Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Қыз ұлттың ұяты, халықтың шырайы

20 қыркүйек 2023, Сәрсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Қыз ұлттың ұяты, халықтың шырайы

Халқымыз «қыз - қонақ» деп, төрінен орын беріп, қыздарды алтынның сынығына балап өсірген. Жалпы бала тәрбиесіне, соның ішінде қыз бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген.

Қазақ қыздарының менталитетіне қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ақылдылық, имандылық сияқты қасиеттер кіреді. Уақыт өте келе қыздарымыз жаман қылықтарға әуестеніп бара жатыр. Қазіргі қазақ қыздарының жүріс - тұрысы, өз бойын күтуі, киім - киісі мүлдем өзгеше. Қыз балалар тәрбиесінде «ұзын арқан, кең тұсауға» түсіп кеткені айдан анық. Батыстан бел түзеген түрлі жағдайлар біздің салт - санамызға өз әсерін тигізіп отыр. Осындай, қоғамда кең етек жайған қыздар мәселесі туралы тәрбиелік шаралардың бірі - біздің «Бейнеу мектеп - интернаты» мемлекеттік мекемесінде «Қыз ұлттың ұяты, халықтың шырайы» атты рухани тәрбие беретін кеш өткізілді. Сол кештің жүрісін әріптестеріме ұсынып отырмын.

Кештің алғашқы беташарын жас ұрпаққа арнап ұлттық салт - сананы, дәстүрімізді, әдет - ғұрпымызды өмірбаяндық деректермен байланыстыра отырып өсиет етіп жазған Ділдә Матайқызы Тасмағамбет келіні «Айналайындарым менің.....» кітабындағы мына бір үзіндіден бастағанды жөн көрдім.

