Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Мағжан Жұмабаев «Сүйемін» өлеңі

01 сәуір 2013, Дүйсенбі
Сабақтың тақырыбы: М. Жұмабаев «Сүйемін» өлеңі.
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: оқушыларға М. Жұмабаевтың өмір мен шығармашылығы туралы әдеби білім беру, «Сүйемін» өлеңінің мазмұнын, идеясын меңгерту.
Тәрбиелік: оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке баулу, Отанды сүюге – елжандылыққа тәрбиелеу.
Дамытушылық: оқушылардың әдеби дүниетанымдарын кеңейту, мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту.
Сабақтың типі: аралас
Сабақтың түрі: дәстүрлі
Сабақтың әдіс - тәсілі: сұрақ - жауап, әңгімелеу, түсіндіру, мәнерлеп оқу
Сабақтың көрнекілігі: М. Жұмабаевтың портреті, шығармалары, электронды оқулық
Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, Қазақстан тарихы.

Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі:
1. Оқушылармен сәлемдесу.
2. Оқушылардың сабаққа қатысын тексеру.
3. Оқушылардың зейіндерін сабаққа аудару.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру:
1. І. Жансүгіровтің «Бөбек бөлеу», «Ағынды менің Ақсуым» өлеңдерін сұрау.
2.«Сенің естіген бесік жырың» тақырыбында бесік жыр айту немесе «Туған өлкемнің табиғаты» атты шағын, шығарма - суреттеме жазу.

ІІІ. Жаңа тақырыпты түсіндіру.
Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы әдеби білім беру.
«Өлеңнің тілге жеңіл, құлаққа жылы тиюін Абай да іздеген. Абай да сөздің ішін мәнерлеп, тонын сұлу қылуға тырысқан, бірақ дыбыспен сурет жасауда, сөздің сыртқы түрін әдемілеуде Мағжанға жеткен қазақ ақыны жоқ... Олай болса, ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, мектеп ашқан күшті ақын Мағжан екенінде дау жоқ», - деп жазады Жүсіпбек Аймауытов өзінің 1923 жылғы «Мағжанның ақындығы туралы» деген мақаласында.
Мағжан Жұмабаев (1893 - 1938) – ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиетінің көгінде жарқырай жанған жарық жұлдыздарының бірі. Туған жері - бұрынғы Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Полуденовский болысы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданы). Әкесі Бекен (Бекмағанбет) орта дәулетті, өзінің әділдігімен, адамгершілікті парасатымен ел арасында беделі жоғары адам болған. Соған орай оны бір сайлауда болыс етіп сайлаған көрінеді.
Ауыл мұғалімінен хат танып, сауат ашқан Мағжан 1905 жылы Қызылжардағы медресеге оқуға түсіп, оны жақсы үлгеріммен аяқтайды. Бірақ бұл оқу білсем, көрсем деп ілгері ұмтылған жас талапты онша қанағаттандырмайды.

Ол оқу іздеп Уфаға аттанады. Сонда өзінің білім беру дәрежесінен Жоғары діни оқу орнымен пара пар Медресе Ғалияға оқуға түседі. Медреседе оқып жүргенде, осында оқытушы болып істейтін, татардың белгілі жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтың назарына ілігеді. Болашақ ақынның зор дарынын таныған Ғалымжан Мағжанды қамқорлығына алып, оған көп жәрдем көрсетеді. Соның көмегімен Қазан қаласында Мағжанның «Шолпан» атты тұңғыш жинағы жарық көреді, соның ақыл - кеңесімен Омбыдағы мұғалімдер семинариясына түседі.

Жастайынан орысша оқып, орыс әдебиетінің мәдениетіне еркін жеткен Мағжан қазақ поэзиясына өзіндік ерекшелігімен, дарынды болмысымен келеді. Әуелде лапылдап тұрған сезімін, ынтыға үзіліп тұрған махаббатын жастық жалынымен, жандырып жіберердей леппен жеткізуге ұмтылған ол енді бірте - бірте ой есейгендігін танытып, азаматтық лирикаға қарай ойысады. Мұнда да ол зарлы да өкінішті ой сезімдерін ерекше құдіретпен, шыңғырған жан даусының қуатымен жеткізіп, ішкі мұңы мен ашу кегін табиғи байланыстырып жібереді.
Бұл кез оның қазақтың ардақ азаматтары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлынан дәріс алып, шығармашылықтың жаңа бір белесіне құлаш ұрған шағы еді. Ұстаздарының өнегесі ақын жанының тебіреніс толқынындағы айшықты өрнегімен көрініс береді:
Азамат! Анау қазақ ханым десең,
Жұмақтың суын апар, жаным десең.
Болмаса, Ібіліс бол да у алып бар,
Тоқтатам тұншықтырып қанын десең
Екінің бірі, басқа жол жоқ!

