Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Организмдердің негізгі тіршілік ортасы

10 мам 2013, Жұма
Категориясы: Биология
Организмдердің негізгі тіршілік ортасы
Биология 9 - сынып
Мақсаты: Жас ұрпағымыздың елдігімізді, ерлігімізді сақтар, өркениетті елмен иық тіресер ұрпақ болу үшін қайырымдылыққа, имандылыққа, байқампаздыққа, табиғатты сүюге, қорғауға үйрету. Ата – бабадан қалған дәстүрге бүгінгі ұрпақтардың мұрагер екеніне көрсету.
Жас ұрпақты өз беттерімен жұмыстануға жағдай жасау, бірін - бірі тыңдауға дағдыландыру.
Көрнекілік: Плакаттар, таратпа тапсырмалар, «Наурыз көже» тағамдарының суреттері, тайқазан суреті.
Сабақтың әдісі: Дәстүрлі емес сабақ
Сабақтың жоспары:
1. Наурыз тойына дайындық (Ұйымдастыру)
2. Наурыз көже тағамдарын дайындау. (Үй тапсырмасын тексеру)
3. Наурыз көже пісіру (Жаңа тақырып)
4. Наурыз көже тарату (Бекіту)
5. Наурыз той батасы (Бағалау)
6. Наурыз той сарқыты (Үй тапсырмасын беру)
І. Наурыз тойына дайындық.
Сәлеметсіздер ме?!
Наурызым - мейрам жүректерге нұр сепкен,
Маңдайымнан сүйіп жатыр күн көктем.
Жарығыңмен, шуағыңмен Күн - ана,
Алып келдің жер бетіне гүл көктем.- деп, ағаларымыз жырлағандай. Бүгінгі сабағымызды «Ұлыстың Ұлы - Наурыз» мейрамына арнағалы отырмыз. Наурыз тойы «Наурыз көжесіз» өтпейтіні анық, сондықтан да біздерде біліміміз арқылы наурыз көжесін дайындап, таратамыз. Соған байланысты сабағымыздың жоспарымен танысып алайық.
1. Наурыз тойына дайындық (Ұйымдастыру)
2. Наурыз көже тағамдарын дайындау. (Үй тапсырмасын тексеру)
3. Наурыз көже пісіру (Жаңа тақырып)
4. Наурыз көже тарату (Бекіту)
5. Наурыз той батасы (Бағалау)
6. Наурыз той сарқыты (Үй тапсырмасын беру)
Ендеше, жоспармен жұмыстанайық.

ІІ. Наурыз көже тағамдарын дайындау
Осы бөлімді бастамас бұрын, оқушылар, мен сіздерге мынадай сұрақ қойғалы отырмын.
- Наурыз көжені неше тағамнан пісіреді?
- Және оны қайда пісіреді? (Оқушылардың жауабы тыңдалады). Тақтаға тайқазан макеті ілінеді. Оқушыларға Наурыз көженің құрамындағы тағамдарының суреттері, артына сұрақтар жазылған. Тағамды рет - ретімен алып, сұраққа жауап бере отырып, тайқазанға салынады. Дұрыс жауапқа ұпайлар беріледі.
1. Су (2 ұпай) – Өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды жоюға бола ма?
2. Сүр ет (4 ұпай) – Қазақстан ғалымдардың алғаш рет селекция негізі бойынша қол жеткізген жетістіктері қандай?
3. Бидай (3 ұпай) – Селекция деген сөздің мағынасы не?
4. Сүт (3 ұпай) – Генетика ғылымы дегеніміз не?
5. Тұз (2 ұпай) – Экология ғылымы нені зерттейді?
6. Мейіз (3 ұпай)- Экология ғылымының қалыптасуын неше кезеңге бөледі?
7. Құрт (5 ұпай) – Дүниежүзілік экологиялық мәселелерге не жатады?

ІІІ. Наурыз көже пісіру
Балалар, енді әрмен қарай көжені пісіру қажет. Ол үшін жаңа тақырыбымызды бастайық. Бүгінгі тақырыбымыз «Организмдердің тіршілік ортасы». Сынып 2 топқа бөліне отырып, алдарыңа берілген мәтінді оқып, өзара талқылаңыз да, керекті сөйлемдерді дәптерлеріңе жазып алыңыз. Топ арасында талқылап болған соң, топ лидері ортаға шығып, мәтіннің мазмұнымен таныстырады.