АЙНАЛАЙЫНДАР, қыз баланың тәрбиесі қашанда аса мәнді.
Қыз - бүгін әке - шешесінің қонағы болса, ертең бір шаңырақтың ошағының сәні. Болашақ ұрпақтың өз қатарынан озары да, азары да қыз бен қыз тәрбиесіне байланысты. Ертеде «қызға қырық үйден тыю» деп отырған. Мұның астарында қыз абыройы – ата - анасының абыройы деген мән жатыр.
Қызың көргенді де ибалы, сөзі - сынық, ісі - түзік, киімді бойына жарастырып киіп, жымиып қана күліп, сызылып жаймен жүріп айтқаныңды екі етпесе – АЖАРЫҢ!
Ал, айтқаныңды алмай бедірейіп, кісі көрсе кекірейіп, топ ішінде қарқылдап, ұятты жерде саңқылдап, етегін кесіп, омырауын ашып, көрінгенге көзін тесіп, күндіз кетіп, түнде келіп жатса – АЗАБЫҢ!
Ұясынан ұшқан құсы ұясына абыройлы қонса артындағы ата - анасына мерей.
Ал, оң босағада отырып қыз белгісін жоғалтып барса – арты үлкен дау, шатақ. Тіпті ондай абыройсыз қызды атқа теріс мінгізіп төркініне әкеліп тастаған оқиғалар да кездескен. Бүкіл ауыл ұяттан бетімен жер басқан. Сүйекке сын деген осы!
Қыз Жібек пен Баян сұлудың қазіргі сіңлілері не күйде? (Қазақ қыздарының суреттерінен слайдтар)
Қымызды кім ішпейді, қызға кім қырындамайды? Қырындады екен деп кез - келген ортада қылымси қалу – қыздың соры.
Жер - жерде жезөкшелік өршіп барады. Себебін сұрасаң жұмыссыздыққа саяды. Бұл – қате ұғым. Абыройын сатып тамақ асырағанша көшеге шығып қара су сат – сол зейнет. Бұл дерт асқына берсе, ұлттың болашағына төнген қатер. Ұлтымыздың келешегі – бүгінгі қыз - келіншектердің қолында тұр(Слайдтар – жезөкшелік, нашақорлық, т. б).
Жақсы ұл – жақсы махаббаттан туады.
Күріш азса күрмек болады, әйел азса жүрдек болады.
Сенің ұятың – иісі қазағыңның намысы.
Бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Ана – барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі. Ол адамды адам етіп тәрбиелейді. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ананың және барша қауымның міндеті (Слайдтар - Домалақ Ана, Айша - Бибі т. б).
«Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі» - дегендей, қызғалдақтай болып өсіп, көктеп келе жатқан гүлдің мезгілсіз солып қалмауына қамқорлық жасаған. «Қызға қырық үйден тыю» деген мақал да осының айғағы. Қыз өсіру гүл өсірумен бірдей. Әр қыз өз отбасының тәрбиесімен ұядан ұшып, өмір деген үлкен әлемге қанат қағып жатады. Қазақ қыздары осындай отбасылық тәрбиемен өсіп келді. Заман ағымына сай жан - жақты білім беретін, әртүрлі мамандықтарға үйрететін, өз бойындағы өнерін өрістететін мемлекеттік тәрбие алуға қазақ қыздарының қолы ХХ хасырдың орта кезінде ғана жетті. 1944 жылы Алматы қаласында қазақ қыздарына арналған мемлекеттік педагогикалық институт ашылды. Бұл институт алғашында өз қыздарын жақсы келін болуға тәрбиелеп оқытса, кейіннен әр саладағы жақсы мамандар болуға тәрбиелейтін оқу орны болды(Слайд - Қыздар педагогикалық институтының тыныс тіршілігінен көріністер).
Қазіргі біз өмір сүріп жатқан қоғамға тоқталсақ, тәуелсіз, еркін еліміз осы заманның даму үрдісі жылдамдығымен зымырап келеді. Ұлттық сана - сезімге сіңіп, арғы тегімізден келе жатқан мәдени мұрамызды жоғалтып алған жоқпыз ба? (Слайдтар - Тәуелсіздік беттерінен).
Осы орайда – болашақ сүйікті жар, ардақты - ана – қыз баланың алар орны жоғалып бара жатқан жоқ па?
Ән: Қазақ қыздары
Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі
«Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын ерекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де – біздің қазақ», – деп айтқан.
«Қыз – өріс, ұл - қоныс» деп білгендіктен қазекем өрісін кеңейтер қыз балаға айрықша көңіл бөлген. «Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» дей отырып, «Қызға қырық үйден тыйым» жасайды.
Ата - ана қызынан ешнәрсені аямайды. Оның ешнәрседен мұқтажсыз, бұла өсуін қадағалайды. өйткені қызға бергенді қызыр өтейді деп біледі. Сонымен бірге қазекең қызды бетімен де жібермейді. «Қызды қымтап ұстаған ұялмайды» дей отырып, оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіруды парыз санайды.
Халқымыз «қыз - қонақ» деп, төрінен орын беріп, қыздарды алтынның сынығына балап өсірген. Жалпы бала тәрбиесіне, соның ішінде қыз бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Ата - бабаларымыз «қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама ой сыйғызған. Яғни қыз бала тәрбиесіне тек анасы жауапты емес, бүкіл ауыл, ел жауапты болып отырған.
Қазақ қыздарының менталитетіне қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ақылдылық, имандылық сияқты қасиеттер кіреді. Тарихқа көз жүгіртсек, Айман, Құртқа, Назым сияқты қыздарымыз, Домалақ ана, Айша Бибі сияқты аналарымыз нағыз қазақ әйелдерінің үлгісі болды. Аналарымыз «баланы жастан» деп, бала тәрбиесін құрсақтан бастаған. Ұлжан ана данышпан Абайды ғұсыл - дәретсіз емізбегені – адамзаттың баласын тәрбиелегені болып табылады.
«Баламды молдаға оқытамын деп кәпір етіп алдым» дегендей, тәуелсіздік тұғырына қол жеткізгелі, кейбір жастарымыз «тәуелсіз» деген ұғымды түсінбей, ата - анадан тәуелсіз, ұстаздардан тәуелсіз болу деп түсініп жүр. 
Біздің халқымызда «Қыз» деген сөздің өзі әдеміліктің, әдептіліктің, сұлулықтың символы ретінде қолданылады.
Отбасы қоғамның бір бөлшегі, ал отбасының алтын қазығы – әйел адам.
«Анасын көріп қызын ал» дейтін халық мақалы текке айтылмаса керек. Ана тәрбиесін көрген қыз әрдайым көрегенділік танытады. Жаңа ғасыр, тек жаңалықты қабылдау керек деп, шетелге еліктеп немесе ғаламтор арқылы керексіз дүниелерді қабылдаудың қажеті жоқ. Заман ағымынан қалмай, орынды киініп, орынсыз нәрселерден аулақ болып, өзге тілде емес, өз тілінде сөйлеп, дәстүрді сыйлап, ибалығын сақтау қажет. Өзінің ана тілін қадірлемейтін қыздардан жақсы ана шығады деп айта алмаймын. Тілін қадірлемеген адам, ол ұлттың салтынан да, дәстүрінен де хабарсыз болары айқын. Қай қоғамда, қай заманда өмір сүрмесін, ол қазақ қызы деген атқа лайық болуы қажет.
Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қарау қажет. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, балаларының анасы. Олардың бойында имани тәрбие болғанын қажет. Бүгін ол қыздар өнегелі тәрбие алса, ертең ұрпақ тәрбиелейтін қазақтың дана аналарына айналары сөзсіз.
Елбасымыздың: «Әйел – бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді» деген пікірімен қорытындылағым келіп отыр. Қаракөздеріміз бұрымды шашымен, инабатты мінезімен, ақылдылығымен, кіршіксіз арымен әрқашан басқалардан ерекшелене білгей.
Қыз инабаттылығымен әдемі, әдептілігімен сәнді
(дөңгелек үстел)
Мақсаты: 
Қыз баланың бойына әдет - ғұрып, салт - дәстүрлерін сіңіре отырып, қыз балаға келешекте ана, ақ босағаның аруы, шаңырақтың құт - берекесі екенін ұғындыру. Қыз балаларды әдептілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа, мейірімділікке, төзімділікке, шыншылдыққа тәрбиелеу.

