Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Алғырлар мен Тапқырлар сайысы

16 ақпан 2013, Сенбі
Категориясы: Бастауыш сынып
Тақырыбы: «Алғырлар мен Тапқырлар» сайысы.
Мақсаты: Балаларды қай пәнге бейім екендігін айқындау.
Дарынды оқушыларды анықтау.

Дамытушылық
мақсаты: Балалардың ойлау қабілеттерін, еркін сөйлеуге, ойын толық жеткізуге, өз бетінше жұмыс жасау қабілеттерін арттыра түсуге дамыту.

Тәрбиелік мақсаты:
Ұқыптылыққа, жинақылыққа, өзін-өзі көпшілік арасында ұстай білуге және жауапкершілікке тәрбиелеу.

Сабақ көрнекілігі: Жалау, парта, слайд, шарлар, әріпті жәшіктер т. б.
Пән аралық байланыс: музыка, әдебиеттік оқу, математика, қазақ тілі, дүниетану, дене шынықтыру.

Сабақ барысы: 1. Ұйымдастыру
Жүргізуші: Біреу озса сайыста, біреу артта қалады,
Ренжімей тараса, озбағандар жарады.
Жарыс заңы ежелден – жеңімпазды анықтау,
Озат болу шарты сол-еңбектену, жалықпау.

Қымбатты оқушылар, бүгінгі «Алғырлар мен тапқырлар» атты танымдық ойын-думанымызға қош келдіңіздер. Бүгінгі сайыс барысында оқушыларымыздың ой-өрісін, білімдерін, ептілігін сарапқа салатын боламыз.
Мен бүгін өздерінің ақылды, шеберліктерін, алғырлықтарын, өз бетінше жұмыс жасай алатын, еркін сөйлей алатын көрсеткісі келіп отырған 2 «б» сынып оқушыларын ортаға шақырғым келіп отыр.

Олар: І топ «Алғырлар»
Сәлемдесуі: Қиындықтан сірә да біз қашпаймыз
Алғырлық пен тапқырлықты ұштаймыз
Қияларға самғап ұшқан құстаймыз
Шегінбейміз жеңістерге бастаймыз

ІІ топ «Тапқырлар»
Сәлемдесу: Біз дайынбыз бұл сайысқа достарым
Көрсетеміз бізде қандай күш барын
Алға қойған мақсатымыз бір екен
Сәтті болсын сапарымыз әрдайым

Жүргізуші: Талапты да, талантты балалардың сайысын бақылап отыратын бақылаушы ханым бастауыш сынып мұғалімі Бөлегенова Ақмарал Тыныштыққызы. Бүгінгі білімділер сайысы 6 айналымнан тұрады. 6 айналымның өзі 1, 2, 3, 4 бөлімдерден тұрады. Айналымның барлығын сайыс барысында түсіндіріп отырамын. Әр айналым бойынша әр топқа жеке-жеке сұрақтар қойылады. Берілген сұрақтың жауабын таба алмаса, 2-ші топ жауап беріп ұпай санын өз қоржындарына сала алады. Сұрақтың жауабын тек алдарыңыздығы белгімен дыбыс шығару арқылы білдіресіздер.
Олай болса, 1-ші айналым 4 бөліктен тұрады.
1 айналымның 1 бөлімі яғни ширату мақсатында берілген. Олай болса экранға назар аударайық. Шашылған әріптерден сөз құрау.
а)
ШАҒ
МРА
ДАБ
Сөзді сипаттап суреттеу. (Бұл бізге керек, әсіресе мектепке келерде және қайтарда қажет, оған барлық адамдар қарайды)
(Бағдаршам)
- Бағдаршамның түстері қандай?
ә) ІІ топ.
ІКД
ЛҮЕ
НК
(Бұл әр оқушыда болады, оны ашсақ кейде күлесін, кейде ашуланып, ұяласың, ол сенің досың)
(Күнделік)

- Күнделікті қалай ұстау қажет?
- Ұпай санын анықтау.
- 1 айналымның 2 бөлімі. Мұнда математика пәні бойынша логикалық сұрақ берілген.
І топ.
* Аулада қаздар жайылып жүрді. Дана 6 аяқ санады. Аулада қанша қаз бар? Жауабы: 3 қаз
ІІ топ
*Ағашта бірнеше құс отырған. Оларда 8 қанат болды. Ағашта неше құс отыр? Жауабы: 4 құс отыр.
- Ұпай санын анықтау.
1 айналымның 3 бөлігіне де келіп жеттік. Бұл 3 бөлік өзіміздің әдебиеттік оқу пәнінен берілген. Берілген сөздің мағынасын ашып, түсіндіру. Әр топқа жеке – жеке сұрақ қойылады.
І топ. Назарларымызды экранға аударайық.
- қулығына басады – қулық жасайды, алдайды
- жұғын да жоқ - түк те, дым да жоқ
- Тапқан малымның бір бөлігімен борышымды өтеймін, бір бөлігін өсімге беремін деген сөйлемді қалай түсінесіңдер?
Дұрыс жауап: Қарт әке-шешеме берген ақшаларымды өтеп тұрған борышым деп білемін. Өзімнен туған балаларды оқытуға берген малымды өсімге берген мал деп білемін. Балалар адам болып, біз қартайғанда жақсы асыраса, олардың борышымды өтегені деп ойлаймын,- дейді Үйші.

