Білімділер поралы

Жасай бер, ана тілім – қазақ тілі!

Жасай бер, ана тілім – қазақ тілі! (Тақырыптық кеш)

Ана тілі бәрінен де биік – ханнан да, қарадан да. Саясатшылар келеді, кетеді, ал ана тілі – мәңгілік.
Осыны есте ұстайық. (Марат Қабанбай).

Мақсаты: Оқырмандардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, ана тілін қастерлеуге баулу.
Дайындық кезеңі: Оқырмандарға ана тіліне арналған өлең шумақтары мен әндер жаттап келуге тапсырма беріледі.
Безендірілуі: "Қазақ тілі – болашағым, ертеңім...” атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, гүл шоқтары қойылады, нақыл сөздер, шарлар, қазақ тілін зерттеуші ғалымдардың портреттері ілінеді.

Сахнаға екі бастаушы шығып, М. Қанафияұлының "Жасай бер, ана тілім!” өлеңін оқиды.

1 - бастаушы: Жылаған алғашқы іңгә үннен тілім,
Жөргекте былдыр қағып күлген тілім.
Жағымды ана әлдиі, ақ сүтімен,
Жүрегіме, қаныма сіңген тілім.

2 - бастаушы: Жанымды жадыратқан бала тілім,
Жыр, ертек жаттаттырған сана тілім,
Жаралып жермен бірге, күн көзімен,
Жасасқан қазақ тілі – ана тілім.

1 - бастаушы: Жарысқан жыл құсымен үнді тілім,
Жарасқан дала, малмен сырлы тілім.
Жиһанкез желмаялы Асан қайғы,
Жер - жерге баға берген сынды тілім.

2 - бастаушы: Жырлатқан қазақтардың қазақтығын,
Жырлатқан елдік, ерлік азаттығын.
Жұлдызды құдіреттің туы болған,
Жауынгер ана тілім – қазақ тілім.

Бірнеше оқырман тіл туралы жазылған қанатты сөздерді оқи отырып, бір - біріне сұрақтар қою арқылы пікір алысады.

1 - бала: - Мен саған "осы тіл не үшін керек?” деген сұрақты қойғым келіп отыр.
2 - бала: - Досым – ау, тіл бір - бірімізбен сөйлесу, түсінісу үшін қажет қой. Апай "Тіл – қарым - қатынас құралы” деп түсіндірді емес пе?
1 - бала. - Жарайды, тіл – қарым - қатынас құралы - ақ болсын, онда адамдардың бәрі бір ғана тілде сөйлеп, түсінісе бермей ме? Ана тілі деп бөлгені несі?
3 - бала: - Ой, айтқышбегім - ай. Кез келген адамның өз анасы болатыны сияқты дүние жүзіндегі халықтардың да өз анасы, өз тілі, өз Отаны бар емес пе?
4 - бала: - Балалар, ана тілі дегеніміз – ананың ақ сүтімен бойға дарыған өз анамыздың тілі ғой. Ал ана деген – бәрінен қастерлі, аяулы да асыл жан.
5 - бала: - Мен сендерге Әли Әпекұлы деген ақынның ана тілі туралы мына өлеңін оқып берейін:
Ана тілім – бала шағым өркенім,
Ана тілім – болашағым, ертеңім,
Ана тілім – сайын далам, жер, көгім,
Ана тілім – арман, ойым, өрнегім.

Ана тілді білмесем,
Шат - шадыман күлмес ем,
Жер бетінде сайраңдап,
Қазақ болып жүрмес ем.
6 - бала: - Керемет екен. Ал Әбділда Тәжібаев атамыздың мына өлеңі естеріңде ме?
Туған тілім - тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сөз ойдағы
Өссе тілім – мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім – мен де бірге өшемін.
7 - бала: - Ақын апаларымыз да тіл туралы тамаша өлеңдер шығарған.
Тұрсынхан Әбдірахманова деген әрі ғалым, әрі әнші, әрі ақын апамыз былай депті:
Ана тілім – бәрін сөйлер шежірем,
Тілсіз нені білдіре алам, не білем?!
Тілім барда ғана мынау ғаламның
Кілтін табар саналысы сезінем.
О, адамдар, қадіріне жетіңдер,
Ана тілің – анаң, сыйлап өтіңдер!

