Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Қыздың ары – ұлттың ары! Қыздармен жұмыс

13 тамыз 2018, Дүйсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Тақырыбы: «Қыздың ары – ұлттың ары!» Қыздармен жұмыс
Мақсаты: Қазақ халқының ұлттық болмысын сақтай отырып, қыздарға жат қылықтарды ажырата білуге, олардың денсаулығына, ұлт болашағына, рухани байлығына, тәрбиесіне келтіретін зияны туралы түсінік беру, олардың ішкі және сыртқы жан дүниесінің әдемі де арлы болуына шақыру.
Психолог: Қыз өмірдің гүлі. Қыз – қызғалдақ деп айтып жатады. Жалпы «Қыз бала» ұғымын өзіміз қалай түсінеміз, айтып көрейікші кәне? Кім ол қыз деген? (Болашақ ана; ұрпақ жалғасы; сүйікті жар; ұлттың ұяты, халықтың шырайы; )

1. Ассоцация «Қыз» сөзіне
Бір отбасының ғана емес, бір рулы елдің, қала берді, бүтін бір ұлттың ұлт болып қалыптасуына әсер ететін тұлғаның ана екені даусыз. Ол – қай қоғамның болсын, басты күретамыры. Ананың аялы алақанының жылуы арқылы біз мейірім мен шапағатқа бөленеміз. Ол – аналық махаббаты мен ана сүті арқылы ұлттың асыл қасиетін де, ата - баба өсиетін де, асыл діні мен ана тілін де, салты мен ділін де ұрпақ бойына дарытатын жан. Ал бүгінгі ана – кешегі бойжеткен қыз – ертеңгі асыл әже.. Демек, ертең елдің батыры мен ақынын, көреген көсемін, сөзуар шешенін, топ жарар дүлдүлін де, өмірге әкелетін – ана.
Енді бүгінгі тақырыбымызға ой салар, жиналысымыздың өрбуіне жол ашар видеороликті көрсек.

2. Видеоролик
Психолог: Осы видеороликтен өздеріңізге не түйдіңіздер? Бүгінгі жастар «заман осындай» деген желеумен батыстық менталитетке ден қойған. Қыздарымыз бұрымын қырқып, тіпті, шашын сыпырып сәнденсе, тіпті, шашы бар аруларымыздың өзі оны сан түске бояп әуре. Бұл – бір. Екіншіден, етек - жеңі қысқарып, кеудесі жартылай жалаңаш киім киіп жүргендер де өзіміздің қаракөздеріміз. Ал ішімдікке сылқия тойып, мас болу мен шылымды бұрқыратып жүруі, тіпті, сәнге айналғандай. Жүзінен ұяты төгіліп тұратын қазақ қызы бүгінде ешкімнен қымсынбастан - ақ көше бойында құшақтасып тұрғанын көргенде кімге кінә артарыңды білмей дал боласың. «Жаным арымның садағасы» деп санайтын халықтың ұл - қызы неліктен арсыздыққа баруда? Бұған қоғам кінәлі ме? Әлде, балаларының материалдық жағдайын ғана жасап беруді алдыңғы орынға қойып, бала тәрбиесін уысынан шығарып алған ата - ана кінәлі ме? Біреуі қоғам десе, енді бірі «қоғам да адамның іс - әрекетінен өзгереді емес пе?» деп дау айтары анық…
Ал қазір «14 - 15 жастағы мектеп оқушысы жүкті болып, түсік жасатыпты» десе де селт етпейтін болдық. Себебі – бұл үйреншікті құбылысқа айналып барады. Ең қорқыныштысы да – осы. Қарға тамырлы қазақтың ұрпағын тәрбиелеп, өмірге ұлы тұлғалар әкелетін болашақ аналарымыз өзінің ертеңгі тағдырына бүгін балта шауып жатыр.

3. Сұрақ
1. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетер» аруларымыздың осындай күйге түсуіне не себеп болды? Әсіресе, кейінгі он – он бес жылдың ішінде қыздарымыздың әбден жалаңаштанып кетуіне не әсер етті?
2. «Қызға қырық үйден тыйым салу» мәтелінің мағынасы неде? «Қызға қырық үйден тыйым» деп қазақ салт - дәстүрінде тәрбиелік ұғым, ұстанымды атайды.

