Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Дақылдардан жасалатын тағамдар

04 қазан 2013, Жұма
Категориясы: Технология
Сабақтық тақырыбы: Дақылдардан жасалатын тағамдар

Сабақтың мақсаты:
Білімділік: оқушыларға дәннен жасалатын тағамдар туралы толық мағлұмат беру және де дәндердің құнарлығы мен дайындалу тәсілдері жөнінде түсінік беру;
Дамытушылық: теориялық білімдерін сарамандық жұмыста пайдалана білу, оқушыларды өз бетінше ізденуге дағдыландыру, олардың ой - өрісін дамыту;
Тәрбиелік: дақылдардан жасалатын тағамдарды ұлттық негізде жасап үйрену, оқушыларды әсемдікке, сәндікке, ұқыптылыққа, үнемділікке, өзара көмек көрсетуге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: аралас
Сабақтың әдісі: түсіндіру, сұрақ - жауап, өз бетінше сарамандық жұмыс.
Сабақтық көрнекілігі: үлгілер, дайын дақылдардан жасалатын тағамдардың суреттері.

Ұйымдастыру кезеңі:
• Оқушылармен сәлемдесемін;
• Оқушыларды түгендеймін;
• Оқушылардың құрал – жабдықтарын түгендеу;
• Оқушылардың зейіндерін сабаққа аударту.

Үй тапсырмасын тексеру.
Өткен тақырыпты қайталай отырып, оқушыларға тақырып бойынша сұрақтар қою.

Жаңа сабақ
Талқан – қуырылған бидайдан, арпадан жүгеріден ұнтақтап дайындалады. Ерте кезде талқан дайындаудың екі тәсілі болған. Бірі – қол диірменге тарту, екіншісі – келіге түю. Екі тәсілмен дайындағанда талқанның майдаланбай қалып қоятын түйіршіктері болады, оны «талқанның сағы» дейді. Талқанның сағын бөліп алу үшін жайпақ табаққа салып екшейді. Сонда сағы талқанның бетіне бөлініп шығады да, ұнтағы астында қалады. Бетіндегі сақты алып тастай отырып, талқанның ұнтағын бөліп алады. Талқан аса дәмді әрі құнарлы тамақ. Оны майға, кілегейге, қаймаққа араластырып жеуге де, шайға салуға да болады. Талқан салған шай қою болады әрі тез суиды. Оны жентке қосады. Талқаннан әзірленетін тамақты «сарталқан» немесе «майталқан» деп атайды. Сарталқан дайындағанда талқанды қойдың құйрық майына немесе жылқының майына араластырып, баяу жанған отқа қойып қуырады. Талқанды құмшекер салып дастарқанға құрғақ күінде қоюға да болады. Оны кебегі көп тазартылмаған бидай ұнынан ( 2 не 3 сорт ұннан) әзірлеуге де болады. Ол үшін аздап май жағылған қазанға шақтап ұн салып ақырындап қуырады. Қуырылып қызыл - күрең тартқан ыстық талқанға сары май және құмшекер қосады, сонда ол өте дәмді болады. Оны балалар да сүйсініп жейді. Талқаннан майға, кілегейге, сүтке араластырып жеуге болады. 1 кг талқанға - 200 г құм шекер, 200 г май қажет.

Бидай көже – бидайды шаң - тозаңнан тазартып, аздап су сеуіп, келіге салады да, түктеп кебегінен ажыратады. Кебегін желпіп кептіру үшін түктелген бидайды 10 - 15 минут кептіріп, астауға салып желпіп кебегінен тазартады. Содан кейін бидайды сулап, келіге салып түйеді. Осылай жаншылған бидайды суға немесе сүтке қосып жайлап қайнатады. Біраз қайнаған соң қазанның қақпағын жауып, 30 - 40 минут бұқтырып қояды. Содан кейін көженің піскен - піспегенін, тұзын татып қарап, тағы бір рет қайнатады. Піскен көжеге қатық - айран, сүт қосып ішуге болады. Ашытқан көжеге: 300 г жаншылған бидай, 1л су, 1 шай қасық тұз, 1 л айран, қатық керек.

Тары көже – ақталған тарыны суға қайнатып дайындайды. Суығаннан кейін үстіне сүзбе, қатық, сүт құяды. 1 л су, 150 к тары, 100 г қатық, 1 шай қасық тұз.

