ойын сауық отауы
Қазақтың бата - тілек, өсиеттері
30.04.2017 39 706 0 Дауыл

Қазақтың бата - тілек, өсиеттері

Бата, тілектер
Қазақтың бата - тілек, өсиеттері
Асың, асың, асықпа,
Бақыт қонсын басыңа!
Таң мезгілі болғанда,
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қызыр келсін қасыңа!
Денсаулығың зор болсын,
Дастарханың мол болсын!
Қайда барсаң алдыңда,
Жарқыраған жол болсын!
Армандарың алдыңнан
Соған шығып қол берсін!
Дұшпаның саған құл болсын,
Үйің толған ұл болсын!
Әумин!

****
Балаларыңның жасы ұзын болсын,
Жолдасы қызыр болсын,
Өнері тасып - толсын,
Басына бақыт қонсын!
Басты болсын,
Малды болсын,
Өз құрбысының алды болсын!
Тілді болсын,
Жақсы болсын,
Ел мақтайтын жақсы болсын!
Басты болыңдар,
Малды болыңдар.
Өз құрбыларыңның алды болыңдар!
Кейінгілерге аға болыңдар,
Тоңдырмайтын жаға болыңдар,
Қиналғанда пана болыңдар!
Ақ сақалды, сары тісті,
Болашақта дана болыңдар!
Әумин!

****
Балалы - шағалы болыңдар,
Ағалы - жағалы болыңдар.
Немере - шөберелі болыңдар,
Туажат - неменелі болыңдар!
Пейілдерің тарылмасын,
Есіктерің жабылмасын.
Асыр - салып ұл - қызың,
Күндіз - түні дабырласын!
Әумин!

****
Малың семіз болсын,
Төлің егіз болсын,
Бізге бірді сойсаң,
Орнына тоғыз болсын!
Артқаның түйе болсын,
Сауғаның бие болсын,
Дастарқаның берекелі болсын,
Отбасың мерекелі болсын!
Мәртебең асып тұрсын,
Бақ - дәулетің тасып тұрсын,
Біз секілді сыйлы қонақтар,
Күнде үйіңде болып тұрсын!
Әумин!

****
Аумин десең, міне бата,
Дарысын Қыдыр ата!
Қыдыр қияласын,
Періште ұяласын,
Бақ берсін,
Бас берсін,
Өміріңе ұзақ
Жас берсін!
Кетпесін ырыс,
Кең пейіл берсін!
Жарылқағанға жалғас қылсын,
Бейнетін ақ қылсын,
Мұраны асыл қылсын!
Қаба жауған
Қардан сақтасын!
Қаптай шапқан
Жаудан сақтасын!
Ауызы қанды
Бөріден сақтасын!
Қолы қанды
Ұрыдан сақтасын!
Осы үйге жамандық ойлаған адам,
Бұл дүниеде береке таппасын!

****
Әумин десең, міне, бата,
Қолдасын Қызыр ата!
Қыдырың қияласын,
Періште ұяласын!
Ел шеті жаусыз болсын,
Ел іші даусыз болсын!
Өрісің көкті болсын,
Қонысың құтты болсын!
Алақаның берекелі болсын,
Жүрген жерің мерекелі болсын!
Артқаның түйе болсын,
Сауғаның бие болсын!
Кергенің көген болсын,
Айтқаның өлең болсын!
Кигенің құлпы болсын,
Мінгенің жылқы болсын!
Ырысың тасып тұрсын,
Абыройын асып тұрсын!
Достарың басып жүрсін,
Дұшпаның сасып жүрсін!
Өркенді болыңдар!
Өмір бақи осындай
Көңілді болыңдар!

* * *
Жортқанда, балам, жолың болсын,
Қалтаң ділдәға толсын!
Бір толмасын, жылда толсын,
Өмір жасың ұзақ болсын!
Қатарыңнан озған ерен бол,
Қыз көзіндей терең бол!
Сынай қалса – құлақ сал,
Мақтай қалса – керең бол!
Әумин!

