Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Сағынышқа айналған сазгер

03 ақпан 2013, Жексенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Тақырыбы: Сағынышқа айналған сазгер

Мақсаты: Білімділік: оқушыларға біртуар ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмір жолымен таныстыру;
оның орасан зор еңбектерін насихаттау; белсенділікке, тапқырлыққа, өз бетінше көркем сөйлеуге баулу.
Дамытушылық: оқушылардың жан - жақты ойлауын, ізденуін дамыту;
ой өрісін кеңейту; көркем сөздермен өз тұжырымын жасай отырып, сөздерді орынды қолдану дағдыларын жетілдіру.
Тәрбиелік: оқушыларды адамгершілікке, имандылық пен әдептілікке, ұлы адамдардың салып кеткен сара жолын ұстанып, оларды ұмытпай есте сақтауға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Шәмші Қалдаяқов портреті, қанатты сөздер, үнтаспа, «Шәмші» журналдары.

Барысы:
Мұғалім: Құрметті ұстаздар, қадірлі оқушылар, әнді қадір тұтатын ағайын!
Бар қазақты тамсандырған,
Таңнан таңға ән салдырған,
Өзін әнмен қарсы алдырған,
Ән өмірінде жарық жұлдыздай сәуле шашып, айрықша із қалдырған, күллі қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған Шәмші Қалдаяқовқа арналған бүгінгі «Сағынышқа айналған сазгер.» атты ашық тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз.
Шәмші Қалдаяқов – күллі қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жердегі қойнауында «Сарыкөл деген» шағын көл бар екен. Бұл қазір «Шәуілдір» деп аталады. Міне осы жерде 1931 жылы Шәмші Қалдаяқұлы дүниеге келеді.
Қалдаяқтың өзі тартарлардың гармонын, қазақтың қобызы мен домбырасын құйқылжыта тартатын болған.
- Оу, Қалдаяқ, ұлды болдың!- деген хабарды естіп, үйіне асыға келген әкеге жыртық шүберекке ораған нәрестені ұстата қойыпты.
Нәресте болса да, ересек адамның қарулы қолын сезе қойған бала шыр етеді. Басқа балалардай шыңғырып жылымай, бір түрлі әуезді ырғаққа ұқсайтын үн шығарған ұлына қарап:
- Мен сені қиссадағы Жәмшид патшаның атымен атағалы жүрмін, бірақ мына дауысың патшанікіне емес, әншінікіне көбірек ұқсайды екен,- депті Қалдаяқ.
- Оу, Қалдаяқ, балаң адамдардың емес, әннің патшасы болса да тақияңа тар келмес,- депті оған Құдайберген деген құрдасы.
- Айтқаның келсін, Жәмшид болсын,- депті сонда баладан басқа байлығы жоқ әрі кедей, әрі өнерпаз әке.
Әкесінің азан шақырып қойылған аты Әнәпия екен, бірақ жеңгелері есімін атамай, аяғындағы кішкене қалды көріп, Қалыаяқ деп кетсе керек. Шәмші мектепке барып, «Әліппе» ұстағанда мұғалімдер сұрағанда «Әкем аты – Қалдаяқ»,- деп жауап беріпті. Сонымен Қалдаяқов болып кетіпті.
Жәмшид атанған сол бала, содан отыз жыл өткен соң, Шәмші болып өсіп жетіліп, «Вальстің патшасы» атаныпты.
Әкесі он саусағынан өнер тамған ұста, зергер болғанмен, әншілікпен әуестігі жоқ болды. Бұл қасиет Шәмші бойына шешесінен, нағашыларынан дарыса керек. Шәмші: «Табиғи дарынымның ана сүтімен келгеніне қуанбасам, ренжімеймін» дейтін.
Амангелді:
Ән өмірінде жұлдыздай сәуле шашып, айрықша із қалдырған Шәмші Қалдаяқұлы - күллі қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Сондықтан да қырық жыл бойы аспанымызда махаббатқа толы Шәмші әуендері шырқалды. Қуанышты дастархан Шәмшінің әуезді әуендерінсіз өтпейді. Оны шырқаған әншілер де, тыңдаған тыңдаушылар да ерекше ләззат алып, жігерленеді, рухына рух қосады.
Мұғалім: Шәмші өзінің әкесі қайтыс болғаннан кейін басына кесене орнатты.
Ал анасына арнап әннің ең асылын, нәзігін жазды. Ол – «Ана туралы жыр». Бұл әннің де шығу тарихы бар.
Жеңіс: Жәмшид Шәмші атанып, композиторлық атағы шыққан кезде, анасы айықпас ауруға шалдығады. Өзінің о дүниелік екенін сезген анасы Алматыдағы Шәмшіні шақыртып:
- Балам, мен өмірден жас кеттім демеймін, немере сүйіп, келін көруді құдай бұйыртпады. Тағдыр солай, қайтейін! Бар тілеуім Сен аман бол! Дүниеге келген әнің айтылмай жатып үзілмесін, ұзаққа жетсін. Бақытты бол, балам!- дейді.
Ананың ақ лебізін естіген Шәмші өзін сәбидей сезінеді. Анасының ең жақын жан екенін түсінген Шәмші:
- Ана, мен сенің басыңа кесене, ғимарат орнатам деп айта алмаймын, бірақ мен саған әннің ең асылын, ең нәзігін арнап жазамын, ол ешқашан да ұмытылмайды,- дейді. Бұл 1957жылдың 4 қыркүйегі болатын. Шәмші өзінің сөзін 1961жылы орындайды.