Міндеттері:
Қыздарды әдептілікке, әдемділікке, инабаттылыққа,
сыпайлыққа, ата - баба дәстүрін біліп, үлкенге ізет, кішіге ілтипат көрсете білуге. Иманды да инабатты қазақ қыздарының бейнесін қалыптастыру.

Күтілетін нәтижелер
Ата - анаға сөз келтірмейтін қазақ қыздарына тән қасиеттерді бойына сіңіріп, үлкеннен өнеге алып, ұлттық дәстүрімізді жалғастыратын инабалы,
инабатты, білімді қазақ қызына лайық болуға үйрету.

Жоспары:
1. Кіріспе
 2. Негізгі бөлім

 1. Баяндама «Ата бабамыздың тәрбиесі» оқитын Айнабекова Ақтоты
 2. Баяндама «Қазақтың қызы деген - ғажап атқа» оқитын Камшат
 3. Сәндік құпиялары. Қыздарға кеңес. Кеңес беруші: Тазабекова Перизат
5. Қорытынды

 
Кіріспе
 
- Армысыздар құрметті апайлар, аяулы қыздар! Біздің бүгінді дөңгелек үстелде қозғалатын тақырыбымыздың тақырыбы «Қыз инабаттылығымен әдемі, әдептілігімен сәнді» деп аталады.
Дөңгелек үстеліміздің барысында қыздарымыздың өнерін бақылау мақсатында үш бөлім арасында сайыс өткізгелі отырмыз.
Ортаға сайыскер қыздарымызды шақырамыз
1. «Талшықты материалдарды өңдеу» бөлімінен –
2. «Ветеринария» бөлімінен –
3. «А/ш механикаландыру» бөлімінен –
Сайысымыздың барысы:
1. «Сұлу шаш» шаш сәндеу өнері
2. «Ақылды қыз» қыздарға қатысты мақал - мәтелдер сайысы
3. «Зерделінің ойы озық» әйелдер мен қыздарға қатысты ырымдар мен тыйымдар
Әділ қазылар алқасы:

 Мәселе
 
1. Қос бұрымды белден асатын, шашпаулары сыңғырлаған, қос етекті бүрмелі көйлекті қыздар қазір бар ма?
2. Салт - дәстүрімізді бойына сіңірген әдет ғұрпымыз қылығынан байқалатын қыздарды кездестіріп жүрміз бе?
3. Қазіргі қыздар қандай болып бара жатыр?
Осы сұрақтарға жауап іздеп бүгінгі қазақ қыздарына әсемдік жарасады екенін дәлелдегіміз келеді.
4. Болашақ қайда бастап барады?
5. Кім оларға ақыл айтып, жол көрсетеді?
6. Жаныма қатты бататыны, қазақ қыздары халқымызды енді несімен қайран қалдырады?

Адамзат ес білгелі өз ұрпағын тәрбиелеумен келеді. Ұрпақ тәрбиесі - ұлт тәрбиесі. Адамзат өз баласын өте тәртіпті, кішіпейіл, білімді, инабатты, үлгілі әке немесе шеше, бақытты ата, әже ретінде көргісі келеді. Сол арман, сондай тұлға әр адамның бойында қалыптасқан.
«Отан - отбасынан басталады» дейміз. Отанымызда да, отбасымыздың да алтын босағасы - әйел адам. Әйел адамның табиғи қадірін, адамзат өміріндегі үлкен орнын көрсетеді. Өйткені адамды дүниеге келтіруші де, тәрбиелеуші де әйел - ана.
Әрбір ана қыз баласын елге сыйлы, өнегелі, кішіге үлгі болатындай әркез жақсы жағынан көрсем деп өзінің бойындағы өмірден алған тәлім - тәрбиесін үйретумен болған. Әрбір отбасында «Баланы бастан.....» деп басталатын тәрбие қандай тағылым, десеңізші? Оны ата - бабаларымыз қоғамдық орта тәрбиесімен қандай шеберлікпен ұстастырған.

 
Ата бабамыздың тәрбиесі
 
Ертеде ата - бабаларымыз әлемдегі сұлулықтың көркем үлгісін ару қыздың тал бойынан көруді көксеген. Қазақ қауымында қыз баланың орны айрықша болған.
Ата - бабаларымыз қызды қонақ деп есептеп, барған жерде бағының ашылуына үйде отырып қамдаған. Барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған және еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген.
«Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» деген оймен, қыз тәрбиесіне аса көңіл бөлген. Әр бір ата - ана қыздарын қанаттыға қақтырмай тұмсықтыға шоқтырмай өсіруді парыз деп санаған және қыздың ар - ұятының сақшысы бәріне жауапты екенін ешуақытта есінен шығармаған. Халқымыз ертеден қызды қонақ деп санап, төріне шығарып күткен. Бұл үрдіс жойылған жоқ, әлі де болса өз жалғасын табуда. Ертеде аналарымыз отбасы ошақ қасында, балаларының тәрбиесіне, ерінің қабағына қарап, сол үйдің түтін тұтатып отырған. Сол аналарымыздың арқасында еліміз ел болып, тәуелсіздігіміз тұғырына қонып, бүгінгідей ұрпақтың яғни қазақ халқының жер бетінде өмір сүріп жатқандығы деп білеміз. Бұрындары әкенің қабағына қарап сөйлейтін қыз. Қазақта «әкенің сөзі - оқ» деген жақсы сөз бар. Бүгінгі қызғалдақ қыздарымыз - ертеңгі ибалы да инабатты келін, болашақ ана, ақ жаулықты әже. Сондықтан иманы мен ибасы жүзінен байқалатын қазақ қыздарына ата - бабаларымыз қырық үйден тыйым салып, көзінен таса қалдырмай, тәрбиесіне үлкен мән берген.
Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу, киімнің әсем - сәндісін, әшекей бұйымдардың жақсысын қыздарына арнау ежелгі дәстүр.
Қыз баланың тәрбиесі ата - анаға да үлкен сын болған: жүн түту, жіп иіру, тесте тігу, құрақ құрау, оюлап киіз басу, кілем тоқу, тағы басқа өнерді қыздарына үйреткен.