* * *
Ел - жұртыңның гүлі бол,
Шам - шырағы, нұры бол,
Көп жасай бер, қарағым,
Болашақта ірі бол,
Ірілердің пірі бол!
Батырлардай санды бол,
Сал - серідей сәнді бол,
Бақ - дәулетті, малды бол,
Өз құрбыңның алды бол!
Көзімнің нұры бол,
Көңілімнің жыры бол,
Бақ құшып,
Бал жұтып,
Бабырдай ұлы бол!
Балдай бала бол,
Нардай дара бол,
Таудай талантты,
Фарабидей дана бол!
Майқадай сыйлы бол,
Қорқыттай күйлі бол,
Асандай ақылды,
Бұқардай жырлы бол!
Аллауакбар!

* * *
Өмір берсең, жайлы қып бер,
Дәулет берсең, сайлы қып бер,
Бау берсең миуалы қып бер,
Келін берсең, ибалы қып бер!
Қара ниет батырдан сақта,
Көк долы қатыннан сақта,
Кеудесін керген келіннен сақта,
Кездейсоқ келген өлімнен сақта!

* * *
Ақылың ассын,
Ықыласың тассын,
Балаң үбірлі болсын,
Қызың шүбірлі болсын.
Жақының көп болсын
Дұшпаның жоқ болсын,
Жақсы келсін қасыңа,
Нұр жаусын басыңа.
Көшің көлікті болсын,
Қонысың түлікті болсың, қатулықтан аулақ бол,
Татулыққа жақын бол.
Дәуренің сәнді болсын,
Ғұмырың мәнді болсын,
Таңың азанды болсын,
Үйің қазанды болсын,
Шағырағыңа шат құйылсын,
Дастарқаныңа жұрт жиылсын!
Әумин!

* * *
Уа, отау иесі,
Қолдасын Тәңір киесі.
Инабатың игілікке бастасын,
Пейілің жамандыққа баспасын.
Ошағыңның оты сөнбесін,
Арың мен жаның
Арамдыққа көнбесін.
Босағаң берік болсын,
Қосағың жерік болсын,
Көңілің ашық болсын,
Өмірің нәсіп болсын,
Жақсының қадірін біл,
Кәрінің әділін біл.
Өнегеңді қазық ет,
Ақылыңды азық ет,
Сағың сынбасын,
Бағың нұрлансын.
Ойын көсем болсын,
Сөзің шешен болсын.
Осының бәрі
Сөзімнің нәрі,
Құдайымның құлағына шалынып,
Тілеуім қабыл болсын!

* * *
Уа, Құдайым қолдасын,
Жіберсін пейіл - жолдасын.
Өмірлерің ұзақтан,
Көгендерің тұсақтан болсын.
Алдың береке,
Артың мереке болсын.
Бақ - дәулетің шашылып жатсын,
Қазаның асылып жатсын.
Періштелер қорғай жүрсін,
Ақындар толғай жүрсін.
Үйің қонақтан арылмасын,
Құдайым пейіл - тілегіңді жарылқасын!
Әумин!

* * *
Астарыңа адалдық берсін,
Бастарыңа амандық берсін!
Бала - шағаң бақ құшып,
Отбасыларыңа жақсылық енсін!
Дастарқандарың мол болсын,
Абыройларың зор болсын!
Көре алмаған дұшпаның,
Көрге кіріп жер болсын!
Дәмдеріңе дәм қосылсын,
Әндеріңе ән қосылсын!
Сәндеріңе сән қосылсын,
Сан - санақсыз мол қосылсын!
Көк жайлауды жайласаң,
Тай - құлынды байласаң,
Сабаң толсын қымызға,
Шарағ толсын уызға,
Өрісіңе мал толсын,
Ақ тілеуің жар болсын!
Аллауакбар!

* * *
Өмір - жасың ұзақ болсын,
Жүрген жерің шуақ болсын,
Құдай өзі қуат берсін,
Сарқылмайтын суат берсін!
Жандарыңа жамандық бермесін,
Бастарыңа қам - қайғы келмесін,
Қойын - қоныштарың ақты болсын,
Ұрпақтарың бақытты болсын!
Әумин!