Жент (қоспа) – аса кәделі дастарқан дәмі. Ол қыста қатпайтын, жазда бұзылмайтын өте дәмді тағам. Жент былғау шеберлікті талап етеді. Ақталған тарыны келіге түйіп (диірменге немесе аз — аздап кофе тартқышқа салып) ұнтақтайды. Оған құмшекер, ұнтақталған ірімшік салып араластырады. Содан соң қазанға жылқының майын құйып ысытып, жаңағы араластырған тары мен ірімшікті салып, оттың болмашы табында араластырады. Жент майды бойына сіңірген соң ыдысқа салынып, салқын жерге қойылады. Әдетте жент ешкінің немесе қойдың қарнына салып сақталады. Ол ауа өткізбейді де, жент өзінің иісін, дәмін жоймай, ерімей жақсы сақталады. Жылқы майы болмағанда сары майға былғаса да болады (тоң майға араластыруға болмайды, ол қатып қалады да, жеуге жайсыз болады). Жент көбінесе соғым сойған кезде әзірленеді. 5 стақан тары жармасы, 4 стақан кепкен ірімшік, 2 стақан құмшекер, 2 стақан май керек. Майға илеп пісіріп кептірген бауырсақтың ұнтақталғанын, не бидай талқанын және аздап мейіз қосуға болады.

Майсөк (майтары) - ақтаған тарыны (сөкті) майға қуырып дайындалатын тағам. Майсөкті дайындағанда қойдың құйрық майын турап шыжғырып, шыжығын алмаған күйінде ақтаған тарыны (сөкті) салып қуырады. Майсөкті сол күйінде немесе шайға салып жеуге де болады. Қойдың құйрық майы болмағанда жылқының майына, сары майға, тортасын айырған майға, кейде тіпті тоң майға да қуырып әзірлейді. Майсөк дастарқан сәнін келтіретін тағам ғана емес, жолаушылар жиі пайдаланатын түз тағамына да жатады.

Бидай қуыру – бидайды қуыру үшін алдымен әбден тазартады. Бірнеше рет желпиді. Содан соң жылы сумен мұқият жуады. Қазанды отқа қойып, ұсақтап туралған май салып шыжғырады. Май қатты қызғанда бидайды салып қуырады. Бидай күреңденгенде отын сөндіріп, қазанның бетін жуып, 10 - 15 минут бұқтырады. Оны шаймен бірге береді. 7 - 8 стақан бидайға 1 стақан құйрық май керек.

Бөкпе – ақтаған тары сүтке бөрттіріп дайындалады. Кілегейі алынбаған шикі сүтке ақталған тары салып, түбі қарылмайтындай етіп жайлап қайнатады. Сүт суала бастағанда үстіне сары май салып, аздап құмшекер сеуіп, оттың табына бөктіреді. Сүт әбден суалып болғанша тары да піседі. Бабымен піскен бөкпенің беті қабыршақтанып, бауырдай дірілдеп тұрады. Бойына сүт пен майды сіңіріп былбыратып піскен бөкпе аса дәмді болады. Бұл үй ішінің күнделік тағамы ғана емес, сонымен бірге сыйлы қонақтарға тартуға жарарлық кәделі ас. Бөкпеге: 1 л сүт, 1 стақан тары, 2 ас қасық сарымай керек.

Сабақты қорытындылау

Оқушылар бүгін біз дақылдардан жасалатын тағамдар туралы толық мағлұмат алдық. Сонымен мына сұрақтарға жауап беріңдер
- Дақылдардың адам ағзасына қандай әсері бар?
- Талқан қалай дайындалады?
- Майсөк қалай жасалады?
- Бөкпе қалай дайындалады?
- Жентті қалай жасаймыз?
- Бидай көженің жасалу жолын атаңдар?

Оқушы білімін бағалау.
Үйге тапсырма беру.
11 396
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Дәнді дақылдардан жасалған бейнелер
Дәнді дақылдардан жасалған бейнелер
Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қалалық "№ 1бөбекжай балабақша" КҚМК Жұлдыз тобының тәрбиешісі: Ахметова Дания Кадировна
Ұннан жасалатын тағамдар
Ұннан жасалатын тағамдар
Қызылорда қаласы, №197 қазақ орта мектебінің технология пәні мұғалімі: Альжанова Роза Зейнуллақызы
Майлық іліптоқу
Майлық іліптоқу
Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы Қабден Шыңғысов атындағы №5 жалпы білім беретін орта мектебі КММ Технология пәнінің мұғалімі: Қыстаубаева Гүлмира Мәмірәсілқызы
Ұлыттық тағамдар
Ұлыттық тағамдар
Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, №1 Г. Орджоникидзе атындағы мектеп – гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ергебекова Гүлшария Өмірзаққызы
Жүннен жасалатын бұйымдар
Жүннен жасалатын бұйымдар
Қызылорда қаласы №197 қазақ орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі: Альжанова Роза Зейнуллаевна
Матаны пішуге дайындау жұмыстары.
Матаны пішуге дайындау жұмыстары.
Қызылорда қаласы, №197 қазақ орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі: Әлжанова Роза Зейнуллақызы Сабақтық тақырыбы: Матаны пішуге дайындау жұмыстары. Сабақтың мақсаты: Білімділік: оқушыларға мата туралы толық мағлұмат беру, мата пішудің әдіс –
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×