Бабалары қыздарын қадірлеген
Қыз баладан басталар өмір терең
Ауыл көркі қыз болып, ән айтылып
Күн болмаған сазды күй төгілмеген.
Бұрынғы қазақ қыздары қандай еді? Апайларымыз өзінің жас кезіндегі кейпін
қалай сипаттап берер екен. Ендеше апайларымыздың балалық шақ кезіне саяхат жасап көрсек.

Қазақтың қызы деген - ғажап атқа
 
Жер анаға не жарасады? Ұлан байтақ кең даламыз қазіргі көктемде құлпырып келеді, бейне бір жасыл кілем жайып қойғандай. Сайран бұлбұл құстардың дауысы, сарқырап, сылдырлаған аққан ақ бұлақтың дауысы, қызылды - жасылды ұшқан көбелектер, асқар таудың басында жатқан ақ қарлар, қалың ну орманымыз осының бәрі жер ананың әсемдігі емес
пе?!
Сол сияқты біздің қазақ қыздарына ұзын қара шаштары белден асқан, ұшып келе жатқан қарлығашқа ұқсаған қиылған қара қастары, қарақаттай қара - мөлдір көздері, ақ құба қызылшырайлы келген жымиған оймақ ауыздары әсемдік береді.
- Қыздарға әсемдік не береді?
Олар болашақ ана ғой, анаға қарап қыз өседі деген. Оларға тән сұлулығымен шектеліп қоймай жан сұлулығыде әсемдік береді. Адамгершілік, сыпайлық салт - дәстүрді сақтай білгенде ару қыздарымызға әсемдік, сұлулық береді. Бұрын қазақ қыздарының шаш өруі, әдемілігі бүкіл әлемге әйгі болған.
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?
- деп Абай атамыз жырлағандай.
Қазақ елі қызды сұлулық, әдептілік және нәзіктік деп білген. Қызды көктемнің гүліне, күлімдеген күніне теңеген. Қызды сән мен әсемділіктің нышаны тұтқан. Қыз әсемдік пен іңкәрлік символы. Жібектей мінезі мен уыздай тәтті қылығымен, іскерлігімен, ұқыптылығымен, иманды, инабаттылығымен сыйлы.
Қыздар пәк махаббатың иесі деп білген, оған дәлел - Қыз Жібек, Еңлік - Кебек, Баян сұлу
Құдіретті жыр тудырған санамда,
Кім екен бұл, Қыз Жібек пе, Баян ба,
Әлде ару Қарлыға ма, Құртқа ма,
Әлде гүл ме өсіп тұрған даламда?!
Кім де болса періште ғой ғажайып
 Әттен шіркін кетпесе екен азайып....
Сәндік құпиялары
Шаш - адамның, әсіресе әйелдің көркі. Жастықтың өзі сұлулықтың, нәзіктіктің белгісі. Бұрын, Шығыс қыздарының шаш өсіруі, әдемілігі бүкіл әлемге әйгілі
болған. Абай арудың сұлулығын былай суреттеген:
Білектей арқасында өрген бұрым
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын
Кәмшәт бөрік, ақ тамақ, қара қасты
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?
Әрине, әдемі шаш өсіруде оңай емес, шашты жақсы өсіру үшін оны жиі жуып,
тарап, күту қажет.