* * *
Істеріңе сәт болсын,
Бастарыңа бақ қонсын!
Ата - баба аруағы,
Жебей берсін, жақ болсын!
Құдай өзі оңдасын,
Қызыр келіп қолдасын!
Сәтті болып бастама,
Бақыт - байлық мол болсын!
Ашық болсын күндерің,
Бассын ісің ілгері!
Талаптанған тайларың,
Болсын мәңгі жүлделі!
Аллауакбар!

* * *
Жортқанда жолың болсын,
Сапардың оңын берсін,
Тұлпардың тоғын берсін,
Жігердің шоғын берсін!
Бет алдың оң болсын,
Мәртебедең зор болсын,
Дұшпаның қор болып,
Алды - арты ор болсын!
Жолың ашық болсын,
Жауың қашық болсын,
Мерейің тасып - толсын,
Аман - есен қауышу
Барымызға нәсіп болсын!
Аллауакбар!

* * *
Басымызға бас қосылсын,
Жасымызға жас қосылсын,
Жанымызға жан қосылсын,
Малымызға мал қосылсын!
Ұлыс - шуақ болсын,
Құдай қуат берсін,
Маңдайымыз суат болсын,
Жайқалған құрақ болсын!
Жылымыз қызырлы болсын,
Мерекеміз дүбірлі болсын,
Жылқымыз үйірлі болсын,
Сиырларымыз бүйірлі болсын!
Қойларымыз қоралы болсын,
Ұрпақтарымыз бағалы болсын,
Мәртебелері жоғары болсын!
Өрісіміз көкті болсын,
Ұлдарымыз отты болсын,
Қыздарымыз текті болсын,
Беделді, бетті болсын!
Аллауакбар!

* * *
Уа, қария, күйлі болыңыздар,
Ел - жұрттарыңызға сыйлы болыңыздар!
Немере, шөбере, шөпшек көріп,
Тоқсан отау үйлі болыңыздар!
Түндеріңіз тыныш болсын,
Үйлеріңізге ырыс толсын!
Ұлдарыңыз десті болсын,
Келіндеріңіз есті болсын!
Орындарыңыз төр болсын,
Мәртебелеріңіз зор болсын!
Ел - жұрттарыңыз тоқ болсын,
Қатарларыңыз көп болсын,
Қам - қайғыларыңыз жоқ болсын!
Аллауакбар!

* * *
Өмір - жасы ұзақ болсын,
Маңайы аққан бұлақ болсын,
Әр күні қызық, шуақ болсын,
Жер ана жайлы тұрақ болсын,
Жомарттың қолын берсін,
Жортқыштың жолын берсін,
Қыздың қылығын берсін,
Судың түнығын берсін,
Даланың кеңдігін берсін,
Батырдың ерлігін берсін,
Ақынның өрлігін берсін,
Яссауидің даралығын берсін,
Фарабидің даналығын берсін!
Аллауакбар!

* * *
Ұрпағын өнерлі болсын,
Өрісті болсын,
Әс - қимылы келісті болсын,
Ата - баба аруағы қолдап,
Еңбектері жемісті болсын!
Жары жібектей болсын,
Ары түлектей болсын,
Өнері өрлей берсін,
Жас басы төрлей берсін!
Аллауакбар!

* * *
Қыздарың қылықты болсын,
Ғаламат білікті болсын,
Күндей нұрлы болсын,
Гүлдей түрлі болсын.
Өлмес өнер берсін,
Ән - жыр, өлең берсін.
Теңдессіз дарын берсін.
Ізгіліктің бәрін берсін.
Талдай бой берсін,
Таудай ой берсін.
Жаздай жамал берсін,
Оттай жанар берсін!
Аллауакбар!

* * *
Отауларың от болсын,
Бақыт - байлық көп қонсын.
Ұрпақты болып иләйім,
Еш қам - қайғы жоқ болсын!
Пейілдерің тарылмасын,
Есіктерің жабылмасын.
Сыйлы қонақ күнде кеп,
Төрлеріңе дамылдасын!
Өмірлерің бал болсын,
Ұрпақтарың нар болсын.
Ата - баба аруағы,
Өздеріңе жар болсын!
Аллауакбар!