ІІ топ.
- жан тапсыру – қайтыс болу, дүниеден өту, өлу
- қиралаңдап - ақсаңдап
- Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай деген өлең жолдарын қалай түсінесіңдер?
Дұрыс жауабы: Жаз бойы құлпырып тұрған ағаш, күз мезгілі жеткенде барлық жапырақтарынан айырылып жалаңаш күйде қалады, бұл жерде ағаштардың түрін қартайып кеткен қарт шал мен кемпірге теңеп тұр.

*Топтардың жинаған ұпай сандарын анықтау.

1 айналымның 4 бөлігі: - Мұнда «Достар» студиясының жасырған әнін тауып алған топ қосымша 2 ұпайды бірден иеленіп, өз қоржындарына сала алады. Жасырылған ән екі топқа да ортақ. Әнді тапқан топ бірден алдарындағы белгіні береді.
*Жасырылған ән: «Қошақан» әні
- Олай болса қосымша 2 ұпай саны беріледі. Ал біз барлығымыз экранға қарап «Қошақан» әнін бірге орындайық.

* Достар сендерді ұпай сандарыңмен құттықтаймын. Ендеше 2 айналымға да кезек берейік. 2 айналым 2 бөліктен тұрады.

2 айналымның 1 бөлімі. Мұнда кино саласы бойынша. Кинодан үзінді беріледі. Әр топқа тапсырма жеке-жеке беріледі. Ол үшін барлығымыз назарымызды экранға аударайық. Киноны көрсету. «Балалық шағымның аспаны»
І топ
* Сұрақ
- Көрсетілген киноның аты? Жалпы кино кім туралы?
- Дұрыс берілген кинодан үзінді елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың балалық шағы туралы. Елбасымыз ұшқыш болуды армандаған екен. Бірақ елбасымыз өз еліне қызмет ету жолын таңдаған екен. Себебі ұшқыштың оқуы Украина қаласында болғандықтан әкесінің өз еліңе қызмет ет деген сөзі ақылға салып, кенші оқуына түседі.
ІІ топ «Менің атым – Қожа» киносынан үзінді.
* Сұрақ
- Көрсетілген киноның аты? Жалпы кино кім туралы?
- Дұрыс жауап: Қожа деген бала туралы. Ол өзі бұзық болғанымен, шыншыл, жалпы өтірікті жаны сүймейді, әділдікті қалайтын бала туралы. Кейін киноның аяғында Қожа өзінің қателіктерін жояды, тәртіпті, ақылды бала болады.

2 айналымның 2 бөлімі «Достар» студиясының жасырылған әнін табу. Қосымша 2 ұпайды ұпайы төмен топ тауып өз қоржындарына салуға әбден мүмкіндігі бар. Жасырылған ән: «Ортеке»

* Достар сендерді ұпай сандарыңмен құттықтаймын. Ендеше 3 айналымға да келіп жеттік. 3 айналым 1 бөлімнен тұрады. Айналым әдебиеттік оқу пәнімен байланысты. Мұнда топ басшылары менің дайындаған 5 сұрағымды өз топтарына қояды. Сұрақтар тарихта болған адамдар, авторларға, өткен тақырыптарына байланысты. 1 минут уақыт беріледі. Уақыттың басталуын, аяқталуын бақылаушы ханымның белгілерімен бастап, аяқтаймыз.
І топ.
1. Қазақ даласына алғаш білім жарығын алып келген адам кім?
Ыбырай Алтынсарин
2. Балаларды оқуға шақырған Ы. Алтынсариннің өлеңі қалай басталады?
Бір аллаға сиынып
3. «Ата-ана алдындағы борышың» деген тіркестегі «борышың» сөзін басқаша тағы қалай айтуға болады?
Қарызың