Ән: «Ана туралы жыр»

Айсұлу: Шәмші аға өзінің «Сыған серенадасы» әні жайлы былай сыр толғайды.
«Әр ән ішімнен шыққан баламен тең. 1959 жылы консерваториядан шығып қалып, ауылға қайтуды ар санап, жерлес жастардың үйін паналап жүрдім. Жаздың бір күні. Алматының батыс жағында «Тастақ» атты базар бар. Сол жерде бір топ сығандар гитараға қосылып, мәре-сәре болып жатыр екен. Қолым бос, уақытым мол ерігіп жүрген мен жаңағылардың өнерін тамашалап біраз тұрып қалдым. Сызылта салған көңілді ән, мың бұралған би жаныма жағып барады. Біраз уақыттан кейін менің де қаным қызып, арқам қозып, тұрған сыған жігіттің қолындағы гитарасын алып, өзімнің таяуда ғана шығарған әнімді айтып бердім. Менің мұндай өнерімді байқаған олар: «Жігіт, тағы бір ән, тағы...» деп әр тұстан қолқалай бастады. Мен қысылмай тағы бір әнді орындап бердім. «Ой, мынауың керемет ырғақ қой, тамаша, жарайсың!»- деп сығандар мені ортаға алып, өздерінің Сайран көлінің маңындағы мекеніне қонаққа шақырды. Кешке қарай табор шатырларының алдында от жағылып, қазан көтеріліп, керемет өнер жарысы басталды. Ортаға шыққан қыз бен жігіттер алма кезек ән айтып, би билеп, кешті өнер мерекесіне айналдырып жіберді. Мен де олардан қалыспай ән айттым.

-«Олай болса, сен бізбен бірге тұра бер. Анау шеткерек тұрған шатыр үй қонақтар үшін арнайы қойылған. Соған түнеп жүре бер. Сендей өнерлі жігіт бізге керек»,- деп жылы ықыласын білдірді. Күз келіп, күн ызғарына мініп, сығандар жылы жаққа қоныс аударуға дайындалды, мен не істерімді білмей састым. Сығандар болса: «Шәмші, бізбен жүр, табордағы өзің қалаған қызды ал, сен сияқты көңілді, талантты адамға бір кісілік орын бар»,- деп қолқа салды. Мен ойланып, тәтті қиялға берілмей, есімді жиып Алматыда қалуды жөн көрдім. Бірақ, шынымды айтайын, көп уақытқа дейін көңілді сығандар ортасын сағынып жүрдім. Сол сыған достарыма деген сағыныштың арқасында «Сыған серенадасы» өмірге келген еді».