* * *
Шаңырақтарың шайқалмасың,
Бақ - дәулеттерің ортаймасың.
Жаратқан Иең жар болып,
Не сұрасаң да қайтармасын!
Шаңырақтарың сыйлы болсын,
Отбасыларың дулы болсын.
Қоныстарың нулы болсын,
Өрістерің сулы болсын!
Аллауакбар!

* * *
Ырыс қонған жеріңе бата,
Меймандос еліңе бата,
Аққан суыңа бата,
Асқан тауыңа бата,
Қолдасын Қызыр ата!
Жерлеріңде жұт болмасын,
Түрлеріңе құт орнасын.
Ел - жұрттарың жамандық көрмесін,
Ұрпақтарыңның десі өрлесін!
Аллауакбар!

* * *
Соғым шүйгін болсын,
Ұрпаұтарың тұйғын болсын.
Татқандарың тәтті болсын,
Келер күндері жақсы болсын!
Отбасыларың аман болсын,
Бай - бақытты заман болсын.
Үйлеріңнен қонақ кетпесін,
Май қуырдақ - табақ кетпесін!
Аллауакбар!

* * *
Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің.
Дастарқаның мол болсын,
Абыройың зор болсын!
Кең жайлауды жайласаң,
Тай - құлынды байласаң,
Сабаң толсын қымызға,
Шараң толсын уызға!
Өрісіңе мал толсын,
Ақ тілеуің жар болсын.
Көре алмаған дұшпаның,
Көрге кіріп жер болсын!
Аллауакбар!

* * *
Әумин десең есе берсін,
Қызырың кеп жетелесін.
Айларың аман кете берсін,
Күндерің күліп өте берсін.
Бақ - дәулет пен дәрежең,
Одан ары өсе берсін!
Құлағын сақ болсын,
Ниетің ақ болсын.
Құлқының пәк болсын,
Көңілін шат болсын!
Дау - дамайдан қашпа,
Араныңды ашпа.
Қиындықтан саспа,
Қара қылды қақ жарып,
Елді түзу баста!
Аллауакбар!

* * *
Асың, асың, асыңа,
Береке берсін басыңа!
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа!
Сенен байлық өтпесін,
Тәңірі берген берекең
Тепкілесе кетпесін.
Еліңнің екі шетіне,
Тай шаптырса жетпесін!
Кешке келіп жамырасқан,
Шуылдасып маңырасқан,
Қошақанның анасы,
Саулық бассын үйіңді!
Бақайлары сыртылдап,
Мүйіздері жылтылдап,
Бұзаулардың анасы
Сиыр бассын үйіңді.
Шудаларын шаң басқан,
Артқы өркешін қом басқан,
Ботақанның анасы
Інген бассын үйіңді!
Шіңгір - шіңгір кісінескен,
Сүйістікпен иіскескен,
Құлыншақтың анасы
Бие бассын үйіңді.
Берейін бата асыңа,
Амандық берсін басыңа.
Бөденедей жорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа.
Бар екем деп тасыма,
Жоқ екем деп жасыма.
Еңбек етсең ерінбейғ
Дәулет келер қасыңа.
Көре алмаған дұшпанның,
Жуа бітсін жолына.
Бақытың жетсін төтелеп,
Дүние малды жетелеп,
Аузыма түскен батаның
Жатырмын бәрін түгендеп!
Көтердік міне білікті,
Ақтардым түгел тілікті,
Мынау тұрған балағыз,
Батыр болсын жүректі!
Әумин!