Мәтін: 1. Су тіршілік ортасы.
Гидросфера ғаламшарымыздың ең үлкен көлемін алып жатыр. Су – жер шарының барлық көлемінің 71 пайызын қамтиды. Судың негізгі қорын, 98 пайызын мұхиттар мен теңіздер құрайды. Қалған 2 пайызын мәңгі мұздықтар, өзендер мен көлдердің үлесіне тиеді. Суда жануарлардың 150000, өсімдіктердің 10000 астам түрі тіршілік етеді. Су тіршілік ортасы организмдер үшін қолайлы орта болғанымен, өзіне тән ерекшеліктері болады. Оған судың тұтқырлығы, тұз концентрациясы, қысым, оттек мөлшері, су қабатының қозғалыстары мен ағыстары, айналымдар, қорек қоры, судың ащы немесе тұщылығы жатады.

Судағы барлық организмдерге тән қасиет – жүзу. Дегенмен көптеген балдырлар, кейбір организмдер бекініп тіршілік етуге бейімделген. Жүзуге немесе баяу қозғалуға байланысты гидробионттарда құрлық организмдерінде болмайтын ерекше морфологиялық өскіншелер, жүзу немесе ескек аяқтары мен жүзбеқанаттары, су жұқтырмайтын заттар т. б. қасиеттер пайда болған. Мысалы, тау өзендерінде тіршілік ететін балықтардың денесі жұмыр әрі ықшамды, ағысқа қарсы жүзуге бейімді болса, жазық жердегі көлдердегі балықтар, керісінше, ірі әрі жалпақ болып келеді. Ал мұхиттардың әр түрлі тереңдіктеріндегі организмдердің морфологиялық құрылысы, дене пішіні мен қозғалуы мүлдем басқаша болады.

Су организмдерінің ішінде медузалар, қосжақтаулы былқылдақденелілер өз денесінен атқылаған су қысымы күшімен тез жүзуге бейімделген. Бұл құбылыс, әсіресе басаяқты былқылдақденелілерде жақсы байқалады. Осы әдіспен қозғалатын кальмардың жылдамдығы сағатына 40 - 50 шақырымға жетеді. Тұщы су гидробионтарының кейбіреулер су бетінде кәдімгі құрлықтағыдай сырғанап та жүреді. Мысалға суаршындарын алуға болады.

2. Құрлық - ауа тіршілік ортасы. Құрлық - ауа – организдер үшін күрделі өзгерістерге үздіксіз жүріп жататын, табиғаты сан қилы орта. Мұнда атмосфераның газдық құрамы, ылғалдылық, тығыздық, қысым факторлар жиынтығы литосфера қабатымен байланысып жатады. Жануарлар мен өсімдіктер құрлық - ауа кеңістігінде тіршілік етуге бейімделіп, оны толықтыра түседі. Тіршілік ортасына тән көптеген ерекшеліктерді ( жарықтың мол түсуі, температура ауытқуының күшті байқалуы, ауа райының маусым мен тәулік бойынша өзгеруі) байқауға болады. Сулы ортамен салыстырғанда құрлық - ауа ортадағы тіршілік маусымға, тәулік мерзіміне және географиялық орнына байланысты ауа температурасының шұғыл ауытқуында өтеді. Оттекпен тыныс алу мүшелері жетіле түсті. Жануарлар мен құстардың ұшуға бейім жаңа түрлері пайда болды.

3. Топырақ тіршілік ортасы. Жер бетінде топырақ түзілу процесі – ұзаққа созылған биогеохимиялық айналымның жемісі. Топырақтың түзілуімен байланысты жер бетін жасыл өсімдіктер әлемі басады. Одан соң топырақтың микро – және макрофаунасы қалыптасады. Өсімдіктер мен жануарлар және өлі табиғат арасындағы қоректік қарым - қатынастар топырақ түзілу процесін, оның физикалық, химиялық және механикалық құрылымын жақсарта түсті.

Мысалы, топырақтың жоғары бөлігінде өсімдіктерге қажетті азот, калий, кальций, фосфор және т. б. химиялық элементтер жинақталады. Ал топырақ ылғалы оттекті, еріген тұздар мен минералды заттарды сіңіріп, сілтілік немесе қышқылдық ортан қалыптастырады. Топырақтың құнарлы қабатын түзудегі микроорганизмдердің, өсімдік пен жануарлар өкілдерінің рөлін ерекше атаған жөн. Микроорганизмдер әр түрлі өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтарымен заттармен байытады. Олардың ішінде топырақта көп кездесетіні - микрофлора өкілдері - саңырауқұлақтар, актиномицеттер мен бактериялар. Ал топырақ микрофаунасының өкілдері – амеба, талшықтылар мен кірпікшелі қарапайымдылар жыртқыш немесе паразит ретінде зат және энергия алмасуды жүзеге асырады.
4. Организмдердің өзі тіршілік ортасы. Өсімдіктер, жануарлар мен микроорганизмдердің көптеген өкілдері екінші бір организм есебінен тіршілік етеді. Мұндай организмдерді паразиттер деп атайды. Барлық паразиттерді эктопаразиттер (қорек үшін уақытша бір организм денесінің сыртында кездесетіндер) және эндопаразиттер (екінші бір организмнің ішкі мүшелерінде кездесетіндер) деп жіктеледі. Эктопаразиттерге – кәдімгі қан сорғыш масалар, соналар, кене, бүрге, сүліктер т. б., ал эндопаразиттерге – аскаридалар, қарапайымдылар, бактериялар, құрттар т. б. жатады. Паразиттер бір организмнің денесінде үнемі бола бермейді. Олар көбінесе қоректену немесе көбею үшін – уақытша, кейде ұзақ уақыт тіршілік етеді. Ол үшін орта қолайлы болуы тиіс. Организм екінші бір организм денесінде тіршілік етуі үшін ұзақ жылдар бойы бейімделеді. Соның нәтижесінде ондай кейбір паразиттердің бұрынғы жақсы жетілген ішкі және сыртқы мүшелерінің қызметі жойылып кетеді.

