Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Орта білімді дамыту стратегиясына ұсыныс

25 қазан 2019, Жұма
Категориясы: Ұстаздарға

Орта білім стратегиясына ұсыныс
Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өзжанымызға /қазақ жанына/ үйлесетін негізде құра білсек келешегіміз үшін тайынбай – ақ серттесуге болады. Мағжан Жұмабаев
Биылғы тамыз кеңесінде, Президент Қасым - Жомарт Тоқаев отандық білім беру жүйесінің үздік үрдісін сақтай отырып, бір орында тұрып қалмай, әрдайым даму жолында болу керектігін ескертіп, білім саласын дамытудағы алда тұрған келелі мәселелердің бағытын нұсқап: «– Орта білім беруді дамыту стратегиясын айқындау қажет. Бүгінде әлемде 12 жылдық білім беруге арналған жалпы орта білім берудің белгілі бір стандарты қалыптасты. Бастауыш сыныптарда оқыту ұзақтығын арттыру үрдісі сақталуда, әлем мектептерінің 60 пайызында білім беру 6 жастан басталады, бұл баланың ерте интеллектуалды дамуы мен әлеуметтік бейімделуіне ықпал етеді. Үкіметке білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 12 жылдық үлгіге әбден ойластырып, бірқалыпты көшірілуін қамтамасыз етуді тапсырамын, – деп еді. Сонымен қатар жиында қала мен ауыл балалары арасындағы білім беру теңсіздігін жеңудің маңызын атап, білім беру жүйесіндегі алалықты жоюды ерекше ескерткен болатын. Бұл турада президент ұстанымы: білім беру стандарттары мен бағдарламалары бірыңғай болуы тиіс. Себебі барлық балалар тұратын жеріне немесе олардың ата - аналарының әлеуметтік мәртебесіне қарамастан сапалы білімге қол жеткізуі қажет.» Бұл әлемдік ортақ білім идеясы қазақ білім философиясына келуінің бастамасы. Президент алғашқы жолдауында: «... Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт - бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс.» «... Тағы бір өзекті мәселе. Бұл – оқулық сапасының төмендігі. Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету – тиісті министрліктің тікелей міндеті....

Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды.» Осы міндеттерді жүзеге асырудың алғышарты қаншалықты, неменеге қолымыз жетіп, қайсыға қармануымыз қажет?- деген сауалға пікір білдіреміз. Бүгінгі Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесінде мектептің көптеген түрлері жұмыс істеп жатыр. Жеке меншік мектебі. Республикалық жеке меншік білім беру ұйымдары қауымдастығының мәліметінше, 2015 - 2016 жылдармен салыстырғанда, 2017 - 2018 жылдары жекеменшік мектептердің саны Алматы қаласында (+9 мектепке), Ақтөбе облысында (+1), Батыс Қазақстан облысында (+1) және Қарағанды облысында (+1 мектепке) өскен. Еліміздегі мектеп жасындағы балалар саны 3 млн.- ға жуық. Жекеменшік білім беру мекемелерінің үлесі 1%- дан төмен. Ал, әлем бойынша бұл көрсеткіш 12 - 29% құрайды. Бүгінде Қазақстанда 3 300 - ге жуық ұстаз жеке меншік білім беру ұйымдарында жұмыс істейді. Жеке меншік мектептерде жылдық оқу құны орта есеппен 900 мың теңге. Соңғы үш жылда бұл нарық 28% - ға өсіп, жылына 20 млрд. жуық теңгені құрап отыр.( 2018 жылғы дерек.)