* * *
Әумин десең маған,
Құдай берсін саған.
Алтыннан – жағаң,
Күмістен – тағаң.
Оң жағыңнан кетпесін
Күрпілдек қара сабаң.
Жортсаң жолың болсын,
Жолдасың Қыдыр болсын.
Тілеуің қабыл,
Мұратың асыл болсын.
Ішкенің қымыз,
Жегенің сырбаз,
Кигенің түлкі болсын,
Жүрген жерің ойын - күлкі болсын!
Қозыға толсын көгенің,
Тұлпар болсын көгенің.
Құтты болсын құрығың,
Сүтті болсын құдығың.
Қияқты болсын сұңқарың,
Тұяқты болсын тұлпарың.
Өрісті болсын жайлауың,
Ырысты болсын қыстауың.
Арыстандай болсын айбатың,
Аюдай болсын қайратың.
Гүлге толсын өңірің,
Көңілді өтсін өмірің.
Асқа толсын табағын,
Ашық болсын қабағың.
Шайың қызыл болсын,
Ғұмырың ұзын болсын.
Несібең таса берсін,
Дұшпаның қаша берсін,
Құдайым ұзақ ғұмыр жаза берсін!
Әумин!

* * *
Пейіліңе қонақжай
Бата берем қолың жай:
Ақ жарылған жүрегің,
Қабыл болсын тілегің.
Бізге сойдың семіз тай,
Төрт түлігін болсын сай,
Өсіп - өніп ұрпағын,
Төрт қиырға қанат жай!
бізге сойдың құлын,
жақсыдан болсын жұғым.
Өміріңді ұзартып,
Өзіңнен өте тусын ұлың.
Бізге сойдың марқаны,
Алдыңнан тарқат арқаны.
Сыйлы болып еліңе,
Сыбағаңды ал тағы.
Бізге сойдың қой,
Үйіңнен кетпесін той.
Қызығыңа қанып,
Ішпей - жемей той.
Бізге сойдың тоқтыны,
Еліңнің бұл тоқтығы.
Абырой алып ұл - қызың,
Биік болсын шоқтығы.
Бізге астың бас,
Берсін саған ұзақ жас.
Ауыздықтап асауды,
Асудан асуға ас!
Бізге астың жамбас,
Жақсымен бол жолдас.
Ықыласың қабыл боп,
Ырысың толмай қалмас.
Бізге астың сыбаға,
Жамандық көрме сірә да.
Қиянат қылма пендеге,
Жағамын десең Құдайға,
Бізге астың қазы,
Болдық сізге разы.
Ақ май ақсын аузыңнан,
Үзілмей қорың қысы - жазы.
Бізге астың жаяны,
Өмірдің болсын баяны.
Болсаң да төлдің жылқысы,
Жұртыңның болма саяғы.
Бізге астың жал,
Басыңа бітсін дүние - мал.
Ата - анаңды ардақтап,
Аяқ - қолын жылы суға мал.
Бізге астың омыртқа,
Пәле - жалаға жолықпа.
Өрісің барда өрге шап,
Өз - өзіңнен торықпа.
Бізге астың шұжық,
Көргенің болсын қызық.
Аққу - қаздай мамырла,
Айдыныңда жүзіп,
Бізге астың жауырын,
Баланың берсін тәуірін.
Ізет көріп ініден,
Үзілмесін сауығың.
Бізге астың сүзбе,
Қырсығың жерге енсін, түге!
Күндеріңді күңірентіп,
Күннен - күнге үде.
Бізге астың төс,
Үрім - бұтағыңмен өс!
Жайланып қон,
Жазылып көш!
Бізге астың жілікті,
Ұл - қызың болсын білікті.
Бізге астың белдеме,
Сыйлы бол басқа елге де.
Бізге астың кесек ет,
Дәулетің тассын еселеп.
Сыйлап бердің етіңді,
Жарылқасын бетіңді.
Енді әкелдің сорпаңды,
Орындатсын қолқаңды.
Келді тағы қымызың,
Арылмасын қызығың.
Қойдын қаймақ, айраның,
Аман болсын ауыл - аймағың.
Жаздың жайма, бауырсақ,
Бола берсін қауым шат.
Және келді құрт - майың,
Туа берсін құтты айың.
Рақмет дәміңе,
Ризалық берсін бәріңе.
Аман болып басыңыз,
Жүзге жетсін жасыңыз.
Маған жаптың шапан,
Көңілде болмасын қапаң.
Маған мінгіздің ат,
Қыз ұзатып, қызығына бат!
Маған атадың жол,
Ұл өсіріп мәре - сәре бол!
Маған бердің ет,
Келін түсіріп, тілегіңе жет!
Маған бердің сауға,
Басың түспесін дауға!
Алдыма салдың мал,
Алладан рақмет ал!
Әумин!

