Бізбен байланыс
kum2017@yandex.ru
WhatsApp: +7 705 241 87 47


Оноприенко Николай Николаевич

11 наурыз 2015, Сәрсенбі
Категориясы: Ғылыми жұмыс
Сабақтың тақырыбы: Оноприенко Николай Николаевич (ғылыми жоба)
Сабақтың мақсаты: Ұлы Отан соғысының Батырлары туралы жастарға және кейінгі ұрпаққа ұлықтау. Отанға деген құрмет пен сүйіспеншілік сезімін оята отырып, соғыс ардагерлерін құрметтеп, ардақтауға тәрбиелеу.
Сабақтың міндеті: Ойыл ауданындағы жалғыз батырымыз Николай Николаевич Оноприенконың өмірімен, ерлігімен, Кеңес Одағының Батыры атағын қалай алғанын түсіндіру.

Кіріспе
Фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда соғыс жарияламастан, тұтқиылдан КСРО - ға шабуыл жасады. Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы басталды.
Тарихта Ұлы Отан соғысындай қасіретті соғыс болған емес. Соғыста 27 миллионнан астам кеңес адамы қаза тапты. Соның ішінде 410 мыңы қазақстандықтар болатын.
Фашистік Германия Кеңес Одағының астанасы – Мәскеуді бірнеше апта ішінде басып аламыз деп жоспарлады. Бірақ Мәскеу түбіндегі шайқаста Қызыл армия ентелеп келе жатқан фашист басқыншыларын тоқтатып, өздері қарсы шабуылға шықты. Бұл жеңісте қазақстандықтардың үлесі зор болды.

Гитлердің басқыншылары 1941 жылдың қыркүйегінде Ленинградқа жетті, қаланы толық қоршауға алды. Ленинград үшін ауыр блокада күндері басталды. 900 күн мен түн басқыншылар Ленинградты әуеден, ауыр зеңбіректермен оқ жаудырды. Ленинградты азат етуде қазақ сарбаздары да ат салысты.

Мәскеу түбінде жеңіліске ұшыраған фашист әскерлері астық пен мұнайға бай оңтүстік аумақты жаулап алмақ болып, Сталинград бағытына ең таңдаулы әскерін жіберді. Кеңес жауынгерлері: “Өліспей беріспейміз!” – деген ант берді. Сталинград қаласының әр үйі, әр көшесі қамалға айналды. Қазақ жауынгерлері таңғажайып ерлік көрсетті.

Ұлы Отан соғысы кезінде ерен ерлік көрсеткені үшін Кеңес Одағының Батыры атағын 11695 жауынгер алса, соның 497 – сі қазақстандықтар болды. Ойыл ауданының жалғыз батыры Николай Николаевич Оноприенко Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

Өмірбаяны
Николай Оноприенко 1911 жылы Ақтөбе облысының Ойыл поселкесінде кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысушы, әскери қайраткер, дивизия командирінің орынбасары, гвардия полковнигі. Колхозшы Оноприенко Қызыл Армия қатарына 1930 жылы өз еркімен келді. Әуелі Термез қаласының (Өзбекстан) полк мектебін, кейін жаяу әскерлер училищесі мен командалық құрылымды жетілдірудің Жоғары курсын бітірді.

Николай Оноприенка 1931 жылы армия қатарына алынып Ұлы Отан соғысы кезінде Брянск, орталық төртінші Украина, бірінші Белорус майдандарындағы шайқастарға қатысқан. 1941 жылы Батыс майданының 16 - армиясында атқыштар батальонының командирі болып тағайындалды. Гвардия полковнигі Оноприенко 2 - Беларусь майданы 65 армия 37 - гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында 1945 жылдың 19 - 21 сәуірінде Одер өзенінен ( Польша, Щецин қаласынан оңтүстік – батысқа қарай 12 шақырым жерде орналасқан Колбасково елді мекені) 45 – мм зеңбіректердің өтуін ұйымдастырды. Одер өзенін кесіп өтіп, оның батыс жағалауындағы Кальбица бекінісін жаудан тазарту үшін болған шайқастағы ерлігі үшін Николай Николаевич Оноприенкаға Кеңес Одағының батыры атағы беріліп, Ленин ордені, Алтын жұлдыз, ІІІ дәрежелі Суворов, ІІІ дәрежелі Кутузов, Қызыл жұлдыз ордендері, көптеген медальдармен, сондай - ақ Польшаның, Англияның әскери наградаларымен марапатталды. Гвардия полковнигі, соғысты Берлинде аяқтаған.

1943 жылдың маусымында Орел - Курск бағытында кескілескен шайқас жүріп жатты. Николай Оноприенконың батальоны бірнеше күні бойы қорғаныс шебін қолдан шығармады. Жаудың 80 - 100 машиналы танктер тобы майданды бұзып өтпек болып, советтік бекіністерге дамылсыз штрум жасады. Танктердің соңынан қаптаған жаяу әскерлер. Гитлершілер Оноприенко батальонына жеті рет атака жасады, бірақ әрдайым маңдайлары тасқа тиіп, кейін шегінді. Тіпті қатары селдіреп қалған қаһарман батальонды жау жиырма шақты танкіні алдарына салып, екі батальон жаяу әскермен қоршауға алған кезде де совет жауынгерлері өз шептерінен бір адым да шегінген жоқ. Оноприенконың дивизиясы плацдармды басып алып, жаудың 12 қарсы шабуылын тойтарды.
Жауды ойсырата шығынға ұшырата отырып, қоршауды бұзып шыққан Оноприенко батальоны дереу қарсы атака жасып, гитлершілерге тап берді.

