Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Мәншүкті зерттеу - бір бақыт

13 наурыз 2013, Сәрсенбі
Категориясы: Ұстаздарға
М. Мәметованың 90 жылдығын атап өтуге байланысты тың деректер жинақтау мақсатында қаңтар айының қытымыр аязды күндерінде колледж оқытушысы Сарсен Гүлжанат екеуіміз батыс облыстарына жол тарттық. Алдымен зерттеу жұмысымызды Ақтөбе облысынан бастадық,

Ақтөбе қаласындағы М. Мәметова атындағы медициналық колледжі бізді құшақ жая қарсы алды. Бізді медициналық колледжге «Қос шынар» қоғамдық қорының жетекшісі Ғалымжан Байдербес бастап алып барды, ол кісі 2011 жылдың мамыр айында Қызылорда топырағында болып, М. Мәметова атындағы гуманитарлық колледжі базасында тарихи естеліктер куәсі болған еді, сондықтан Ғалымжан ағайдың көп көмегі тиді. Алғашқыда танымайтын жерде бейтаныс қызметкерлермен жүздесіп, өзімізге қойылған үлкен жауапкершілікті тапсырманы қаншалықты орындай алар екенбіз деп жүрексінгеніміз рас. Бірақ батыстың аязы тоңдырғанымен жылы жүзді жайдары адамдарының қарсы алуы біздің күдігімізді бірден сейілтіп жіберді.

Медициналық колледждің базасында М. Мәметованың музейі жақсы жабдықталған екен, музейде Невель қаласынан әкелінген «Максим» пулеметі, көптеген заттар қойылған, Мәншүктің соңғы шайқасы диаграммасы бейнеленген, музей материалдарын көргенде көзіміз тойды. Мәншүк музейінен көптеген материалдар көшірмелерін, брошюралар, фотолар алдық, кішкене де болса тың деректер таптық. Медициналық колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Толыбаева Баян Сатыпалдықызының біздің колледж ұжымына деген ыстық ықыласы, ізгі тілектері мол болды, қолдағы бар материалдарымен таныстырып, бір марқайтып тастады. Медколледжден соң №27 Ә. Молдағұлова атындағы көп профильді мектеп - лицей базасында болып батыстың батыр қыздары Әлия мен Мәншүкті қалай құрметтейтінін көріп таң қалыстық. Әлия - Мәншүк музейінен фотолар (музей жетекшісі – Турышева Ақгүл Берікқызы, тарихшы), Мәншүк музейінен «Аңызға айналған арулар» кітабы, (Ұ. Қауыс, Ғ. Байдербес), «Қазақтың батыр қызына арналады» Мәншүк түрлі - түсті брошюра, бірнеше мақалалар: «Мәншүктің ата - анасы кім?», («Атамекен», №3, 1991), «Мен Мәншүкті төрт рет көрдім», («Тағзым», 20. 09. 2002), «Қайта тірілген қос ару», («Тағзым», 20. 09. 2002), «Құрыштан құйғандай жан еді», (Ұлы Отан соғысының ардагері Ахметқазы Болатовпен сұхбат), «Мәншүк туралы сөз» (жазушы Ә. Нұршайықовтың архивінен) көшірмелері арқылы Мәншүкті тани түстік.

М. Мәметова атындағы медициналық колледж ұжымы тіршілігі қайнаған, ауызбіршіліктің, жоғары мәдениеттіліктің, өнегелі тәрбиенің орнаған жері екен, Мәншүк атына лайық, өз істерінің шебері, өз елінің патриоты дерсің. Оны Ақтөбеде болған үш күндік жұмыс барысында байқап отырдық, іштей сүйсіндік, келгесін Гүлжанат екеуміз көргенімізді, түйгенімізді ұжымымызға, оқушыларымызға жарыса айтып жеткізуге тырыстық. Мәншүкті зерттеу жұмысымыз одан әрі Орал қаласында жалғасты. Алдымен №27 М. Мәметова атындағы мектеп - лицейіне болдық. Мектеп - лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Баяшқызы Мұсағалиевамен де жұмыс барысында тез сөйлесіп кеттік. Жалпы Орал халқының бізбен ұқсастықтары көп екен, қарапайым, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, қазақ тілін шұбарламай, таза сөйлейтіндіктерімен есімізде қалды.