Мемлекеттік мектеп. Шағын жинақты мектептер жалпы орта білім беру ұйымдарының жалпы санының 44 %- ын құрайды. ШЖМ - ның материалдық - техникалық жарақтандырылу деңгейі төмен, бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ беруге мәжбүр. Ауылдық және қалалық мектептердің арасында (материалдық база, мұғалім кадрлар мен қамту, мұғалімдердің білім беру, оқушылардың білім алу мүмкіндігінде) айтулы айырмашылық бар. Ауылдық жерлерде орналасқан мектептердің саны қалалық мектептерден 3, 3 есе көп. Бұл ретте қалалық мектептердің оқушылары ауылдық оқушылармен салыстырғанда көп (қала – 1 412 503, ауыл – 1 311 624). Жалпы, еліміздегі 7014 мектептің 128 үш ауысымды және 31 апатты жағдайдағы мектеп аталып оны арылту ісі жан - жақты қарастырылуда. Бізде толып жатқан "Дарын", "ҚТЛ", "НЗМ", қосымша білім беретін т. с. с. мектептер де бар. Бір сөзбен айтқанда, орта білім жүйесі нағыз ізденіс пен талпыныс үстінде. Алайда барлығы жетіліп, өзгеріп, жайнап, кемеліне жетіп кетті дей алмаймыз. Дәлірек айтқанда, олардың бағдармалары, оқулықтары, мұғалімдердің шеберлік деңгейі, білім беру сапасында айтулы айырмашылық бар, тіптен мұғалімдердің еңбек жүктемесі, жалақысына дейін алалық орын алып отыр.


Осының бәрін теңестіріп, бір деңгейге келтіріп, оның тиімділігін арттыру бүгінгі күннің басты міндеті болмақ. Орта білім беру үш кезеңмен тәрбиелеу және оқыту сатылы, сабақтасқан, жүйеге көшу керек. Алғашқы кезең:(3 - 10 жас)- сауат ашып жетілу, (11 - 14 жас) дараланып даму. Осы күнгі мектепалды мекеме мен бастауыш мектеп бір арнаға түсіп, негізгі мектептің құрамдас бөлігіне айналу керек.(Мұны ғимараттық және әкімшілік бірігу деп ойлап қалмаңыз. Әңгіме, бағдармалық, мазмұндық сабақтастық туралы болып отыр) Бүгінгі балабақша, балдырғанның уақытын алдарқатып өткізу орны да емес, сондай - ақ, оларды мектепке дайындау мекемесі де емес. Балдырған балбөбектерді дамытып жетілдіретін, оқытып үйрететін ерекше оқу орны екенін мойындау керек. Екінші жағынан, елім - ізде мектеп жасына дейінгі балалардың 95, 4 пайызы балабақшаға қамтылу мүмкіндігі қолға келгенін ескерсек, ертең ақ 100 пайызға жететіні даусыз болғандықтан бұл ұсыныс орынсыз да емес. Мектепке дайындау да, алты жас аясында балабақшада бірнеше айлық уақытта жүргізіледі. 3 - 10 жас аралығында барлық балалар сауат ашып жетілуге тиіс. Сауат ашып жетілу дегеніміз не? ЮНЕСКО - ның ұсынған білім философиясы бойынша осы заманда өмірге келген ұрпақ, есі дұрыс дені сау болса (қазақ бұларды текті жан деп атаған) он үш түрлі сауатын ашып жетілдіру арқылы кәсіп игеріп, ғылым негізін үйрене алады екен. Ең әуелі, ақыл - есі түзу, ойлап зерделей алу, тоқып еске сақтау сауаттылығы мен сөйлей алу сауатын ашуы тиіс. Білім шыңына үш жол апарады: ойлау жолы – бұл игі әрі қайырымдылық жол, Ұқсауға тырысу мен еліктеу бұл – жеңіл жол, Тәжірибе жинау жолы – ең құдіретті әрі абыройлы биік жол. Әл - Фараби бабамыз айтқан «туа бітті интеллекті» дамып, Нәзипа апамыздың ескерткен «сөйлеу өнерін» игерту осы жастағы балалар үшін басты білім. Ал, мектеп есігін аша сала оқу жазуы алдыңғы аталған сауаттарға ұштаса отырып дамытылуы ләзім. Н. Құлжанова: “Балаға сусындай керегінің бірі – сөйлеу. Түрлі білімнің түбірі, негізі – баланың сөйлеуі...»- деп, олардың ойлағанын ашық та, айқын толық жеткізе білуі, ғылым - білім игерудің алғышарты екенін өте дұрыс көрсеткен. Оқи алу, жаза алу сауаты мектеп жасына жеткендердің ыждаһаттықпен игеретін асыл сауаты. Бүгінгі таңда мектеп жасындағы сәбилердің игермек сауаты осымен ғана бітпейді. Ұлық ұстаз А. Байтұрсынов: «Сауат ашу дегеніміз тек оқу - жазумен ғана шектелмейді...»- деген екен. Айталық еңбек ету сауаттылығынсыз, мәдениетінсіз адам баласы қашан да, тән және жан азығын тауып, дәмін татпағаны баршаға белгілі. Тән азығын нәресте шағынан игерген жас бала жан азығын анасының үнінен, сылдырмағының дыбысынан алады. Шақалақ үшін алғашқы еңбек – ауыздану. Осы дене еңбегін игеру сауаты күн сайын өсіп жетіліп, бекіп нығайып отыруы тиіс. Аунау, еңбектеу, тік тұру, қадам басу т. т. жалғаса береді.