Тасқыны қатты, тегеуріні берік ұлттық сезім селі ширатыла ширығып барып, екпінін баспаған күйі түрікшілдік арнасына құйылады. Халық өлеңдерінің мазмұнымен бірге оның ырғақ үйлесімін, ішкі рухын, әуезділік әсемдігін жанымен қабылдаған ақын кейде ән күй ғана түсіндіре алатын сезімдерді сөзбен жеткізеді. Мағжанның ақындық ерекшелігі де, бәлкім, осы болар.
Қалай дегенде де, Мағжан өзіне дейінге де, кейінгіге де ұқсамайтын, өзіндік қолтаңбасы бар ақын. Ол өмірді біртұтас құбылыс, көрініс ретінде, ал адамды сол ұлы табиғаттың, жаратылыстың бір туындысы, бөлшегі ретінде қабылдайды. Құбылыстың мәнін кең көлемде, жалпыға бірдей қалыпта тани білу үшін ол, алдымен, не нәрсенің болса да мән - мазмұнын бағдарлап, әрдайым жалпы адамзатқа тән әуенге бой ұрады, табиғаттың өз заңына ғана бағынатын құбылыстың ішкі астарына үңіледі. Дүниені философиялық тұрғыдан таниды.

Мағжан «Шолпан», «Сана» журналдары, «Ақ жол» газеті редакцияларында қызмет істеп жүргенде де, Москваның Жоғары әдебиет және көркемөнер институтында оқып жүргенде де, үнемі ізденіс үстінде, шығармашылық өрлеу жолында болады.
Білімі толысып, тәжірибесі молайып, кемелді шағына бет алған тарпаң дарынның тағдырына тұтқиылдан келіп араласқан Қызыл империяның қызылкөз жендеттері оның жолын кесіп, түрмеге қамайды. Сөйтіп 1929 жылдан бастап ақын қуғын сүргінге ұшырайды. Әуелі жалған жабылған жаламен он жылға сотталады. Одан М. Горкий мен оның әйелі Е. Пешкованың араласуымен, 1936 жылы босатылады да, бір жылдан кейін «Халық жауы» деп қайта сотталып, келесі жылы наурыз айында ату жазасына кесіледі.

Бір кездері бес арыстың бірі - Жүсіпбек Аймауытов М. Жұмабаев туралы былай деп ой толғаған екен: «Мағжан сөзіндей «тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін» үлбіреген нәзік әуен қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегінен жас пен қан аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса да, сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер ете алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз. Суретті, кестелі, көркем сөз Мағжаннан табылады, Мағжан ақынды ақындық жағынан сөзсіз суретші деп айтуға болады. Мағжанды Пушкинге теңеуге ауыз барады.... ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, мектеп ашқан күшті ақын Мағжан екенінде дау жоқ. Абайдан соң өлең өлшеулерін түрлендірген тағы да Мағжан».

Мағжан – сыршыл ақын. Ол үшін бақ пен қуаныш - сүйе білу. Құштарлық пен оның оттай жанған сезім бұрқанысы мол жан сөзін жүрек поэзиясына тұңғыш әкелген. Оның «Тілегім», «Мені де, өлім, әлдиле», «Сүйемін», «Сәрсембайдың жыры», «Жазғы түнде» тәрізді өлеңдері - қазақ поэзиясының қазынасы. Мағжан Жұмабаевтың әдеби мұралары уақыт сынынан сүрінбей өтті. Өзге классиктердің шығармаларымен қатар қазақ мәдениетінің тарихынан сыбағалы орын алды.
Мағжан - көрнекті жазушы, ақын, публицист, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Халық алдындағы жауапкершілік сезімі, осыдан келіп шығатын тарих төркіні мен оның құбылмалы кезеңіндегі үндеулер Мағжан шығармаларына ғана тән. Сол кезеңдерде Мағжан Шекспир, Пушкин, Соловьевтардан бастап символизм, технократизм және Шпенглерге дейінгі жалпы адамзаттық көркем әрі ғылыми мұраларға бет бұрды. Біздің дәуірімізге дейін жеткен экзистенциализм сарыны ақын шығармаларында да айқын көрініс тапқан. Алайда арадағы ұзақ жылдар бойғы үзілістен кейін Мағжан Жұмабаевпен қайта қауышудың сәті түсті. Сондықтан ақын туындыларын қайта бастырып шығару туралы да ойлар жиі айтылуда
1893 жылы дүниеге келген. Алдымен Қызылжар медресесінде Хасен молдадан дәріс алған Мағжан кейін Уфа қаласындағы Ғалия медресесінде татар халқының белгілі жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтан оқиды.