8 - бала: - Дұрыс - ақ, бірақ кейде өзінің ана тілін сыйламайтын, білгісі келмейтіндер де кездесіп қалады. Олар туралы не айтар едіңдер?
9 - бала: - Әрине, адамның бәрі бірдей емес, түсінігі төмен, білімі таяз кейбір мәңгүрт жандар болатыны рас, ондайлар жайлы қырғыз ақыны Сарноғаев былай деген:
Ана тілін білмеген –
Ақылы жоқ желік бас.
Ана тілін сүймеген –
Халқын сүйіп жарытпас.
10 - бала: - Ал халқымыздың кемеңгер жазушысы Ғ. Мүсірепов атамыз:
«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілін өгей ұлдар ғана менсінбейді» деген, сондықтан өз тілімізге, өз ұлтымызға өгей болмайық, достар!
11 - бала: - Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Ол тек отбасы, ошақ қасының ғана тілі емес, мемлекеттік тіл ғой.
12 - бала: - Иә, иә, оның рас. 1995 жылы 30 тамызда қабылданған жаңа Конституцияда қазақ тілі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі болып бекітілді. Ал 1997 жылы 11 шілдеде «Тіл туралы» Заң қабылданып, оның 4 - бабында "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі” екені жазылды.
13 - бала: - Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Көп ұлтты мемлекет үшін мемлекеттік тіл өте қажет. Мемлекеттік тіл – көп ұлтты елдің барлық халқын саяси - мәдени бірлікке ұйымдастырудың басты құралы.
14 - бала: - Олай болса, қазақ тілін жете білу арқылы біздер өнер мен білімнің, мәдениет пен ғылымның биігіне жетіп, өз халқымыздың өткен - кеткенін зерделеп, оны әлемге таныта аламыз. Өз тілімізді құрметтеу арқылы басқа тілді де үйреніп, мәдениетін қадірлей аламыз.
Бәрі: Ана тілін қастерлеп, құрметтейік!

Ә. Тінәлиевтің "Ананың тілі” әні

1 - бастаушы: - Ал, балалар, енді "Жалғасын тап” ойынын ойнайық.
Ойынның шарты бойынша мақал - мәтелдің, қанатты сөздердің жалғасын табу керек.
1. Тіл - адам ойының... (айнасы)
2. Аңдамай сөйлеген... (ауырмай өледі)
3. Ойнап сөйлесең де... (ойлап сөйле)
4. Тисе терекке, тимесе... (бұтаққа)
5. Айтылған сөз,... оқпен тең (атылған)
6. Бал тамған тілден... тамар (у)
7. Көп сөз -... (бос сөз)
8. Көп сөз - күміс, аз сөз -... (алтын)
9. Жасыңда қылжаң болсаң, өскенде... боласың. (мылжың)
10. Таза сөйлеу – биік... (мәдениеттілік)

2 - бастаушы: Жанын сап, халқын сүйіп, баққан тілім,
Жалықпай құпиялар ашқан тілім.
Жаһанның төрт бұрышы түгел танып,
Жат жұрттан да достарын тапқан тілім.

1 - бастаушы: Бұл жанды тіл – менің азат тілім,
Жадымда талмай самғар қанат тілім.
Жыр - қуат, сөзі – ана уызындай,
Жасай бер, Ана тілім – Қазақ тілім!

Жасай бер, ана тілім – қазақ тілі! жүктеу
Материал рейтингісі:
  • 0
барлық дауыс бергендер: 0
Басқа жаңалықтарды оқу:
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Үздік жаңалықтар
Жаңалықтар бөлімі
Соңғы пікірлер
  • aiboll
    Жазған: aiboll
    Мына жаңалықта: Қауын мен қарбыз
  • aiboll
    Жазған: aiboll
  • aiboll
    Жазған: aiboll
  • беке
    Жазған: беке
  • aiboll
    Жазған: aiboll
    Мына жаңалықта: Омонимдер
  • aiboll
    Жазған: aiboll
    Мына жаңалықта: Химия әлеміне саяхат
  • Батон
    Жазған: Батон
  • aiboll
    Жазған: aiboll
  • Bekamaster
    Жазған: Bekamaster
  • Жетыген
    Жазған: Жетыген
Өз пікіріңді білдір
Білімділер порталына қандай бөлім жетіспейді?
Интернет дүкен (магазин)
Хабарландыру тақтасы
Онлайн оқыту бөлімі
форум
Тестілеу орталығы
Сайтта кім бар
Барлығы: 80
Қолданушылар: 0
Қонақтар: 80
Роботтар: 3
Ілмек сөздер
Сайт статистикасы
Яндекс.Метрика