ойын сауық отауы
Жүрекке жол іздесең
13.05.2018 1 707 0 Дауыл

Жүрекке жол іздесең

Бұл қызықты
ЖҮРЕККЕ ЖОЛ ІЗДЕСЕҢ
Үш - ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. (Абай)
«КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН МӨЛДІР дүниеде махаббатқа толы жүрек қана сіздің жолыңызға жарық түсірмек» ( Н. Рерих).
Әрине, адам боп дүниеге келген соң өз ойыңмен, арманыңмен өмір сүресің. Ер жете әділ бағаңды алсам дейсің. Бірақ көбіне әділ баға берілмейді. Сыйлас адамдарың асыра мақтап жібереді. Көре алмайтындар даттап, таптап кетеді. Шын мәнінде жай ғана адам ретінде өмірдегі, ортадағы орныңды білгің келетіні анық. Шындығында ол үшін не істеуіміз керек?
... Мектепте ұстаз болып жүргенімде оқушыларымды арнайы алып қалып, психологиялық социограмма жасап көргенім бар. «Сыныпта кіммен бірге серуенге шыққың келеді?», «Қиын кезеңде кімге бірінші қол ұшыңды бергің келеді?», «Бос уақытты кіммен бірге өткізгің келеді?»... сияқты 4 - 5 сұрақ қойылады. Әркім қалаған оқушының аты - жөні тұсына + (қосу) таңбасын қояды. Нәтижесінде оқушылардың кімнің кіммен дос екендігі, сыныптағы беделі қандай екендігі анық байқалады. Әсіресе, белсенді болып жүрген, сабағы жақсы 4 оқушы ең жоғары ұпайға ие болды. Кейбіреулерінің ойлары бір - бірімен кереғар шықты. Ал жеке дара жүретін, дөңмінез Қ. Е. деген оқушыға ешкім + (қосу) таңбасын қоймаған. Шынымды айтсам, мен үшін де тосын жағдай еді. Себебі Қ. Е.- нің сабағы өте жақсы болатын.
Өзіңнің ешкімге керек болмауыңнан асқан қорлық жоқ шығар, сірә?
Мұны сезіп, жылап жіберген әлгі оқушының аянышты халі жанымды қатты ауыртты. Оқушылардан неге бұлай болды деп сұрадым. Тәрбие сағаты ашық әңгімеге ұласты. Құрбылары Е.- нің ортаға қосылмайтынын, ешкіммен араласпайтынын, ешкімге көмектеспейтінін, кейде қойылған сұраққа да жауап бермейтінін, мінезі ауыр екенін айтты. Осы күнгі пікірлесу оқушылар үшін де, әсіресе, Е. үшін де шын мәнінде өмір сабағы болғаны анық. Көз алдымнан көпке дейін Е.- нің осы жәйтті күтпеген шарасыз халі, тамшы жасқа шыланған жанары кетпей қойды. Сол күннен кейін ол құрбыларымен араласа бастады... Иә, сол күннен бастап өміріне өзгеріс енгізіп, жолдастарымен санасып, оларды құрметтеу керек екенін ұғынды. Ол кейін ашық - жарқын жақсы азамат болып өсті. Тіпті бірнеше қыры ашылып, өнерге қабілетті екендігін білдік.
Адамдар жүрегіне жол табу, дос болу оңай емес. Айтыңызшы, кім - кіммен араласқысы келмейді. Бірақ, оған қолы жете бере ме? Білетінім, жақсы жанға жұрттың бәрі құмар. Керісінше, жаманға жоламайды. Өзгені құрметтемейтіннен, шағым айта беретіннен, өзімшілден қашық жүреді. Қандай бір адам да өз ортасында беделді болғысы бар. Сөзін өткізгісі келеді. Тұрғыластарыңның сенің қадір - қасиетіңді бағалауын қалайсың. Сіз бен біз осының жауабын іздейікші...
«Өзіңді өзің көргің келсе – қасыңдағының көзімен қара», «Көршілерің сені жақсы адам дейтін болса – жақсысың, егер олар жаман дейтін болса, демек – жамансың» деген сөзді ауылдағы қариялар жиі айтатын. Осынау сөздің астарында адамдарға деген ізгілікті көңіл жатқан жоқ па?
Ертеде әлемге әйгілі Ескендір Зұлқарнайыннан:
- Арзымайтын дүниемен бұл сипатты үлкен мемлекетті қалай қол астыңа бағындырдың? - деп сұрағанда:
- Жұмсақ мәміле, жылы сөз, ілтипатпен дұшпандарды қол астыма бағындырдым, өзара келісумен достарымды жолға салдым. Сондықтан да, көп мемлекетке ие болдым, - деп жауап беріпті.