Шаш күтімі туралы кеңестер:
 
1. Жұмыртқаның сарысын әбден көпіргенше араластырып, оған аз ғана өсімдік майын қосып, шашты жуады. Мұнан кейін шаш талшықтары жалтырай түседі.
2. Шашты бір рюмка ром құйып шайса, шаш кереметтей жарқырайды.
3. Егер шаш жиі түсетін болса, жуар алдында 15 - 20 минутке сарымсақ шырынын шаштың түбіне жағу керек.
4. Өте құрғақ және сезімтал шашты ашыған айранмен жуу керек.

 1. «Сұлу шаш» шаш сәндеу өнері бойынша қыздар өз өнерлерін қорғайды.
2.. «Ақылды қыз» қыздарға қатысты мақал - мәтелдер сайысы
3. «Зерделінің ойы озық» әйелдер мен қыздарға қатысты ырымдар мен тыйымдар сайысы
Әділқазылар алқасы әділ шешімдерін шығарады.

Қазіргі қыздар
Алайда бүгінгі таңда көптеген ата - аналарға қарап отырып, жағаңды ұстайсың.
Қыздарының белі бесіктен шықтай жатып, ашық - шашық киіндіріп сән қудырып, мектеп табалдырығын аттағаннан - ақ сәнқой болып шыға келеді.
- Осылай өсірген қыздарымыз, ертеңгі күні қандай ана болмақ? Дегенмен көптеген қыздар өздеріне сән етіп, осы кіндік тұсын ашып жүруді сәнге айналдырған. Сонымен қатар арақ ішіп, темекі тартуы - бұл үлкен қасірет.
- Қазақ қыздарының ішкі жан дүниесінің сұлулығына, мәдениеттілігіне әдептілігіне өзге жұрттар таңдай қағып қарап өздеріне үлгі етер күн қашан туады екен?
- Сонымен қатар, бүгінгі таңда заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме?
Мәдениеттің бәрі киімнен басталады десек, айтарымызды сәнге бұрсақ. Заманның сұранысы деп бір кездері шетелден сан түрлі сәнді киімдер жетсе, ішінде ұлтты аздыруға әрісі ұрпақсыз қалдыруға киім үлгілері бірге келеді. Белдігі жоқ шалбар, қысқа юбка, бір қарыс кофта.
- Бұл дегенің біреулерге байлықтың астында қалуға мүмкіндік берген шығар, ал бізге ше?
Ағамыздың алдында мазақ, жұрттың алдында күлкі, ана мен әкені жерге қаратқаннан басқа қайраны болмады.
- Жалаңаш денемен біз кімді таңғалдырмақпыз?
- Ашық жеңсіз жейделер мен қысқа юбкалар қыздардың абыройын қалай сақтамақ?

Қазіргі қыздар, бұрымды шашын жұлынды шашқа айналдырған. Қиылған қара қастары көріксіз күйге енген. Қаракөздеріміз қысқа юбка, денеге жабысынқы киімді жігіттерге ұнап, әдемі көріну үшін киеді.

- Ал жігіттерге сондай қыздар ұнайды ма?
Оны өздерінен сұрап көрейік.
(видео 1 )
- Жігіт ретінде сондай қызға қарайсың ба?
(видео 2)

Бүгінгі таңда заман өзгеріп, өркениетке қадам бассақ та
Ұлттық қасиетімізді жоғалтпаған қыздар көп.

Қорытынды 
Елбасымыздың: «Әйел - бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей - еліміз толық түзелмейді» деген сөздері, біздерге яғни қыздарға үлкен сенім артып отырғанын көрсетеді.. Өз басым қазақ қыздарының ішкі жан дүниесінің сұлулығына, мәдениеттілігіне, әдептілігіне өзге жұрттар таңдай қағып қараса екен деп армандаймын. Қаракөздеріміз бұрымды шашымен, инабатты мінезімен, ақылдығымен, кіршіксіз арымен әрқашан басқалардан ерекшелене білсе екен деймін. Заманның талабы өзгерсе де, бойындағы ұяндық нұрын сөндірмей, қазақ қызына тән болмысын бұзбай жүру.

