Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Қара сөздер. Абайдың отыз екінші қара сөзі

13 қараша 2018, Сейсенбі
Категориясы: Оқушыларға
Қара сөздер. Абайдың отыз екінші қара сөзі
ОТЫЗ ЕКІНШІ СӨЗ
Білім - ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек, білмей іздегенмен табылмас.

Әуелі - білім - ғылым табылса, ондай - мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек. Оның үшін білім - ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет білсең және әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзур хасил болады. Сол рахат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар, махаббат пайда болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке жайғастырып алады.

Егер дін көңілің өзге нәрседе болса, білім - ғылымды бір - ақ соған себеп қана қылмақ үшін үйренсең, ондай білімге көңіліңнің мейірімі асырап алған шешеңнің мейірімі секілді болады. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім - ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды.

Екінші - ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. Бахасқа бола үйренбе, азырақ бахас көңіліңді пысықтандырмақ үшін залал да емес, көбірек бахас адамды түземек түгіл, бұзады. Оның себебі әрбір бахасшыл адам хақты шығармақ үшін ғана бахас қылмайды, жеңбек үшін бахас қылады. Ондай бахас хусідшілікті зорайтады, адамшылықты зорайтпайды, бәлкім, азайтады. Және мақсаты ғылымдағы мақсат болмайды, адам баласын шатастырып, жалған сөзге жеңдірмекші болады. Мұндай қиял өзі де бұзықтарда болады. Жүз тура жолдағыларды шатастырушы кісі бір қисық жолдағы кісіні түзеткен кісіден садаға кетсін! Бахас - өзі де ғылымның бір жолы, бірақ оған хирслану жарамайды. Егер хирсланса, өз сөзімшіл ғурурлық, мақтаншақтық, хусідшілік бойын жеңсе, ондай адам бойына қорлық келтіретұғын өтіріктен де, өсектен де, ұрсып - төбелесуден де қашық болмайды.

Үшінші - әрбір хақиқатқа тырысып ижтиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрылма! Егерде ондай білгендігің өзіңді жеңе алмаса, кімге пұл болады? Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?

Төртінші - білім - ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі - мұлахаза қылу, екіншісі - берік мұхафаза қылу. Бұл екі қуатты зорайту жаһатінде болу керек. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды.

Бесінші - осы сөздің он тоғызыншы бабында жазылған ақыл кеселі деген төрт нәрсе бар. Содан қашық болу керек. Соның ішінде уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар, зинһар, жаным, соған бек сақ бол, әсіресе, әуелі - құданың, екінші - халықтың, үшінші - дәулеттің, төртінші - ғибраттың, бесінші - ақылдың, ардың - бәрінің дұшпаны. Ол бар жерде бұлар болмайды.

Алтыншы - ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын!
Абайдың басқа да қара сөздері
20 790
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Қара сөздер. Абайдың қырық үшінші қара сөзі
Қара сөздер. Абайдың қырық үшінші қара сөзі
Адам ұғылы екі нәрседен: бірі - тән, бірі - жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили, қайсысы кәсиби - оны білмек керек. Ішсем, жесем демектің басы - жибили, ұйықтамақ та соған ұқсайды.
Қара сөздер. Абайдың қырық бірінші қара сөзі
Қара сөздер. Абайдың қырық бірінші қара сөзі
Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек. Әуелі - бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек.
Қара сөздер. Абайдың отыз бірінші қара сөзі
Қара сөздер. Абайдың отыз бірінші қара сөзі
Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі - көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек;
Қара сөздер. Абайдың жиырма бесінші қара сөзі
Қара сөздер. Абайдың жиырма бесінші қара сөзі
Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады. Оның үшін бұл жер дарулхарап, мұнда әуелі мал табу керек, онан соң араб, парсы керек.
Қара сөздер. Абайдың он екінші қара сөзі
Қара сөздер. Абайдың он екінші қара сөзі
Кімде - кім жақсы - жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз.
Қара сөздер. Абайдың бірінші қара сөзі
Қара сөздер. Абайдың бірінші қара сөзі
Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық - әурешілікті көре - көре келдік.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×