* * *
Ет сізден,
Ықылас, ниет бізден.
Тілеуі ақты Тәңірім
Мұратына жеткізген.
Жақсы - жаманды көріп бақ.
Бар мен жоққа көніп бақ.
Ащы - тұщыны татып көр,
Ел басына түскен сынды,
Түз кешін, түн қатып көр!
Жиынды топқа түскенде,
Жүйрігің баптаулы болсын,
Жігітің мақтаулы болсын.
Жортуыл, жорық жолықса,
Найзаң саптаулы болсын.
Нөкерің сақтаулы болсын.
Дастарқаның тоқ болсын,
Уайым - қайғы жоқ болсын.
Аман сақтап,
Абырой берсін!
Жорытқанда жолың болсын!
Тәңірі жарылқасын,
Кімді жарылқаса,
Соның жағында қылсын!
Жортқанда жолың болсын,
Адассаң, Алла жолға салып жүрсін,
Сүріндіртпей алып жүрсін,
Мың сан бәле,
Қауіп - қатерден қағып жүрсін!
Уа, Жаратқан – Құдірет!
Мал - жандарын аман ет,
Басына бер зор бақыт.
Асына бер берекет,
Ғұмыр - жасын ұзақ ет.
Ұрпақтарын асыл ет,
Кәсібін адал кәсіп ет,
Бәле - жаладан аулақ қып,
Таттырма еш қасірет,
Дүниенің бар жақсылығын
Дәл осы отауға нәсіп ет!
Бізге тартқан басыңыз,
Дәмді екен асыңыз.
Ұрпақтар боп өзгеше,
Сыйлы болсын басыңыз!
Домаласын, өрге тасыңыз,
Иманды болып қасыңыз.
Көре алмаушы, кертартпа
Құм қапсын дұшпан - қасыңыз,
Жүзге жетсін жасыңыз,
Елге сыйлы қарт болып,
Жаннатқа қадам басыңыз!
Құйған қызыл шайыңыз,
Балдай тәтті майыңыз,
Еселі боп еңбегің,
Иманды боп байыңыз!
Дәулетіңді тастырсын,
Сәулетіңді асырсын,
Ақсақалың келгенде
Ақ дастарқан жайылып,
Адал ас пен бас тұрсын!
Тіл мен көз аман боп,
Түлеп ұшсын жас қыршын –
Байсалды туған балаңды
Байтағына бас қылсын!
Адалдан жиған малыңды
Алты атаңа ас қылсын,
Жақсыменен дос қылсын,
Жаманменен қас қылсын,
Иманыңды рас қылсын!
Қарауды қара тас қылсын!
Сараңның көңілін пәс қылсын!
Бұл үйге қастық қылғанды
Тәңірім қара бастырсын!
Әумин!