1912 жылы Қазанда алғашқы «Шолпан» өлеңдер жинағы шыққан Мағжанның шығармалары 1929 жылы жаламен күйіп, абақтыға түскенге дейін үздіксіз жарияланып тұрды.
Негізінен ақын өлеңдері екі - ақ рет жинақталып, топталып оқырман қолына тиді. Бірінші рет 1922 жылы Бернияз Күлеев Қазанда бастырып, екінші рет осы кітап толықтырылып Сұлтанбек Қожановтың алған сөзімен 1923 жылы Ташкентте шықты. «Педагогика», «Сауатты бол» (араб, латын әріптерімен бірнеше рет басылған), кітаптары, аудармалары басылды. Қысқасы, М. Жұмабаевтың қаламгерлік сапары бас - аяғы жиырма жылға жетпей, тым ерте үзілді, он жылдай өмірі абақтыда, лагерьде, қуғын - сүргінде, азап - қорлықта өтіп, ақыры 1938 жылы ажал оғы құлатты.

Мағжан Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылдың 25 маусымында бұрынғы Ақмола губерниясы Ақмола уезіндегі Полуден болысында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданы Мағжан атындағы ауылда белгілі, текті, ауқатты отбасында дүниеге келген. Төрт жасында ауыл мұғалімінен сауат ашып, хат таниды, ал 1905 жылы Қызылжардағы медресеге оқуға түседі. Бұл медреседе араб, парсы, түрік тілдерін еркін игеріп, медресені 1910 жылы жақсы үлгеріммен бітіреді.

Бұдан кейін Уфадағы «Ғалия» медресесінде, Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқиды.
Мағжан 1916 жылы Омбының семинариясын ойдағыдай бітіріп, туған өлкесіне оралады. Қазақ даласында «Алаш» партиясын құруға қатысады, Ақмоладағы «Бостандық туы» газетінде редактор болып қызмет атқарады. 1922 жылы Ташкентке келіп, шығармашылық жұмыспен айналысады. Онда «Шолпан», «Сана» журналдарында, «Ақжол» газетінде қызмет атқара жүріп, бірнеше шығар - маларын жарыққа шығарады.
1923 - 27 жылдары Мағжан Мәскеудегі жоғары әдебиет – көркемөнер институтында оқиды. Осы жылдары ол орыс, батыс Еуропа әдебиетін терең зерт - теп оқиды.
1929 жылы «Алқа» деген жасырын ұйым құрды деген айыптаумен 10 жылға сотталды.
1936 жылы орыс жазушысы М. Горький және Е. Пешкованың араласуымен аз ғана уақытқа бостандық алады, бірақ 1937 жылы қайта қамауға алынып, 1938 жылы ақын ғұмыры мәңгілікке үзіледі.

Мағжан өлгенмен, оның жазған еңбектері бізге өшпес мұра боп қалды. Ол – көптеген өлеңдер, поэмалар, әңгімелер мен аудармалар жазған бірегей тұлға.
Біз оның «Мен жастарға сенемін», «Мен кім?», «Анама», «Қазақ тілі», «Түркістан», т. б. өлеңдері мен «Қорқыт», «Ертегі», «Тоқсанның тобы», «Батыр Баян», «Қойлыбайдың қобызы» т. б. поэмаларын білеміз.

ІҮ. Жаңа сабақты пысықтау.
1. «Сүйемін» өлеңіне шолу. Электронды оқулықтан Мағжанның «Сүйемін» өлеңін тындату
Сүйемін.
Күлдей күңгірт шашы бар,
Тоқсан бесте жасы бар,
Көз дегенің – сұп - сұр көр.
Тасбиық санап бүгіліп,
Жерге қарап үңіліп,
Көрме ауыр күрсінер
Менің бір қарт анам бар.
Неге екенін білмеймін -
Сол анамды сүйемін!

