Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Оқушылардың ғылыми-шығармашылық, зерттеушілік ізденісін қалыптастыру

08 қараша 2012, Бейсенбі
Категориясы: Ұстаздарға
Ақтөбе облысы, Алға ауданы,
№3 Алға қазақ орта мектебінің
математика пәні мұғалімі
Туребекова Жаңылсын Барсаевна

Оқушылардың ғылыми - шығармашылық, зерттеушілік ізденісін қалыптастыру.

Балаға өз бетімен зерттеуге мүмкіндік туғызған сайын одан әрі жақсы оқи түседі.
Питер Клайн.
“Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының “ басты мақсаты оқушылардың талдау, синтездеу, әрі логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, яғни оқушылардың сабақ бойы ой еңбегімен шұғылдануын қамтамасыз ету, оқушыны ізденуге, өз бетімен қорытынды жасауға үйрету болып отыр.

Білім - ел қазынасы, халқымыздың білімділігі еліміздің байлығының ең маңызды бөлігі десек, білімнің негізі мектепте, яғни бар ғылымның бастауы – мектеп, «Елдің келешегі бүгінгі жастардың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» деп Елбасы бізге үлкен міндет артып отыр. Егемен еліміздің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі өз орны, ең алдымен білім мен тәрбиенің бастауы болатын – ұстаз қолында, сондықтан да біздің басты мақсатымыз – білім сапасын жақсарту.

Қазіргі таңда білім берудің әлеуметтік құрылымы маңызды элементтердің біріне айналып отыр. Дүние жүзінде білімнің рөлі артып, әр елдің өзіндік білім беру жүйесі тағайындалған. Бірақ, ол әлем халықтарының білім берудегі тәжірибесімен, бағыт - бағдарымен деңгейлес болуы қажет. Қазақстан Республикасындағы үлкен өзгерістердің білім беру саласында қамтылуы маңызды іс - шара болып табылады. Осы орайда білім беруді дамыту тұжырымдамасы Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытудағы маңызды құжат екендігі сөзсіз.

Білім беру жүйесінің басты міндеті - ұлттық және адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, білім беруді ақпараттандыру. Қазіргі кезеңде білім беру жүйелерінде қайта құру жүріп жатыр, білім беру жүйелерінің жаңа ұлттық моделі құрылуда.

Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгілерінің бірі жалпы білім беретін орта мектепте математика ғылымы негізінен берілетін білімді қайта жаңарту болып табылады.
Міне, осындай маңызды мәселелерді шешуде жас ұрпақты сапалы да саналы ой еңбегіне тәрбиелеуде математиканың алатын орны ерекше. Қазіргі заман - математика ғылымының өте кең, жан - жақты тараған кезеңі. Ал талапқа сай математикалық білім берудің басты шарты - математикалық мәдениеттіліктің деңгейін көтеру болып табылады.

Математика сөзінің өзі грек тілінде білім, ғылым деген мағынаны білдіреді. Олай болса ежелгі заманнан - ақ математикалық білімді ғылымдықтың жоғары дәрежесі ретінде қабылдаған.
Математика барлық ғылымдардың логикалық негізі - күре тамыры. Математика ең алдымен оқушылардың дұрыс ойлау мәдениетін қалыптастырады, дамытады және шыңдай түседі. Математикалық тілде тілдесу қабілетін, сөз коммуникациясын дамытады. Математика әлемде болып жатқан түрлі құбылыстарды, жаңалықтарды дұрыс қабылдап, түсінуге көмектеседі.
Білім беру жүйесінің қайта жаңартылуы баланың шығармашылық дарындылығын тануға және болжам жасауға жаңа көзқарасты талап етуде. Дарынды балаларды тану – нақтылы бір баланың дамуын талдаумен байланысты ұзақ үрдіс. Дарындылықты қандай да бір әдіспен анықтау мүмкін емес (мысалы сынақтан өткізу). Дарынды баланы тәрбие беру мен оқыту барысында біртіндеп, сатылап анықтау қажет.