4. Өлең жазатын адамды қалай атайды?
Ақын
5. Тұңғыш «Әліппе» оқулығын жазған кім?
Ахмет Байтұрсынұлы
- Ұпай санын анықтау.
ІІ топ
1. «Аласың білім кітаптан» деген ақыл сөз кімнің шығармасында келтірілген?
Ілияс Жансүгіровтің
2. Қартқожа қай жазушының кейіпкері?
Жүсіпбек Аймауытовтың
3. Қазақ халқының ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов туралы жазған жазушы кім?
Сапарғали Бегалин
4. Абайдың нақыл сөзін аяқта.
«Адам баласының ең жаманы -...»
Талапсыз
5. Абай Құнанбаев «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде атаған бес жаман істі ата.
Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ
- Өте жақсы ұпай санын анықтау.
* Достар сендерді ұпай сандарыңмен құттықтаймын. Ендеше 4 айналымға да кезек келді. 4 айналым шағын 2 бөлімнен тұрады.
4 айналымның 1-ші бөлімі.
І топ. Сұрақтар міне өздері де келе жатыр. Алдарыңызға әкелінген сусындарды татып, иіспен, қарап көруге де болады. Ендеше сіздерге берілген сұрақ мынадай. Алдарыңыздағы сусындардың ішінен қымызды табыңыздар?
- Қымызды төрт-түліктің қайсысынан аламыз? Жауабы: Қымызды Жылқы малынан оның ішінде биеден яғни жылқының ұрғашы малынан аламыз. Үйірілген сары алтындай сары қымыз, Ауруға – ем, сауға қуат дәрі қымыз деп Жамбыл атамыз жырлағандай қазақ халқының дардығын, байлығын, дастарханның берекесін, мырзалығын дәлелдейтін осы сары қымыз болған. Қымызда С дәрумен ікөп болған. Сондықтан оның емдік қасиеттері әсіресе туберкулез ауруынан емдеу айрықша жоғары.
ІІ топ:
Сіздердің де сұрақтарыңыз міне өздері де келе жатыр. Алдарыңызға әкелінген сусымалы дәнді-дақылдарды ұстап, қарап көріп алыңыздар. Сіздерге берілген сұрақ мынадай. Осы сусымалы дәнді-дақылдардың ішінен бидайды табыңыздар.
- Бидайдан не жасаймыз? Жауабы: «Жерде жатқан бидай дәнін көрсең, түйенің үстінен еңкей де теріп ал!» деп халқымыз бидайды аса құрметтеген.

* Ұпай санын анықтау.
Олай болса, 4 айналымның 2 бөлімі. Әр топқа сұрақ жеке-жеке мультфильм қойылады. Дайын болсақ экранға назар аударайық. Мультфильм көрсетіледі.
І топ.
- Бұл мультфильм қалай аталады? «Құйыршық»
- Баланың қолындағы затты ата? Оны не үшін қолданады?
Жауабы: Торсық. Жылқының терісінен 5-10литр шағын ыдысты торсық деп атайды. Торсық 1-2 адамға арналған шағын ыдыстың түрі. Көбінесе торсықты жол жүргенде бірге ала шығады. Ішіне қымыз, айран, шұбат сусындарын құяды.

ІІ топ
- Бұл мультфильмнің аты? «Ақсақ құлан»
- Ханға баласының қайғылы хабарын не арқылы жеткізді?
Жауабы: Домбыра. Домбыра қазақтың бас аспабы.

* Достар сендерді ұпай сандарыңмен құттықтаймын.
Кезек 5 – ші айналымда. 5 айналым шағын 4 бөлімнен тұрады.
- 5 айналымның 1 бөлімі дене шынықтырумен пәнімен байланысады. 5 айналымның 1 бөлімі «Сенемін, сенбеймін» деп аталады. Қойылған сұраққа тек қана сенемін, сенбеймін деп жауап бересіздер. Сонымен қатар қосымша сұраққа да жауап бересіздер.
І топ.
1. Қазақстан Лондон олимпиадасынан 7 алтын медаль алды дегенге сенсіңдер ме?
- Олай болса аттарын атап беріңіздер?
Жауабы:
1. Серік Сапиев
2. Александр Винокуров
3. Мая Манеза
4. Зульфия Чиншанло
5. Илья Ильин
6. Ольга Рыбакова
7. Светлана Подапедова

2. Назарымызды экранға аударайық. Экраннан көрсетілген спортшының аты – жөні кім? Лондон олимпиадасында спорттың қай түрінен қатысты?
Жауабы: С. Сапиев бокстан қатысты.