Нәресте әр күн сайын өмірмен танысып, қадам басқан сайын « жаңалық ашады.»Осы жаңалықты ашу үшін оған танып білу сауаттылығы қажет. Дәлірек айтқанда, жаңалық ашудың сәбиге тән әдіс - тәсілі болады. Сәбидің жасы қосылған сайын осы әдіс - тәсілдерлің саны, шанағы, дәрежесі үнемі артып отырады. Кейбір әдіс - тәсілдер бекіп, машық дағдыға айналады. Олай болса балаға білім беру, оны тәрбиелеу, дамыту дегеніміз олардың «ғылыми жаңалық» ашып, зерттеу машық дағдысын жетілдіруге көмек көрсету, қолайлы жағдай туғызу. Жаратушыдан берілген ақыл - парасаты молығып, нұрлануы шарт. Көкірек көзі ашылу басталып, ақыл көзі айқындала түсу керек. Бұл оқу - тоқу жасалмаса, оның интеллектуалдық дамуы жасалмаса иманды ұл, ибалы қыз қалыптаспайды. Осы заманғы ғылымның анықтауы бойынша адам интеллектісінің 40 - 50% бес жаста, 60 - 70% жеті жаста, 9 жаста 92%- ға дейін және 15 жаста толық қалыптасады. Қазақта осы жастағы балалардың интеллектісін қалыптастыратын арнаулы ойын - ойыншық, тақпақ, жаңылтпаш, жұмбақ (оның өзі бес бағытта), ән - күй, ертегі, есеп, әңгіме бар болған. Хат танытып, жазу сызу үйретпесе де олардың зердесін ашып, көкірек көзін оятатын, тамаша құралдары, оңтайлы әдіс амалдары жеткілікті еді. Осы заман алдынғы айтылған сауаттылықтарға:- есептеу сауаттылығы, қаржылық сауаттылық, ақпараттық сауаттылық, компьютерлік сауаттылық, өміртану сауаттылығын тіркеп отыр. Сауат ашып жетілдіру шағында балдырғандар еркін ойлайтын, келістіріп оқи алатын, шебер жаза алатын, ауызша және техникалық құрал пайдаланып терең есептей алатын, сауаттылығын өмірде көрсете алатын, пайдаланып іске жарата алатын, немесе сауаттылықта «алып та жығатын, шалып та жығатын» пәрменді, қабілет қарымды болу керек. Осының бәрін 3 - 10 жас аралығында игертуге арналған жаңа мазмұнмен толықтырылған заманауи бағдарлама жасауымыз қажет. 11 - 15 жас аралығында осы сауаттылығын тереңдетіп жетілдіріп, жеке басының қарым – қабілетіне сай, ынта - қызығу талпынысына сай, бейім ыңғайына сай еңбек пен өнер - білім жолына түсу таңдауын жасайтын болуы тиіс. Айталық, адам баласында әсемдікті игеру тума сауаттылық бар екен. Себебі, оны Жаратушы да, өмірге әкелген ана да, қоршаған орта да әсемдікке бөленген сырлы дүние. Текті жан солардың барлығынан алатын еншісін алып өмірге келеді. Егер осы дарын көзін ашып, сауаттылығын игертіп, жетелеп жетілдірсеңіз, сөзсіз ол, дара даму жол - ына түседі. Өткен шақтағы қазақтың өнер майталмандары ордалы оқу орнын көрмесе де, осы сауаттылығын жетілдіріп дамыту арқылы аты жалпақ жұртқа, ел аумағына, асырып айтсаңыз әлемге танымал болған. Олай болса, осы күнгі негізгі мектеп аталып жүрген орта мектептің екінші басқышында дара дамыту басты ұстаным болуға тиіс. Осы жағдайда, музыкалық, бейнелеу - мүсін өнері, сөз өнері, би өнері, спорттық т. б. қарым - қабілетін ашып, олардың ынта жігеріне сай талант қажет ететін арнаулы мектептерге бағыттап баулып отыру керек. Ал, ғылымға және еңбекке қызықтыру, бейімдеу, ынталандыру осы кезеңдегі тәрбиелеу, оқыту ісінің негізгі бағыты болғаны дұрыс. 