ІҮ. Наурыз көжені тарату. Оқушылар мәтінді талқылап болған соң, тапсырмалар беріледі.
1. Тест тапсырмасы.
1. Кез келген организмнің өніп - өсіп, көбеюіне, ұрпақтарын жалғастыруына қолайлы табиғи - тарихи қалыптасқан ортаны: А) Сулы орта в) тіршілік ортасы с) Құрлық орта
2. Морфологиялық өскіншелер, ескек аяқтары бар жануарлар қайда тіршілік етеді?
А) құрлық - ауа тіршілік орта
в) су тіршілік ортасы
с) топырақ тіршілік ортасы
3. Өкілдері екінші бір организм есебінен тіршілік етеді:
А) микрофлоралар
в) амебалар
с) паразиттер
4. Қорек үшін уақытша бір организм денесінің сыртында кездесетіндер:
А) эндопаразиттер
в) эктопаразиттер
с) паразиттер
5. Жер бетін жасыл өсімдіктер әлемі басу үшін не түзіледі?
А) топырақ
в) су
с) ауа
6. Су - Жер шарының барлық көлемін қанша пайызын қамтиды?
А) 71
в) 85
с) 90
2. Тіршілік ортасын кестеге толтыр.
Тіршілік ортасы Тіршілік етуші тірі организмдер Ерекшеліктері

Ү. Наурыз той батасы. «Батаменен ел көгерер...» демекші ата - баба салты бойынша бата бергелі отырмыз.
Ойда қойың жайылса, омыртқамен құйрық же.
Қырда жылқың жайылса, қазы менен қарта же.
Құла биең құлындап, кең далаға сыймасын.
Жарылқа құдай қабыл ет, жарылқаудың қамын ет.
Бақ бер, бәледен сақта, қауіптен қатерден сақта! Әумин! Осы батаменен өз білімдеріңізді бағалайық.

ҮІ. Наурыз той сарқыты ретінде үйге тапсырма жазып ала қояйық. Организмдердің негізгі тіршілік орталары тақырыбы. Шығармашылық тапсырма «Ауыл жанындағы организмдерге қолайлы тіршілік ортасын» анықтап сипаттама беріңдер.
23 903
0
  • 100
1 дауыс


Жаңалықтар
Наурыз келді
Наурыз келді
Наурыз мерекесінің басқа мерекелерден ерекшелігін түсіндіру. Мерекелік тілектер, дәстүрлер туралы түсінік беру. Балаларды халқымыздың салт - дәстүрін қадірлей білуге тәрбиелеу.
Наурыздағы тілек
Наурыздағы тілек
Ұлыстың ұлы күні наурыз мейрамы туралы түсінік қалыптастыру, наурыздағы тілектің мән мағынасын тану
Наурыз көже
Наурыз көже
Әңгімені түсініп, мәнерлеп оқуға, мазмұнын әңгімелей алуға үйрету. Наурыз көже туралы түсінік беру. Ұлттық тағамдарды қадірлей білуге, салт - дәстүрімізді сақтауға, елінің байлығын дұрыс пайдалана білуге тәрбиелеу.
Наурыз
Наурыз
Наурыз келді міне нұрын төккен, Келді ғой гүлін алып нұрлы көктем. Наурызда бүкіл әлем құлпырады Таңғы шық мөп - мөлдір боп жылтырады.
Қош келдің Наурыз!
Қош келдің Наурыз!
Жамбыл облысы, Қордай ауданы. Бастауыш сынып ұстазы Серкебаева Макпал
Қош келдің, әз - Наурыз!
Қош келдің, әз - Наурыз!
«Суықбұлақ орта мектебі» КММ Қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі Қиықбаева Бақыт Шәріпқанқызы
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×