4. Бекболат Тілеухан видеоролик
Қазір елдің көркі болар қыздарымыз елдің ұятына айналып кеткендей. Жаз шыға табиғат жасыл жамылғысын жамыла бастаса, біздің аруларымыз үстеріндегі «артық киімдерін» тастай бастайды. Сән қуып кеткен қыздарымызға қарап, ұят, әдемілік, биязылық, имандылық сезімдері қайда кеткен, деп таң қаласың. Ал кіндікті ашып жүру – дәл қазір қыздардың дағдылы әдетіне айналып барады. Жастайынан ашық-шашық әйелдерді көріп өскен ұл балада әйел затына деген құрмет қайдан болсын?
Психолог: Қоғамдағы қыздардың абырой – беделінің түсіп кетуі, алданған, зорланған қыздардың көбеюі, тастанды балалардың көз жасы – осылардың салдары емес пе? Түнгі уақытта, жартылай жалаңаш жігіттермен серуендеуге шыққан қызды, аш қасқырлардың арасына кірген қойға теңесе де болады. Пайғамбарымыз (с. ғ. с.) былай деген екен: «Ұят пен иман бір – бірімен тығыз байланысты, егер біреуі жоғалса, екіншісі қоса кетеді». Ендеше, адамдар өз ұяттарын жоғалту арқылы иманнан да алыстап барады. Ал иман жоғалса, болашақтың бұлыңғыр тартары сөзсіз.

5. Сауалнама қорытындысы
1. «Қыз бала» ұғымын қалай түсінесің?
Қыз баланы көз алдымызға былай елестетеміз – сыпайы, нәзік, әдемі, әдепті, ақылды, жақын дос, көрікті, ұқыпты, тәрбиелі, болашақ ана.
2. Саған қыз баланың қандай қасиеттері ұнайды?
Инабаттылығы, сыпайылығы, ізеттілігі, ақылдылығы, әдептілігі, мейірімділігі, сабырлы болуы, ұстамдылығы.
3. Өзің қандай қыздармен достық қарым - қатынастасың?
Әдепті, инабатты, тәртіпті, ар - ұяты жоғары, ақылды, өнерлі, қарапайым, сабырлы, өмірге көзқарасы жақсы, білімге құштар.
4. «Қызым үйде, қылығы түзде» деген мақалды ашып айт?
Үйде ақылды, әдепті, тәртіпті болып көрінгенімен, басқа ортада өзін жағымсыз жақтарымен, ерсі қылықтарымен көзге түскен қыздар. Бұл жерден қыздардың екі жүзділігін көреміз. «Күндіз иман, кешке иван», - дегенге келеді.
5. Қазір өзің байқаған біздің мектептегі қыз балалардың бойындағы жағымсыз қасиеттерді ата?
Қыздардың дөрекі, анайы сөйлеуі, сөзге араласуы, қырсықтық, мұғалімдерді сыйламауы, мектеп формасын дұрыс сақтамайды, өсек айтуы, дараңдаған дөрекі іс - әрекеттерін көреміз.
Ал, қыздар! Ұлдардың бұл берген жауаптарына не дейсіңдер? Өтірікпе, әлде шындыққа жанасқан ба? Әрине бұл айтылған ащы шындық.
Психолог: Мұқасан мен Нұрланның «Әзіл шумақтарынан» бір дәлел:
«Көйлек киіп бір қыз жүр,
Ашық - шашық борбайға,
Жырық - қарыс етегі.
Суық тисе тоңбай ма?
Жалтыраған жанбасы,
Ұят қайда, ар қайда.
Бұлтың - бұлтың етеді.
Ұрсу керек мұндайда?»
Ашық - шашық киінгеннен жақсы көрінбейсің, керісінше көрген адам «Мынаны айтатын ата - анасы, ұстазы жоқ па?» деген ойға қалады. Ерсі бояну да көруге қолайсыз әсер қалдырады. Көпшілік орындарда қатты күлу, қатты сөйлеу, ешкіммен санаспай өз беттерінше даурығып дөрекі сөйлеп, айғайлап сөйлеу өте ұят, өзімшіл, өркөкіректікті көрсетеді. Қалай болса солай сөйлеу, киіну талғамсыздық пен тұрпайылық белгісі. Үлкеннің айтқан сын ескертпесін, ақылым өзімдікі дұрыс демей, «қалай айтылды, неге айтты?» деп өз - өзіңе талдау жасаған дұрыс. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген бар ғой. Әрбір қыз бала өзінен кейінгілерге үлгі болу керек. Үлкенді сыйлайтын жақсы қыз, өнегелі тәрбиелі қыз.
«Қызды қырық үйден тыйған» дана халқымыз олардың тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Бой жеткен ару қыздардың сырт көздерден сақтап, оларды биязылыққа, ибалылыққа тәрбиелеген.
«Қыздың ары – ұлттың ары!», - дедік бүгінгі бас қосуымызда.