Мұнда қырғын ұрыс екі күн бойы толастамаған. Фашистер әйтеуір құритындарын біліп құтырынып алғандай. Атакадан соң атака көз аштырмады. Алайда гвардияшы полковник Оноприенконың бөлімі белгіленген плацдармды басып алды да, қашан арттан көмек келгенше оны қолдан шығармады.
Николай Николаевич соғыстан кейін өзі туып - өскен Ойыл ауданына оралды.
Аудандық әскери комиссариатты басқарды. 1941 жылғы 28 желтоқсан мен келесі жылғы 9 қарашада әуедегі шайқастарда алған жарақаттары сыр беріп, денсаулығына байланысты 1954 жылы отставкаға шығып, Орынбор қаласында жұмыс істеді.
Майдан даласында ұшқыштар батальонын және полк басқарып, дивизия командирінің орынбасары шеніне көтерілген ол өзінің еңбек жолын қарапайым ұшқыш болып бастап, полковник әскери жоғары атағын алған. Николай Оноприенко 1979 жылы дүниеден өтті. Қазір Ойыл селосында батыр есімімен аталатын көше бар.

Қорытынды: Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 70 жыл өтті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, станоктың қасынан, егін даласында, күні - түні мал бағып, тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, ауыл адамдары тойлайды. Бұл мейрамды біздің аяулы да даңқты әйелдеріміз - өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен, олардың орнын жоқтатпаған аналар мен жұбайлар, қалыңдықтар мен қыздар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелері мен ағалары қанын төгіп, жанын қиып бақытты өмірін қамтамасыз еткен Ұлы жеңістің құрдастары тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған - туысқандарына, жақын - жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді.

Бұл мейрамды бұрынғы кеңес одағына кірген 15 одақтас республика халқымен бірге, кеңес халқы неміс басқыншыларынан азат еткен Еуропа елдерінің Варшава мен Прага, Будапешт пен Бухарестің, София мен Белградтың, Париж бен Венаның, жер шарының басқа да көптеген қалаларының тұрғындары тойлайды.
Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты.
Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батыр ерліктер көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде - бір үлкен шайқас болмады.

Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті арыға бармай - ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған жүз қазақтың Кеңестер Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді. Бұны сол кездегі 2, 5 - 3 млн. қазаққа шаққанда басқа халықтардың алдына шығып кетеді екен. Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында олардың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті.

Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 500 ден аса жерлестеріміз, оның ішінде 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына аналық мейірімімен тартушы, эвакуацияланған завод пен фабрикаларға, майданға керекті оқ - дәрі мен азық - түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды

1941 — 1945 - жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысына 35 млн адам, соның ішінде 1, 5 млн қазақстандық қатысты. Бұл республика халқының 18 бен 50 жас аралығындағы ересектердің 70%. Ұрыстардың алғы шебінде Қазақстаннан жіберілген 23 бірлестік, 50 шақты полктар мен батальондар шайқасты. Қазақстандықтар Мәскеу мен Ленинградты жанын қия қорғап, Украина мен Беларусь, Прибалтика мен Молдованы азат етуге атсалысты, Берлин шабуылына қатысты.
Ондаған мың қазақстандық ерен еңбегі мен ерліктері үшін марапатталса, бес жүзден астам адам Кеңес Одағының Батыры атанды, төрт адам бұл атаққа екі мәрте ие болды, 142 адам Даңқ орденінің толық жинағының иегері атанды.
Ұрпақ үшін белшесінен қан кешкен,
Отан үшін талай ерлер мерт еткен.
Болмасыншы, болмасыншы қан соғыс,
Соғыс десе жүрегіміз селт еткен
4 114
0
  • 0
0 дауыс


Жаңалықтар
Мәңгілік өшпес отты жылдар
Мәңгілік өшпес отты жылдар
Ұлы Отан соғысы, оған қатысқан қазақтың батыр ұл - қыздары туралы мәлімет беру. Отанын, елін, жерін қорғауға тәрбиелеу, патриоттық сезімге баулу.
Екінші дүниежүзілік соғыс
Екінші дүниежүзілік соғыс
Адамзат тарихындағы ең сұрапыл, қанды қырғын ошағына айналған екінші дүниежүзілік соғыс жайлы, фашизмге қарсы шайқастар мен онда ерлік көрсеткен батырлар жайлы деректерді өскелең ұрпақтың санасына сіңіруі үшін соғыс жайлы өткен тақырыптарды қайталау
Ұлы ерлік - ұрпаққа үлгі
Ұлы ерлік - ұрпаққа үлгі
Қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қатысуы, түрлі ұлт өкілдерінің ынтымақтастығы, қазақ халқының батырлары және 28 панфиловшылардың ерліктері жайлы мағлұмат беру, білімдерін тиянақтау. Батылдыққа, Отансүйгіштікке тәрбиелеу
І дүниежүзілік соғыс (тест тапсырмасы)
І дүниежүзілік соғыс (тест тапсырмасы)
1.«Прогрессивті блог» қай жылы пайда болды А) 1915 ж. тамыз В) 1915 ж. қаңтар С) 1915 ж. қазан Д) 1915 ж. шiлде
Ер есімі - ел есінде
Ер есімі - ел есінде
Ақтөбе облысы, Шалқар қаласы, № 8 жалпы орта білім беретін мектептің технология пәнінің мұғалімі Қалдыбаева Алмажан Тлеубаевна
Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды
Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды
Жамбыл облысы, Меркі ауданы, №6 "Кеңес" орта мектебінің математика пәні мұғалімі Жартаева Гульзира
Пікірлер (0)
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
×