияларды қолданудың тиімділігі
Ағылшын тлін оқыту барысында жаңа ақпараттық технологияларды қолданудың тиімділігі
Бозаева Алмагуль Бекетовна Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Ы. Алтынсарин атындағы 204 орта мектеп
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×