Ән: «Сыған серенадасы»
Сергіту сәті: «Қайықта» әнінің қайырмасын орындау.

Мұғалім: Елубай «Әнім сен едің» шығуы туралы әңгімелейді.
Елубай: Бір күні Шәмші түрлі көңілсіз болып отырғанда Қалаубек досы кіріп келеді.
- Мен саған сырымды айтайыншы. Менің арқам құрыстанса, мен бір ән келе жатқанын сеземін. Мен әнді бір-ақ күнде жазамын. Ал екінші күні өзімнің жүрегіме жақын оқиғаға «Өлең жаз» деп беремін. Ал үшінші күні дайын өлеңді орындаушыға беремін. Әнім орындаушыға ұнаса, ол әнді әрі қарай алып кетеді. Ал ән ақын әні болып елестемесе, ол әнді жаратпай тастаймын. Бірақ жаңа туған әр әннен кейін өзімді 60 тонна тас тасығандай сезінемін және бұл өмірдің әділетсіздігіне жаным күйіп, бойымнан әлім кетіп, кей кездері өз атымды ұмытып қалумен күйзеліп жүрмін. Менің бұл сырымды былайғы жұрт біле бермейді. Шәмші бақытты деп ойлайды.
Дәл осы сәтте Шәмші ұясынан құлап түскен қызыл шақа балапан секілді дәрменсіз, қорғансыз еді. Осындай әсем әндер жазып жүрген ақынның ішкі сырын естіген Қалаубек оны не деп жұбатарын, не айтарын білмей тұрып қалады. «Әнім сен едің» осылай шығыпты.

Жеңіс: Шәмші өз әндерінің қалай жазылғанын айтып жүретін, бірақ та «Арыс жағасында» әнінің қалай жазылғанын айтқан емес. Бір күні одан жазушы Оразбек Бодықов осыны сұрайды. Сәл жымиып, біраз ойланып былай дейді. «Маған бір күні қара торы жігіт жолықты да былай деді:
- Екеуміз де бір өзеннің бойында туыппыз, бір өзеннің суын ішіппіз. Мен осында нақ сүйіктімді, ең сұлуымды тауыппын. Шәмші деген атыңыз бар, қалайша сізге бір сұлу жолықпады?
- Неге олай дейсің? Менің қиялымдағы ең сұлу осы жерде тұрады. - деді Шәмші.
- Олай болса, әндеріңіздің ішінде Арыс жоқ, неге ерке өзеннің сұлуларын ән етпедіңіз?- дейді әлгі жігіт.
Осылайша әлгі жігіт себеп болды».
Амангелді: Әр адамның өз өмірі секілді әр әнінің өз тарихы бар. Мен сіздерге «Менің Қазақстаным» әнінің шығу тарихын айтайын. Ол кезде Ақмоланы Целиноград деп атап, бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген еді. Сөйтіп, қазақ жері бөлшктенгелі жатқанда оның асқақтығын жырлайтын ән керектігін Шәмші сезеді. Сөйтіп, «Менің Қазақстаным» әні туады. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазады.

Осы ән Қазақстанның әнұраны болады деп Шәмші ағамыз біліп айтқан екен. 1986жылыжелтоқсанда Алматыдағы Республика алаңына Қазақстанның жастары «Менің Қазақстаным»әнін шырқап айтып шығады. Бір ғажабы: осы шығарма еліміз бостандық алғаннан берібұрынғыдан да қымбат дүниеге айналып, тәуелсіз аспанымызда азат құстай самғап ұшты.