6 - 9 сынып оқушылары өз ел жеріндегі және әлемдік киелі, қызықты, таңғажайып тамаша орын, өлке, табиғаты туралы толық мағлұмат алып, жер қойнауы, теңіз астында, аспан әлеміндегі сырлы да, таңғажайып көріністер мен қозғалыстарға, өзгерістер мен ерекшеліктерге олардың санасын тартып, зейінін бағыттап отыру қажет. Олардың бәрі арнаулы пән арқылы оқытылмаса да, Жаратылыс тану пәнінде қызықты астрономия, қызықты математика, қызықты физика т. б. осы жастағы балаларды ғылымға тартатын, қызықтыратын бөлімдер болуы тиіс. Еңбекке баулудың өзі балалардың бейім ыңғайы, ынтасына сай келешек кәсібіне негіз боларлық бағытта жүрілуі тиіс. Мысалы оқушыларға ой еңбегімен айналысып жатқанын оның да сауаттылығы бар екенін ұқтырып, білім игерудің технологиясымен толық таныстыру қажет. Қол еңбегінің қарапайым технологиясы емес ең озық технологиясы үйретілу керек. Мысалы қымыз ашытудың қарапайым әдісін игерту емес, ең дәмді, барлық қасиетін сақтаған қымызды, құрғақ, сұйық, қою түрінде қалай әзірлеуді үйрету абзал. Технология пәні сонда ғана барлық бағытта осы тектес сабақ өткізіп нәтижеге жетеді.(Мұның бәрін ойдан шығарып, қияли арманға салынып, айтып отырған жоқпын, өз басыммен атқарып, өмірде жүзеге асырған нақты тәжірибеге сүйеніп сөз еттім.)


Айтылған орта білім берудің қос сатысын: егер қазақ тілінде, үйретіп ұқтырсаң, сауат ашып оны жетілдірсең, Қазақстан Республикасында қазақ тілінде оқытатын негізгі мектебін ашу, жұмыстату мүмкіндігі қолға келмек. Екінші жағынан бұл мектепте отбасында өз тілінде оқып - тәрбиеленген қазақ баласы ғана емес, орыс, неміс, кореец, өзбек, армиян т. б.
этностардың кез - келгенінің балалары да осы мектепте оқып білім алып, сауат ашып дами алады. Орта мектептің алғашқы екі сатысында: сауат ашып, жетілдіріп және дара дамытуды оқытып - тәрбиелеу ісінің негізі болдырудың ең басты артықшылығы осында болып отыр. Ал, орта білімнің алғашқы екі сатысын ағылшын тілінде, орыс тілінде, неміс тілінде, қытай т. б. тілінде жүзеге асырсаң Қазақстан Республикасында шет тілінде оқы - татын мектеп ашу, жұмыстату мүмкіндігі қолға келеді. Кәзіргі орыс тілінде оқытатын мектептеріміз, қазақ тілінде оқытатын мектеп пәндерін орысша аударып ұсынған. Бұл шет тілінде оқытатын мектеп санатына жатпайды. Аударма білімнің әсіресе сауат ашып жетілдіру сатысында көптеген кемшілігі болатыны белгілі. Шет тілінде оқытатын мектеп, қоғам талабына сай, ата - ана, оқушы қалауына сәйкес қажетті жерінде ғана ашылады, оған жалпақшешейлік жараспайды. Бізде шет тілін оқыту мәселесі негізгі мектепте сол мектептің сауат ашып жетілдіру тілі толық меңгерілмей жатып, қосарлап жабыстыра оқытатын ғылыми негізсіз үрдіс қалыптасқан. Бір айқын мысал келтірейін. Өзімізде ертеректен бері орыс тілінде оқытатын мектепке қазақ тілі орта сыныптардан қосарлана оқытылып келген. Осы оқытудың сол оқушыларға қазақ тілін игеруіне себебі тиді ме, жоқ па дегенді білу үшін, қазақшаны жетік меңгерген 100 адамға: «Сіздің қазақшаны жақсы меңгеруіңізге мектепте оқытылған «Қазақ тілі» пәнінің жәрдемі тиді ме?