Рефлексия. Болашағымыз бұлыңғыр болмас үшін, не істеуіміз керек? Немесе нені істемеуіміз керек? Қазіргі қыздарымыз қандай болуы керек? Оларға қандай тәрбие қажет?
1. Бүгінгі сырласудан өзіңе не алдың?
2. Сені қандай тақырып тағы толғандырады?

Ш. Уалихановтың: «Ақ жолға бастайтын жеті жетекшісі», осыны бойына сіңіре білген адам тәрбиелі адам.
1. Адамның басшысы – Ақылы.
2. Жетекшісі – талап.
3. Шолушысы – ой.
4. Сынаушысы - халық.
5. Қорғаушысы – сабыр.
6. Қорғанышы – мінез.
7. Ең қымбаттысы – ар.
8. Таусылмайтыны – арман.
9. Барлығынан қымбаттысы – өмір.

Қазақ халқы қызының жазылмас дертке ұшырамауы үшін, жаза қадам баспау үшін қыздарына мынадай он түрлі талап қойған.
1. Әдепті.
2. Ар - ожданы пәк болу.
3. Кең пейіл, кешірімді болу.
4. Мейір - шапағатты болу.
5. Ақыл - парасатты болу.
6. Сабырлы - салмақты болу.
7. Адал болу.
8. Ақ жарқын болу,
9. Өжет, батыл болу,
10. Ұят намысты болу.

Бұл тиым сөздердің мағынасын түсініп, есте сақтау қажет. Айтылған өнегелі тиым сөздер ұстаздардың сынып жетекшілерінің үйреткен, ақыл - кеңес, білімі ата - ананың берген тәрбиесі бәрі - бәрі адамгершілікке тәрбиелеу болып табылады. Қыз балалардың жасыратын еш нәрсе болмау керек. Түсінбеген, өз басына кездескен кейбір жағдайларды ашық айтып пікірлесу де адамдықтың белгісі. Ата - анаңды, ұстазыңды сыйла, айтқанын тыңдау керек. Олар сендерді қорғайды да, қолдайды да.

Қорытынды: Сонымен қорытындылай келе, қыздарымызға айтарым:»Кез келген көргеніңе еліктемей қазақ қыздарына тән қасиеттерді бойыңа сіңіріп, үлкеннен өнеге алып, ұлттық дәстүрімізді жалғастыратын ибалы, инабатты, білімді қазақ қызына лайық бол»демекпін.
Ата - анаға сөз келтірмейтін, ананың мақтанышы болыңдар. Тәртібіңмен, өнеріңмен ұлтының намысын қорғайтын мектеп мақтанышы болыңдар.

Әбіш Кекілбаев: Дүниедегі асыл атаулының бәрі күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен жаралады емес пе?! Ал бүгінгі қыз ертең сүйікті жар, аяулы ана екенін естен шығармағанымыз абзал. Осы өлең шумақтарының әр жолын жаныңда ұстағаның жөн, егер жақсы адам атанғың келсе, қызым:

- Ей, қыздар
Ұшып қонып, жат қылыққа желікпе,
Өнегелі өскен жанға елікте.
Мода қуып боянғаннан түк шықпас,
Ми болмаса, не тұр дейсің көрікте.