Орал жеріндегі алғашқы жұмыс күніміз де көңілімізден шықты, Мәншүк есімі аталған сайын, Мәншүк жайлы әрбір дерек, құжат, сурет табылған сайын қуанышқа бөленіп, күннің суықтығын, тоңғанымызды ұмытып қанаттана түстік, бойымызды Мәншүк рухына деген құрмет, Мәншүк ерлігін дәріптеуге аз да болса үлес қосамын - ау деген қуаныш сезімі биледі. №27 М. Мәметова атындағы мектеп - лицейінен Ә. Нұршайықовтың М. Мәметованың мемориалдық музейі директоры Ұрқия Ыбырашқызы Ершорееваға жазған хаттары, Орал қаласындағы №27 мектепке Кеңес Одағы Батыры М. Мәметова есімін беру туралы Орал қалалық мәслихаты мен қала әкімінің шешімі (№26/7, 2. 10. 1997 жыл), М. Мәметоваға Кеңес Одағы Батыры атағын беру туралы куәлік көшірмесі, (23. 12. 1966 жыл) материалдарын, М. Мәметованың 85 жылдығында түсірілген суреттерін алдық. Сонымен бірге №27 М. Мәметова атындағы мектеп - лицейін 1996 - 2004 жылдар аралығында басқарған мектеп директоры, қазір зейнеткерлік демалыста Күләш Құрманғалиқызы Құрманғалиевамен сұхбаттасу сәті түсті. Ол кісіден табылған материалдар біз үшін құнды дүние болды: Мәншүктің 2 - кластағы суреті, Мәншүктің бөлесі Исатай Жауынбаевтың М. Мәметованың мемориалдық мұражай үйіне келгендегі суреті (директор Ұрқия Ыбырашқызы Ершореевамен), «Бөкей ордасына 210 жыл» тарихи энциклопедиясы көшірмесі, Мәншүк Мәметова, Әмина Мәметова туралы беттер көшірмелері, Әмина Мәметованың суреттері, Мәншүктің ағасы Алиев Қадірдің суреті, Мәншүктің туған жері «Бөкей Ордасына 210 жыл» түрлі түсті суреттер жинағы мол мұрағат болды, сонау Қызылордадан қыстың аязды күндері іс - сапарға жіберіп, Мәншүкті зерттеп жатқан оқу орындарыңыз қандай керемет, басшыларыңыздың мықтылығы ғой, Мәншүктің 90 жылдығын өткізуді Мәншүк жерінде болсақ та біз жоспарлап үлгіргеніміз жоқ әлі деп таң қалып жатты. Күләш Құрманғалиқызы Құрманғалиеваның М. Мәметова атындағы гуманитарлық колледж директоры Ә. Ж. Әбдіхалықоваға ризашылықпен жазып берген тілек хаты жүрегімізге жылылық оятты. Оған қоса Күләш Құрманғалиқызы Құрманғалиевамен видеосұхбат суық Оралдың ыстық сәлемі іспетті болды.

Бұдан әрі зерттеу жұмысымызды Орал қаласындағы Кеңес Одағының Батыры М. Мәметованың мемориалдық мұражайында жалғастырдық. Мұражайы директоры Светлана Саржанқызы Бектеновамен сұхбаттасып, Мәншүктің туған - туыстары, өскен ортасы, алған тәрбиесі, білімі, соғысқа аттанған сәттері, майдандағы ерлігі жайлы кейінгі зерттеулер мен жинақталған материалдарын көріп, батыр Мәншүкке деген құрметтің құндылығына куә болдық. «Ерлік мәңгі жасайды» түрлі түсті суретті брошюра (Орал - 2010), «Увенченный славой и почетом посвещается 90 - летию со дню рождения Султана Сулейменовича Джиенбаева» түрлі - түсті суретті брошюра (Уральск - 2011), «Солдатки минувшей войны» түрлі түсті суретті брошюра (Орал - 2010), Мәншүктің суреттері, (Н. Назарбаевтың 2005 жылы Орал қаласына келгендегі суреті), әсіресе Мәншүктің семьясының қолданған заттарын көзбен көрдік, мұражайдағы экспонаттар фотосуреттері (Мәншүктің сумкасы, қамшысы, галстугының суреті), мұражай ауласына қойылған Мәншүк ескерткіші (авторы алматылық скульптор Асылбек Ахметович Губашев, 2011 жылы жасалған), «Мәншүктің соңғы шайқасы» диорамасының фотосуреттері зерттеу жұмысымыздың ең құнды дүниелері болды. «Мәншүктің соңғы шайқасы» диорамасын көрген жан қан майданның ортасында жүргендей болады екен, атыс - шабыс, қарша борап тұрған оқ, танк, пулемет дыбыстары, оқ толған окоптар, майдангерлер дауыстары сұм соғысты көз алдыңа келтіреді, батыр Мәншүктің бейнесін аша түседі, кейінгі ұрпақ үшін Жеңістің құнын еске салып тұрғандай әсер қалдырады.