- деген сауалға олар жалпылай «жоқ»- деп жауап берген. Себебі, олардың 72 - сі қазақ мектебінде, 28 - і орыс тілінде оқып орта мектебін бітірген. 28 - дің 20 - сы ауылда достарымнан қазақ тілін үйрендім десе, 8 азамат «біздің отбасымыз қазақ тілінде сөйлейтін, біз әке - шешемізден үйренгеміз»- депті. «Қазақ тілінде мектеп оқып, мамандық игергеніңіз сіздің өміріңізде «әттеген - ай»- дегізген кезі болды ма?- деген сауал қойылған. Сауалға қатысушылардың (Қазақстанда мамандық иеленіп, арнаулы орта және ЖОО оқыған 57 адам, басқа республикаларда арнаулы орта және ЖОО - ын тамамдаған 38 адам, Германияда білім алған 5 адам) барлығы да «айта көрмеңіз, керісінше біздер жұмысқа орналасқанда, қазақшамыз, бағамызды арттырып жіберді»- дескен. Мұнан шығатын қорытынды; бала бір белгілі тілде сауатын ашып, жетілдіріп жатқанда екінші тілді қосарлап оқыту нәтиже бермейді. Орыс тілінде оқыған балаларымыздың барлығына қазақ тілін игерте алмаған себебіміз осы.

Олар өскен соң да, қызмет істеп жүрген кезде де қазақ тілін оқытып үйрете алмай келеміз. Оның себебі қазақ тілін оқытып үйрету мен қазақша сауатын ашып жетілдіру арасындағы айырма - шылықты айыра алмай жүрміз. Кәзіргі шақта балаға «білгеннің зияны жоқ»- деп, оларға көп - ақ оқу - білім береміз, балалар ол білімдерін өмірде пайдалану, керектену, жүзеге асыру құзыреті жетпей «көп оқып, миы ашыған миғұла» болып шыға келеді. Айтыңызшы, екінші сыныптан бастап қытай, ағылшын, орыс, араб тілдерін оқытудың тигізетін пайдасынан зияны көп екенін біле тұра солай жасайтынымыз, неліктен? Шет тілін оқып - үйрену заман талабы, өркениет еншісі. Оны түсінгеніміз жақсы ақ. Солай бола тұра, елімізде шет тілінде сауат ашып жетілдіретін бір де - бір мектеп жоқ! Орыс тілінде оқытатын мектеп болу үшін Ресейдегі орта білім беріп отырған, ең озық, ең зиялы мектеп бағдарламасы, оқулығы. оқытушысы, керек десеңіз сол орданың ғимаратына, қоныс жайына дейін «көшіріп» әкеліп өзімізде тұрғызуымыз керек. Ал, әзірге өзімізде жұмыстап жатқан «аударма мектептердің» ғимаратын пайдалана беруге болады. Оларды елімізде келешекте орнайтын ағылшын тілінде, қытай тілінде, араб тілінде, француз т. б. тілінде оқытатын мектептер үшін де керекке жарату орынды. Мұның соңы, кәзіргі «аударма мектептер» аз жылда жойылып, орнын шет тілінде оқытатын заманауи қазақстандық мектептер басады. Кәзіргі кезде кей жұрттың балаларының шамалы бөлігі өздерінің қалауы негізінде, 2 - 3 шет тілінде сауат ашып, жетіліп жатыр (Әрине бірін игерген соң келесісіне көшеді. Ешқашан қосарламайды.). Уақытша болса да, Америкада, Англияда, Францияда, Ресейде, Қытайда, Арабияда тұрған қазақтардың баласы, ағылшынша, қытайша, орысша, арабша сауат ашып жетіліп жүр. Осыдан болып олар қазақтығынан ажырап жатқан жоқ. Қазақстанның шет тілінде оқытатын қандай да бір мектебінің оқушыларына қазақ тілінде сауат ашып, жетілуіне (егер дұрыс методика қолдансаң) толық мүмкіндік бар. Алайда барлық балаға, барлық шет тілін жаппай оқыту керек деп жалпақшешейлікке, жалаң ұранға салыну даңғойлық болады. Мұның тепе - теңдігі мен ара салмағын дұрыс ұстай білу ләзім.