Дарындылықтың табиғаты шексіз. Осы дарындылық пен шығармашылықты дамытудың түрлі жолдарының ішінде баланың өзіндік зерттеу тәжірибесі ең тиімді болып есептеледі.
Зерттеушілік, ізденушілік – бала табиғатына тән құбылыс. Білуге деген құштарлық, бақылауға тырысушылық тәжірибеден өткізуге дайын тұру, әлем туралы жаңа мәлімет жинауға талпынушылық қасиеттер балаға тән дәстүрлі мінез.

Педагогикалық үрдісте балалардың дарынын ашуда оқушы мен мұғалімнің ынтымақтастығы қажет. Зерттеу білігі мен дағдысы тек ғылыммен айналысатын адамға ғана емес, сондай - ақ әр адамның түрлі саладағы қызметіне қажет.
Оқушының өзіндік зерттеу әрекеті оның өзіндік талабын қанағаттандыруға ықпал етеді. Оқушылар қоршаған ортамен таныса отырып өзіндік зерттеу әрекетінің көмегімен жаңа білімді дайын күйде емес, өзі ашады.

Психологтар «зерттеу тәртібін» тұлғаның дамуы мен өзін - өзі дамытуда маңызды деп көрсетеді. Шынында да ізденушілік белсенділігі төмендеген сайын адам қолынан еш нәрсе келмейтін сияқты үрей туғызатын жағдайға тап болуы мүмкін. Сөйтіп, білімге деген ынтасы басылып, нәтижесінде өзінің қабілетін, мүмкіндігін әлдеқайда төмендетіп алуы ғажап емес.
Зерттеу ісі қазіргі кезде ғылыми қызметкерлердің белгілі топтарына ғана тән емес, сондай - ақ бүгінгі заман адамының өмір сүру тәсіліне енген, кәсіби шеберлігін танытуда өзіндік көзқарасына сәйкес қызмет болып табылады.

Бұл пікірді Абайдың жетінші қара сөзіндегі « Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біріншісі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Екіншісі – көрсем, білсем деп, ер жетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, «ол неге өйтеді?», « бұл неге бүйтеді?» деп көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді», - деген ой - тұжырымы растайды. Биік танымдық қабілет, тұрмыс - тіршіліктің сырын ұғуға талпыныс баланың ерте жасынан туындайды екен. Сондықтан оқушыны ізденушілікке баулу бастауыш кластан басталуы тиіс.

Өйткені бастауыш класс оқушысының түрлі сөздіктер мен қызықты әдебиеттерді іздеп табуға, оқып танысуға деген құштарлығын басым болады. Баланы ізденушілікке баулу, оған зерттеу дағдысы мен білігін игерту бүгінгі білім беру саласының маңызды міндеті болып саналады.
Дарынды бала қойылған проблеманы тұтастай көре біліп, оған байланысты болмыс сырларын көптеп шешуге, белгісіз нәрселерге зер салып, қызығады, түсініксіз нәрсені білуге ынтазарлық, түрлі сұрақтарға жауап іздеп, ой әрекетімен шұғылдануға бейім келеді.
№3 Алға қазақ орта мектебінің де негізгі мақсаты – оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау, білімді өз бетінше меңгерту, оқушылардың өмірге деген көзқарасын қалыптастыру және интелектуалдық іс - әрекетке әзірлеу. Сонымен бірге, жаңаша оқыту жолдарын тауып, оны дамыту мен қалыптастырудың алғы шарттарын іске асыру.

Мектебімізде әдістеме саласындағы ғылыми жаңалықтар мен озық тәжірибелерді жетік игеру, оқу процесін технологияландыру бағытында шығармашылық топтар жұмыс істейді: дамыта оқыту технологиясы,
интерактивті оқыту технологиясы, модульдік оқыту технологиясы,
деңгейлеп оқыту технологиясы. Шығармашылық топтардың басты мақсаты оқу процесінде оқушылардың оқуға қызығуын арттыру, өздігінен білім алуға құштарлығын дамыту, оқушының мүмкіншіліктерінің ашылуына қолайлы жағдайлар жасау жұмыстарын шебер, тиімді ұйымдастыруға мұғалімдерге бағыт - бағдар беріп, көмектесу.
Оқушыны шығармашылыққа баулу үшін оның танымдық қызығушылығын арттыру бағытында едәуір жұмыстар жүргізілуде. Оны төмендегі сызбадан көруге болады:

Дарынды оқушының ізденушілік қасиетін қалыптастыру оқытудың түрлі формалары мен әдістері арқылы жүзеге асырылады. Солардың ішіндегі ең тиімдісі (зерттеуге оқыту)- оқушылардың ғылыми қоғамын ұйымдастыру.
Сондықтан мектеп оқушыларының дарындылығын дамыту жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру басты мақсат, ғылыми проблема болып табылады.
Жеке тұлғаны дамытып қалыптастыру үшін олардың өзгермелі әрекеттерін айналадағы нақты құбылыстар мен таныс объектілерді зерттеумен байланыстырудың маңызы зор.
Тақырыпты таңдағанда «мені не қызықтырады?»- деген сұраққа жауап беру керек.
Тек мұғалім оқушыға жоба жаза алатынын және жақсы идеялардың барлығы да жазу кезінде болатынын түсіндіріп, оқушының жазуға деген қызығушылығын арттырса сонда бала зерттеу жұмысын жазуға талпынады.

Зерттеу жұмысымен айналысу, шығармашылық жоба жазу оқушының аналитикалық ойлау қабілетін дамытады, шешім қабылдай алу қабілетін қалыптастырады. Оқушыны ізденушілікке баули отырып, ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес армандарына жетуге, өз жолдарын дәл табуға көмектеседі.

Оқушыны ғылыми - зерттеу жұмысына қатыстыру үшін алдымен, оны қызықтыра отырып, зерттеу талабын қалыптастыру керек. Яғни оқушы ақпаратты ала білуге, оны басқаларға хабарлай білуге талпынуы тиіс. Ең алдымен оқушыны өздігінен шешім қабылдауға, ақпараттар алуға, оны басқаларға жеткізе білуге үйрету қажет.
Қазіргі білім мен тәрбиенің негізгі бағыты - жан - жақты дамыған тұлға қалыптастыру, тұлғаның «Мен» менталитетін қалыптастыру, өзін - өзі тану, өзін - өзі дамыту мәселесінің айналасында болып отыр.

Расында да, тұлғаға дұрыс бағыт беру, даму, қалыптасу аймағына енгізу, өз белсенділіктерін туғызу, өзін - өзі тәрбиелеу іс - әрекеттерін ықпал ету - ұстаздар алдындағы жауапты міндет.
Осы үрдістегі мұғалімнің ролін төмендегіше саралауға болады:
- диагностикалық жұмыстар арқылы психологпен бірлесе отырып, ғылымға икемді, дарынды балаларды анықтау;
- тәрбие жұмыстары арқылы оқушылардың ғылымға деген жағымды көзқарасын қалыптастыруға түрткі жасау;
- танымдық белсенділіктерін дамыту үрдісінен іздену. Оқушылардың танымдық белсенділіктерін қалыптастыру – оларды ғылыми - ізденіс аймағына енгізудің басты жолы.
Оқушылардың ғылыми қоғамы мұғалімдермен бірлесе отырып, балалардың ынтасы, қабілеттерін ескеріп, өз қалауларына жол ашып, іздену, зерттеу тақырыптарын алуды ұйымдастыру, ғалымдармен тікелей байланыса отырып, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуі керек.

Оқушыларды ғылыми ізденіске баулу мақсатында «Мен - зерттеушімін», «Мен - жобалаушымын» деген дәптер арнату. Дәптерге оқушылар ғылым әлеміне енудің түрлі жолдарын жазады, ұлы ғалымдар еңбегі, өмірінен мәліметтер береді. Оның маңызы оқушыларға практикалық та, теориялық та көмек бере алатынында. Ол әр баланың алдында жатады. «Мен - зерттеушімін» тақырыбында оқушылармен «дөңгелек стол», әңгімелер өткізуге болады. Алғашқы әңгімелерде «ғылыми жұмыстардың түрлері» сөз болады. Бұл жұмыстың тиімділігі оқушылардың ғылым туралы ұғымдарын кеңейтуге ықпал етіп, іздену, зерттеу жұмыстарының түрлерімен таныстырады.