* * *
Ардақты үйдің иесі,
Әуелі бердің шай,
Қөңілін болсын жай.
Екінші бердің ет,
Таппасын көңілің
Ешбір дерт!
Үшінші бердің сорпа,
Болмасың бағың орта!
Екі дүниенің игілігіне жеткізсін,
Есіркеп сүген пендесінен еткізсін!
Астырсын, тастырсын,
Жақсылармен жанастырсын,
Жамандардан алдастырсын,
Оттың басы аман болсын,
Бейбітшілік заман болсын,
Жауын жеңіп қараң болсын!
Дастарқаның тоқ болсын,
Уайым - қайғы жоқ болсын!
Жарлы болсаң жасыма,
Бай болсаң, тасыма!
Бақ - дәулет берсін басыңа,
Ғұмыр берсін жасыңа.
Бәле - жала, жын - шайтан,
Жоламасын қасыңа!
Иманның байлығын берсін,
Құт - берекенің бәрі келсін!
Басыңа Алла бақ берсін,
Не берсе де нақ берсін,
Білім нақыл айтуға
Жалықпайтын жақ берсін!
Айтып жүрер білімнің
Іс - амалмен шақ келсін!
Береке - құт пен ырысты
Үйлеріңе ап келсін!
Қара ниетті жауыңа
Бәлекеті тап келсін!
Арман ниетке жеткізіп,
Тілеуіңді ап берсің!
Мал - жан аман тоқ болсын,
Қайғы - қасірет жоқ болсын!
Дастарқаның ақ болсын,
Шаңыраққа бақ қонсын!
Балаларың көп болсын,
Тамағы тоқ,
Киімі көк болсын,
Иманы мығым бек болсын,
Сөзі тура дөп болсын!
Хак қарасын,
Бақ дарысын.
Дастарқанға береке берсін,
Елге дәулет - мереке берсін.
Шыққанның есесін берсін,
Қалғанның берекесін берсін,
Кең пейіл берсін,
Ұзақ өмір берсін,
От айнала бас берсін,
Өріс толы мал берсін.
Мал берсе, қайырын берекетімен берсін,
Бас берсе, азық - несібесімен берсін!
Ақылыңды астырсын,
Ықыласыңды тастырсын,
Балаң үбірлі болсын,
Қызың шүбірлі болсын!
Жақын көп болсын,
Жауың жоқ болсын!
Жақсы келсін қасыңа,
Нұр жаусын әзіз басыңа!
Көшің көлікті болсын,
Қонысың түлікті болсын,
Қатулықтан аулақ бол,
Татулыққа жақын бол!
Дәуренің иманмен сәнді болсын,
Ғұмырың біліммен мәнді болсын!
Әумин!

* * *
Әумин десең берем бата
Қабыл етіп бір Аллаһ
Бақ - дәулет, берекет
Үйіңізге ұяласын.
Жаратқан ием аман қылсын
Бізге берген шайыңыз –
Жақсы болсын жайыңыз.
Бізге берген етіңіз –
Қабыл болсын ниетіңіз.
Мақсатыңа жетіңіз,
Бізге берген тұз - дәміңіз
Таусылмайтын несібе болып,
Аман - сау болайық бәріміз.
Әумин, Аллауабар!

* * *
Иә, Тәңірі құдірет,
Мал - бастарын аман ет,
Басына бер бақыт,
Асына бер берекет,
Өмір - жасын ұзақ ет,
Михнаттан аман ет,
Дұшпанның күнін жаман ет,
Ұрпақтарын асыл ет,
Дүниедегі жақсылықты,
Дәл осы үйге нәсіп ет!
Жас балалның күлкісін бер,
Жас ананың ұйқысын бер.
Жомарттың қолын бер,
Жорытқанның жолын бер,
Қыздың қылығын бер,
Судың тұнығын бер,
Асаудың арынын бер,
Түнгі оттың жарығын бер.
Асқар таудың пандығын бер,
Бұл - бұл құстың таңғы үнін бер.
Даланың жазықтығын бер,
Гүлдің нәзіктігін бер.
Теңіздің тереңдігін бер,
Қыранныңкөрегендігін бер.
Ердің көңілін бер.
Ердің көңілін бер,
Бүркіттің жігерін бер.
Лашынның жүрегін бер,
Нағыз достың тілегін бер.
Мәңгі - бақи ажырамас,
Шын ғашықтың тілегін бер!
Дастарқаныңа береке берсін,
Бастарыңа мереке берсін,
Астарыңа адалдық берсін,
Бастарыңа амандық берсін,
Дендеріңе саулық берсін!
Әумин!