Орта білім берудің келесі сатысы 10 - 11 - 12 сынып оқушыларын оқытатын зияткерлік мектеп болады. Ғылым - білімнің белгілі бағытына ынта көңілі ауған, талғап таңдап оқуға, ғылым негізін тереңдетіп игеруге бейімделген, білім алу технологиясын әжептәуір меңгерген оқушылардың мектебі болуы тиіс. Ол осы күнгі іріктеп алынған оқушылардың басқадан артықшылық иеленетін НЗМ – не ұқсас болғанымен, өзара алалық (бағдарлама - сында, оқулығында, оқу – білім беру дәрежесінде, сапасында, оқытушылардың жалақы - сында, т. б.) болмайды. Ешқандай емтихан тапсырмайды, оқушының қалауы, таңдауы шеш - еді. Зияткерлік мектепке бір жыл бұрын барып оқып, онда оныншы сыныпты бітірген соң, егер қаласа әріптестерімен бірге арнаулы орта білім немесе ТжКБ беретін мектепке түсе алады. Қамтылған оқушы санына сай аудандарда 1 - 3, қалалар мен аумақты өлкелерде 5 - 6 - ға дейін құрылады. Қарапайымдау тілмен түсіндірсек 10 - 11 - 12 сыныбы бар барлық мектеп зияткерлік мектепке айналады, алайда ол мектепте 9 - 1 - ге дейінгі сыныптар болмайды. Мұндай мектептер бір кезде «ауыл аралық мектеп» аталған жағдай болған. Келешекте, негізгі мектепті бітірген түлектердің көбісі арнайы орта мектептер мен ТжКБ беретін мектептерге баруға ынталы болады. Олар 10 сыныбын өз мектебінде оқып бітірін, арнаулы орта және ТжКБ беретін мектептерін таңдап оқи алады. Терең білімді, шебер мамандар осы жолмен дайындалып, жоғары білімге қол жеткізе алады. Екінші бағыт, зияткерлік мектептерден, бейім икеміне сай ғылым негіздерін тереңдетіп игеріп, жетік жоғары білім алуға мүмкіндік болғандықтан негізгі мектептің тоғызыншы сыныбын бітірушілердің бір бөлігі зияткерлік мектепті таңдайды. Аудан орталықтарында зияткерлік мектепке үзеңгілес, Шағын жинақты мектептер мен негізгі мектептерге тікелей көмек көрсететін «Жәрдем» орталықтары жұмыстап, жылжымалы кабинет, онлайн сабақ өткізетін, құрылғылармен жабдықталған ақпарат тарату лабароториялары болуы қажет. Мұндай жәрдем, көмек орталықтары Жапонияда, Америкада кәзір де бар. ШЖМ - де бірнеше пәнді бір мұғалім үйретіп жатқанын көріп қана жәрдемдеспей, негізгі мектептің бірінде орын алып жатқан сауаттылықтың жетіспей, дараланып дами алмағанын айтып қана отырумен шектелу қандай әлсіздік деңізші!