ІІ топ.
1. Илья Ильин 2 дүркін олимпияда чемпионы дегенге сенесіңдер ме?
Лондон олимпиадасында спорттың қай түрінен қатысты?
Жауабы: Ауыр атлетика штанг
2. Назарларымызды экранға аударайық. Экраннан көрсетілген спортшының аты-жөні кім? Лондон олимпиадасында спорттың қай түрінен қатысты?
Жауабы: А. Винокуров велоспорт

- 5 айналымның 2 бөлімі әдебиеттік оқу пәнімен байланысты.
І топ. Назарларымызды экранға аударайық.
... Менде асыл тасты жүзік те, сәнді киім де, қымбат тастармен әшекейленген белдік те жоқ. Тек еңбек сүйгіш екі қолым, қайрат-жігерге толы жүрегім бар.
- Экранда бір ертегіден үзінді берілген. Ертегінің аты қалай аталады?
- Қандай ертегі түріне жатады?
Жауабы: «Байлық пен ақыл» ертегісі. Шыншыл ертегіге жатады.
ІІ топ.
... Бір күні ойнайын деп бардым. Әбіш кітап оқып отыр екен. Тыңдасам, кітабында жұмбақ, мақал, өлең, басқа да жақсы сөздер көп екен.
- Экранда бір мәтіннен үзінді берілген. Мәтіннің аты қалай аталады?
- Мәтін кім туралы жазылған?
Жауабы: Мәтін «Мен оқуға қалай бардым?» А. Байтұрсынұлы
5 айналымның 3 бөліміне де келіп жеттік. Ол үшін назарымызды экранға аударайық.
І топ.
... Қалыпсың ұйықтап, қарағым,
Қалады-ау сенің сабағың,
Жуын, жүгір мектепке.
Ашасың көзді сабақтан,
Аласың білім кітаптан,
Боласың адам мектепте. деген өлеңнің тақырыбын және қай автор жазғанын табамыз.
Жауабы: Күн шыққанда. І. Жансүгіров
ІІ топ.
... Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз.
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз.
Өзің үшін үйренсең,
Жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма-жыл... деген өлеңнің тақырыбын және қай автор жазғанын табамыз.
Жауабы: «Ғылым таппай мақтанба» А. Құнанбаев.

5 айналымның 4 бөлімі қосымша 2 ұпайды «Достар» студиясының жасырған әнін тапқан топ иеленеді. « Айгөлек» әні

* Достар сендерді ұпай сандарыңмен құттықтаймын. Ендеше соңғы шешуші 6 айналымға да келіп жеттік. Мұнда 4 ойыншыға 2 әріптен тиесілі, қалған балалар жауаптардың дұрыс орналасуына көмектесесіңдер. 1 минут уақыт беріледі бақылаушы ханымның Уақытты белгісімен бастап, аяқтаймыз. Менің қойған 5 сұрағыма әріптердің көмегімен жауабын шығарады.
І топ. О-Ұ, Т-М, А-Ы, Р-Н
Сұрақтар:
1.... оттанда ыстық ( отан )
2. До, ре, ми, фа, соль, ля, си, до бұлар? ( нота )
3. «Садись» сөзінің қазақша баламасы?
4. Сыныптағы Нұрдәулеттің фамилиясы? (Омар )
5. Атадан қалаған асыл... ( мұра)

ІІ топ О-А, Р-М, П-С, Ы-А
Сұрақтар:
1. Ұшатын, шағатын, 4 әріпті жәндік? (маса )
2. А. Винокуровтың ұлты? ( орыс )
3. Күннің түсі? (сары)
4. Сникерс, натс, твикс,... шоколадтың түрі? ( марс )
5. Дәнді-дақылдың бір түрі. бидай, күріш, тары,... (арпа)

- Ұпай сандарын анықтау. Жеңіске жеткен топты анықтау. Мадақтау, марапаттау.
«Көк ту» әнімен аяқтау.
28 842
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Денсаулық фестивалі
Денсаулық фестивалі
Қызметкерлердің салауатты өмір салтына өз үлестерін қосуға үндеу, қызығушылықтарын арттыру, ауызбіршілікке, біріккен іс әрекетке баулу.
Тіл білгірі
Тіл білгірі
Қазақ тілінде ауызекі тілде сөйлеу дағдыларын әдебиет пәнімен ұштастыра отырып қалыптастыру арқылы өз тілін, туған жерін құрметтеуге тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру.
«Көңілді тапқырлар» математикалық сайысы
«Көңілді тапқырлар» математикалық сайысы
«Көңілді тапқырлар» математикалық сайысы. Сабақтың мақсаты: Білімділік: Оқушылардың ойлау қабілетін, ой ұшқырлығын, оқуға ынтасын арттыру. Дамытушылық: Ұйымдастырушылық қабілетін дамыту. Тәрбиелік: Оқушыларды ұйымшылдыққа, нақты пәнге қызығушылыққа,
Тапқыр болсаң, озып көр
Тапқыр болсаң, озып көр
Бастауыш сынып мұғалімі Окасова Гүлден Маликовна
Дарындылар додасы - 2014
Дарындылар додасы - 2014
Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылы Қ. Байсықов атындағы орта жалпы білім беретін мектептің география пәні мұғалімі Дюсалиева Диана
Тапқыр болсаң, тауып көр
Тапқыр болсаң, тауып көр
Бастауыш сынып мұғалімі Тәжібаева Гүлмира
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×