* * *
Ашып тастап пейілді
Дастарқаның жайылды.
Қасиетті нан ұлық
Берекең тұр нақ ұйып.
Асыл сөздер шашылды,
Бар абырой бақ орнап
Ел сыйласын басыңды.
Аңыз болып отауың
Айта жүрсін асыңды.
Сүйген жарың,
Бала - шағаң аман боп,
Бүтіндесін асылды.
Ниетіңе біз тойдық.
Рақмет шайыңа,
Риза еткен бір қойлық!
Әуелі құдай оңдасын,
Аруақтарың қолдасын.
Бақыт пен дәулет, бас пен мал,
Басыңа мәңгі орнасын.
Төрт құбылаң сай болсын,
Саған қастық ойлаған
Ғұмырында оңбасын.
Ақылды бол, арлы бол,
Бақытты бол, малды бол,
Қатарыңның алды бол!
Берекеміз қашпасын,
Белімізді ешкім баспасын,
Адал жан болып астасың,
Арыңды күлдей шашпасын.
Бақыт болса бастасың,
Мейманаң, сірә, таспасын,
Тірлікте түзу жол тапсаң,
Тәңірім берер басқасын.
Әуелі құдай есен ет,
Жиреншедей шешен ет,
Атымтайдай көсем ет,
Лұқпандай береген ет.
Ибраһимнің басын берсін,
Сүлейменнің бақытын берсін.
Қыдыр құсы қонсын басыңа.
Жортқанда жолың болсын,
Жолдасың Қыдыр болсын.
Жоғары болсын жұлдызың,
Бақытты болсын ұл - қызың.
Ас иесі байысын,
Бар ойлаған арманың,
Жақсылыққа сайысын.
Дастарқаның бай болсын,
Қазан - ошағың май болсын.
Төрт түлігін сай болсын,
Көңілін толып жай болсын.
Ұлың қонып ұяға,
Қызың қонып қияға,
Келінің бибі атанып,
Ұлың болсын би аға.
Бергеннен Алла танбасын,
Көбее берсін жан басың,
Арманың көкке самғасын.
Досыңнан көңілің қалмасын,
Жағаңнан дұшпан алмасын,
Жолың болып жортқанда,
Жолыңды Қызыр жалғасын.
Береке берсін басыңа,
Бақ қонсын басыңа.
Балын татып өмірдің
Жамбылдың жет жасына.
Қуанышпен достарың
Жинала берсін қасыңа.
Қойың қоздап егізден,
Ешкің туып сегізден.
Майдан қолың кетпесін,
Соғымың болып семізден.
Айтып жүрсін қонағың
Таңдайдан кетпей жегізген.
Шалқып жатсын дәулетің,
Тасыған селдей теңізден.
Баянды Алла бақ берсін,
Адалын берсін, ақ берсін.
Бірлік берсін басыңа,
Береке берсін асыңа.
Құдай жарылқасын,
Бақ қарасын,
Қыдыр дарысын!
Айдан аман, жылдан есен қылып,
Үйдегі, түздегі
Мал - басын аман қылсын!
Дастарқаның майлы,
Көңілін жайлы болсын.
Өміріңе не тілесең,
Тілегің қабыл болсын!
Әумин!

***
Өмір берсең, бақытты қып бер,
Дәулет берсең, қайырлы қып бер.
Ұл берсең, ұнамды қып бер,
Қыз берсең, қылықты қып бер.
Ат берсең, жүрісті қып бер,
Бала берсең, ырысты қып бер.

Бата - тілектер: Алтын тойға бата, Күміс тойға бата Бата - тілектер: Алтын тойға бата, Күміс тойға
Қабыл ғып Алла тілекті, Қуанта берсін жүректі. «Алтын тойым болғай» деп, Тілеумен қанша күн өтті.
Дастарқанға ақ бата Дастарқанға ақ бата
Бата бердім, бақ тіледім, Ақ дастарқан басына, Я, Құдайым, шын тіледім, Келсін деп менің қасыма! Көңілің көлдей болып, Көргенің түстей болып, Қыдыр
Үй иесіне бата Үй иесіне бата
Шаңырағың шалқи берсін. Керегең кеңи берсін. Осы үйге ән - күй келсін, Дұшпаның кеми берсін.
Жас отауға бата Жас отауға бата
Сезімнің пәктігін берсін, Көңілдің ақтығын берсін. Берекелі отбасыңа Сәбидің шатты үнін берсін,
Көшке берілген бата Көшке берілген бата
Көштерің көлікті болсын, Жолдарың көрікті болсын, Қоныстарың құтты болсын, Босағасы мықты болсын.
Қазақтың бата - тілек өсиетері Қазақтың бата - тілек өсиетері
Уа, Жаратқан, жарылқа, Бақ - дәулетін аумас қыл!
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×