Көзінде көк нұры жоқ,
Аузында жұмақ жыры жоқ,
Жалынсыз, усыз құшағы.
Иірілмейді жыландай,
Сөзі де жоқ құрандай.
Білгені – қазан - ошағы
Жабайы ғана жарым бар.
Неге екенін білмеймін –
Сол жарымды сүйемін.

"Сүйемін" атты өлеңін ақын қартайған анасына, күнделікті тұрмыстың жетегінде жүрген қарапайым жарына деген сезімін суреттеуден бастайды. Өлеңде өмірдің жүрекке жылы, көзге таныс суреті бар. Ана да, жар да әркімге қымбат екенін есіңе қайта салғандай. Одан кейін ақын:
Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен
Бірге жусап, бірге өрген,
Алаш деген елім бар.
Неге екенін білмеймін,
Сол елімді сүйемін.
Сағым сайран кұрады,
Бораны ұлып тұрады,
Қыс — ақ кебін, жаз — сары.
Орманы жоқ, шуы жоқ,
Тауы да жоқ, суы жоқ,
Мәңгі өлік сахарасы,
Сарыарқа деген жерім бар.
Неге екенін білмеймін,
Сол Арқамды сүйемін! —
деп, өзінің туған елі мен жеріне деген перзенттік сүйіспеншілігін жайып салады.

Мағжан нені айтса да, бейнелеп айтады. Ол үшін даланың тауы да, суы да, желі де ғажайып. Ақын өлеңдерінде адам мен табиғат астасып жатады. Қай шығармасында да Мағжан осы екі ұғымды бірлікте алып жырлайды. Бір өлеңінде анасына, жарына, жалпы адамға деген махаббатын туған жерге катысты сезімімен ұштастырып жатса, енді бір жырларында сол табиғаттың асыл жемісі — адамды бәрінен жоғары қояды.

V. Жаңа сабақты бекіту.
1. Өлеңді мәнерлеп оқу
2. «Мен Мағжан туралы не білемін?» атты тақырыпқа әңгіме өткізу.
4. Әдебиет теориясының ұғымдарын жазып алу.
Эпитеттер Теңеулер Метафоралар
Күлдей күңгірт шаш
Жалынсыз, усыз құшағы Иірілмейді жыландай сөзі де жоқ құрандай Көз дегенің – сұп - сұр көр
Сағымы сайран құрады.
5. Венн диаграммасы бойынша жұмыс.
Отан - аяулы сүйікті

ҮІ. Сабақты қорытындылау. Сұрақтарға жауап беру.
1) Ақын кімдерді, нелерді сүйеді?
2) Ақынның анасына деген сүйіспеншілігін көрсететін өлең жолдарын тауып оқыңдар.
3) Ақын жары қай жолдарда суреттеледі?
4) Алашы жайлы ақын не айтады?
5) Ақын анасы, жары, елінен басқа тағы нені сүйеді?
6) Өлеңде ақынның қандай қасиеті, сезімі, тұлғасы танылады?
7) Ендеше, Мағжан ақын қандай деп ойлайсыңдар?

VІІ. Үй тапсырмасын беру:
1. М. Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы кітаптан тыс оқып жаңа мағлұмат айту.
2.»Сүйемін» өлеңін жаттау.
3. «Анадай асыл бар ма екен!» (эссе жазу)
VІІІ. Оқушыларды бағалау.
41 458
0
  • 100
1 дауыс


Жаңалықтар
Бесік жыры.
Бесік жыры.
Оқушыларды М. Жұмабаевтың еңбегімен, шығармашылығымен таныстыру. Мәтінінің мазмұны мен идеясын меңгерту.
Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы
Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы
Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығының қыр - сырларын меңгеруге, мазмұнына тереңдей бойлай отырып, шығармаларына жан - жақты талдау жасауға ықпал ету.
Мағжан Жұмабаев "Сүйемін" өлеңі
Мағжан Жұмабаев "Сүйемін" өлеңі
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, "Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебі"ММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Аққұлова Күнжамал
Мағжан Жұмабаев «Қысқы жолда»
Мағжан Жұмабаев «Қысқы жолда»
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Күзекбаев Жеңісбек Дүзелбайұлы
Мағжан Жұмабаев «Сүйемін»
Мағжан Жұмабаев «Сүйемін»
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы Қарашоқат орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ахет Гүлден Ермекбайқызы
Мағжан Жұмабаев «Түркістан» өлеңі
Мағжан Жұмабаев «Түркістан» өлеңі
Ақтөбе қаласы, № 5 ОМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Еспембетова Айнаш Жолшыраковна
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×