Жалпы айтқанда, педагогикалық ұжым дербес ойлап, кез келген жағдайда шешім қабылдай алатын, дүниетанымы терең, жан - жақты дамыған шәкірттер тәрбиелеуді көздейді.
Мектебімізде дарынды баламен жұмыс жүргізуге ерекше назар аударылуда. Балаларды ғылыми - ізденіске, ғылыми жоба қорғауға баулу арқылы білімдерін тереңдету ісі жүріп жатыр. Оны - әлемдік білім кеңістігіне ену жолындағы тұлғаны дамыту аймағына кіргізу мақсатындағы бір қадам деп есептеуге болады.
Мектеп оқушыларын ғылыми - ізденіске баулу 2000 - 2001 оқу жылынан бері жүргізіліп келеді. Жыл өткен сайын әр түрлі пәннен ғылыми жоба жарысына қатысушылар саны көбеюде. 2009 - 2010 оқу жылында математика пәнінен 2 оқушы ғылыми жоба жарысына қатысты. Соңғы жылдары мектебімізде де ғылыми - практикалық конференция өткізіліп жүр.

Өткен оқу жылында мектебімізде өткізілген ІІ ғылыми - практикалық конференцияға әр түрлі пәндерден өздері таңдаған тақырыптары бойынша 10 оқушы ғылыми жобаларын қорғап аудандық ғылыми - практикалық конференцияға жолдама алған болатын, одан әрі Кіші ғылым Академиясы Ақтөбе филиалының ХІV ғылыми - практикалық конференциясында өздерінің
ғылыми жобаларын қорғап шықты. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей қатынасқан 773 оқушының ішінен, мектебіміздің 10 класс оқушысы Д. Смағұлова (биология пәнінен) жүлделі ІІІ орынды иеленіп, математика пәнінен

«Сандардың бөлінгіштігі» тақырыбына 7 класс оқушысы А. Жоламанова мен «Үшбұрыштың таңғажайып нүктелерінің қасиеттерін зерттеп, практикалық есептерге қолдану мүмкіндіктері» тақырыбына 8 класс оқушысы А. Ахметхановалар өз жұмыстарын ойдағыдай қорғап, «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Мектептің педагогикалық ұжымы үшін мақтаныш 10 класс оқушысы Д. Смағұлова (биология пәнінен) Республикалық ғылыми - практикалық конференцияда жүлделі І орынға ие болды.

Оқушымен шығармашылық жұмыс бастамас бұрын мұғалім өзіне төмендегідей талап қойғаны дұрыс:
1. Дарынды баланы анықтауда психологпен бірлескен жұмыс жасау;
2. Ата - анасымен педагог ретінде сөйлесе білу;
3. Дарынды балаларға арнайы бағдарламалар жасау;
4. Дарынды балаға шығармашылықпен жұмыс істеу үшін жаңа, тың тапсырмалар беру, орындалуына талап қою;
5. Жаңа технология элементтерін сабақта пайдалану;
6. Тапсырманың орындалу нәтижесін қадағалау.
Оқушыларды ғылыми жоба жарыстарына дайындауда мынадай мәселелерге ерекше көңіл бөлу қажет:

- Тақырыптың ғылыми құндылылығы;
- Таңдаған тақырыпты ашудағы оқушы еңбегінің сипаты, қосқан үлесі;
- Көрнекілігі мен ұсынылған материалдың сапалылығы;
- Ойын ұтымды, жағымды жеткізе алуы, сөйлеу мәнері, өзін ұстауы, аудиторияны тартуы;
- Жұмыстың көркем безендірілуі.
Оқушылардың бойында дарындылық қасиеттерін, ізденімпаздығын қалыптастыруда кластан тыс, жеке, ұжымдық жұмыстар ұйымдастыруда шығармашылық ой, пәндік апталықтар мен үйірмелер, факультативтік сабақтардың маңызы зор. Барлық жұмыстарда оқушылардың қалауы, таңдауы мен ұсыныстарын ескеру қажет. Мектептегі пәндік сайыстар, түрлі шығармашылық кештер оқушылардың ізденіс қабілетін ұштап, оң нәтижеге жетуге ықпал етеді.