Облыс орталықтарында, қалаларда, орнаған зияткерлік мектептерге үзеңгілес құрыла - тын қосымша білім беретін мектептерде жоғарыда айтылған жәрдем орталығының сыртында елімізде және халықаралық дәрежеде өткізілетін олимпиада, додаларға оқушылар дайындау міндеті жүктелу керек. Математика, физика, химия, биология, тіл, география т. б. пәндерді тереңдетіп, сапалы оқытатын мектептер қосымша білім беретін мектепке шоғырлану қажет. Олардың бір - екісі әр облыста, ірі қалаларда болуы тиіс. Қазіргі қосымша білім беретін мектептер «қосымша жаттығу жасайтын, үй тапсырмасын орындайтын, ҰБТ - ге дайындайтын» мектепке ұқсап барады. Екінші бір мәселе зияткерлік мектептер ауданда құрылса интернатымен қоса болуы тиіс. Сондай - ақ, оның оқу - өндірістік базасы, еңбекке баулу, кәсіп игерту мүмкіндігі болу керек. Мұны жүзеге асырудың бізде екі түрлі жолы бар. Бірінші. Әр аудандардағы зияткерлік мектеп пен арнайы орта оқу орындары, кәсіптік - техникалық мектептердің өзара ынтымақтастығы мен байланысын жаңа белеске көтеріп, олардың материал техникалық базасын, өндірістік оқу орталықтарын бірігіп пайдалану, өндірістік оқу жүргізуге бейімдеу қажет. Бұл әлемдік тәжірибеден өтіп сыналған үрдіс. Олар өзара мектеп ауыстыру, мамандық игеруде еркін болу керек. Екінші. Әр зияткерлік мектеп - тер өз аумағында және өндірістік мекемелер, фермерлер мен бизнесмендер, шаруа қожалықтарымен келісім шартқа отырып, 9, 10 сынып оқушылары айлық немесе 45 күндік еңбек тоқсанын өткізу орынды. Мұның бастамалары өзімізде кәзір де бар. «Бұл жағдай әр жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде.»- деп президент айтып ескерткен олқылықты жоюға мүмкіндік береді. Екінші жағынан:«Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт - бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс,»- деген президент тапсырмасын осылай жасасақ қана орындай аламыз.
Орта білім беру құрылымына мұндай өзгеріс жасаудың қажеті не?
1. Осы күнде 7 сыныптан бастап оқушылардың шамалы бөлігі іріктеліп алынып НЗМ - не қабылданады. Олар арнаулы емтихан тапсырады, ерекше қамқорлыққа алынады. Жалақысы жоғары, біліктілігі сыналған, бірер шет тілін меңгерген мұғалімдер іріктеліп алынып, сабақ үйретеді. Оның нәтижесі өз жемісін беріп келеді. Былай қарасаңыз, орта білім берудің дербес бір түрі қалыптасып келеді. Ал қалғандары (басым көпшілігі) жалпы білім беретін орта мектептерінің бастауыш, негізгі және жоғарғы сатыларында оқып білім алып жүр. НЗМ - нің құрылуын дарынды оқушыларға көрсетілген көмек, ерекше жасалған жағдай деп қабылдадық. Қалғандары НЗМ - і дәрежесінде оқып білім алуға құқығының жоқтығы қалай?
Оларға ерекше мүмкіндік, асқын қолайлы жағдай туғызуға неге құлықсызбыз? Еліміздің экономикалық жағдайы, оқытушы мұғалімдеріміздің шама - шарқы, мектептердің жеткілікті дәрежеде салынып бітпеуі тәрізді ықпалдардың бар екенін жоққа шығара алмаспыз. Аталмыш кемістікті жойып, ақша қаражат шығындамай, құрылымдық қана өзгеріс жасау арқылы мәселені оңтайлы шешеудің оңды жолын ұсынп отырмын.
2. 12 жылдық білім беретін орта мектептің жоғарғы сатысы неліктен үш ғана сыныбы бар? Оның пайдасы не? Бұл зияткерлік мектеп 10 сыныбына негізгі мектептің соңғы жылы неліктен көшірілген. Негізгі мектебінде 10 - сыныпты бітірген соң келсе де болмас па еді? Жалпы білім беретін ауылдық орта мектебінің жоғарғы сатысының тобы бір - екіден артық емес. Оларда бейіндік және тереңдетіп оқыту бір ғана бағытпен жүріледі. Аудан орталығында құрылатын зияткер мектептерінің жоғарғы сатысы 5 - 6 ға дейін көп топты болып ұйымдасу мүмкіндігі қолға келеді. Бұл дегеніңіз оларда бейіндік тереңдетіп оқытуды кең көлемде жүргізу және саралап оқыту STEM - білім беру мен STEM - сауаттылықты дамытуға мүмкіндігі кеңейеді. Барлық оқыту құрал жабдықтар мен ресурсстар бір орталыққа жинақталады. Smart педагогика да өз орнын табады. Бірер жылдан соң НЗМ - мен бәсекелес орталыққа айналады. Ал. бейіналды дайындықтықтың соңғы сыныбының мұнда құрылуының маңызы ерекше. Жасөспірімдердің бейін бағытын таңдау, келшек маман дығына бағытталуы оңай емес әрі құбылмалы келеді. Қателіктерін, таңдаудағы кемшілік - терін түзету мүмкіндігі оқушыларда болу керек. Егер оқушы зияткерлік мектебінің 10 сыныбын бітірген кезде арнаулы орта немесе ТжКБ беретін мектепке барғысы келсе жол ашық болуы тиіс. Жалпы орта білім беретін мектептердің арасында орын ауыстыру оқушы үшін еркін, ыңғайлы болғаны жөн.