Гүл өссе жердің көркі
Қыз өссе елдің көркі
 дегендей қазақ қызы деген атқа лайық, Ата - анаға сөз келтірмейтін, ұлттық дәстүрімізді құрметтеген, инабатты, ибалы, білімді болып өсейік!
Ұлдар тәрбиесі
«Азамат» ұлдар клубы
Мақсаты:
Ер балалар арасында зиянды әдеттердің алдын алу, спорттық іс - шараларға қатыстыру арқылы салауатты өмір сүру салтын насихаттау, өскелең жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім орната отырып, бүгін мен болашаққа деген жауапкершілікті қалыптастыру.
Құндылықтары:
Өскелең жас ұрпақтың бойында рухани - адамгершілік әлеуетті қалыптастыру және әкелер, ағалар ықпалы нәтижесінде ер балалардың азаматтық белсенділігі мен саналылығын арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу.
Күтілетін нәтиже:
Жауапкершілік мен еңбексүйгіштікті қалыптастыруға, көшбасшылық және ұйымдастырушылық қабілеттерін дамытуға бағытталған ер баланың жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту.
Қазақ отбасындағы ұл бала тәрбиесінің ерекшеліктері
Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады. Ата - бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуына, өнерге, білімге, салт - дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген. Ұл бала – қазақта шаңырақ иесі, ер - азамат – ата - ананың қолғанаты болып саналады. Қазақ отбасының тәрбиесінде жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуіне үлкен назар аудара білген. Қазақ отбасындағы үлкенді құрметтеу әдеті жауапкершілік, адамгершілік сезімдерін туғызады. Дұрыс бағытқа бағдарлау абыройлы әкеге, қадірлі ағаларына байланысты. Халқымыз ұл бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қай халықта болмасын, ұл бала тәрбиесі – әке меншігінде. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дей отырып, қазақ отбасында әкелер өзінің білетін бар өнерін алдарына үйретіп, оларды мерген, аңшы, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт етіп тәрбиелеген. Бала ес білгеннен бастап, оның құлағына «сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқа сүйер жарсын, отбасының асыраушысысың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген сөздерді құйып отырған. Халқымыз ер баланың 12 - 15 жасынан бастап, оның алдында өмірдің дайындаған талай қиын - қыстау шақтары мен қуанышты сәттері бар екендігін ескере отырып, «Аты аталмаған жігіттен аты аталған төбе артық» деп намыстандыратын, «Айтсаң, үйде туып, түзде өлетін жігіттерді айт» деп таңдандыратын, «Өнерлі жігіт өрге озар, өнерсіз жігіт жер соғар» деп шамдандыратын, «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді», «Ерлік білекте емес, жүректе» деп қайраттандыратын, «Ақыл жастан, асыл тастан» деп сеніміне шек келтірмейтін, «Атадан ұл туса игі еді, ата жолын қуса игі еді» деп армандайтын еді халқымыз.
Қазақтың ұлы ойшыл ғұламаларының бірі Ж. Баласағұни өзінің «Құтты білік» дастанында балаға тәрбиені отбасында бер, «ақ маңдайлы ұл - қыз туса, үйіңде өсір, бөтен жерде қалдырма» деп келер ұрпаққа өсиет ете отырып, баланы жас кезінен білім мен өнерге, еңбекке баулу арқылы жаны мен тәні сабақтас жетілген парасатты ұрпақ өсіретінімізді атап көрсеткен. Ата - анасын аялай, құрметтей білген баладан жақсы азамат шығады. «Әкесін аман сақтап қалу үшін жанын қиған ұлдың өлімі – ең бақытты өлім болып табылады» – деген Баласағұнидың ұстазнамалық тұжырымдамасында осындай керемет ойлар жатыр. Шығыстың басқа ұлт өкілдерінің отбасындағы сияқты қазақта дүниеге ұл келсе, тұқымымыздың жалғасы, шаңырақ иесі туды деп ұлан - асыр, ат шаптырып той жасау күні бүгінге дейін сақталған. Дүниеге ұл әкелу әсіресе, әке үшін зор бақыт, үлкен мақтаныш. Қазақта бір кісі қайтыс болса, артында қалған баласы бар ма еді деген сауалы болады. Бар деген жауап естісе, «орнында бар оңалар» деп бата береді. Отбасындағы ер баланың өз орны бар. Мысалы, тұңғыш ұл – кейінгі іні - қарындастарының қамқоршысы, ата - анасының көмекшісі, оған «Ағасы бардың – жағасы бар» деп арқа сүйенген. Кенже ұл – шаңырақ иесі. Басқа балалар енші алып, бөлек отау құрып жатса да кенже ұл әке - шешенің қолында қалады. «Ұлға отыз үйден тыйым, он сан үйден сын» демекші, ер жігітке айтылар сын көп, қойылар талап жоғары. Қазақта біреудің баласы жақсы азамат болса: оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой деп мақтайды. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз». Отбасындағы тәрбие әрбір мүшенің өзін - өзін сақтау, ұрпақты жалғастыру, өзін - өзі сыйлау қажеттігінен туындайды. Баланы дұрыс тәрбиелеу отбасында, алдымен, жанұя жағдайы, онда қалыптасқан оң моральдық - психологиялық ахуал, татулық пен өзара түсіністік, сүйіспеншілік пен сыйластық, отбасы мүшелерінің бір - біріне деген құрмет сезімдері, яғни, отбасындағы кіршіксіз таза, мөлдір көңіл - күйі тікелей ықпал етеді. Қазақта ұлдар әкесі немесе атасының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр.
Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оны жақсы тәрбиелеуі дей отырып, ұлын қырағы, алғыр, ақылды, парасатты етіп өсіру - әке мен ананың басты міндеттерінің бірі. Тәрбие - үздіксіз үрдіс, сондықтан ұлағатты ұлдың тәрбиесі де толассыз жүргізілуі қажет.
1 706
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Қыз бала - ұлттың ұяты, халықтың шырайы
Қыз бала - ұлттың ұяты, халықтың шырайы
Халықтық тәлім - тәрбие негізінде қазіргі қазақ қыздарының бойында жан сұлулығын қалыптастыру жолдарын көрсету, адамгершілікке үндеу Түрі: сұрақ – жауап, пікірталас, баяндама
Сырғалым қыздар клубының бағдарламасы
Сырғалым қыздар клубының бағдарламасы
Қыздардың өз әйел табиғатына тән қасиеттерін сақтап, өз орынын таба білуіне жәрдем беру, сырласу алға қойылған жөн.
Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі
Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі
Қыз балаларға адамгершілік, адалдық, іс - қимыл, жүріс - тұрыс дағдысы, қыз намысы, сымбаты туралы жан - жақты мағлұмат беру арқылы қыз балалардың бойына рухани - адамгершілік, әдептілік, сыпайылық, тиянақтылық, имандылық, тазалық қасиеттерді дамыту.
Қыз ұлттың ұяты, халықтың шырайы
Қыз ұлттың ұяты, халықтың шырайы
Қазақ қыздарының менталитетіне қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ақылдылық, имандылық сияқты қасиеттер кіреді.
Қыз бала - ұлттың ұяты, халықтың шырайы
Қыз бала - ұлттың ұяты, халықтың шырайы
№182 мектеп педагог-психологі Әбіл Гүлназ Базаралықызы
Ұлттық тағылымды ұмытпайық
Ұлттық тағылымды ұмытпайық
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Абай орта мектебінің математика пәні мұғалімі Жолдыбаева Зәуре
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×