Мектебіміздің оқушылары халықаралық интеллектуалдық ойын сайыстарына да қатысып, жақсы жетістіктер көрсете білді.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген ұлағатты сөзге сүйеніп, бар мүмкіндікті пайдаланып, баланың қабілетін, дарынын ашу және әрбір оқушының өз мүмкіндіктерін, қабілет және икемділігін таныта білуіне жағдай жасау – мұғалімнің басты міндеттерінің бірі. Ендеше мектепте оқушыны ізденушілікке баули отырып ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес армандарына жетуге, өз жолдарын дәл табуға, ғылымға жетелеу арқылы өздерінің қабілеттерін ашуларына көмектесуіміз қажет.
Жаңа ғасырға қадам басқан жас жеткіншектердің қазіргі өмірге бейімділігі болу керек. Ол өмірдің әр тетігіне үңіліп, тығырықтан шығар жолға даяр болуы қажет. Дарынды да, қабілетті оқушыларды ғылымға баулып, ғылым арқылы егемендігімізді нығайтуға үлес қосайық құрметті әріптестер!
54 680
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Білімді жастар - еліміздің болашағы
Білімді жастар - еліміздің болашағы
Адамзат алдында тұратын ұлы мұрат – міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы, рухани бай және ақыл - парасаты мол, мәдени - ғылыми өресі озық азамат тәрбиелеу.
Жаңашыл ұстаз өмір талабы
Жаңашыл ұстаз өмір талабы
Жаһандану заманында жас ұрпақтың жаңаша ойлау қабілетін, белсенділігін арттыру, білімге деген құштарлығын ояту, өмірінде оны қолдана білу, отансүйгіштік қасиетін одан әрі дамытуға бағыттау – ұстаздың басты міндеті деп білемін.
Интерактивті технология негізінде құрылған флипчарт - сабақтарды қолдану арқылы кәсіптік білім сапасын арттыру жолдары
Интерактивті технология негізінде құрылған флипчарт - сабақтарды қолдану арқылы кәсіптік білім сапасын арттыру жолдары
Білім беру мекемелерінің алдына қойып отырған мақсаты - инновациялық оқыту технологиясы арқылы оқу мен тәрбие жұмысын дамыту, елдің әлеуметтік - экономикалық жағдайын жақсарту бағытында жеке тұлғаға жүйелі, нақты білім беру.
Жаңа технология - білім сапасының кепілі
Жаңа технология - білім сапасының кепілі
Рудный қаласы, МКҚК «Ы. Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік - гуманитарлық колледжі» Турагулова Б.Т.
Технология пәнінде оқытудың жаңа технологиясын қолданып, оқушылардың шығармашылығын, ізденімпаздығын қалыптастыру
Технология пәнінде оқытудың жаңа технологиясын қолданып, оқушылардың шығармашылығын, ізденімпаздығын қалыптастыру
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы Сенек ауылы, Қашаған Күржіманұлы атындағы орта мектеп Технология пәнінің мұғалімі: Джанбаева М. Н
12 жылдық білім беру жағдайында жаңа тұрпатты бастауыш мектеп мұғалімін дайындау мәселелері
12 жылдық білім беру жағдайында жаңа тұрпатты бастауыш мектеп мұғалімін дайындау мәселелері
12 жылдық білім беруге көшу: 1. Қазақстандық білім жүйесін реформалауды; 2. Шығармашылықпен дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған жаңа ұлттық үлгіні жасауды; 3. Жалпыға арналған біліммен «білім әркімге өмір бойы» үлгісіне саналы түрде
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×