3. Еңбекке баулу ісі орта білім берудің басты міндеті, абзал мақсаты болуға тиіс еді.
Өкінішке орай тәуелсіздікке қол жеткізген осы шақтағы ұл - қыздардың еңбекке деген қыры жойылып, оған баулу ісі тым құлдырап кеткен. Тіпті педагог – мұғалімдердің өзінде қол еңбегіне деген қөзқарас сыңаржақтанып барады. Дене еңбегі адам тіршілігінің негізіне саналмай, келешектің адамы жалғыз саусақты. саналы жануар болып шығатындай елестетуде. Ай бетінде іс қылушы астронавтың да, ауылдағы огородта картоп көміп жатқан апаның да қимыл әрекеті қол еңбегімен басталып, қол еңбегімен аяқталады. Жүз жерден автоматтандырып, электрондық басқаруға қоссаң да қол еңбегі шешуші рол атқарады. Алайда бүгінгі заманда қол еңбегі техникалық құрал - сайман, станоктарсыз жүзеге аспайды. Олай болса орта білім беруде қол еңбегі өндірістік еңбекпен ұштасу керек. Әсіресе орта білім берудің жоғарғы сатысында өндірістік оқу енгізіліп, кәсіпке баулып, маман игерту керек. Осы үшін де жалпы орта білім беретін мектептің жоғарғы сатысының сыныптарын ірі қалалар мен аудан орталығына топтастыру қажеттілігі туған еді.
Қобдабай Қабдыразақұлы (ғалым - жазушы) 24 қазан 2019

2 698
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Кәсіби шеберлік және құзіреттілік
Кәсіби шеберлік және құзіреттілік
Жоғары жетістіктерге жету үшін ең алдымен өзіңді жеңе білуге тәрбиелей алсаң, өз ісіңнің маманы бола аласың, кәсіпқойлық өздігінен - ақ пайда болады.
Ересек топтағы балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту
Ересек топтағы балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту
«Алақай» балабақшасы «Алақай» балабақша меңгерушісі Куаншалина Алма Аблайқызы
Математика сабағында өздік жұмыс жүргізу арқылы жеке тұлғаның құзыреттілігін дамыту жолдары
Математика сабағында өздік жұмыс жүргізу арқылы жеке тұлғаның құзыреттілігін дамыту жолдары
Астана қаласы, №53 мектеп – лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Аманова Т. С
12 жылдық білім беру жағдайында мектепке табысты даярлау факторы ретінде баланың тұлғалық дамуы
12 жылдық білім беру жағдайында мектепке табысты даярлау факторы ретінде баланың тұлғалық дамуы
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Қармақшы ауылы, №113 «Қаракөл» қазақ орта мектебі директордың бағдарлы ісі жөніндегі орынбасары Байсалбаев Дархан Абдуллаұлы
Жұмыстық оқу бағдарламаларын, оқу жоспарларын әзірлеуде оқу орындары мен мемлекеттік, жеке меншік, әріптестік қатынастардың ықпалдастығы
Жұмыстық оқу бағдарламаларын, оқу жоспарларын әзірлеуде оқу орындары мен мемлекеттік, жеке меншік, әріптестік қатынастардың ықпалдастығы
Қазақстанның әлеуметтік саясатында білімді дамыту мәселесі ерекше орын алып отыр. Білім берудегі мемлекеттік саясаттың негізгі принциптері мен бағыттары Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында айқындалған.
Химия және биология пәндері бойынша білім сапасын арттырудағы жаңа педагогикалық технологияны қолданудың тиімділігі
Химия және биология пәндері бойынша білім сапасын арттырудағы жаңа педагогикалық технологияны қолданудың тиімділігі
Бүгінгі күні педагогикалық алаңда білім берудің жаңа моделін құраудың, сынақтан өткізу мен енгізудің ауқымды міндеттері тұр. Оның жүйесінің негізгі ұстанымдары «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейін білім беруді дамыту тұжырымдамасында»
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×