Арақ пенен темекіге жуыма,
Желікпеңдер ішкіліктің буына.
Жын ойнаққа үйір болсаң опық жеп,
Алданарсың алаяқтың қуына.

Үйір болма мейрамхана, кафеге
Сау басыңды ұшыратар қатерге.
Өмір бойы өкінішпен өтерсің
Бір ұрынсаң түзелмейтін қатеге.

Көше кезіп жүрмеңдерші қаңғырып,
Естіледі қыз жүрген жер жаңғырып
Отырысқа күндіз кетіп үйіңнен,
Келіп жүрме қисалақтап таңға ұрып.

Өзің келіп жігіттерге ұрынба,
Елең етсең, атың шығар қырымға
Әзіл айтқан мас жастарға қадірің
Жауап қатпа, есің болса бұрылма.

Еске алыңдар бұл өмірдің сабағын,
Жетілдіріп ой - өрісін сананың.
Дұрыс, теріс жағын ойлап білсін деп,
Барлық қыздар сабағына саламын.

Қыздарға!
Өмір қатал көтермейді ойынды,
Ұқпайды да кейде ізгі ойыңды.
Тағдыр жолың жіңішкелеу өмірде,
Жаман аттан аулақ ұста бойыңды.

Қыз ғұмырың үлпілдеген гүлдермен,
Тербетілген ақ самалмен, күнменен
Абайлап жүр ерте үзуге тым ғұмыр,
Тасбауырдан қадіріңді білмеген.

Байқа ботам өте нәзік жаныңды,
Аңқау болма, қызыққа көп салынба
Кір келтірме қыз атыңа, арыңа
Шалыс басып, түсіп кетпе жалынға.

Төтеп берсін дауылдарға желкенің
Сарқылмасын бал қылықты ертеңің
Күрес еркем, жаман аттан жасымай,
Күндей нұрлы болу үшін ертеңің.
13 400
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Саналы ұрпақ ұлт болашағы (эссе)
Саналы ұрпақ ұлт болашағы (эссе)
Болашақ мемлекетіміз ұрпаққа деген сабақтастықтан туындайтын дүние болғандықтан, әр халықтың болашағы жастарына тәуелді екені даусыз мәселе.
Қыз бала - ұлттың ұяты, халықтың шырайы
Қыз бала - ұлттың ұяты, халықтың шырайы
Халықтық тәлім - тәрбие негізінде қазіргі қазақ қыздарының бойында жан сұлулығын қалыптастыру жолдарын көрсету, адамгершілікке үндеу Түрі: сұрақ – жауап, пікірталас, баяндама
Бүгінгі ұрпақ – ел болашағы (эссе)
Бүгінгі ұрпақ – ел болашағы (эссе)
Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезеңде қолға алар ісіміздің бірі – ұрпақ тәрбиесі болды. Халқымыздың болашағы – бүгінгі ұрпағы. Бүгінгі таңда мемлекетіміз өз тәуелсіздігін алып, өзінің дербес мемлекеттілігін қалыптастыруда.
Азаттық деген - болашақ
Азаттық деген - болашақ
Азаттық деген не десең, Арманы елдің жайдары. Кеңеюі үшін керегең Кеңескен баба ойлары. Шайқас қып майдан алаңын Ұлдарың жүрді үнемі. Азаттық сол кез ананың Тілеген аппақ тілегі.
Мемлекеттік тіл - менің тілім
Мемлекеттік тіл - менің тілім
Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз селосы, «Ақбота» шипажай типті бақшасы тәрбиешісі Жұбатова Күміскүл
Қыз ұлттың ұяты, халықтың шырайы
Қыз ұлттың ұяты, халықтың шырайы
Қазақ қыздарының менталитетіне қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ақылдылық, имандылық сияқты қасиеттер кіреді.
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×