Светлана Саржанқызымен сұхбатымызда ол кісі «Сіздер Мәншүктің 1932 - 1934 жылдар оқыған мектебіне барыңыздар, ол мектепте қазір кемтар балалар білім алып жатыр, Мәншүктің отырған партасы бар және Мәншүк басқан баспалдақты көресіздер» деп, бізге сондай ықылас, пейілімен жол сілтеді. Ести сала Гүлжанат екеуіміз кемтар балалар мектебіне қарай «құстай ұштық». 1932 - 1934 жылдар аралығында Мәншүк оқыған І сатыдағы №4 мектеп екі қабатты шап - шағын ғимарат екен, ғимарат алдында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметоваға арнап мрамордан тақта қойылған, Мәншүкке арналған залдың төрінде Мәншүк отырған парта орналастырылыпты, ал екінші қабатқа көтерілетін, Мәншүк басқан баспалдақты көргенде тірі Мәншүкті көргендей әсерде болдық. Мәншүк басқан баспалдақпен жүріп көрдік, суретке түстік. Әрине Ақтөбе қаласындағы жұмыстарымызға қарағанда Орал қаласында жұмыс ауқымы кеңірек, әрі қызықты болды, білген үстіне біле түссек дедік. Оралдағы күннің суықтығы бізді тоңдыра алмады, себебі Мәншүк рухы, Мәншүк аты, Мәншүк басқан топырақ бізді жігерленді, кеудемізде алда атқарылар жауапты жұмыстарға деген ынтамызды бекіте түсті. Осылай біз
Кешпестен алау сезімді
Өштің сол ару қалпыңмен
Ұмытпау үшін өзіңді
Атыңды жаздық алтынмен, - деп
Ақұштап Бақтыгереева ақынымыз айтқандай Мәншүк атындағы оқу орнымызға титтей болса да тарихи мәліметтер қосатын болдық деген үмітпен туған жерге сағынышпен оралдық...
5 962
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Медициналық қобшида
Медициналық қобшида
Білімділік: Медициналық дәрі қобдишасымен таныстырып, оқушыларды жарақат алған кезде көрсетілетін алғашқы көмектің негізгі әдіс - тәсілдерімен таныстыру.
Медициналық сұхбат, оның құрылымы. Емделушіні сұрау.
Медициналық сұхбат, оның құрылымы. Емделушіні сұрау.
Медициналық сұхбат тұлғаның психологиялық қасиеті және белгілері, дерттің ішкі бейнесі мен науқастың мәселелері туралы ақпарат жинау және науқаспен жанасу негізінде оған психологиялық әрекет жасау әдісі.
Қыз сыны байқауы
Қыз сыны байқауы
Қызылорда қаласы, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық колледжі оқытушысы Айтпенбетова Гулжахан
Билер сөзі – нақылдың көзі
Билер сөзі – нақылдың көзі
Қызылорда қаласы, М. Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжі Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Керимханкызы Актоты
Ұлы тұлға - Зейнолла
Ұлы тұлға - Зейнолла
Қызылорда облысы, Мәншүк Мәметова атындағы гуманитарлық колледж студенті Анапияева Салтанат
Тума талант-тұғырлы ғалым
Тума талант-тұғырлы ғалым
Қызылорда қаласы М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжі Математика пәнінің оқытушысы Жұмағұлова Гүлназ Абдуллақызы Тақырыбы: Тума талант-тұғырлы ғалым Мақсаты: Оқушыларды физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Орынбек Ахметбекұлы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×