Айсұлу: Шәмші қазақтың ән мәдениетін тың сатыға көтеріп, ел көңілін серпілте жүріп замандас, сырлас ақындардың айбынын асырды. Мұзафардың «Ақ маңдайлымы», Нұрсұлтан Әлімқұловтың «Қайықтағысы», Мұхтардың «Арыс жағасында», Ғафудың «Ана туралы жыр», Тұманбайдың «Әнім сен едің» өлеңдері ақын есімдерін әркімнің аузына салып, асыл ырғағын жүрек лүпіліне үндестіріп аспандатты. Алпысыншы жылдар ауқымында осы ақындар нағыз алқымы іспес, тынысы кең ғажайып тұлпар екенін танытты.
Шәмші қарапайым жүріп ғажайып әндер туғызды, өліп - өшіп ізденді, қазақ әнінің сыры мен ырғағын еуропалық биік деңгейге аспандатып үлгерді.
Шәмші дарыны ән өнерін зор биікке көтерді. Сосын ырғаққа жан бітірді. Сүйіспеншілік құштарлығын кеңейтті. Музыка әлемінің сары сахарасын соны леп желпіді. Жас та, жасамыс та елеңдесіп, құлақ құрышын қандыратын әнге желпінді.

Мұғалім: Шәмшіге замандастары былай деп баға береді:
«Шәмші тау бұлағындай таза әуенімен ән-жырға сусаған халықтың мейірін қандырды». (Б.Төлегенова)
«Шәмші Қалдаяқов – өз дәуірінің де, болашақтың да ұлы композиторы».
(Т. Молдағалиев)
Елубай: Күйіп жанған Музаңнан тас еріген,
Арулардың балқыттың әсемін ең...
Әдемі ұрпақ дүниеге келіп жатты,
Әндеріңнің әдемі әсерімен!
Шәмші Қалдаяқовты «Ән патшасы» етіп халқының құрметіне бөлеген, әр жүрекке махаббат отын маздатқан – оның Арыстың ерке толқынындай, Каспийдің көгілдір тұнығындай сұлу да сырлы әндері еді. Енді міне, Шәмшінің өзі, Шәмші деген есімнің өзі өлмес, өшпес әнге айналып кетті.
Айсұлу:
Ән еркесі
Әндер жазып анаға,
Сезім бердің санаға,
Әнді сүйіп айтады,
Бала менен дана да.
Тау мен тасты еріткен,
Табиғатты еліткен.
Әнің әсем, Шәмші аға,
Енді өзіңдей жайсаңды,
Ән еркесі асылды
Қазақ елі таба ма?
Ғашықтардың жүрегін
Жырға бөлеп жүр едің,
Толқын жырмен тербеттің
Сыбызғылы Сыр елін.
Жаным бүгін жаралы,
Бойыма дерт тарады.
Құлазыған секілді
Махаббаттың аралы.
Шәмші алыстап барады,
Шәмші алыстап барады.
(Қуаныш Төлеметов)

Сергіт сәті: Шәмші әндерінен попури.
Қортынды.
Мұғалім: Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма,
Өзегіңді өртеп дерт жаншымай ма?!
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,
Шәміл - ау,
Шәмші қайда,
Шәмші қайда? – деп ұлы ақын Мұқағали Мақатаев іздеген Шәмші аға енді сағынышқа айналды.
7 357
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Оразбек Бодықов. Аққұс туралы аңыз
Оразбек Бодықов. Аққұс туралы аңыз
Сабақтың тақырыбы: Оразбек Бодықов. Аққұс туралы аңыз
Аққұс туралы аңыз
Аққұс туралы аңыз
Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласы, «К. Бозтаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп» КММ бастауыш кластар мұғалімі Қызжанова Гүлия Каримовна
"Ән падишасы" атанған дара сазгер
"Ән падишасы" атанған дара сазгер
Алматы облысы, Талдықорған қаласы математика пәні мұғалімі Адыканова Манар Адыкановна
Ән падишасы
Ән падишасы
Қазалы ауданы, Ақтан батыр ауылы, № 190 орта мектептің математика пәні мұғалімі Меңдібай Қарашаш
Нәр берген ән - бұлақтан
Нәр берген ән - бұлақтан
Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Шаған ЖОББМ музыка пәні мұғалімі Шындаулетова Нурлы
Шәмші Қалдаяқов шығармашылығы
Шәмші Қалдаяқов шығармашылығы
Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы, №32 мектеп-гимназиясының музыка пәнінің мұғалімі Мухамедиева Дәмелі Орынбасарқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×