Қай уақытта болсын, жылылықтың, жақсы сөздің орны бөлек. Тоңмойындық, томаға тұйықтық емес, жайдарылық, шын пейілділік адам жанын жайнатады, өзгелерді де өзіне тарта түседі емес пе?
- Су сұйық болғанмен тас жарады, жел құз - жартасты құмға айналдырады. От жұмсақ болғанмен, қатты ағашты күл етеді. Байқап отырсақ, жұмсақ нәрсенің бәрі ең соңында келіп қаттыдан әлдеқайда құдіретті, әрі күшті болып шығады, - деп өсиет айтқан Бауыржан батыр, ойланып қалған ұлына артынша:
- Сен немене, ұйықтауға келіп пе ең, есуас! Кет, жоғал тезірек! – деп дүңк етті.
- Жылдам! Сіріңке әкеп бер. Және одан кейін қайтып көзіме көрінбе, күшік!
Тағы жекіреді!
Жаны ауырып, ауызы жыбырлап, қинала әке айтқанын орындайды да көзі жасаураған Бақытжан өз бөлмесіне бұрылып кетеді.
- Басылдың ба? Міне, көрдің бе, өз бұйрығымды сенен қатаң түрде орындауды талап еттім. Сен көндің. Бірақ, көзіңе жас алып, қарсылық білдіріп, өкпелей жүріп орындадың. Егер де жәй ғана жұмсақ түрде өтінген болсам, сен менің тапсырмамды қуана - қуана атқарар едің. Және де бар ынтаңмен, ықыласпен орындайсың. Адамдар арасындағы қатынаста жұмсақтықтың, жылылықтың қаттылықтан үнемі күшті екеніне енді көзің жетті, - деп Баукең өзі айтқан сөздерін әрі дәлелдей түседі.
Баукеңнің осынау сөздерінен кейін ардақты, асыл Сұлтан атамды ойладым. Өзімше, осы екі кісінің бойынан бір ұқсастықты іздеймін. Бірде бар өмірін бала тәрбиесіне бағыштаған атам атымды атап, өзіне шақырды. Алаңсыз жүрген бала емеспін бе, жүгіріп келіп, тапсырма күткен күйі үнсіз тұрмын. Атамның отты жанарына тіке қарап тұру мүмкін емес! Еріксіз басымды төмен түсірдім. Қашанда сөзді жүйемен жеткізетін ұстаз емес пе? Сонда ғой:
- Басыңды төмен қаратпа! Күнәсі бар жандар ғана сөйтеді. Адамдарға тура қара, турашыл бол! Ешқашан жақсылық істеуден ұялма! Жаман ісің үшін ұял, - дегені. Ар жағында атаның мейірімді жүзі, кіршіксіз көңілі көрініп тұрды.
* * *
Адамдарға деген ізгілік, кішіпейілділік, досқа деген құрмет, адалдық пенде беделін арттырады. Қарапайым, қол жеткен табысына кеуде қақпаған, жіберіп алған қатесіне қапаланбаған жан - өз бағасын білетін адам дер едім.
Әкім Ысқақтың Жүректегі жазулар Күнделік эссесінен
Толық нұсқасын қарау

Сыныптағы шу неден болады? Сыныптағы шу неден болады?
Мұғалімнің ең бірінші қорқынышы да, төзімінің жетіспеуі де сабақ кезінде орын алатын оқушылардың шуы.
Өмір туралы қанатты сөздер Өмір туралы қанатты сөздер
Өзен ағысымен өлі балық қана жүзеді.
Өмір маған... Өмір маған...
Өмір маған кейде тау сияқты, Шыңына шыққым келеді.
Сен бәрін түсінген уақытта, мен қасыңда болмаймын Сен бәрін түсінген уақытта, мен қасыңда болмаймын
Ол әлі берілмеді, бірақ күрескісі де келмеді.
Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек
Әуелде бір суық мұз ақыл зерек, Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек. Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық, Бұл – қайраттан шығады, білсең керек.
Малға достың мұңы жоқ малдан басқа Малға достың мұңы жоқ малдан басқа
Малға достың мұңы жоқ малдан басқа, Аларында шара жоқ алдамасқа. Табысына табынып, қалтаң қағып, Тойғанынан қалғанын берсе алашқа.
Пікірлер (0)
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақ,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×