Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Ұлттық киімдер

05 ақпан 2014, Сәрсенбі
Категориясы: Тәрбие сағаты
Тақырыбы: Қазақтың ұлттық киімдері
Мақсаты: а/ Қазақтың ұлттық киімдерімен таныстыру.
ә/ Ұлттық салт - дәстүрді, киімдерді сақтауға, құрметтеуге тәрбиелеу
Көрнекілігі: ұлттық киімдер суреті, слайд
Барысы
Бүгінгі сабақта қазақтың ұлттық киімдерімен танысамыз.
Халқымыздың ұлттық киімдерінің түрлері өте көп. Кең байтақ даламыздың табиғатына, ауа райына байланысты киім түрлерінде де ерекшеліктер бар. Дәстүрлі ұлттық киімдер іштік, сырттық, сулық, бір киер, жыл мезгіліне, жас ерекшелігіне қарай ер, әйел, бала киімі болып бөлінеді. Күнделікті киімдер қарапайым, ыңғайлы тігілсе, жиын - тойға арналған түрлері одан күрделі әрі сәнді етіліп, нәзік талғаммен інжу - маржан, меруерт, ақық, шыны моншақтармен әшекейленіп, жібек, алтын, күміс жіптермен кестеленіпті. Қазақ даласына Ұлы Жібек жолындағы керуендер арқылы әкелінген пүліш, атлас, барша және басқа матадан тігілген сәнді киімдер қыз - келіншектердің келбетіне көрік қосса керек.

Бас киімдер
1 - оқушы
Тымақ - ерлердің қысқы бас киімі. Оны аңның, малдың терісінен тігеді. Түрлері түлкі тымақ, елтірі тымақ, сеңсең тымақ, пұшпақ тымақ.
2 - оқушы
Тымақ - биік төбелі, маңдайы, екі құлағы бар, желке, жотаны жауып тұратын артқы етегі бар жылы бас киім. Сыртын берік, қымбат матамен тыстайды. Екі құлағына ызбалы бау тағады. Ол қасиетті бас киім. Оны айырбастауға болмайды, оған аяқ тигізбейді.
3 - оқушы
Ұлтымызға жарасатын бас киімнің бірі - бөрік. Бөріктің сырты мақпал, пүліш, барқыт сияқты қымбат маталардан тігіледі. Оның жазғы, қысқы түрлері де болады. Жиегіне қымбат бағалы аң және мал терілері ұсталады. Көмкерілген тері түрлеріне қарай кәмшат бөрік, сусар бөрік, түлкі, күзен бөрік деп аталады. Бөрік үш, төрт немесе алты қиықтан құрылады. Бұл бас киімді ерлер де, қыздар да киеді. Төбесіне үкі, жиегіне моншақ, шашақ, оқа, зер, күміс тағылады.
4 - оқушы
Сәукеле - ұзатылған қыз киетін аса қымбат бағалы, кәделі әрі әсем бас киім. Сәукеленің өн бойы қымбат маталармен қапталып, оның сыртына алтын, күміс, інжу сияқты асыл тастардан жасалған моншақтар тағылады. Екі құлақ тұсына омырауға жететін құлақша тоқылады. Сәукеленің артқы жағына ұзындығы жерге жететіндей ақ желең тағылады.
5 - оқушы
Тақия – ер де, әйел де киетін жеңіл бас киім. Биік, тегіс және үшкір төбелі түрі бар. Сәнді түрлерін «мүйіз», «шырмауық» сияқты өрнектермен кестелейді. Әйел бас киімінің тігілу тәсілі күрделі және сәндік жағы¬нан өте бай. Әрі қазақтың сұлу қыз - келіншектерінің нәзік те көрікті жүзін ажарландырып тұрады. Әйел тақиясын алтын, күміс теңгемен, моншақ, құлпырма таспен әшекейлеген. Тақияның мұндай түрлерін қыз - келіншектер ойын - тойға киіп барыпты.
6 - оқушы
Қалпақ - ақ киізден немесе қалың матадан тігілген, биік төбелі ерлердің бас киімі.
7 - оқушы
Жаулық - ақ матадан жасалатын әйелдердің ең негізгі бас киімі. Жаулық - қазақ әйелдерінің ары, ажары, беделі мен көркі.

Сырт киімдер
8 - оқушы
Тон - қойдың терісінен тігілетін қыстық жылы киім. Ол үшін теріні шелінен арылтып, әбден илеп, оны қынамен, талдың қабығымен, томар бояумен бояйды. Осы теріден жүні ішіне қаратылып тон тігіледі. Тонның ең әдемі, жылы, қымбат бағалы түрі – қамқа тон.
9 - оқушы
Жақы - ертеректе ауқатты адамдар киген, қазір өте сирек кездесетін жағалы, әрі асыл киімдердің бірі. Ол тек жылқы терісінен тігілетіндіктен құлын жақы, тай жақы, құнан жақы деп бөлінеді.
10 - оқушы
Шапан - қазақтың ежелгі әрі кәделі киімі. Ол арасына жүн немесе мақта салынып, сыртын шұға, барқыт сияқты әдемі әрі мықты матамен қаптап, ішін астарлап тігетін киім. Шапан тігілу әдісіне қарай сырмалы, қаптал, тік жағалы, қайырма жағалы, шабу және жарғақ шапан деп бөлінеді. Сырмалы шапан – ішіне жүн тартып тігілген жылы киім. Шабу шапан – етек жағы енді, бел жағы енсіз етіп тігілген түрі. Жарғақ шапан құлынның терісінен өрнектеліп тігілген сәнді шапан, бұл шапанмен әдетте жас жігіттер салтанатты жиын - тойға шығыпты.
11 - оқушы
Шекпен - тек қана түйе жүнінен тоқылатын жаздық сырт киім. Шекпендік матаны иіріп, оны өрмекпен тоқып, шапан үлгісінде пішеді. Күзеп алынған түйе жүнін шаң - тозаңнан арылтып, қолмен майдалап түтіп, шүйке жасайды. Осы шүйкеленген жүнді ұршықпен иіріп, терме тоқитын өрмек аспабында тоқиды. Осылайша тоқылған матадан шекпен тоқылады. Шекпеннің ең әдемі түрін шидем деп атаған. Шидем шекпен жас тайлақтың жүнінен тоқылған. Тайлақтың жүні әрі майда, әрі жеңіл болғандықтан, одан тоқылған шекпен де әдемі. Ол жауын - шашында су өткізбейді. Керісінше, су тиген сайын ширап, қалыңдап, мықты, төзімді болады
12 - оқушы
Ішік - сәнді, әрі жылы киім. Мұның сыртын берік матадан, ішін аң, мал терілерінен тігеді. Ішік ұзын, әрі мол пішіліп тігіледі, жағасы тік болады. Ішіне салынған терісіне қарай ол күзен ішік, қасқыр ішік, бұлғын ішік, түлкі ішік, қарсақ ішік, зорман ішік, жанат ішік деп аталады.
13 - оқушы
Күпі - қазақтың ертеден киіп келе жатқан киімдерінің бірі. Ол ішіне қойдың, түйенің жабағы жүнін салып, бидай шүберекке сырып, сыртына берік бір түсті матадан тігілетін жылы киім.
14 - оқушы
Қамзол - әйелдердің жасына қарай қызыл, көк, жасыл, қара түсті барқыт, шұға, мауыты т. б маталардан әсем безендіріліп тігілетін, көйлек сыртынан киілетін киім. Барқыт, пүліш, мақпал сияқты қымбат матадан тігіледі. Көбіне атлас, шағи, торғын секілді маталармен астарланып, екі өңірі мен етегін айналдыра оқа басып, зерлейді. Кейде құндыз бен түлкінің қара пұшпағымен әдіптейді. Бойжеткендер мен жас келіндер киетін қамзол өте сәнді тігіледі. Екі өңіріне алтын, күміс жалатқан қозалар, шарбақ түймелер, меруерт, маржан, кей жеріне күміс теңгелер жүргізілген.
15 - оқушы
Қазақша көйлек - әйелдер киімі. Түсі ашық жақсы маталардан тігіледі. Етегінен жоғары бір немесе екі қатар бүрмелеп қосымша маталар тігіледі.

Аяқ киімдер
16 - оқушы
Саптама етік – қазақтың ұлттық аяқ киімінің ертеден келе жатқан түрі. Сап - тама етіктің ішіне тізеден асып, сыртына шығып тұратын киіз байпақ салынады. Кейде киіз байпақтың орнына шұлғау оралады немесе мәсі киіледі. Бұлардан басқа, қайқы тұмсық, көк сауыр, күмістелген тап - таурын сынды түрлері болған.
17 - оқушы
Шоңқайма етік – сән үшін киілетін биік өкше киім. Оны сері жігіттер жиын - тойда киіпті. Ол былғарыдан, таза құрымнан тігіледі. Қазақтар алғаш рет оң және сол аяққа арналған қалыптарды етіктің осы түрлерін тігуге қолданыпты. Жәй етіктерді ірі қара терісінен тіксе керек. Тігісі ішіне қаратылып, түзу табанды келетін етіктердің пішілуі де, тігілуі де қарапайым. Мұндай етікті малшы - саятшылар киген. Оның атқа мінуге қолайлы, жеңіл, табаны жұмсақ түрін жұмсақ табан, иге салып, түгін түсірген түрін көн етік деп атаған.
18 - оқушы
Мәсінің сыртынан киілетін, қонышсыз аяқ киімді кебіс деп атайды. Кебіс мәсіні шаң - тозаң, ылғалдан қорғаған.
19 - оқушы
Бұйық – киіз байпақтың бір түрі. Оны алыс жолға шығарда етіктің сыртынан жылылық үшін киіпті.
Қазақтың ұлттық киімдері – халықтың тамырын тереңге жайған қолданбалы өнерінің сарқылмас қазынасы.
23 636
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Қысқы киімдер
Қысқы киімдер
Балаларға киім, киім түрлері, қысқы киімдер туралы түсінік беру. Әр мезгілде киетін киімдерді атай білуге, сауалнамалар өткізу арқылы ойлау қабілеттерін дамыту.
Қысқы киімдер
Қысқы киімдер
Киім және киім түрлері, қысқы киімдер туралы түсінік беру. Қысқы киімдерді ажырата білуге үйрету.
Ұлттық киімдер туралы мәліметтер. Бас киімдер жасау
Ұлттық киімдер туралы мәліметтер. Бас киімдер жасау
Қазақ халқының қол өнері көне заман тарихымен бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан бай қазына. Оның бір ұшығы туысқан Орта Азия халықтарының және орыс халқының қол өнерімен де ұштасып жатыр. Қол өнерінің басты бір саласы — киім тігу.
Ұлттық киімдер
Ұлттық киімдер
Ізденімпаздыққа, шығармашылық қабілетін дамытып сабаққа қызығушылығын және ойлау қабілетін арттыру. Үнемділікке, ұқыптылыққа, талғампаздыққа, халықтың ұлттық киімдерін қастерлей білуге тәрбиелеу.
Қысқы киімдер
Қысқы киімдер
Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы №1 Жалпы орта білім беретін мектепте Мектепалды даярлық тобы тәрбиешісі Абилдиева Гульшат Желдешовна
Ұлттық киімдер
Ұлттық киімдер
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылы, № 24 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі: Шамуратова Куралай
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×